Тао Юань-мин (365-427) Шығыс Цзиинь әулеті билік тұсында елдің оңтүстігінде өмір сүріп, 420 ж. Сун әулеті тұсында қайтыс болады. Бізге дейін Тао Юань-миннің 160 өлеңі мен бірнеше прозалық-поэтикалық шығармалары жеткен. Ол кедей отбасында дүниеге келіп, 29 жасынан бастап елге қызмет ете бастаған, болмашы лауазымдарға ие болады. Оның барлық поэзиясы лауазымдық қызметтен босап, тәуелсіздікке ие болған адам өмірі жайлы жырлауға ұмтылысы байқалады. YІ ғ. сыншы Чжуан Жун оны «дүниеден безген ақындардың көшбасшысы» деп есептейді. Тао Юань-миннен жаңа сипаттағы поэзия бастау алады.
Юань-миннің поэзиясы адамды жоғарғы адамгершілікке баулып, өлімге сабырлықпен қарауға үйреткен. Өз дәуірінен бұрын болған қытай жазушылары арқылы ғасырлар бойы жиналған адамгершілік құндылықтардың ең көркем көріністері Юань-миннің поэзиясында айқын жырланған. Солардың ішінен «Шабдалы бұлақ» шығармасын еркше атап өтсе болады. Бұл өлеңде бақытты шаруалар әлеміне түскен осыдан 500 жыл бұрын Цинь жауыздарынан қашып, қазіргі кезде барлығы да тең құқылы, мемлекет салығы жоқ қоғамда өмір сүріп жатқан балықшы туралы айтылады.
Юань-мин өлеңдерінде ойдың тереңділігі мен жарқындығы оның поэтикалық мәнерімен тығыз байланысты. Өзінің қарапайымдылығы, табиғатпен тікелей қарым-қатынасының астарында нағыз адам өмірі, яғни оның қуанышы мен қайғысы жатыр.
Се Лин-юнь (385-433) - пейзаж лирикасының асқан шебері. Бұл жанрдың қалыптасуы - ІY-Y ғ. қытай әдебиетіне тән сипаттардың бірі. Табиғат тамашаларын жырлау, оны тылсым күштердің аренасы, адамзат қауымының тіршілік-тынысы ретінде суреттеу пейзаж лирикасына тән тақырыптар. Бай, ақсүйектер ортасынан шыққан Лин-юнь көптеген елдерге саяхат жасап, өзін қоршаған әлемге, ондағы тұңғиығы мен терең сырларына үңіле қарайтын. Оның өлеңдерінен тірі суреттеулермен қатар кейде адам өмірінің тұрақсыздығы туралы буддизм элементтерін де, мистикалық бейнелерді де кездестіреміз. Тіпті ақынның мистикалық өлеңдерінде де табиғаттың жарқын көріністері суреттеледі.
Лин-юнь поэтикалық үлгісінің ерекшелігі онда көне конфуцийлік ілімнің негізінде жазылған кітаптардан алынған сөздер мен сөз тіркестерінің және параллельді стильдің қолданысқа түсуімен байланысты.
Хань әулеті тұсындағы юэфу дәстүрін ұлы ақын Бао Чжао (384-456) жалғастырып, одан әрі дамыта түседі. Ол Цао Пимен бірге YІІ-ІХ ғ. ақындардың шығармашылығында гүлдене түскен жеті сөзді поэзияның негізін қалады. Бао Чжаоның қуатты әрі мықты өлеңдері қытай поэзиясының дамуына әсер еткен. Ол халық кедейліктен туындаған түрлі аурулар мен аштықтан зардап шегуде, ал көптеген ақсүйектер байлыққа белшесінен батып, бақытты өмір сүруде деп налыған («Ежелгі дәстүрге еліктеу», «Тарихи өлеңдер»). Шекараларда қызмет ету, соғыс, Отан үшін жандарын құрбан етуге дайын жауынгерлер туралы өлең жолдарынан елдің солтүстік шекараларындағы жатжерліктердің жасаған жорықтары ақынды қатты толғандыратынын көре аламыз.
YІІ-ІХ ғ. Тан әулеті тұсындағы поэзия. 618 ж. бастап Қытайда 300 жылдай уақытқа созылған Тан әулеті билік басына келеді. Бұл әулет шаруалардың көтерілісін баса отырып, билікке ие болады. Тан императорлары жаңа мемлекет құрыла бастаған кездің өзінде-ақ халық күшін түсіне білген. Өзара жауласып жатқан жекелеген княздықтардың бірігуінің нәтижесінде ұлы Тан мемлекеті құрылады. Билік императордың қолында шоғырланады. Алғашқы императорлар елдің дамуы мен халық мүддесі үшін біраз іс-шаралар жүргізіп, қараусыз қалған жерлерді шаруаларға үлестіріп, ірі шонжарлардың билігіне шектеу қояды, қолөнер мен сауданың дамуына жағдайлар жасайды. Салыстырмалы түрде ел бір жарым ғасыр бойы тыныштықта өмір сүреді
Тан әулеті тұсындағы әдебиетшінің дүниетанымы да кеңейе түседі. Ақынның өмірлік тәжірибесі бұрынғыдай туған ауылы мен жақын арадағы қалашықтармен шектеліп қана қоймай, елдің барлық аймақтарында қайнап жатқан тіршілік пен түрлі жағдайларға қанық болады.
Y-YІ ғ. поэзияда оның мазмұнынына емес, сыртқы құрылымына баса назар аударылса, Тан әулеті тұсындағы ақындардың шығармашылығында өлеңнің құрылымы емес, оның ішкі мазмұны маңыздылыққа ие болады.
Тан поэзисының алғашқы сатысында төрт үздік ақын тұрады. Олардың ішінде Ван Бо (649-676) мен Лу Чжао-линьнің (637-689) алатын орны зор. Ван Боның атақты «Тан әулеті тұсындағы княздың сарайында» атты шығармасы алдыңғы кезеңдегі поэзияға тән түрлі-түстілік пен дерексіздікке қоса, қарапайымдылық пен қуаттылықты суреттейтін пейзаждар мен сезімдерге толы. Ол өз өлеңдерінде жай табиғатты суреттеп, достықты жырлап қана қоймай, сонымен қатар адамзатқа деген аяушылық сезімдерін де білдіреді. Ал Лу Чжао-линь өзінің «Чанъань – көнелікке еліктеу» атты өлеңінде сарай ақындарында әдеттегі үлгілерге қарсы келетін жағдайлар суреттеледі.
Шынайы жаңашылдықты Чэнь Цзы-ань (661-702) бастайды. Төрт үздіктермен бір кезеңде өмір сүрген Чэнь Цзы-ань олардан басып озады. Ол халық қамын ойлаған мемлекеттік шенеунік болып, императорға «мемлекетті басқаруда адамға тыныштық әкелуден қымбат ешнәрсе жоқ» деп, поэзияның да халыққа қызмет етуін талап етеді. Цзы-ань өзінің ақындық талантын халық ісіне арнаған мемлекеттік қайраткер ретінде және тұлғалық пен өлеңдері арасындағы үйлесімділігі жағынан үлгілі ақын болады. Өмірі мен шығармашылығындағы осындай үйлесімділігі арқылы алдағы кезеңдердегі поэзияда идеалға айналып, оның еңбектерінен кейін Тан поэзиясы дамудың жаңа сатысына шығады.
Әдебиеттің гүлденуі көп бөлігі бес сөзді өлеңдерден тұратын 260-тан астам өлеңдер қалдырған Мэн Хао-жань (689-740) поэзиясынан басталады. Хао-жаньның өміріндегі қиындықтар оның мемлекеттік қызметіне байланысты болған сәтсіздіктерінен туындайды. Ақын шығармашылығында басшылықтың әбігерлігінен құтылуда - игілік, табиғатпен тілдесуде - қайғылы қуаныш, адамның шынайы сезімдерінде - мейірімділік бар. Оның шығармашылығында кездесетін тақырыптар өзі өмір сүрген әлемнің шегінен шықпайды. Оның өлеңдерінде артық сөздер мен артық элементтер кездеспейді, онда тұтас өмірдің көрінісі ретінде адам мен табиғат бірге суреттеледі. Гао Ши (702-765) мен оған жақын ақындардың поэзиясында туған жердің кең даласы, адам тағдыры мен осы дүниенің қиыншылықтар туралы айтылады. Бұл ақындар терең болмаса да, халықтың қайға-қасіреттері туралы ойлана бастайды. Олар батырлардың қуанышқа толы жеңістерін суреттей келе, асыраушысы мен тірегінен айырылған отбасыларының басынан кешкен қиындықтары туралы жырлағанда, осындай ауыр құрбандықтар арқылы келген жеңіске деген күмән пайда болады.
«Пейзаждық» өнер арқылы қытай поэзиясында халық тағдырына айтарлықтай әсер еткен жорықтар мен соғыстарды көркем суреттеуге көмектеседі. Көптеген «пейзаждық» өлеңдердің авторы атанған ақын Цэнь Шэнь (715-770) табиғат пен адам толық тұтастықты құрайтын әскери өмірдің жарқын суреттерін дүниеге әкеледі. Ақынның шығармасында екі жолды және үш жолды шумақтар кезектесіп келеді.
Ли Бо шығармашылығында халықтың өмірі мен оның рухы жырланады. Мұндай ақындар өздері өмір сүрген дәуірмен тығыз байланысты болғанымен, олар халық жадында мәңгі қалады, олар өз ұлты туралы жырласа да, бүкіл әлем оларды толғандырады.
Ли Бо 701 ж. дүниеге келген. Жастайынан адамдарға көмектесуді армандаған ол сол дәуірдегі жастарға ерсі көрінетін өзге жолды таңдады. Ол үйінен кетіп, жалғыз өзі бөлек тұрған, әр жерге саяхат жасап, даосизмге қызыққан. Император оны шақырып «ханьлинь» (қазіргі академик дәрежесімен тең) атағын берген кезде ол қырық жастан сәл асқан еді.
Ли Бо Тан поэзиясын қамтитын барлық тақырыптар төңірегінде өлең жазған. Оның өлеңдерінде ерлік пен жауыздық басты назарда болады.
Әділетсіздікті әшкерелеу, адамдарға деген жанашырлық – классикалық қытай поэзиясына, әсіресе Ду Фудың (712-770) шығармашылығына тән сипат. Оның шығармашылығын төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның 35 жасқа дейінгі өмірі үйренумен, жан-жағын танып білуменөтеді. Оның өлеңдерінен арманға толы жалынды жыр жолдарын, өзіне деген сенімділігін байқауға болады.
YIII ғ. II жартысында Ли Бо мен Ду Фудан кейінгі Тан әулеті тұсындағы үшінші ұлы ақын Бо Цзюй-и. Жаңа буын ақындарының алдыңғысы болған бұл ақын әділетсіздікке қарсы күресіп, шаруалар мүддесін қорғайды. Бо Цзюй-и (772-846) өлеңді жастық шағынан бастап жаза бастаған. Цзюй-идің әйгілі болған өлеңдерінің арасында елу «Жаңа халық әндері» мен «Цинь әндері» атты циклға жататын он өлең маңызды орын алады. «Жаңа халық әндерінің» тек тақырыптарынан оның бағытын анықтауға болады: «Шаруа мұңы», «Парақор шенеуніктерге қарсы»... бұл өлеңдер кейіпкердің монологынан тұрады. Онда ақын ресми түрде қалыптасқан өлең өлшемдерін бұзып, шумақтан тыс жаңа жол қосу сияқты тәсілдерді пайдалану арқылы «Цинь әндерінде» кездеспейтін еркін стильге жол береді.
Бо Цзюй-идің өлеңдері Қытай поэзиясының дамуы мен қытай әлеуметтік ойлау жүйесінің дамуында да жаңа белеске шығады. Онда шаруалардың өмір сүру деңгейінің нашарлауы да, Тан әулеті тұсындағы ақын-ойшылдардың маңызының өзгеруі де көрініс тапқан. Цзюй-идің сюжеттік өлеңдерінде өмірдің әрбір қыры көрсетіліп, типтік образдар пайда болған. Цзюй-и тек ақын ғана емес, сонымен қатар әдеби бағыттың негізін салған идеолог та болған. Оның көптеген лирикалық өлеңдері «пейзаждық» және «философиялық» сарында жазылған.
Тан әулеті тұсында пайда болған жанрлардың бірі – новелла. Ол қазіргі қытай әдебиетінде «чуньци»21 («таңғажайыпты жеткізу») деген атпен белгілі. Ғалымдар бұл термин Тан әулетінің соңғы кезеңінде (ІХ ғ. ІІ жартысы) өмір сүрген Пэй Синнің «Таңғажайыптар туралы әңгіме» («Чуньци») атты жинақтың атауынан шықты деп пайымдайды. Дегенмен бұл терминнің қай уақыттан бастап қолданысқа енгенін нақты анықтау қиын.
Бізге дейін Тан әулеті тұсындағы 79 әңгіме жеткен. Көптеген новеллистер бір-екі новелланың авторы ретінде ғана белгілі болған. Олардың саны біраз болғанымен (24), бізге жеткен новеллалар саны өте аз (мысалы, Тан әулетінің ерте кезеңіне тән Ну Судың 10 шиыршық қағаздан тұратын «Естігендер жайлы жазба» атты жинағынан бізге дейін тек екі новелла жеткен). 977 жылы құрастырылған Сун әулеті тұсындағы «Тайпин жылдарындағы ауқымды жазулар» атты әдеби жинаққа көптеген әңгімелер енгізілген.
Тан әулеті тұсындағы новелла - аса шеберлікпен айтылған таңғажайып оқиғалар. Ол анекдот, күнделік, өмірбаян сияқты ертедегі жанрларды өңдеу арқылы туындады. Новеллисттер тек қана өз шығармаларының атауларын ғана емес, сонымен қатар стилистикалық үлгілірін де ежелгі дәуірден мұра етті. Мысалы, кебір новеллалар стилистикасы жағынан тарихи хроникаларға жақын келеді.
Тан әулеті тұсындағы новелланың ерекше сипаты автордың тарихи нақтылыққа деген ұмтылысында жатыр. Автор оқырманды өзі айтқан әңгіменің шындығына сендіру үшін автор оқиғадағы кейіпкерлердің туысы немесе досы не болмаса онымен жеке таныс болғанын білдіру керек болған. Тіпті, кей жағдайда автордың өзі оқиғаның бас кейіпкеріне айналады (Лу Гун-цзоның «Өзен, таулар жөніндегі көне кітап» («Гу Юэ ду цзин») пен «Се Сяо-эның басынан кешкендері» атты шығармалары, Ван Дудың «Көне айна» және белгісіз автордан қалған «Өткен уақытқа саяхат» атты шығармаларында).
Бұл жанрдың ең гүлденген кезі YІІІ ғ. соңы болып есептелінеді. Сол ғасырда өмір сүрген жазушыларға Чэн Хун, Хао Юй, Ли Гун Цзо жатады. Чэн Хунның Сюань-цзунның билігі мен ару қыз Ян-гуйфэйдің қасіретті тағдырына арналған «Мәңгілік қайғы» мен «Шығыс астананы мекендеген қарттың әңгімесі» атты екі туындысы белгілі. Ал сол дәуірдегі атақты новеллисттердің бірі Ли Гун Цзоның «Нанькэ билеушісі» мен «Се Сяо-энің басынан кешкендері» және бұдан басқа екі новелласы бізге дейін жеткен. Осы кезде жазылған новеллалар жоғары әдеби сипаттары мен адамға баса назар аударуы арқылы ерекшеленеді.
Тан әулеті тұсындағы новеллистердің шығармаларында махаббат әлем билеушісі ретінде суреттеліп, байлар да («Ин-ин жайлы»), Чанъанидағы жастар да («Ару қыз Ли»), саудагерлер («Чжэн Дэ-линь») мен кәсіпқой әншілер де оның құрбанына айналады. Махаббат тақырыбындағы новеллалардың арасында құдайдың адамға деген («Кітапшы Цуй»), адамдардың адам бейнесіне енген жануарларға деген махаббаты («Сунь Кэ») суреттелетін әңгімелер де бар.
Бір қызығы, Тан әулеті тұсындағы новеллалардан бірде-бір жағымсыз кейіпкерді кездестіре алмаймыз. Себебі жазушылар оқырмандарына тек жақсы үлгі-өнеге көрсетуге тырысты. Тіпті, кейіпкерлердің кемшіліктерін баяндай отырып, оларды айыптамайды. Кейбір кейіпкерлерде қулық, қатыгездік, сараңдық пен әділетсіздік сияқты жағымсыз қасиеттер болса да, бірде-бір бас кейіпкерде мұндай жағымсыз қасеттер кездеспейді.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Конфуций ілімінің қытай әдебиетінде алатын орны
Қытай поэзиясында «дүниеден безіну» ұғымы
Тан әулеті тұсындағы ұлы ақындар
Сун әулеті тұсындағы поэзия
Қытай прозасының даму жолдары
Орта ғасырлардағы Жапон, корей және Вьетнам әдебиеттері
Шығыс Азия елдерінің арасында иероглиф жазуы әдеби шығармашылықта алғаш рет Кореяда Когурё, Пэкче және Силла мемлекеттіктері тұсында қабылданады. Кореяның ханмун тіліндегі жеке әдебиеті ежелгі қытай әдебиетінің жалғасы болады. Ең ежелдегі корей әдебиеті де бізге жетпеген (тек б.з. I ғ. жалғыз төрт шумақ өлең ғана). Алғашқы корейлік жазбалар саналатын хянга өлеңдері YI-YII ғ. жатса, корей поэзиясының тарихында осы күнге дейін өз маңыздылығын жоймаған IX ғ. өмір сүрген ақын Чхва Чхивонның ханмун жазуымен жазылған өлеңдері кейінгі уақытта да пейзаждық лириканың дамуына әсер етеді.
Нағыз корейлік жазу XY ғ. ортасында ғана құрылған. Сондықтан X-XII ғ. біз білетін ханмун жазуындағы поэзиямен қатар басқа да поэзия болған деп пайымдаймыз. Осы дәуірде Чон Джисан (XII ғ.), Ким Бусик (XI-XII ғ.) секілді ақындар жазған өлеңдерден феодалдық қоғамдағы Кореяның өмірі мен ғалым-әдебиетшілердің конфуций, буддизм, даосизм бағытындағы көңіл-күйін көре аламыз. Уақыт ағымымен бірге корей поэзиясының тақырыптық ауқымы да кеңейе түседі. XIII ғ. моңғол шапқыншылығы Корея жерінде даостық ойдың тууына және тақуашылдыққа әкеп соқтырғаны да поэзияда көрініс тапбады.
Ханмун жазуымен жазылған корей поэзиясында Ли Гюбоның (XII-XIII ғ.) шығармалары жоғары бағаланады. Оның өлеңдерінде ақынның еліне, табиғатқа деген махаббаты, әділетсіздік жайлы толғаныстары, өткен күндер жайлы поэтикалық повесть те беріледі. Ханмун жазуымен жазылған корей поэзиясы Ли Гюбо шығармаларымен аяқталады да. Ал Корё кезеңінде кең етек жайған каё өлеңдерінен 20 ғана сақталған.
Ұлттық өлең жанры сиджо – үш жолды, ұйқассыз өлеңмен жазылған шығармалар тек XIY ғ. пайда болады. Ең бастысы ханмун /Корей/, камбун /Жапон/, ханван /Вьетнам/ иероглифтік поэзия айтылуындағы сыртқы ұқсастығына қарамастан таза корейлік, жапондық және вьетнамдық болып бөлінеді. Олардың үлкен жетістікке жеткен қытай поэзиясымен қатар өмір сүруі формасының нәзіктігі жағынан ғана емес, сонымен қатар мазмұнының күрделігі жағынан да жоғары дәрежеді тұрғанын көрсетеді.
Жапония - Y ғ. Корея арқылы қабылдаған иероглифтік жазуды көп өзгеріссіз ІХ ғ. ойлап табылған буындық жазумен қоса сақтаған жалғыз мемлекет. Камбун жазуындағы «Кайфусо» деп аталатын ең алғашқы өлеңдер жинағы 751 жылы құрастырылған. Негізінде, YІІІ ғ. Акахито, Яманоэ, Окура сынды ұлы ақындардың шығармашылығы жапон әдебиетінің тарихи жүйесіне бастау болады. Дәл Нара кезеңінде көзқарасының тереңдігімен, жанашырлығы, талғамының нәзіктігімен сипатталған жапон поэзиясының негізі қаланады.
Буддизм мен конфуций ілімі Жапонияда YІ ғ. бастап кең тарала бастайды. Сол уақытта Корея мемлекетімен мәдени қарым-қатынасы нығайып, Қытаймен миссия алмасу үдерісі жүргізіліп жатты. Жапония қытайлық конфуций ілімінің әлеуметтік схемасын қабылдай отырып, өзінің мемлекеттік тәжірибесінде жапон қоғамындағы таптық бөлініске шек қойылмайтындай етіп оның бастапқы негізіне өзгерістер енгізеді. ҮІІІ ғ. өзінде жапондықтар қытай поэзиясын, кейінірек корей поэзиясын да өте жақсы білген. «Кайфусо» пайда болуынан бірнеше жыл өткен соң, өзінің әдеби күшінің ерекшелігі және өлең шумақтары саны жағынан өзгеше, өткен ғасырлардағы жапондық өмірдің энциклопедиясына айналған, жапондық поэзияның ұлттық антологиясы «Манъесюдің» пайда болуы да таңқаларлық құбылыс емес. Ортағасырлық корей және въетнамдық әдебиетте алғашқы орынды иеленген иероглифтік /ханмун-ханван/ поэзиясына қарағанда, камбунның ықпалымен тек Жапонияда ғана кең тараған өлең үлгісі танка басым орынға ие болады.
Х ғ. Микадоның бұйрығы бойынша «Манъесюдан» кейін «Кокинсю» антологиясы құрастырылған болатын. «Кокинсю» жинағында жапондық өлең үлгісі танка дамудың шарықтау шегіне жетсе де, «Манъесюдағы» өлеңдермен салыстырғанда өзіндік ерекше әсемдігін жоғалтып алады.
Корея мен Жапония секілді Вьетнам да ежелгі мәдениет орталығы саналғанымен, ондағы әдеби «санақ» салыстырмалы түрде кешірек, яғни Х ғ. вьетнамдықтардың тәуелсіздік алып, өзіне тиесілі мәдени мұраны бөлуге мүмкіндік алғаннан кейін басталады. Феодалдық Вьетнам мемлекеті Ли (1010-1225 ж.) - Чан (1225-1400 ж.) дәуірі деп аталатын төрт ғасыр аралығында негізі қаланып, нығая түседі. Ли-Чан кезіндегі әдебиеттің өзінде вьетнам әдебиетінің тарихында белгілі бір маңыздылыққа иеленуге мүмкіндік беретін сыртқы және ішкі ерекшеліктері бар. Бұл көбінесе ханван жазуымен жазылған әдебиет. Ал ұлттық жазу (ном) әдебиеті кейінірек ХІІІ ғ. пайда болады. Ханван жазуының номнан кейін де, ХYІІ ғ. енгізілген латындық жазудан кейін де өз құндылығын жоғалтпағаны атақты Хо Ши Миннің ханван жазуымен жазылған өлеңдерінен байқалады.
Соғыстарда өз тәуелсіздігін сақтап қалу мақсатында үлкен батылдық көрсеткен Вьетнам тарихы мәдени құндылықтардың сақталып қалуына өз септігін тигізген жоқ. Вьетнамға Ли-Чан кезеңінде, ХІІ ғ. қытайлық Сун әскерлері, ХІІІ ғ. моңғолдардың қол астында болған Қытайдың юань әскері басып кіреді. ХY ғ. басында Қытайдың мин әскерінің жаулаушылық соғыстары нәтижесінде жоғарыда аталған басқыншылар кезінде сақталып қалған мәдени құндылықтардың көбі жойылып кетеді. Осылайша Вьетнам әдебиетіндегі шығармалар мен өнер құртылып, қолжазбалар түрінде сақталып келген бірең-сараң ескерткіштер әлі күнге дейін толық табылмаған. Қолда бар шығармалар ортағасырлық вьетнам қоғамының өмірі мен күрестері, рухани айқындылық пен халықтың сана-сезімі, ішкі жандүниесі мен өмірге көзқарасын биік дәрежеде жеткізушілер (авторлар) жайлы айтарлықтай мағлұмат береді.
Көбінде буддистік монахтар болған авторлар тегі жағынан жай қарапайым халықтан, жоғары тап өкілдерінен, әскер басылары, басшылар мен мырзалардан шығуы әбден мүмкін. Мұнда да Корея немесе Жапониядағыдай монахтар мемлекеттің ең алғашқы ақындары болған. Буддизм Вьетнам территориясына ІІ–ІІІ ғ. Үнді елінен Қытайға баратын діни адамдар арқылы тараған, олардың арасында санскритті жақсы меңгергендері де болған делінеді. Олар Қытай және Үнді монахтарына аудармашылық қызмет көрсеткен, Х ғ. өзінде-ақ Тхиен (қытайша-чань, жапонша-дзэн) буддистік мектебі жұмыс істей бастаған. Монахтар патшалардың кеңесшілері болған, ал патшалар мен олардың мұрагерлері монах бола бастайды. Монахтар өлеңдері буддистік уағыз бен ақыл-кеңестер ретінде қолданылған. Олар нәпсіге салынбауды және даосизмдегі жалғыздануға да шақырған. Бірақ поэзияның өзі және оның образдық жүйесі монахты табиғатты тамашалауға жетелеп, тамаша сәттерді көркем ой тәлкегінен өткізуге итермелейді. Осы кезде буддизм мен даосизмнің заңдылықтарынан тыс вьетнамдық поэтикалық суреттемелер мен зиялы қауымның шығармалары пайда болады.
Жапония, Корея мен Вьетнамға қарағанда иероглифтік жазуды басқа жазумен алмастырмай, тек буындық әліпбиді ойлап тапқан болатын. Сонымен қатар Жапония Корея мен Вьетнамға қарағанда, айтарлықтай ерте кезден камбун жазуымен жазылған шығармаларды төл әдебиетінен кейінгі екінші орынға қояды. Бұл құбылыс, әсіресе, прозада ерекше байқалады. Камбуннан бөлініп шыққан, ең алғашқы және ең керемет үлгілер Х ғ., яғни фольклорлық негізде қалыптастасқан ең алғашқы «Такэтори моногатари» атты ұлттық повестьтен екі жүз жылдан кейін пайда болған. Жапондық прозаның ерекшелігі де осыда. Ауқатты тап өкілдерінің ішінде ер адамдар камбун жазуымен жазып, танка өлеңдерін шығарған, ал жапондық көркем проза қытай мәдениетінің ықпалымен әйелдерге тиесілі болған.
Осылайша, жанры бойынша «қытайлық нақыл сөздерге» туыстас жапон әдбиетіне тән танымал шығармалар, оның ішінде Сей Сенагонның «Жастық астындағы хаттар» еңбегі пайда болды. ХІ ғ. басында сарайдағы ақсүйектер қатарына жататын Мурасаки-Сикибу атты әйелдер жазған Жапон классикасының ұлы кітабы «Гэндзи моногатари» романы жарық көреді. «Гэндзи моногатари» өзінің бақылау нәзіктігімен және өмірге деген шынайы көзқарасымен кейінгі әдебиеттің жетістігі ретінде оқырмандарды тамсандырған. ХІІ ғ. бастапқы кезеңінде «Кондзяку моногатари» атты әңгімелер жинағы кеңінен таралады. Бұл жапон әдебиетінде демократиялық тендециялардың көрініс тапқанының бірден бір белгісі бола отырып, тек қана сауатты қауым емес, қарапайым халық та қол жеткізе алатын әнгімелерді қамтиды. Кейін осы шығарманың халықаралық құндылығы да мойындалады. ІІІ-ХІІІ ғ. аралығы Корея мен Вьетнам үшін поэзияның ең гүлденген дәуірі болады.
Келесі ғасырларда осы мәдени аймақтарда әдебиетте Қытайда юань жанрындағы драманың және ханмун мен ханван иероглифтік прозаның, Жапонияда дзуйхицу жанры мен Но маскалар театрына арналып жазылған бір актылы поэтикалық драмалар және камбун жазуымен жазылған шығармалардың дамуы сияқты жаңа құбылыстар орын алады.
794-795 ж. 80 жылдан астам уақыт бойы Нара қаласында орналасқан Жапония астанасы, император және зиялы Фудзивара тегінің басшылығымен оның жанындағылардың мекеніне айналған басқа (Киото) қалаға көшіріледі. Жаңа астана Хэйан («бейбітшілік пен тыныштық») деп аталған және сарай ақсүйектерінің басшылық еткен ХІІ ғ. соңына дейінгі кезең жапон тарихында Хэйан дәуірі деп аталады. Осыдан соң билік басына әскери-феодалдық тап пен ел басқару ісі әскербасының (Сегун) қолына көшеді. Осы кезеңде пайда болған әдебиет жапон мәдениетінде классикалық кезеңді құрайды.
Хэйан дәуірінде жапондық көркем әдебиетінің пайда болуында, әсіресе, әйел авторлар үлкен рөл атқарады, бірақ олар қытайлық ақындық мәдениетпен жақсы таныс болғанымен, конфуций ілімінің әдеби қағидаларымен байланыстары айтарлықтай күшті болмайды. Ал ер адамдардың көбі шығармаларын әлі де қытай тілінде жазады. Осы әйелдер «легі» Х-ХІ ғ., яғни жапон ортағасырлық әдебиеттің жоғарғы дамыған кезеңіне жатқызылады.
X-XI ғ. Хэйан дәуірінің әдебиеті сарай және аристократиялық ортамен байланысты болады. Хэйандық сарайлар әр түрлі діни салттардың, салтанатты әрі сәнді ақсүйек өмірі мен түрлі ойын-сауықтардың, оның ішінде кото аспабында ойнаудан музыкалық жарыстар өткізу мен сурет салу өнерінің ордасы болады.
Хэйан дәуіріндегі буддизмге Нара кезеңіндегі аскетизм, мемлекет өміріне және мәдениетіне деген қызығушылық тән. Хэйан дәуіріндегі жапон ұлттық буддизмі формасының барлық қасиеттері (синкритизм, пантеизм, адамзатқа Жаратушы күштің әсері бар екендігін мойындау, діни шыдамдылық, эстетизм) әдебиет пен мәдениеттің дамуына әсер етіп, өзінің тарихи маңызы жағынан адам тұлғасының эмансипациясының элементтерімен, батыс еуропа куртуаздық мәдениетінің діни догматикасынан бастап салыстыруға болады.
Буддизм (барлық тіршілік иесіне деген жанашырлық және карма идеясы, яғни осы және өткен өміріндегі амалдары үшін жауап беру) мен синтоизмнің (пантеизм, аграрлық магия мен табиғат күштері) және конфуций ілімінің (пайдалы білімнің көзі, әдеп нормаларының жүйесі) кейбір элементтерінің бірігуі Хэйан мәдениетінің идеологиялық негізін құрайды. Өмірді синтоисттік тұрғыда қабылдау, табиғаттың негізі мен буддистік көзқарастардың қиылысында хэйандық әдебиеттің негізгі эстетикалық тұжырымдамасы пайда болады. Ол атақты формула «моно но аварэмен» («баурап алушы») белгіленеді.
Хэйан дәуірі поэзияның одан әрі дамуына әсер етуін тоқтатпады, дегенмен бұл дәуір әдебиеттегі баяндау жанры арқылы, әсіресе өлеңдер мен нақыл сөздерге бай шығармаларымен белгілі болған. Бұл әдебиет түрі көбінесе моногатари деп аталатын нейтралды атаумен аталады. Көбінесе ертегілік сюжеттерден бастау алатын денки-моногатари (сиқырлы повесть) архаикалық сөздерге бай және еркін стильде жазылған. Одан кейін ута-моногатари пайда болады, яғни өлең жолдары арқылы бірте-бірте өрби түсетін әнгіме.
Көркем проза ІХ ғ. авторы белгісіз «Такэтори моногатари»22 («Қарт Такэтори туралы повесть») атты повестен кейін пайда болды.
Жапондық прозаның тағы бір шығармасы «Отикубо моногатари»23 («Отикубо сұлу жайлы») да фольклорлық негізден бастау алады. Оның авторы деп Минамото-но Ситагауды (903 ж. қ.б.) айтады. Повесте халық арасында кең таралған қатал өгей анасының сұлу және ақкөңіл қызын тығырыққа тіреу мотиві қолданылған. Қызды лас киіндіріп, еденсіз қараңғы шағын бөлмеге (отикубо) қамап қояды. Осыдан қызды «Отикубодан шыққан ару» деп атап кетеді. Шығарманың атауы да осыған байланысты шыққан.
Ертегілерден бастау алатын фантастикалық жанрдағы шығармалар қатарына Х ғ. соңында жарық көрген «Уцубо моногатариді» («Қуыс туралы повесть») жатқызуға болады. Онда сарай өмірі көркем суреттелген. Атақты Фудзивара отбасынан шыққан Тосикаге Қытайға жіберіледі. Жолда кейіпкер кеме апатына ұшырап, түрлі шытырман оқиғаларға тап болады. Құдайлар мен мейірімді рухтардың көмегімен сиқырлы котоны (музыкалық аспап) үйіне әкеледі. Ол қайтыс болған соң, артынан қалған жалғыз қызы қараусыз қалған үйде бір өзі өмір сүріп, котода ойнайды. Сол жерден қызды министрдің баласы Вакако-Кими көреді. Қыз одан бір ұлды дүниеге әкеліп, ұлымен бірге ағаш қуысында өмір сүреді, оларға мейірімді маймылдар көмекке келеді. Оқиға соңы сәтті аяқталып, бас кейіпкер аңшылық кезінде ғашығы мен ұлына кез болып, оларды астанаға алып келеді. Кейін оларға арнап зәулім сарай тұрғызады.
Осы туындыда ең алғаш рет шығарманың бөлімдері «Тосикаге», «Атэмия» және «Күздің басталуы» сияқты атаулармен аталады. Шығарманың бөлімдерін атаудың бұл тәсілі кейінірек атақты «Гэндзи моногатари» романында қолданылады.
ІХ ғ. соңындағы ғажайып повестермен қатар өлеңдік циклдегі повестер де пайда болады. Осы сынды шығармалар «аристократиялық» әдебиетпен байланысты. Бұл бағыттың пайда болуына түрткі болған «Исэ моногатари». Бұл шығарманы кейде «өлеңді повесть» деп те атайды, себебі оның 125 кішкене бөлімдерінің әрқайсысы бір немесе бірнеше танкадан және аз ғана прозалық мәтіннен құралған. Повесте атақты ақын Аривара Нарихиронның махаббат хикаялары, тарихы мен өмірбаяны баяндалады. Өлеңдер оның отбасылық жинағынан алынғандықтан, автобиография жанрындағы повестің авторы Нарихара деген көзқарас туындады. «Исэ моногатари» беттерінде, танка және қысқаша прозаикалық мәтіндерде уақыттарын эстетикалық рахаттану, музыкамен айналысу, өлең жазу, табиғат сұлулығын тамашалаумен өткізетін адамдар образы суреттеледі. Ерлер мен әйелдер арасындағы нәзіктік, жақсы талғам, сұлулыққа ұмтылыс алға қойылады. Аривара Нарихараның өзі махаббат романының үлгілі кейіпкері, ол тек қана ақын емес, сонымен қатар махаббат өнерінің майталманы, сымбатты бозбала ретінде де бейнеленеді, әдеби дәстүр де сол бейнені сақтап қалады.
«Исэ моногатари» және Х ғ. пайда болған әңгімелер жинағы «Яматао моногатари» әлі бастапқы сатыда болғанымен, хэйан дәуіріндегі әдебиетке тән сипаттарға ие болады. Бұл сипаттар күнделік жанры мен көлемді романдарда айқын білінеді.
Хэйан дәуірінің атақты ақыны Ки-но Цураюки (865-945 ж.) өзінің «Тоса никки» («Тосадан жеткен саяхат күнделігі», Х ғ.) атты шығармасын «Күнделіктерді ер адамдар жазады деген пікір қалыптасқан. Ал қазір бұл іске әйел адамдар да талпынуда» деген сөздермен бастайды. Неліктен автор өзін «әйел» ретінде бейнелегісі келеді? Мүмкін Ки-но Цураюки шығармасының бұл жанрдағы басқа шығармалардан айырмашылығын мойындағандықтан шығар. Өйткені ол сарайдағы әдет бойынша күнделікті болған істі жазып отырған жоқ, ол лирикалық хаттарды жазған. Ки-но Цураюки 930-935 ж. аралығында губернаторлық қызмет атқарған Таса провинциясынан (Сикоку аралы), Киото астанасына қайтып келеді. Саяхат кемемен жүзеге асырылады, жолаушылардың көз алдында табиғаттың керемет көріністері өтіп жатады, бірақ «күнделік» мұң мен зарға толы, өйткені Тосада ақынның кішкентай қызы қайтыс болады. Жолаушылардың ақынның көңілін көтеру үшін айқан әзілдері, қойған ойын-сауықтары, құрастырған өлеңдеріне қарамастан, Ки-но Цураюкидің ойынан қайғылы оқиға кетпейді.
Х ғ. соңында тағы да осындай шығарма «Кагэро никки» («Баянсыз өмір күнделігі») пайда болады. Авторы сұлулығымен даңқы көкке шыққан хэйандық дәуірдің ұлы ақыны болғанымен, оның нағыз аты белгісіз. Ол шамамен 60 жасында, 995 ж. қайтыс болған. Оны әдетте Митицуна-но хаха, яғни «Митицунаның анасы» деп атайды. Автордың күйеуі атақты Фудзивара әулетінен шығып, император сарайында министрлік қызмет атқарған, бірақ ақын отбасылық өмірде бақытсыз болып өтеді. Күйеуі мен басқа әйелдердің арасындағы махаббат ойынынан шаршаған ақын өмірінің көп бөлігін жалғыздықпен өткізеді.
21 жылға (954-974 ж.) созылған уақыт аралығында болған оқиғалар баяндалған бұл күнделік өлеңдерге толы және онда автордың өмірдің баянсыздығы туралы мұңды ойлары келтірілген. Ақынға қоршаған орта «түсініксіз» болып көрінеді, барлығы да тұманмен қапталғандай көмескі, ал өткен жайды еске алу, күйеуімен бірге өткізген шақты еске алу тек көз жасын жамбырдай жаудырады. «Барлық дүниенің қаншалықты тұрақсыз екендігі жайлы ойлана бастасаң, оның бар-жоқтығын түсінбей қаласың» сөздермен «Дегелек күнделігі» жазылған.
Біз көптеген көлемді үлкен күнделіктердің авторлары атақты ақындар, әсіресе әйел ақындар болғанын көре аламыз. Олардың күнделіктері өлең үстемелеріне бай және осы арқылы хэйандық күнделіктің лирикалық сипатын арттыра түседі. Осылайша, қарастырылып отырған кезеңдегі Жапон әдебиетінде түрлі жанрлар дами түседі. Тұрмыстық жайларға негізделіп жазылатын повесть ертегіден бөлініп шығады. Жеке адамның өміріне, ішкі сезімдеріне, толғаныстарына деген қызығушылықтың нәтижесінде лириканың бай тәжірибесін өзіне сіңірген күнделік жанры пайда болады. Повестермен қатар күнделіктер де кейіннен романның пайда болуына жол ашады.
ХІ ғ. басында Мурасаки Сикибу «Гэндзи моногатари»24 романын жазып бітіреді. Асқан әдеби шеберлігімен таң қалдыратын бұл шығарманы тек жапондық әдебиеттің ғана емес, бүкіл әлемдік әдебиеттің де керемет құбылысы деп санаған жөн. Ол батыстық әдебиет немесе тарихи батылдық повестер (Қытай) сияқты ортағасырлық дәстүрлі батырлар жырын аттап өту арқылы емес, керісінше, өзінің пайда болуына дейінгі жапон әдебиеті жинақтаған тәжірибенің синтезі ретінде пайда болады. «Гэндзи моногатаридің» Еуропаның куртуаздық романында да, Таяу және Қиыр Шығыстың романдық эпосында да теңдесі жоқ шығарма.
Жапон ғалымдарының бірнеше жылдарға созылған зерттеу жұмыстарына қарамастан, жазушы Мурасаки Сикибудың өмірбаяны туралы нақты мәліметтер жоқ. Тіпті, автордың шын аты да белгісіз болғанымен, бірнеше пайымдаулар бар. Жазушыны өзінің бас кейіпкері Мурасакидің атымен атайды. Ал Сикибу деген сарайда қызмет ететін әйелге берілетін атақ. Романның пайда болған уақыты да нақты көрсетілмейді. Мурасаки өз еңбегін шамамен 1010 ж. аяқтаған (кейбір нұсқаларда 4-5 жыл ерте көрсетіледі).
Мурасаки атақты Фудзивара әулетінің төменгі тармағынан шыққан. Оның арғы аталары әдебиет жағынан талантты адамдар болған, тіпті оның әкесі Фудзивара Тамэтоки атақты ақын болған. Оның өлеңдері Фудзиваралардың бірі құрастырған «Поэзияның отыз алты данышпаны» атты антологиясына енген. Оның арғы атасы Фудзивара Канэскэ хэйань дәуірінің соңғы кезеңінде белгілі болған «Цуцуми тюнагон моногатари» атты әңгімелер жинағының авторы болған. Мурасаки бала кезінен түрлі ғылымдарға жақын болып, керемет есте сақтау қабілетімен көзге түседі.
Жазушының туылған жылы да шамамен 978 ж. деп айтылады. Өзінің айту бойынша, 22 жасында алғаш болып өзінің әдеби жазушылық таланттын байқаған Фудзивара Нобутакаға күйеуге шығады. Екі жылдан кейін күйеуі қайтыс болып, кішкентай қызымен жалғыз қалады. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін де ол бастаған романын аяғына дейін жазып бітіру үшін еңбектенеді және сарайлық қызметке келген уақытында ол талантты жазушы және қытай әдебиетінің білгірі ретінде танымал болады. Сондықтан Мурасаки жай ғана фрейлина болған жоқ, ол жас патшайымының жетекшісі ретінде де қызмет атқарады, онымен бірге қытай өлеңдерін оқумен айналысады. 1013 ж. жазушы сарайлық қызметтен бас тартып, 1014 ж. қайтыс болады.
Хэйан қоғамына тән сипаттар осы дәуірдегі атақты «Жастық астындағы хаттар» («Макура-но соси», ХІ ғ.) атты шығармада көрініс тапқан. Оның авторы Мурасакидің замандасы - Сэй Сенагон.
Сэй Сенагонды бір қарағанда қарапайым әрі әдеттегідей болып көрінетін заттар мен құбылыстар қызықтырғанымен, жазушы олардан таңғажайыптық пен ерекшелік көреді, оларды тосын сыйлық ретінде қабылдай отырып, өзіне жаңа әлем ашады. Тіпті, шығармадағы әр бөлімнің атауы да жаңалықты нұсқайды. Сэй Сенагон болмашы нәрселерді де өз назарынан тыс қалдырмайды. Сэй Сенагонның «Хаттар» атты шығармасы формасы жағынан тамаша туынды. Бірақ жазушы өз шығармасында батыл түрде хэйандықтарға тән сипаттардан толық бас тартады. Тіпті өзінің «Хаттар» шығармасының соңында «басқалар жамандайтын нәрсені мақтап, ал оларға мақтаған нәрсені жамандағаны» айтылады. Сол дәуірде Гэндзи туралы роман халық арасында кең қолдау тапса, Сэй Сенагонның «Жастық астындағы хаттар» туындысы әдеби шығарма ретінде үлкен сынға ұшырады. Ол поэтикалық сезімдерді үлгі етпейтін, керісінше әрбір нәрсенің теріс жағын көрсететін, ирония мен скептицизмге толы шығарма деп айыпталған. Хэйан қоғамындағы күнделікті, үйреншікті әрекеттердің бірі танка құрастыру болды. Онсыз табиғатты бақылау да, ғашықтық қатынастар да, тіпті қарапайым сарай қызметін де жүргізу мүмкін емес етін. Сол уақыттарда шағын өлең шумағы танка адамның қуанышы мен жанкүйзелісін, өмірдегі келеңсіз жайттар мен философиялық ойларды көркем жеткізу тәсілі болады. Осы дәуірде сарайларда поэтикалық жарыстар ұйымдастырылып, бірнеше поэзиялық анталогиялар құрылып жатты. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы Х ғ. басында Ки-но Цураюки және тағы да басқа үш ақынның көмегімен құрастырылған «Кокинсю»25 (толық аты «Кокинвакасю» - «Жаңа және ескі жапон өлеңдер жинағы») шығармасы.
Хэйан дәуірінің кейінгі кезеңдерінде тағы да бір көлемді шығарма пайда болады. Ол – аңыздар мен ертеден келе жатқан ертегілер жинағы – «Кондзяку моногатари»26. Оның авторы белгісіз. Алайда ол туындыны құрушылардың бірі Удзи (Киото жанында) жерінде туылған Минамото-но Такакуни (1001-1007) болған деген пікір бар. Ол әрбір жолаушы мен саяхатшыны өзіне шақырып, олардан естіп білгендерін әңгіме етіп жазып, кітап құрастырады. Такакунидің дайнагон (үкіметтің ірі шенеунігі) шені болады. Оның бастапқы жинағының аты «Удзи-дайнагон моногатари» («Удзиден шыққан дайнагон туралы повесть»). Бірақ бұл жинақтағы әрбір әңгіме «Қазір емес ерте кезде» (кондзяку) деп басталады. Сондықтан тұтас кітапқа «Кондзяку моногатари» аты берілген.
Хэйан ақсүйектерінің билік ету кезеңі 4 ғасырға созылады. Ақсүйектердің сарай өмірімен ғана тұйықталып, шектелуі олардың тарих сақынасынан кетуіне әкеліп соқтырады. Оған қоса ақсүйектер тарапынан қанауға ұшырап, ел дамуының экономикалық негізі болған шаруалар елдің солтүстік-шығысында пайда болған жеке жер иеліктеріне қарай жаппай көше бастайды. Бұл жерлерде самурайлардың әскери-феодалдық табы қалыптаса бастайды. «Бейбітшілік пен тыныштық» дәуірі деп аталған Хэйан дәуірі, шын мәнінде, билік басындағылар мен шаруалар арасындағы қырқыстарға толы болады. Орталық билік пен феодалдар арасындағы қарым-қатынаста қиын жағдайда еді. ХІІ ғ. соңында самурайлар ежелгі ақсүйектердің билігін жойып, Жапония билігін өз қолдарына алады.
Қоғамдағы осындай аласапыран оқиғалар мен түбегейлі өзгерістердің нәижесінде әдебиет те айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды
Достарыңызбен бөлісу: |