Абу-л-Ала (1120-1149) Манучехра Ширваншахтың тұсында ақындардың патшасы атанады. Бiзге дейiн оның әр түрлi антологиядаларғы ақындық дарыны туралы және әдеби ортасы мен өмірі туралы кейбір қасыданың үзінділері ғана жеткен. Ақынның шығармашылығында оның астрономия, медицина, философия және теология сияқты қазіргі ғылымдармен таныс болғанын көруге болады. Абу-л-Аланың қасыдасы түрлі образдар мен метафораға толы. Ол өлең өлшемдерін шебер пайдаланып, әсерлi әрі көркем тілді өлең ұйқастарын жарыққа шығарған. Ол өзінің таланты арқылы тек өз Отанында ғана емес, сонымен қатар басқа да халықтар арасында да үлкен атақ пен зор құрметке ие болған.
Абу-н-Низам Мұхаммед Фалақи Ширван (1108-1146) Ширваншах астанасы Шемахта дүниеге келедi. Ол туған қаласындағы медреседе оқып, сол жерде өз заманына сай терең білім алады, араб филологиясы мен теология ғылымын да жақсы меңгереді. Лақап аты Фалақи (яғни, аспан және жұлдыз) болғандығына қарағанда астрономияны да жақсы білгенге ұқсайды. Бiзге дейiн оның лирикалық өлеңдерінің қасыдалар, ғазалдар мен рубаиалардан тұратын аз ғана бөлігі жеткен. Фалақидің қасыдасы панегирикалық тақырыптарға жазылған және жоғары көркем шеберлігі мен терең ғылыми мәні арқылы ерекшеленеді.
Өзінің мұғалімі Абу-л-Ала мен досы Хагани сияқты Фалақи да өз патшалығында бақытсыз күндерді бастан кешеді. Ол өз қызметінде жеткiлiктi адалдық көрсетпегені үшін айыпталып, Шабаран түрмесіне қамауға алынады. Мұның барлығы ақынның денсаулығына қатты әсер етіп, оның өмірiнде өшпестей iз қалдырады. Түрмеде отырып хабсийе («түрме жолдары») жанрындағы қасыда жазады. Ақын өз шығармаларында әділетсіздік пен заманның қаталдығы туралы жырлайды. Фалақидің ғазалдары мен рубаиаларының ерекшелігі махаббат туралы суреттеулерінен айқын көрінеді.
XII ғ. әзiрбайжан поэзиясындағы ең iрi ақындардың бiрi Хаган Ширван болған. Афзаладдин Бадиль Хаган Ширван 1120 ж. да Шемахта дүниеге келедi. Оның әкесі Әли ағаш шебері, ал атасы тоқымашы болған. Хаган балалық шағында ақылдылығы мен шапшаңдығы арқылы көзге түседі. Оның анасы христиан дінін ұстанып, кейін ислам дінін қабылдаған. Хаган әкесі жағынан немере ағасы Кафиэддиннің тәрбиесiнде болған. Ол өз уақытының медицина, астрономия, жаратылыстану, логика, грамматика, әдебиет сияқты түрлі ғылым саласын терең меңгерген iрi ғалым және мұсылман заңдарын жақсы білген заңгер де болған. Хаган 1156 ж. Меккеге барып, қажылық жасауға рұқсат алады. Бұл Иран, Ирак, Сирияның жерлерін, сонымен қатар Хамадан, Медаин, Бағдат, Дамаск сияқты тарихи қалаларын көруіне де үлкен мүмкіншілік туады. Ширванға қайтып келген соң Медаин шахтарының бұрынғы бас қаласының қираған орындары туралы философиялық элегия жазады.
Ақынның «Медаин қаласының қираған орны» атты қасыдасы халық арасында кең тарайды. Онда билік басындағылар мен халықтың тұрмыс-тіршілігі суреттелген. Ақынның философиялық ойы мен лирикалық классикалық үлгiсi шығыстың ең iрi ақындарын да қызықтырған. Хаган өз заманындағы феодал таптың өкілдеріне үлкен сабақ берді: қандай күштi құдiреттi болса да, барлығына ортақ апаттан ешкім құтыла алмайды.
Ақын батыл новатор болған. Ол дәстүрлі поэзиялық жанрлардың тақырыптық шекарасын кеңейтіп, өз шығармаларында әлеуметтік идеялар мен философиялық мәселелерді де қарастырады. Хаган көбіне мұсылмандық моральдерге қарсы тұрып, махаббат әншісі ретінде адамның сұлулығы мен сезімін жырлайды. Бірқалыпты формада, әрі көркем құралдарға толы оның шығармалары өзінен кейінгі әзірбайжан ақындарына ғана емес, бүкіл Таяу Шығыс ақындарына керемет үлгі бола алған.
Ильяс ибн Йусуф Низами Ганджеви (1141/43-1203/05 ж.) Ганджада дүниеге келген, сол жерде білім де алған. Сол уақытта Ганджа қаласының қолөнершілері топтарға бірігіп, феодал қанаушыларға қарсы көтеріліс жүргізеді. Сол көтерілістердің жаңғырығы Низами шығармаларында да көрініс табады. Сол кезеңде Ганджа қаласы мәдениет пен білімнің орталығы болған. Онда көптеген білімді ғалымдар мен ғұламалар өмір сүрген. Низамидің өлеңдерінен оның түрлі ғылымдардан хабардар екенін көре аламыз. Оның дәлелі ретінде Низамидің шығармаларындағы астрономия, астрология, математика сияқты нақты ғылымдарға жасалған сілтемелерді келтіруге болады (мысалы, математикалық «иррационалды түбір» термині «Жеті сұлу қыз» атты поэмасында орынды қолданылған). Сондай-ақ ақынның тарих пен философия жайлы да терең білімі болған. Ол мұсылман теологиясын, заң ғылымын, логиканы біліп қана қоймай, антикалық философияға да қызығушылық танытқан. Оның соңғы поэмасы «Бестікте» Ескендірдің жорықтарын, ақынның география жайлы түсінігін сипаттайды, ал «Ләйлә мен Мәжнүн» поэмасындағы жұлдызды аспанды керемет сипаттауы оның астрономиядағы білімінің жоғары екенін дәлелдейді. Низами араб және парсы тілдерін жетік меңгерген болатын, сондай-ақ осы тілдердегі әдебиеттермен жақсы таныс болған. Ақынның жеке өмірі жайлы мәліметтер бізге белгісіз. Низамидің әдеби мұрасы ретінде «Бестікте» («Хамса») біріктірілген эпикалық шығармалары, ғазалдары, қасыдалары, өлең шумақтары және лирикалық жанрда жазылған басқа да шығармаларын көрсетуге болады. Кейбір деректерге сүйенсек (Доулат-шах Самарқанди), Низамидің 20 мың бәйттен тұратын лирикалық өлеңдер жинағы болған, бірақ өкінішке орай бізге үлкен лирикалық мұрадан тек 6 қасыда, 116 ғазал, 30 рубаи ғана жеткен.
Низами өмірінің соңғы 30 жылын «Хамса» - «Бестік» атты өткен және сол заманғы тарихи оқиғаларды қамтитын кең көлемді эпикалық шығармалар жинағын жазуға арнаған. «Хамса» – бес маснауи - поэмадан тұратын жанрлық форма. Оның біріншісі – «Сыр сандығы» (1173-1180), екіншісі - «Хосроу мен Шырын» (1181), үшіншісі – «Ләйла мен Мәжнүн» (1188), төртіншісі – «Жеті сұлу қыз» (1197) және соңғысы – «Ескендір-наме» (1203). «Хамсаға» енген алғашқы шығармасы «Махзан әл-асрар» («Сыр сандығы») 1173-1179 ж. аралығында жазылған. Ол - Шығыс Ирандағы (Хорасан мен Орталық Азия) атақты дидактикалық-философиялық жанрмен жазылған поэма. Кітап кіріспеден және мақала деп аталатын 20 бөлімнен тұрады. Бірінші мақала Адам атаның жаратылуы туралы - адамның әлемдегі негізгі қызметі жайлы ойлардан, екінші әңгіме билеушілерге арналған әділеттілікке алып келетін рухани игілікті сақтау жайлы кеңестерден, үшінші әңгіме өмірдің құбылмалылығы мен ақынның қайғы-қасіретке толы жырларынан тұрады. Кейін ақын кәрілік, «құдайдың жаратқан мақұлығы», адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас, адамның әлемге деген қарым-қатынасы сияқты маңызды мәселелерді де сөз етеді.
Бұл бес поэма тек әзірбайжан халқының ғана емес, сонымен қатар бүкіл Таяу Шығыс халықтарының әдеби қазынасына айналған. Осындай керемет үлгідегі туындыны жарыққа әкелген ортағасырлық ақын-классик Низами Ганджавидің шығармашылығы әлемдік мәдениетті толықтырып, оның алтын қорына енеді. Низами шығармалары Таяу және Орта Шығыс ақындарының шығармашылығына үлкен ықпалын тигізеді.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Кавказ халықтары мәдениетінің дамуына әсер еткен факторлар.
Григорий Нарекаци шығармашылығындағы этикалық тұжырымдама.
Ш. Рутавелидің «Жолбарыс бейнесіндегі батыр» поэмасындағы кейіпкерлердің бейнесі.
Низамидің «Хамса» атты дидактикалық-философиялық поэмасы.
Еуропадағы батырлар дастаны мен куртуаздық лирика
Кемелденген орта ғасыр дәуірінде халықтық-эпикалық әдебиеттің даму үдерісі әлі де жүріп жатты. Ортағасырлық әдебиетте батырлар дастаны маңызды орын алып, үлкен тарихи сипатқа ие болады. Кемелденген орта ғасырдағы батырлар дастанында сол дәуірдегі қоғамда қалыптасып келе жатқан вассалдық қатынастар, ұлттар мен мемлекеттердің бірігуі көрініс табады. Дастандардағы тарихи тақырыптардың ауқымы кеңіп, ертегілік-мифологиялық сарындарды ығыстыра отырып, христиандық мотивтердің маңыздылығы арта түседі, патриоттық пафос күшейіп, жаңа эпикалық формалар пайда бола бастайды. Бұл құбылыс әдеби шығармалардың таза фольклордан бөлініп шығуына әсер еткенімен, оқиға желісі мен мифологиялық-поэтикалық бейнелеудің бірігіп, рыцарьлық романдардың халық әдебиетіндегі фантастикалық элементтерге қайта жүгінуге әкеліп соғады. Дастандардың даму тарихындағы осындай өзгерістер өзара тығыз байланысты болады. Мемлекеттік тұтастыққа ерте қол жеткізген халықтардың дастандарында мифтер мен ертегілерге тән элементтер жойылып, тарихи аңыздардан алынған сюжеттер қолданыла бастайды.
Рулар мен тайпалардың негізгі арманы ұлттық тұтастықты сақтап қалу болғандықтан да, көптеген эпостық ескерткіштерден жатжерлік жаулаушылар мен басқыншыларға қарсы күрестен туындайтын патриоттық рухты көруге болады. Осындай патриоттық сарындар кейде христиандар мен мұсылмандардың арасындағы қарсылықтардан да көрінеді (романдық, славяндық).
Дастандағы басты бейне елдің бірлігін қамтамасыз ететін патша бейнесі болып табылады. Ол халық арасынан шыққан халықтың қиялындағы батырға қарсы қойылады. Патшаға деген адалдық патшаның әділетсіздігі, сарай маңындағылардың жауыздығы мен феодалдар арасындағы өзара талас-тартыстармен қатар суреттеледі (мысалы, Гильом Оранжский туралы француздық дастан). Онда сонымен қатар ақсүйектерге қарсы тенденциялар да көрініс тапқан («Менің Сидім туралы ән»). ХІІ-ХІІІ ғ. батырлар жырына куртуаздық (рыцарьлық) романның да әсер еткені белгілі (мысалы, «Нибелунг туралы ән» атты шығармада). Батырлар жырына шектен тыс әсірелеу, батырлардың барлық қиындықтарға төзуі мен үлкен трагедияға ұласатын драматизм сияқты түрлі теденциялар тән.
Дастанның стилистикалық ерекшеліктері оның фольклордан алшақтауы мен фольклорлық дәстүрлерге терең өңдеулердің енгізілуімен байланысты болады. Ауызша әдебиеттен қолжазбаларға көшу барысында синонимдік қатарлар ұлғайып, түрлі эпикалық формалар пайда болып, шығарманың құрылымы жинақтала бастайды. Ауызша әдебиетке де жоғары өркениет тән болғанымен, эпикалық шығармалардың көпшілігі қолжазбалардың пайда болуымен дами түседі.
Француз және испан халықтарының эпосы Х-ХІІІ ғ. шегімен сәйкес келеді. ІХ ғ. бастап романдық тілдер пайда болып, осы тілде әдеби шығармашылық та қалыптаса бастайды. Дастандарда кездесетін тарихи оқиғалар YІІІ ғ. ІІ жартысында орын алады. Бірақ бұл роман халықтарының ұлттық поэзиясы осы аймақтарда алғаш «варварлық мемлекет» құрған неміс халқының фольклор дәстүрлеріне тән элементтердің де әсер еткенін жоққа шығармайды.
IX‑XI ғ. Францияда ерте орта ғасыр әдебиеті кезеңі болып табылады. Бұл кезеңде француз ұлтының бірлігі пайда болып, мемлекеттік жүйе құрылып, сондай‑ақ феодалдық қоғамның мәдениеті мен әдебиеті қалыптаса бастайды. Осы дәуірде Францияда негізінен шаруалар, феодалдық рыцарьлар мен шіркеу қызметкерлері сияқты үш тап өмір сүріп, олардың әрқайсысы мәдениет пен әдебиетке өз үлестерін қосады. Шаруалар фольклорлық дәстүрлерді сақтап, оларды тасымалдаушылар болса, рыцарьлар батырлар дастанының дүниеге келуіне қолайлы жағдайлар жасайды. Бірақ оларды зиялылардың қатарына жатқызуға болмайтын, себебі ол мәдениет пен білімнің ошағы тек шіркеу болатын. Сол кезде латын тілінің қолданыста болуы антикалық дәстүрлердің ерте ортағасырлық әдебиетке әсер етуінің себебі болады. Бұл тіл тек оқу-жазу тілі болып қана қойған жоқ, сондай‑ақ бұл тіл дұғаларды оқуда, сот, білім жүйелері мен күнделікті сөйлеуде қолданылған. Ал француз тілі жаңа қалыптасып, көптеген диалектілерге бөлінетін тұрмыстық тілдің қызметін атқарды. Сондықтан да IX-XI ғ. латын әдебиеті негізгі әдебиет ретінде қолданылып, ал француз тілінде сақталған ескерткіштердің саны өте аз болған, ол тек латын тілінде жазылған шығармаларға еліктеу немесе оларға қосымша ретінде ғана пайда болады.
XII-XIII ғ. Франция өмірінде жаңа тап пайда болады. Ол қаланың тұрғындары ‑ буржуа (франц. bourg - қала), жаңа әлеуметтік таптың қалыптасуына негізінен қолөнершілер мен сатушылар әсер етіп, олар ортағасырлық қоғамның дамуында өте маңызды орынға ие болады. Жергілікті мырзадардан саяси тәуелсіздікті талап етіп, қаланы басқаруға қол жеткізеді. Бұл тап өкілдері рыцарьлық мәдениеттен бөлек өздерінің мәдениетін қалыптастырады.
XII-XIII ғ. рыцарьлардың, қала тұрғындарының, патша билігі мен шіркеу құндылықтарының динамикалық тепе‑теңдігі сақталған кезең болып саналады. Рыцарьлар мен буржуазияның әлеуметтік көтерілуі шіркеудің білімге деген монополиясын жоғалтуға алып келеді. XII ғ. шіркеулік мектептермен қатар қалаларда тәуелсіз мектептер ашыла бастап, шіркеулік мектептер Батыс Еуропада университеттерге айналады. Зайырлы мәдениеттің мәртебесі өсе бастайды. Византия және араб елдерімен қарқынды қарым‑қатынастарының нәтижесінде француз қоғамының ғылыми ой‑өрісі де кеңи түседі. XII ғ. грек және мұсылман ғалымдарының шығармалары қарқынды түрде латын тіліне аударыла бастайды (Аристотель, Гиппократ, Евклид, Архимед, Птолемей, Аверроэс, Авиценна шығармалары), ал ол өз кезегінде еуропалық ғалымдардың география, математика, астрономия, медицина, заң, тарих, философия салаларындағы жетістіктерді толықтыра түседі. Осындай өзгерістер француз диалектілерінде жазылған поэзияның қарқынды дамуына әсер етіп, француз тілінің диалектілері «тұрмыстық тілдің» шегінен шығып, латын тілімен бәсекеге түседі, бірақ латын тілімен толық теңесуі мен оны ығыстыруы тек XYI-XYII ғ. мүмкін болады.
Осы кезеңде голиардтардың латын поэзиясы, рыцарьлық поэзия, батырлар дастаны, қалалық әдеби жанр басты орын алады.
XII ғ. шіркеулік мектептерден білімді клириктер шыға бастайды. Олар қоғамда мәдени топ құрады, олардың қатарында голиардтар да болады. Голиардтар поэзиясының ортақ сипаты оның ғылыми стильмен жазылғандығында жатыр. Бүкіл латын әдебиеті сияқты, голиардтардың поэзиясы бір шетінен антикалық дәстүрлерге сүйенетін (махаббат лирикасында Овидийге, ал сатирада Ювеналға) болса, ал екінші жағынан інжілдік сарындар мен латын тіліндегі діни поэзиялық сарындарға сүйенеді. Голиардтардың шығармашылығы белгілі бір ортаға (рыцарьлық, халықтық немесе қалалық) бағытталып, антикалық және діни топиканы күнделікті өмірде қолданады.
Латын тілінен ежелгі француз тіліне өту француздар үшін этникалық бірліктің бастамасы болады. Францияда феодалдық құрылыстың алғашқы кезеңі Каролингтер дәуіріне (YІІІ-ІХ ғ.) сәйкес келеді. Бұл дәуір батырлар поэзиясында өзіндік эпикалық дәуір ретінде көрініс тапқан. Каролингтердің ішінде 800 жылы патша тағына отырған Ұлы Карл қайырымды эпостық патшаға айналады.
IX-Х ғ. француз эпосы халық әдебиеті негізінде қалыптасады. Француз эпосы қысқаша эпостық өлеңдердің (кантиленалары) күрделі өңдеулерден өтіп, дамуы арқылы бізге дейін ұзақ дастандар түрiнде жетедi. Француз халық әдебиетінде эпостық дәстүрлерді таратушылар неміс шпильмандарына жақын кезбе халық әншілері - жонглерлер болатын. Жонглерлер әуездi тақпақты дастандарды кiшкентай арфа немесе виоланың сүйемелдеуімен орындайтын. Олар жәрмеңкелер кезінде қала алаңдарында немесе рыцарьлар сарайында өз өнерлерін көрсеткен. Француз шығармаларында эпостық сөз орамдары, тұрақты эпитеттер мен қайталаулар жиі кездеседі. Мысалы, әскерлердiң жан-жақтан жиналуы, семсерлер мен сүңгiлер арқылы сайыстар, жекпе-жек күрестер, соғыс алдындағы айтыстар, жау қолынан қаза тапқан жауынгерлерге арналған жоқтаулар, әскердің қарулануы туралы көріністер жиі суреттеледі.
XII ғ. ортасынан XIY ғ. дейінгі кезеңде эпостық поэзия кең таралады. Эпостық поэмалар ержүрек жауынгерлердің соғыстары мен олардың ерліктері, сондай‑ақ YІІІ ғ. бас кезінен X ғ. дейінгі тарихи оқиғалар сипатталады. Ең атақты батырлар дастаны «Роланд туралы жыр»33 (шамамен 1170 ж.) болып табылады, онда жауынгерлік ержүректілік пен сүйікті Франция үшін қолбасшының Карлға деген вассалдық адалдығы жырланады. Француз эпосының биік шыңы болып саналатын «Роланд туралы жыр» ең көне поэма болып табылады.
ХІІ ғ. Германиядағы дамыған феодалдық қоғамда неміс тіліндегі әдебиет пайда болады. Ол көп жағдайда француз тіліндегі үлгілердің негізінде жазылған рыцарьлық романдармен байланысты болады. Дегенмен феодал сарайларында ежелгі дәстүрлер сақталып қалған Дунай маңындағы аймақтарда (Бавария мен қазіргі Австрия жерінде) шпильмандардың орындауымен жазбаша поэмалар мен батырлар дастаны қалыптаса бастайды. Ежелгі эпостар түрлі әдеби өңдеулер арқылы көптеген өзгерістергі ұшыраған. Шпильмандық эпостардан куртуаздық романдардың да әсері байқалады. Онда христиандық, феодалдық қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер көрініс табады. Неміс эпосының ең биік шыңы 10 өлеңнен тұратын 39 бөлімнен құралған атақты «Нибелунгтар туралы ән»34 атты поэма болып табылады.
XII-XIII ғ. түрлі өзгерістер мен ерекшеліктерге толы болады. Біріншіден, феодалдық құрылыстық қалыптасуы аяқталып, рыцарьлар табы ең үлкен маңыздылыққа ие болады. Кемелденген орта ғасырда Батыс Еуропаның феодалдық қоғамында куртуаздық лирика кең тарайды. Батыс Еуропаның куртуаздық лирикасында шығыс мәдениетіне тән сипаттар да кездеседі. Куртуаздық, сарай ақындары Тан және Сун әулетттері тұсындағы Қытайда, хэйандық Жапония мен Иранда да кездеседі. Батыстың куртуаздық лирикасына ІХ-ХІІ ғ. арабтардың махаббат поэзиясы өте жақын болып келеді (Абу Фирас, Ибн Зәйдун, Ибн Хамдис және т.б.).
Дамыған феодалдық қоғамда пайда болып, күрделі әрі бай рухани мәдениетпен сусындаған куртуаздық әдебиеттің өзіндік сипаты ХІ-ХІІІ ғ. пайда болған прованс поэзиясына, трубадурлардың (trobador - табу, ойлап шығару) шығармашылығына айтарлықтай әсер етеді. XII-XIII ғ. рыцарьлық әдебиеттің, соның ішінде трубадурлар мен труверлер лирикасының гүлденген кезеңі болып табылады. Трубадурлардың рыцарьлық лирикасы Францияның оңтүстігіндегі Прованста пайда болады. Трубадурлар поэзиясының тарихи‑мәдени мәні оның Батыс Еуропадағы алғашқы халықтық (провансаль тіліндегі) зайырлы поэзия болуында жатыр. Бұл поэзия «дұрыс нормаларды» қалыптастырып, оның жоғарғы жетістіктерге жетуіне әсер ете отырып, ортағасырлық әдебиеттің жаппай халықтық тілге көшуіне негіз болады. Бізге мәлім алғашқы провансальдық трубадурларға Гильем Аквитанский (1071-1127), Джауфре Рюдель (XII), Маркабрюн (XII), Бернарт де Вентадорн, Гираут де Борнель (1162-1200) жатады. Бізге дейін трубадурлардың 2500 өлеңі жеткен.
Трубадурлар лирикасы құлдырауының бірден бір себебі крест жорықтары болып табылады, оның салдарынан Прованс қаласы талқандалып, трубадурлар Италиға, Пиреней мен неміс жерлеріне қоныс аударады. Осы жерде поэзиялық негізде трувер лирикасы пайда болады. Ең атақты труверлер қатарына Кретьен де Труа (1130-1191), Конон де Бетюн (1150-1220), Готье д'Аррас (ХII ғ.), Рауль де Удан (ХII-ХIII), Жан Бодель (XII ғ.), Гас Брюле (ХII-XIII), Тибо Шампанский (1201-1253 ж.) және т.б. жатқызуға болады. Трубадурлар мен труверлердің шығармашылығынан бір жағынан фольклорлық өлеңдер мен салт-дәстүрлер, екінші жағынан, Овидийдің «махаббат өнері», сондай‑ақ неоплатонизм, діни мистика мен араб‑мұсылман поэзиясына тән сипаттарды байқауға болады.
XIII ғ. қалалық әдебиетке фаблио, «жануарлар жайлы эпос» (ең көлемдісі «Ренар (түлкі) туралы роман»), дидактикалық және аллегориялық поэзия («Роза туралы роман») және т.б. жатқызуға болады.
Фаблио35 - XII ғ. соңы мен XIY ғ. басында көп қолданылған жанр. Фаблиолар өте көп болғанымен, бізге дейін шамамен 150 ғана сақталған.
«Ренар жайлы романның» бас кейіпкері – қу түлкі Ренар мен жануарлардың патшасы Нобль арыстан, Изенгрим қасқыр, Бодуэн есек, Тибер мысық, Шантеклер қораз, Пинта тауық сияқты қосалқы кейіпкерлерден тұратын жануарлар туралы эпостың үлгісі. Бұл шығарма халықаралық фольклор, соның ішінде жануарлар туралы ертегілер мен ортағасырлық латын әдебиетінде кең тараған гректік-римдік («эзоптық») мысалдардан негіз алады.
«Роза туралы роман» XIII ғ. кең тараған дидактикалық-аллегориялық поэзияның шыңы, ортағасырлық шығармалардың ұлысы болып табылады. Романның бірінші бөлімін 20-шы жылдары Гильом де Лоррис жазып бастаған, бірақ оны соңына дейін аяқтап үлгермейді (4058 өлеңде үзіледі). 60-70‑ші жылдары клирик‑ғалым Жан де Мён (шамамен 1237-1305) 18 000 жуық өлеңнен құралған екінші бөлімін аяқтайды. «Роза туралы романның» басты тақырыбы - сол дәуірде үлкен сұранысқа ие болған куртуаздық махаббат. Сол кезеңдегі қоғамда маңызды орынды лирика алады. Куртуаздық лириканың сындарына қарсы XIII ғ. трубадурлар негізін салған лирикалық қайғыру үлгілері сақталып, XIY ғ. да өз күшін жоймайды. Сонымен қатар француз ақындары прованстық дәстүрлерді сақтай отырып, жанрлық формаларды байыта түседі. Бірақ кейін өзгермелі трубадурлар жанрының орнына қалыпты жанрлар, провансальдық махаббат өлеңінің орнына баллада мен патша өлеңдері қолданылады.
Жоғарыда айтқандай, куртуаздық лириканың Прованста пайда боуы кездейсоқтық емес еді. Жерорта теңізі жағалауындағы Испания мен Италия аралығында жатқан кең байтақ ел Прованс аймағында ХІ ғ. басында ауқымды әдеби қозғалыстың туып дамуына ерекше ықпал еткен мәдени құбылыс белең алады. Рим империясы кезінде-ақ маңызды рөл ойнаған Прованстың көптеген қалалары құлдық әлемді жайлаған дағдарыс кезінде Галлия қалалары сияқты айтарлықтай қиыншылықтарды өткермейді. Бұл аймақ ХІ ғ. өзінде жанданып келе жатқан экономикалық және мәдени өмірдің орталығына айналады. Прованстық қалалар Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің арасындағы айырбас сауда орындары, ортағасырлық табысты қолөнердің орталығы болады.
Прованс өркениетінің жоғары деңгейде дамуына бұл елдің Каталония, Испания, Италия, Сицилия, Византия секілді елдермен қарым-қатынасы ғана емес, сонымен қатар мұсылман және христиан елдерімен, әсіресе, арабтың мәдени әлемімен өзара қарым-қатынасы да себеп болады. Осы Прованс арқылы түрлі шығыстық және оңтүстік еуропалық ықпалдастықтар өзге континенттерге, француз жерінен солтүстікке қарай тарала бастайды.
Трубадурлар лирикасының маңызды жанры сервентес сол кезеңде орын алған қоғамдық мәселелерге нақты және өткір баға беретін, саяси мазмұндағы сатиралық өлеңдер болып табылады. Халық шығармашылығының көне формаларына, сонымен қатар плань (жоқтау), айтыс өлеңдері, тенсона (араздық өлеңі) сияқты трубадур лирикасының түрлі жанрлары жатады. Бірінші Крест жорығы кезінде бұқара халықтың жоғарыға көтерілуі олардың осы жорықтарға байланысты арман, қиялдары пұтқа табынушылардан жерді қорғауға шақырған Крест жорықтары туралы өлеңдерде баяндалады.
ХІІІ ғ. италия әдебиетінің қалыптасуына трубадурлардың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Прованстық ақындардың кейбірі әуел бастан италия тілінде өлеңдер жазатын болса, ал италия ақындары болса, прованс тілін куртуаздық поэзияға өте қолайлы әрі дамыған тіл ретінде қолданатын болған. Прованс мәдениеті үлкен қайғыны бастан кешіргеннен соң трубадурлар поэзиясы Италияда жандана түседі. Осы жерде ұлттық поэтикалық мектептер ашылып, бұл поэзия Сицилия мен Оңтүстік Италияны қамтып, бір жағынан Испания мен Оңтүстік Франция, екінші жағынан Таяу Шығыс және Византиямен байланысты үлкен мәдени аймақта қалыптасады.
XII-XIII ғ. неміс поэзиясындағы миннезанг (махаббат әні) деп аталатын куртуаздық лириканың дамуы типологиялық тұрғыдан прованс және солтүстік француздық лирикасының тарихымен тікелей байланысты болғанымен, өзіндік ерекшеліктерге де ие.
Миннезанг прованстық трубадурлар лирикасына қарағанда кешірек қалыптаса бастады. Бұл неміс жерлерінде рыцарьлық сарай мәдениетінің кешірек қалыптасуымен байланысты. Неміс жерлерінде миннезанг ақындары трубадурларға қарағанда көбіне рыцарьлық атақты министериалдардан шыққанымен, олар өздерінің феодал қамқоршыларына айтарлықтай тәуелді болады. Осы жерден олардың труверлермен ұқсастығы байқалады. Миннезингердің арасында қоғамда жоғары орындағы атақты әулеттерден шыққандар да болған. Бірақ оларды Германияның куртуаздық ақындарының арасынан кездестіру өте қиын.
Министериалдар 1150-1160 ж. куртуаздық лириканың жоғары дамыған кезінде өз қожайындары мен олардың отбасына қызмет етуге тиісті болады. Өз қожайындарының көңілін көтеретін өлеңдерді шығару да министериал-ақынның міндетіне кіреді. Сондықтан да миннезингердің лирикасы ресми түрде болып, трубадурлардың поэзиясына қарағанда өздерінің сүйікті әйелдері мен оларға деген ыстық сезімдерін суреттеу абстракты әрі шартты түрде беріледі. Министериалдардың лирикасымен қатар ХІІ-ХІІІ ғ. неміс рыцарьлық лирикасына үлкен атақ әкелген және атақты неміс ақыны Вальтер фон дер Фогельвейденің есімімен тығыз байланысты күрделі әрі терең сипаттағы шығармалар пайда бола бастайды.
XII ғ. ортасында пайда болған миннезанг өз дамуында айқын көрінетін негізгі төрт кезеңнен өтеді: осы кездері гүлдене түскен трубадурлардың өнерінен тыс қалыптасқан ерте миннезанг (1150-1180); романдық, әсіресе Солтүстік Франциядағы рыцарьлық поэзияның әсеріне ұшыраған миннезанг (1190-1200); Фогельвейде мен оның замандастарының шығармашылығы кезіндегі миннезангтың гүлденген дәуірі (1200-1230) мен мәдени дағдарыс кезеңі (1230 жылдан XIY ғ. дейін).
Миннезангтың алғашқы үлгілері куртуаздық поэзияның көрнекті өкілі Генрих фон Фельдеке шыққан Рейн аймағындағы неміс тілді аймақтарында, Швейцария мен Оңтүстік Германияда, әсіресе Австрия мен Баварияда пайда болады. Миннезингтердің әдеби мұрасы бізге неміс елдеріндегі феодалдық лириканың ертедегі ескерткіштері мен шпильмандар, кезбе әншілердің қалта шығармалар жинағына негізделген «liderbuch» - «Ән жинағы» арқылы жеткен. Бұл «Әндер жинағы» - неміс орта ғасыр мәдениетінің тамаша ескерткіштерінің бірі. Осыған қарап, ортағасырлық Германиядағы поэтикалық және музыкалық мәдениет деңгейінің жоғарлығын ғана емес, сонымен қатар миниатюршылардың тамаша өнерін де байқауымызға болады (мысалы, Гейдельбергтің атақты «кіші» және «үлкен» қолжазбалары). Осындай манускриптер миннезангтардың ерекше сипаттары мен ортағасырлық минниатюршылардың өмірлік қуаныштары туралы түсінік береді.
Біртіндеп миннезанг өткен дәуірдің өнеріне айнала бастайды да, оның орнына мейстерзанг пайда болады. Мейстерзанг неміс қала тұрғындарының поэзиясы мен әні болған. Миннезангтың тәжірибесін пайдалана отырып, мейстерзингерлер өздерінің өмірге деген көзқарастары мен бейнелеу жүйесін оларға қарсы қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |