Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет5/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Мохенджо-Дара мен Хараппа өркениетін сипаттаңыз.

  2. Үнді тілдері классификациясына тщқталыңыз.

  3. Ведалық әдебиетті мазмұндаңыз (Веда-Ригведа-Самаведа-Яджурведа-Атхарваведа).

  4. Ригведа мәтіні және оның құрамы.

  5. Самхиттер, брахмандар, араньяктар мен упанишадтар қандай канонның негізін құрайды?

  6. Джайнизм мен буддизм ағымдарының пайда болуын сипаттап, олардың негізін салушылар жөнінде айтыңыз

  7. Буддалық «Типитака» және ол қанша бөлімдерден тұратынын анықтаңыз

  8. Джайндік қасиетті мәтіндер – шветамбар каноны «Агама»

  9. Джатакалар жайын сипаттаңыз

  10. «Махабхаратаны» мазмұндаңыз

  11. «Рамаянаны» мазмұндаңыз



Ежелгі Иран әдебиеті
Ежелгі Иранның жазу өнері б.з.д. ІІ мыңж. бастап Гиндукуштан Дон сағасына дейін, Оралдан Парсы шығанағына дейін созылып жатқан кең алқапта өмір сүрген халықтар мен Иран тайпаларының көне мәденеитінің бір бөлігі болып табылады. Б.з. І мыңж. бастап шы­ғыс және батыс ирандықтар қоныс тепкен территориялар анықтала бастады. Шығыс иран­дық­тар Орта Азияны (қазіргі Ауғанстанның біраз бөлігі мен Гиндукуш тау тарамдары­ның бір бөлігін қоса алғанда) мекен етіп, шығыс-еуропалық халықтармен, Қытай және Үндістан­мен өзара қатынаста болды. Шығыс Иранның орталықтары Ферғана, Хорезм, Согда, Дранги­ган, Памир мен Хорасан қалалары болды. Батыс ирандықтар қазіргі Иран жерінде өмір сүріп, Месопотамия мен Жерорта теңізінің алқабын мекендеген халықтармен қарым-қатынас жаса­ды. Батыс Еуропаның орталық қалалары Мидия, Атропатен мен Фарс қалалары болды. Шығыс және батыс ирандықтардықтардың қарым-қатынасы ғасырлар бойы үзілмеді.

Ежелгі ирандықтардың, әсіресе көшпелі тайпалардың сенімі туралы мәліметтер Геродот пен Ктесия сияқты антикалық жазушылардың еңбектері мен көне шығыс тілдерінде жазыл­ған жазбаларда кездеседі. Уақыты жағынан бізге жеткен иран жазба ескерткіштерінің алғаш­қы­сы – бірнеше бөлімнен тұратын қасиетті кітап Авеста. Оның ең көнесі 17 дұғадан тұратын «Гаталар» туындысы. Оның авторы - ежелгі иран дінінің негізін салушы Заратуштра.



Гаталар құрылған б.з.д. І мыңж. алғашқы ғасырлары Орта Азия мен Иранда рулық қоғамнан ерте таптық қоғамға өту кезеңі болып табылады. Бұл уақытта адамдар темір балқы­туды игеріп, темір құрал-саймандар пайда болып, отырықшылық мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қалыптасып, дами бастады. Шығыс ирандықтар көшпелілер және отырық­шылар болып бөлінді. Отырықшы ирандықтар үш әлеуметтік таптарға жіктелді: малшылар мен егіншілер, әскерилер және абыздар. Бұл қоғам біртіндеп әскери демократия­дан аристок­ратиялық олигархияға өтіп, алғашқы мемлекеттер пайда бола бастады.

Бізге дейін сақталған ескерткіштер мен фольклор арқылы ежелгі иран халқының алғаш­қы дүниетанымдары туралы және олардың табиғатпен белсенді қатынаста болғанда­рын біле аламыз. Осы кезде адамдарды от жағып, үй салуға, жануарларды қолға үйретіп, киім тігуге, егін­шілікке үйреткен әдеби батырлар туралы аңыздар пайда бола бастады. Теріс зұлым күштермен күрескен батырлар туралы жырлар, шамандық өлеңдер мен абыздық ұрандар пай­да болып, шешендік өнер дами түсті.

Иран тайпалары ежелгі тарихының осы кезеңінде пайғамбарлар немесе бір ғана ұлы пайғамбар Заратуштра арқылы арнаулар, гаталар оқылды. Бұл туындылар өздерінің әсемді­гімен тыңдаушының жүрегін жаулап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырды. Кейінірек оларды абыздар қағаз бетіне түсіреді. Гаталарда өмір, болмыс пен өзін-өзі ұстау нормалары көр­сетіледі. Гаталардың бейнелеу жүйесіне табиғат пен қоғамдағы қарама-қарсы күштердің шынайы қақтығысын қамтитын әмбебап поляризация тән.

Жалпы, әлем екіге бөлініп қарастырылды: біріншісі – шынайы «заттар әлемі», екіншісі – ойдан шығарылған «рухтар әлемі». Заратуштра «екі дүниеде де, заттар мен рухтар әлемінде де жеңілдік беруіңді сұраймын» деп жалбарынатын. Гаталардағы түсініктер бойынша, құдай­лар мен мейірімді рухтардың патша­лы­­ғында жердегі тәртіпке мұрат болатын үйлесімді, таңғажайып тәртіп үстемдік етеді. Бұл үйлесімді­лік гаталарда көрініс тапқан үштік прин­ципке негізделген. Онда 3 саны қасиетті болып есептелінеді.

Сол кездегі қоғамның үш топқа бөлінуіне байланысты аспан әлемінде де үштік үстемдік етеді: жоғарғы құдай – Ахура Мазда, оттың рухы – Арту Вахишта және малдың пірі – Воху Мана. Аспан үштігі игі рухтармен қатар жүреді. Мұндай игі рухтар төртеу: металл рухы – Варйа Хшатра, жердің рухы – Спентра Армаити немесе Арматай, судың рухы – Аурват және өсімдіктер рухы – Амертат. Кейін бұл жеті құдай Амеша Спента, яғни өлмес әулие аталып, оларға мистикалық сипат берілген болатын. Жалпы, гаталарда мистикалық сипат жоқ.

Игі рухтарға зұлым рухтар тобы қарсы келеді. Мұнда да, алғашқы «үштік» симмет­риясы сақталған: Ахура Маздаға қарсы зұлым рухтардың басшысы Друдж (өтірік құдайы) келтірілсе, одан кейін Ако Мана (жауыз ниет) мен Айшма (қарақшылар құдайы) келеді. Олар­мен қатар адамдарға қастандық жасайтын жауыз рухтар тобы өмір сүреді.

Осы ілім бойынша осы дүниеде тура жолдағы адам жақсылыққа ие болып, ал жалған жолмен жүргендер зұлымдыққа ұшырап, шынайы жаза ақыретте беріледі делінген.

Гаталар арасында нақты жанрлық айырмашылықтар жоқ, дегенмен оларды екі топқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі – мадақтар, екіншісі – уағыздар.



Авестаның басқа да кітаптары. «Авеста» сөзінің мағынасының бүгінгі күнге дейін ортақ түсінігі жоқ, алайда ол «Негізгі мәтін» ретінде аударылып, қолданылып келеді. Бұл ежелгі ирандықтардың зороастризм дінін ұстанушылардың қасиетті мәтіні болып табы­лады.

Авеста Заратуштра өсиеттерінің айналысында ұзақ ғасырлар бойы қалыптасып (б.з.д. шамамен IХ-YI ғ.), соның нәтижесінде оның мәтіні де даму үстінде болды. Авестаның бізге жеткен ең ескі қолжазбасы 1278 жылға сәйкес келеді. Ескерткіш зороастра дәстүріне сәйкес Заратуштраға Жарық пен Мейірімділік құдайы Ахура Мазданың жіберген шындығы болып табылғанымен, ол ежелгі мифологиялық көріністерді, эпикалық фрагмент­терді сипаттайды.

Авеста - нақты әрі тура ықшамдылыққа бағынбайтын, ежелгі иран тілдерінің бірінде жазылған. Шартты түрде иран тілдерінің «Солтүстік тобына» жатқызылып, «авестийлік» ескерткіші ретінде біздің заманымызға дейін жетті. Бұл ескерткіш бізге екі негізгі басылым түрінде жетті. Олардың біреуі авестий әліпбиімен жазылған дұғалар жинағы болып табылады.

Екінші басылымдағы жинақтардың мақсаты бірінші жинақтағы секілді құдайға құлшы­лық ету кезіндегі дұға оқу емес, керісінше жүйелік үйрену болып табылады. Бұл басылым­дағы авесталық мәтін кітаптар мен параграфтарға бөлінген пехлеви алфавиті­мен жазылған ортапарсы тіліндегі аудармамен қамтылған. Авестаның екінші басылымы біріншісімен салыстырғанда «Зенд - Авеста» аталады, оның мазмұндық құрамы мынадай:

1. «Вендидад» - заңдар мен жазбалар тізімі, бұл әзәзілдерді қуып, жою үшін арналған. Мұнда Заратуштра мен Ахура Мазда арасындағы күнәлардан арылу, таза жолға түсу секілді мәселелер айтылатын әңгіме баяндалады, сонымен қатар мифологиялық элементтер де кездеседі және 22 тараудан тұрады.

2. «Висперед» (Виспред) - 24 тараудан құралған салттық мазмұндағы сыйынулар қамтылған.

3. «Ясна» - құрбандық шалу, мадақтау, құдайдан бір нәрсе сұрау кезінде оқыла­тын дұға­лар, 72 тараудан құралған, оның ішінде 17 тарауы «Гаталардан» тұрады.

4. «Яшта» - түрлі зороастралық құдайларды мадақтаудан тұратын 22 шумақтардан құралған мадақ әнұрандар, мұнда мифологиялық элементтер көп кездеседі.

5. «Кіші Авеста» - қысқа дұғалық мәтіндердің жинағы.

Авестаны алғаш кодтау процесі аршакидтер тұсында жүргізіледі. Екінші ретте Авеста­ны үдерісі алғашқы аудармасымен ІІІ-YІІ ғ. Сасан әулеті тұсында жүзеге асырылады.

Жалпы, Авестаны архаикалық діни шығарма түрінде қарастыруға болады. Оған шексіз қайталанатын дұғалар мен ұлы құдайлардың ұзын тізімдері, арғы аталардың рухтары мен ертедегі әміршілер туралы әңгімелер жатады. Сол секілді заңдастырудың түрлі догматика­лық салттары мен қарақшыларды жазалаудың түрлері баяндалады. Бұл шығарма арқылы ақы­­рет­тік өмір туралы кең діни уағыздарды, ақырзаман туралы, өлгендердің тірілуі т.б. құнды мағлұматтар ала аламыз.

Авестада архаикалық қабаттағы ескерткіш­терден басқа иран тайпаларының толыққан­ды поэтикалық шығармаларын да кездестіруге болады. Егер архаикалық поэтикалық шығар­ма­ларда адам жануарлар патшалығы мен табиғат құбылыстарына бейімделуге тырысса, кейінгі поэзияда титан-адамның, батырдың, алып күшке ие тұлға ретінде суреттелеуі кең орын алған. Жарық пен қараңғылық патшалығында зұлым күштерге қарсы тоқтаусыз соғыс­тарға қатысқан батырлардың бейнелері айқын көріне бастады.

Ежелгі ирандық мифтік және батырлық жырларында таптық қатынастар мен абыздар ықпалына байланысты туындаған элементтер кездеседі. Авеста поэтикасының сипаты оны бір жағынан ведалық поэзияға, ал екінші жағынан ирандық фольклорға жақын.

Ведалық, тіпті оған дейінгі кезеңге барып тірелетін үнді-иран байланыстары сол уақыт­тан-ақ ежелгі Иран әдебиетінде көрініс табады. Олар үнді-ирандық космогониялық және мифтік, ежелгі поэтикалық жүйенің ортақ элементтерінен көрінеді. Бірақ қайырым­ды­лық пен зұлым­дылық туралы түсінік екі мәдениетті уақыт бір-бірінен алыстатады. Үнділер қайырымды­лықты жоғарғы құдайлар - дэвтер арқылы деп түсінсе, зұлымдықты тө­мен­гі - асурлар деп санаған. Ирандықтар, керісінше, Ахура - қайырымдылық, ал зұлымды­лықты дэвтер ісі санаған.

Ахемени дәуірінде Иран мәдениеті өзінің бойына ассириялық және вавилондық мұра­лар­­дан нәр алып, сусындайды. Ежелгі Иран мәдениеті ежелгі иудей мәдениетімен де өте тығыз байланыста болып, одан әрі дами түседі.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Маздалық ғұрыптың пайда болуын сипаттаңыз және олардың негізін салушы

  2. «Авеста» генезисі мен оның бөлімдеріне тоқталыңыз

  3. Заратуштра және Гаталар

  4. Парсылық құдайлар пантеоны жайлы не айтасыз?

  5. Зенд Авестаны сипаттаңыз



Eжелгi Еврей әдебиетi
Б.з.д. XII-II ғ. аралығындағы көне еврей әдебиетінің ескерткіштері бізге жалпылама норма­тивтік жинақтар мен Інжіл заңдары арқылы жетті. Оған діннің күшті ықпалы болды. Бірақ бұл жайт діни заңдардың құрамына зайырлы жанрдағы шығармалардың, тарихи шежі­ре­нің, күнделікті өмірдегі скептикалық афористиканың, махаббат өлеңдерінің енуіне кедер­гі­сін тигізген жоқ. Діни көзқарастарға қатысы түрлі мәтіндерден тұратын бұл Канон кішкене әдеби әлем ретінде құрылып, пайда болғаннан бастап, екі діннің киелі кітабы ретінде екі мың жыл өмір сүрді: иудаизмнің «Інжіл» («Библиясы») мен христиандардың «Көне өсиет» («Вет­хий завет») кітабы. Ұрпақтан ұрпаққа кітаптың мәтіндері дінтану мен құлшылық ету, құқық­тар мен мораль нормалары ретінде жетті. Олар көптеген өзгерістерге ұшырап, заманға сай маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Оған күнәһарлар кінәлаушыдан шындықты сұрай оты­рып жалбарынды, ал кінәлаушылар күнәһарлардың мойынсынуын сұрады. Бұл кітаптарға деген қарым-қатынас зайырлы және рухани биліктің әсерімен, оған қоса, мысалы XYІ ғ. Германия шаруаларының талаптары мен XYIІ ғ. Англиядағы төңкеріліс­пен түсіндірілді. Монархияны жақтаушылар монархиялық билікте құдайға табыну ілімдері бар деп есептеді. Ал Монар­хия­ға қарсы адамдар кітаптарды құдайға қарсы деп түсінді. Шіркеу кітаптардың ішінен күпір­лерге қарсы тұжырымдар іздесе, өз кезегінде күпірлер де шіркеуге қарсылықта­рын көрсетті. Өзінің әдеби-эстетикалық аспектісінде көне еврейлер әдебиетінің ескерткіште­рін халық ұзақ уақыт бойы қабылдаса да, оларды нақты ешкім түсіне қоймады. Көне шығыс мәдениет­терінде заңдарға бағыну қарапайым нәрсе еді. Көне үнді мәтіндері де, Авестаны құрған иран мәтіндері де ғасырлар бойы діндік қауымдастықтардың киелі жазба­лары құқығында жүрді. Қытайда көне жарлықтар мен өлеңдердің нұсқалары діндік сипат алмаса да, нормативті заңдарда анық көрініс тапты. Көне өсиетті канон үш үлкен циклға бөледі:

1) Тәурат немесе Бес кітап, Моисейге қатысты шежірелі заң шығарушы бес кітап. 2) «Пайғамбарлар» бөлімі. Бұл бөлімнің ішіне көне шежірелер, Исайе, Иеремий, Иезекиль мен 12 «кіші пайғамбарларға» қатысты шығармалар кірді. 3) Әр түрлі жанрға жататын жазбалар. Бұл жіктеу шартты түрде жасалған. «Иисус Навин кітабы» келесі «Кету Кітабын» («Книга Исхода») жалғастырса, үшінші цикл шежіресі екінші циклдағы «Патшалықтар кітабы» тақырыбын жалғастырады.

Інжілдің ғылыми сыны «Деворa әндерінен» бастап Қасиетті Кітаптың басқа да кітапта­ры­ның құрылу мерзімін белгілегенімен, кейбір көне еврей әдебиеті ескерткіштерінің шыққан уақыты нақты емес.

Археология Інжіл шежірелері мен дастандардағы күнделікті өмірді зерттеуде көп жұмыс атқарды. Мысалы, «Болмыс Кітабында» («Книга Бытия») суреттелген патриарх отба­сы­ның құрылымы ғылымда соңғы уақытта белгілі бола бастаған орта қола дәуіріндегі Месо­потамия мен ханаандар туралы ақпаратпен сәйкес келеді.

Мысалы, бала көтере алмайтын әйел өзінің үйіндегі қызметші қызды күйеуіне нәресте сыйлау үшін табыстауы жайлы дәстүр Сарра мен Агари, Рахилла мен Балл, Лия мен Зелф туралы Інжіл әңгімелеріне ұқсас келеді. Бұған қоса бұл оқиға б.з.д. ІІ мыңж. қолда­ныл­ған неке келісім-шарттарымен дәлелденеді. Авраамның өзінің құлы Элиецерді асырап алуы тура­лы ойы, израильдік-иудейлік құқыққа сәйкес келмесе, хурриттік Тупкийалар ұстанған зан­дық нормалар бойынша заңды болды. Әлеуметтік тарих үшін «Самуил кітабында» суреттел­ген варварлық «әскери демократиядан» таяу шығыстық үлгідегі озбыр монархияға өтуге байланысты қақтығыстардың себептері анық болды.

Таптық бөліну мен патриархалдық нормалардың бұзылуы афинылық мемлекет қайрат­кері әрі жазушы Соломонды сол замандағы көне еврей пайғамбарларынан кем толғандыр­мады. Сыртқы ақпарат пен мәтінді сараптау арқылы Інжіл кітаптарындағы өзгерістердің тарихи жағдайлары мен бұл кітаптың шумер-аккадтық, угариттік әдебиеттері сияқты басқа да көне шығыс әдебиеттеріне қатыстылығы анықталды. Бұған қоса, Інжіл мен басқа кітаптарды ұқсас ететін типологиялық белгілер анықталды. Осылайша, Көне Өсиеттегі канонның үш бөлімдік құрылымы дәстүрлі өркениеттің ұстанымдарын көрсетеді. Әдеби дамудың кезекті сатысы алдыңғы кезеңдегі ескерткіштерге түсінік береді. Мысалы, «Бес кітапты» игеру тарихы жазба цикліне кіретін «Наемии кітабында» айтылған. Үшінші циклдің біраз кітаптары екінші циклдің негізгі кейіпкерлері, Сүлеймен (Соломон) және Дәуіт (Давид) патшаларының есімдерімен байла­нысты болды. Жазба цикліндегі «Иереми зары» «Пайғам­барлар» цикліндегі Иеремиге қатысты. Біз осындай «түсіндірмелі дәстүрлерді» қытай және үнді әдебиеттерінде де кездестіре аламыз. Көне еврей әдебиеті мен шығыс әдебиеті байланы­сының тағы бір белгісі түрлі жанрлар мен замандардағы ескерткіштерде көрініс тапқан екі бағыт діни-рулық және жалпы адамдық ендіктердің шиеленісуі болып табылады. Басқа дін өкіл­деріне қастық, өз құдайларын басқа ұлт өкілдерін жек көретіндей етіп елестету, өз құдайы үшін соғыстан тайынбау сияқты оқиғалар «Иисус Навин кітабында» анық көрсе­тілген. Керісінше, Амос пайғамбарының құдайы әрбір халықты жақсы көреді және барлығы бірдей құқыққа ие болып табылады. Исайя соғыс заманында бейбітшілік туралы үгіт-насихат жүргізіп, халықты бейбітшілікке шақырды. «Иона пайғамбар кітабында» бір пайғамбардың өз дұшпандарының қаласын жек көргені үшін Құдай­дың жазасына ұшырағаны туралы жазылған. «Яхве кітабы» түрлі ру арасындағы некеге тыйым салса, «Руфь кітабы» оны жоғары бағалады.

ІІ мыңж. орта кезеңіне жататын Шығыстан табылған құжаттарда «хапиру» немесе «апиру» есімдері айтылады. Олар Ханаан мемлекетінің жерінен шөлдер мен далалар арқылы ел қоныстанған жерлерге өтіп жүрген көрінеді. Иври сөзі сол «хапиру» терминінің осы кездегі формасы екені көрінеді және бұл сөзде этникалық мағынаға қарағанда әлеуметтік мағына басым. Інжілдегі «Болмыс Кітабында» көне еврей халқының ата-бабалары дәл сол көшіп жүрген малшы­лар ретінде суреттеледі. Олар жергілікті халықтан құдықты пайдала­нуға рұқсат алған және кей кезде жер телімін сатып алатын болған.

Б.з.д. XIII ғ. еврей тайпалары, батыс семит тайпаларының бір бөлігі мен Яхве құдайына табынатындар Палестинаға басып кірді. Інжіл аңызы олардың бұл жерге басып кірместен бұрын Египеттен кетіп, шөлде ұзақ жүргендерін айтады. Бұл оқиғаның соңы олардың жергілікті халықтармен және батыстан келген басқыншылармен арпалысып, «Израиль» деп аталатын 12 тайпадан тұратын одақтың құрылуымен аяқталады.

Б.з.д. ХІ ғ. соңында шофеттер басқарған әскери патриархалдық демократияның орны­на монархия келді. Ауыр қақтығыс арқылы жүзеге асқан еркіндіктен озбыр көне шығыс мемле­­кеті­не ауысу Інжілдегі «Патшалықтар кітабында» айтылған. Дәуіт пен Сүлеймен патша­­ларының кезеңі мемлекеттің нағыз күшейген шағы ретінде қарастырылып, інжілдік дәстүрде көне еврей мемлекетінің «алтын ғасыры» деп аталды. Жақын жатқан халықтар мен тайпалар одақтастарға немесе салық төлеушілерге айналды. Египетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнап, патша­лық еш қауіпсіз, бейбіт өмір кешті. Қоғамның жоғарғы табы ханаандардың, финикийліктердің және египеттіктердің материалдық және рухани жетістік­терін пайдаланып, басқа жердің өмірімен танысты. Дәуіт басып алған Иерусалим қаласында өздерінің астанасын орнатса, ал Сүлеймен патша кезінде патша резиденциясы Яхве құдайы­ның құрметіне арналған керемет сарай мен шіркеуге ие болды. Бірақ Дәуіт патшалығының өрістеуі мәңгі болған жоқ. Шамамен б.з.д. 928 ж. патшалық Дәуіттің ұрпақтары Иерусалим­нен басқаратын оңтүстік Палистинадағы иудейлік патшалық пен солтүстік Палестинадағы израильдік патшалықтарға бөлінді. Екі мемлекет арасындағы мүліктік қақтығыстар өте қауіпті болды, бұл египеттіктер, ассириялықтар мен вавилондықтар сияқты халықтар үшін оңай олжа болатын.

Б.з.д. IX-YIII ғ. өмір сүрген пайғамбарлар байлықтың өсуін мінейтін патриархалдық нор­маға қайта келуге шақырып, әлеуметтік қиын мәселелерді шешу үшін діни-этикалық идеалды ұсынды. Кей кездері пайғамбарлардың әсерінен патшалар уақытша тұрақтылықпен қамтамасыз ететін санаулы реформалар жасайтын. Бірақ екі патшалықтың да түбі жақсы болмады.

Б.з.д. 722 ж. ассириялық патша ІІ Саргон Израиль патшалығын басып алып, Самария­ның тас талқанын шығарды. Ал б.з.д. 587 ж. вавилондық ІІ Навуходоносор Иудей патшалы­ғы мен Иерусалимді қиратады.

Ерекше атақты кісілер, оқыған және бай тұрғындар тұтқынға алынып, көне еврей әдебиеті­нің кейінгі тағдыры армандағыдай емес, ашшы шындық негізінде өрбіді.

Пайғамбарлардың уағыздарындағы саяси және қоғамдық мәселелердің діндік көзқарас­тағы шешімдері жиі айтылып отырды. Халықтың басындағы қайғысы Яхве құдайына толық сеніммен бағынбаушылық кесірінен болғаны түсіндіріледі. Иудейлер тұтқында жүргенде ғана Яхве құдайының құдіретін түсінеді. Мемлекетті қайта құру, талқандалған Иерусалимді қайта қалпына келтіру мен Дәуіт патша ұрпақтарының таққа қайта отыруы туралы армандар мистикалық деңгейге жетеді: құрылатын мемлекет жай мемлекет емес, қасиетті, теокра­тиялық мемлекет, таққа отырғызылатын Дәуіт ұрпағы да жай монарх емес, Яхве құдайының таңдаулы адамы ретінде суреттеледі. Осы кезде Вавилон империясының жері парсы шапқын­шыларының иелігіне өтіп, олар иудейлердің елдеріне оралып, Иерусалимді парсы­лар­дың қол астындағы ғибадатханалық қала ретінде қайта салуға мүмкіндік береді. Қаланы қалпына кел­ті­руді Эзра мен Неемия қолға алып, барлық нәрсеге діндік-этникалық ұстанымдар бойынша қарап, қатал тыйымдар қояды.

Б.з.д. ІY ғ. Парсы империясының басқа да жерлері сияқты, Палестинаны да Александр Македонский жаулап алып, бұл мемлекеттер эллиндік өркениетті ортаға кіреді. Иудейлік қоғамның жоғарғы табы гректердің жүріс-тұрыс нормаларын қабылдап, Яхве құдайынан бас тартады. Бұл жағдай Селевкид әулетінен шыққан Сирия патшаларына, әсіресе, иудаизмді ұстан­ғандарды қуғын-сүргінге ұшыратқан IY Антиохқа қатты ұнады. Б.з.д. 167 ж. мұндай қуғын-сүргінге қарсы Иуда Маккавей көтеріліс ұйымдастырды. Күрес тең дәрежеде болма­ды, бірақ кенеттен жеңіске ұласты. Б.з.д. 140 ж. Иудея тәуелсіздік алды, бірақ бұл мемлекет ұзақ өмір сүрмеді. Б.з.д. 63 ж. Иерусалимге Помпей әскері басып кіреді. Ал б.з.д. 6 жылы Иудея Рим империясының провинциясына айналып, римдіктерді тақтан түсірудің сәтсіз әрекеттерінен кейін Иерусалим толығымен талқандалды. Бұл көне еврей мәдениетінің соңғы кезеңі еді.

Көне еврей әдебиеті Египет, Месопотамия, Ханаан мен Финикия мәдени дәстүрлерімен байланыса отырып, басқа халықтардың мифологиялық жүйесіне ұқсамайтын иделогияның ерекше бір түрін дүниеге әкелді.

Біз көне шығыстың рухани өмірінде бір құдайға сенушілік, шексіз сенім мен құлшылық етуді көреміз. Бұған мысал ретінде Египеттегі IY Аменхотептің (Эхнатон) діндік реформа­сын келтірсек болады.

Ұлы мәдениеттермен салыстырғанда, дәстүрге айтарлықтай бай емес, жас көне еврей­лік мәдениетте ғана монетеизмге өту үдерісі жүзеге асып, онда ішкі қақтығыстар мен қайшы­лықтар орын алды.

Көне египеттік мәдениеттке қарсы келетін Эхнатонның бастамасы жемісті болғанымен, қысқа уақытқа ғана созылып, күйреуге ұшыраса, керісінше, Дәуіт пен Сүлеймен патшала­рының кезіндегі мемлекеттің өркендеуі, онымен байланысты әскери қауіп, Иосияның рефор­малары сияқты көне еврей тарихының әрбір тұсы монотеистік ұстанымдар негізінде тура әрі нақты қызмет етті. Б.з.д. YI ғ. тәуелсіздіктің жойылуы және оның кесірінен болған саяси-па­триоттық құндылықтардың діндік құндылықтармен ауыстырылуы монетеистік принципті құру бағытында жұмыс істеді. Монетеистік ұстанымдар қиял әлемінің қалыптасуы мен жал­пы әдеби топиканың сипатына әсер етті. Егер Египет, Ассирия, Вавилон, Финикия мен Гре­кия­­дағы құдайлардың өзіндік шығу тегі, өмір тарихы болса, Інжілдегі құдай туралы еш­нәр­се айтылмайды. Яхве құ­дайы­на қатысты тек оның әлем мен адамды жаратқаны туралы белгілі болды. «Сандар кітабында» «Леп» («Дуновение») термині қатты желді білдіреді. Дегенмен бұл жел Яхве құдайының рухы ретінде суреттеледі. Сонымен, Яхведен шыққан жалындаған дүлей жел мен күркіреген күшті дауыс, мұның бәрі нақты бір бейнені құрайды..

Басқа халықтар сияқты көне еврейлердің де ұрпақтан ұрпаққа таралған өлеңдері, дұға­лары мен нақыл сөздері, мақал-мәтелдері, мысалдары мен жұмбақтары болған. Фольклордан әдебиетке өту әдетте батырлар жыры арқылы жүзеге асады. Көне еврей әдебиетінің тарихы біз үшін б.з.д. ХІІ ғ. әскери эпикалық өлеңнен басталады. Бұл өлеңнің әйелге қатыстылығы оның өте көне архаикалық кезеңге жататындығын айқындайды. Ол әйелдің аты - Девора. Інжілде баяндалған мәтіндер бойынша, ол төреші, яғни тайпа көсемі болған.

Ханаанейлік қолбасшы Сисера оның әскерін талқандағанда Девора Нафтали тайпа­сынан шыққан Барак көсемді көмекке шақырады да, соғыс толыққанды жеңіспен аяқталады. Сисера қашып бара жатқанда оны тағы бір батыл әйел Ианль өлтіреді.

Көне еврейлер жайындағы мистика-ритуалдық сипаттағы Самсон туралы туынды да ерекше көзге түседі. Самсон дүниеге келмей тұрып, құдайдың таңдаулысы болып, оған «назорей» (құдайға арналған өмірдің бір формасы) ретінде қызмет етеді. Ол өзін құдайға берілгендігін көрсету үшін өмірінің соңына дейін жеңіл жүрістен бас тартып, ешқашан шашын алдыртпайды. Бұл ерекшелік оның орынсыз әзілге құмар, дұшпан әйелдерінің алдын­да әлсіз әрі қарапайым батыр болуына кедергі бола алмады. Ол Газа қаласының бір жеңіл жүрісті әйелдің үйінде қонғанда, Газа тұрғындары оған шабуыл жасамақшы болды. Самсон оларды күлкі етіп, Газаның басты қақпасын йығына салып, Хевронға әкетеді. Екінші Далила атты филистимдік қыз Самсонның құпиясын, оның күштілігі құдайға берілгендігімен байла­ныс­ты екенін, ең бастысы, оның шашын кессе, ол күштен айырылатынын біліп қояды да, Самсон ұйықтап жатқанда, оның шашын кесіп алады. Филистемлялықтар оны тұтқынға алып, көзін ойып, оны шынжырлап, ауыр жұмысқа салады. Құлдық кезінде оның шашы өсіп, күш жиналып, назорей атағын қайта қайтарады. Ешнәрседен хабары жоқ дұшпан халқы мейрам кезінде ойын-сауық үшін Самсонды халық ортасына шығарады. Сонда Самсон: «Жаным менің, филистилялық халқымен бірге өл!» деп, тастан жасалған мұнараны өзі мен маңындағы халықтың үстіне төңкереді.

Сәуегейлік (апокалиптика) әдебиет. Пайғамбарлар кітаптары ежелгі еврей әдебие­ті­нің өзіндік ерекше­лік­терге толы ең маңызды жанрының бірі болып саналады. Бұл кітап­тарсыз әдебиеттің бол­мысы мүлдем өзгеше болар еді. Мұндай сәуегейлік кітаптар бізге YIII-YI ғ. тоқырау кезінде еврейлердің рухани өмірінің негізі болған бір ғана қоғамдық ерекшелік болып табылатын пағамбарлық қозғалыстың рухын түсіндіреді. Әр халық өз дамуында шамандық, бақсылық бейнелерді білетін. Мұндай қасиетті бар адамдар Ежелгі Палестинада да болды. Қалыпты адамдар олардан қорқып, кейде тыңдайтын, бірақ мұндай «қасиетті­лер­ді» тіпті сыйлам­айтын.

Шамандық желігудің көне стихиясы біртіндеп мүлдем жаңа оймен сипаттала бастайды. Пайғамбар мұнда зұлым күшке қарсы тұрмайды, керісінше жалғыз мейірімді Яхве құдайына өмірінің соңына дейін тәуелді болады. Яхве үшін ол жердегі күштермен күреске шығып, тіпті Дәуіт патшаның уәзірі ретінде қызмет еткен пайғамбар Натан да патшаға қарсы шығып, патшаның өз беделін жаман істер үшін қолданып жүргеніне қатты ызаланады. Пайғамбар­ларлар өздерінің парызын өтеу үшін әлемде барлығын ұмытуға дайын, олар адамзат баласын тура жолға түсіруді өздерінің парызы деп санайды.

Міне, пайғамбарлар жайындағы әңгімелерден кейін, біз олардың өздерінің дауыс­тарын естиміз: б.з.д. YIII ғ. бері олардың насихаттары жазылып келе жатыр. Амос, Исаия, Иеримия, Иезиккиль сияқты пайғамбарлық қозғалысқа қатысушыларды ежелгі еврей әдебие­тінің негізін қалаушылар ретінде тануымызға болады. Олардың өмір сүрген кезеңінде шығыс Палес­ти­нада жаңа діни-философиялық жүйелер пайда болып, Грекиядағы Гомер мен Гесиод сияқты алғашқы философтар мен лириктердің пайда болу кезеңімен сәйкес келді.

Пайғамбарлардың әр сөзі Яхвенің атынан айтылатын. Пайғамбарлардың құдайы Таяу Шығыстың халқы бұрын-соңды білмеген мүлдем басқа құдай болатын. Ол өзіне құрбандық шалып, сый тарту етуін немесе мейрамдар жасауды талап етпейді. Керісінше, оның елшілері құдайға жақындау үшін құрбан шалып, діни жоралғыларды орындаған адамдарды келеке еткен.

Осылайша, пайғамбарлардың насихаттары - бұл адамдардың рухани, ішкі жандүниесі мен парасаттылығының белгісі. Пайғамбарлық кітаптарды жазушылардың алғашқылары ретінде Иудейдің солтүстігінен шығып, б.з.д. YIII ғ. Израильде көзге түскен Амос малшыны айтуға болады. Ол Израильдің гүлденген кезеңінде өмір сүрді. Бірақ Амостың ойынша мемлекеттің гүлденуі шын мәнінде өтірік пен зұлымдылықтың негізінде қалыптасты.

Амостан кейінгі пайғамбарлар адамдарға Яхвенің опасыздыққа байланысты үкімін түсін­дірген Осия (Хошеа) мен үш «ұлы пайғамбарлардың» бірі Исаия болды. «Исаия пайғам­бардың кітабы» 66 тараудан тұрып, оның тек отыз бесінде ғана шамамен б.з.д. 740 жылы өзінің уағызын айта бастаған Исаия туралы жазылған. Сол кезде оның қоғамы мен айналасы өшпенділік, соғыс пен адамдардың жазықсыз қанына толы еді.

YI немесе Y ғ. «Исаия кітабының» соңғы тарауларын жазған авторды немесе автор­­лар­ды Тритоисаия деп атау қалыптасқан. Гебраист А.Вейзер бұл кітапта түрлі дәуірлерде жа­зыл­­ған тарауларға қарап, оны әр кезеңде түрлі адамдардың қолына алып отыр­ғанын бай­қайды. Иеремия халқы арасында ең мұңды пайғамбар әрі ақын ретінде танылғандықтан, өзі жазбаған жоқтау (кина) үлгілеріндегі Иерусалимнің құлауына арналған «жоқтау өлең­дерін» де оған таңады.

Пайғамбарлардың өздерінің шәкірттері екі ғасырға кеш болса да пайда бола бастады. Олар Исайдың идеялары мен ойларынан тәжіребие алып, кейін олардың насихаттары Исай кітабына енеді. Оның 40-55 бөлімдерінің авторы II Кир кезінде, яғни б.з.д. 6 ғасырда өмір сүрген. Ол ғылымда Дефтероиса деп аталады.



Лирикалық жанрлар. Дәуітттің болашақта құдайға қызмет ететін әншілерден тұратын бірлестік құрғаны туралы көне жазбаларда айтылған. Осы бірлестіктің билігінде үш жоғарғы шебер отырды. Бізге Дәуіт кезеңіндегі жоғарғы шеберлердің бірі Этане туралы, оның жергі­лік­ті адам, яғни Палестина елінде туылған ханаандық екені белгілі болды. Сол кезде Ханаа­ней-финикийлік аймақ музыка жанры жақсы дамыған аймақ болатын.

Жоғарыда келтірілген діни жырдың өзіне тән «Яхвенің алдында мұңын шертушінің дұғасы» деген аты бар. Осыдан басқа да бірқатар діни жырларды осы тәрізді атауға болады. Мұндай дұғаларды айтуда Таяу Шығыстың зор ықпалы болды, алайда ежелгі еврей діни лирикасында адам қасіретін жеткізудің ерекше, нақты деңгейін көре аламыз.

«Мадақтар кітабының» тағы бір ерекшелігі - ондағы эпитамалар (некелесушілерді құт­тық­­тайтын өлеңдер, 106; 46-псаломдар). Бұлар тақырыбы жағынан «өлеңдердің өлеңіне» жақын. Адамның ұлы жаратылыс екендігі жайлы айтылатын сегізінші діни жыр секілді басқа да кейбір жырлар философиялық-медитативті тұрғыда болды.

Діни жырлардағы келесі тақырып ешнәрсенің себепсіз жаратылмағанын, жануар, өсімдікке дейін өз жүйесімен тіршілік ететінін (104-псалом) көрсететін ғарыштық, әлемдік құры­­лысқа байланысты. Христиан елдерінің діни уағыз тілінен ұлттық тірі тілдерге көшу процесіндегі діни жырларға айтарлықтай еліктеу болып, ол жаңа шығармаларға негіз бола бастады.

Дәстүрге сай «Өлеңдердің өлеңі» атты лирикалық туындының авторы Сүлеймен патша делінеді. Өйткені ол халық арасында өте данышпан, парасатты адам болып, дәл соның кезінде сарай маңында поэзия, махаббат лирикасы жақсы дамиды. Сол замандарда Ніл жағасында ер жігіт­тер мен қыздар өзара «аға», «қарындас» дейтін. Бірақ бұл салт еврейлер арасында түсініс­пеушілік тудырғандықтан, өлеңдерде «қарындасым, қалыңдығым» деген түсіндір­мелер қосу­ға тура келді.

«Өлеңдердің өлеңі» деген туындының негізгі кейіпкерлері – ер жігіт мен бойжеткен қыз. Бойжеткен қыз көбіне қой бағушы ретінде сипатталса, ал жігіт кей жерде қойшы, кей жерде патша деп көрсетіледі. Жалпы Таяу Шығыстың салты, аңыз-әңгімелері бойынша үй­лен­гендерді патшалармен салыстырады. Ал Сирияда жас жұбайлардың некелескен алғаш­қы аптасын патшалық деп атайтын көрінеді. Себебі оларды туған-туыстары, жақын­дары патша­дай күтіп, сыйлайды, қалыңдық пен күйеудің киімдерінің сұлулығын мадақтап, өлең айтып, ән салатын болған.

Сонымен, ғалымдар «Өлеңдердің өлеңін» драмамен шектесіп жатыр деп баға береді. Бұл жинақ негізгі үш оқиғадан тұрады. Бірінші оқиғада бас кейіпкер бойжеткен қыздың махаббаттан алатын ләззат сезімі мен оған деген үрей сезімі арасындағы қайшылықтар туралы айтылады. Екінші оқиға күйеу жігітті ең әдемі сөздермен мақтаудан басталады. Шығыстың ең жақсы салттарында ол – бейне бір патша Сүлеймен, ал қыз – әлемдегі ең пәк, сұлу қыз. Оны бейнелеуде жабық құдық, адам баспаған бұлақ, кіруге болмайтын бау-бақша сияқты аллегориялар қолданылған. Алайда қыз арманына жете алмай, ғашығын іздеуге қайта шығады. Ол қайтадан түнгі қарауылдардан сұрастырғанда, олар қызды жыққыға алады. Барлық қиындықтарға қарамастан ғашықтар бірін-бірі тауып, жазық далаға аттанады. Қыз қайтадан қылығымен көріне бастап, махаббат оты жалындай түседі.

Бұл жырдың сөздеріне қарай отырып, арада өткен мыңжылдықтар сезілмейді де. Оның себебі ақынның шеберлігі мен тақырыптың тозбастығында болуы мүмкін. Бірақ қазіргі оқырманға жырдың поэтикасын терең түсіну қиынға соғады.

«Жинақтардың жинағы» деген туындының мазмұны жағынанТаяу Шығыс елдеріне өте жақын. Онда хахам данышпандарының ақыл-кеңестері, адамның өмір сүру қағидалары мен күнделікті өмірде өзін қалай ұстау керек, «патшаның алдында сақ бол», «нашар әйелдердің алдында қаражатыңа сақ бол», т.с.с. ойлар қозғалады. Олар дүниедегі жалпы мәселелерді үшке бөліп қарастырған: Құдай алдындағы тақуалық, адамдармен қарым-қатынас және өзіңді түсіну. Осылайша «Иоһва кітабында» осыған байланысты басқа да дау тудыратындай афоризмдер, терең ойлар мен сарказм, діндар «даналыққа» қарсы пікірлер, жалған дүниеде қарапайым өмір сүрудің кілті келтіріледі.

Иов (Ийов) – Таяу Шығыс елдеріндегі танымал кейіпкер. Өз заманында Иезекил үш ең тақуа адамдардың атауы керек болғанда, ол Нұхты, Даниил және Иовты атаған. Ол нағыз үлгі тұтарлық, ақыл-парасаты мен адамгершілігі кемеліне жеткендер қатарынан еді. «Иов кітабы» осылай оны бейнелеуден басталады. Әдеттегідей ол өте бай, ауқатты, өзін күнәдан алыс ұстап, арын таза сақтаған адам болған. Бірақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, Құдайдың өзі оны сынаққа алып, шайтанды жібереді-міс. Көптеген баяндаулар бойынша, шайтан - Яхвенің дұшпаны емес, бірақ адамдардың қас жауы. Ол - өте ақылды әрі қу. Ол Яхвеге Иовтың тек мал-дәулеті толып тұрғандығынан ғана тақуа болып жүр дегенді дәлел­дегісі келеді.

Тақуалық, адамгершілік шынайы ма, Иов соңына дейін Яхвеге берілген бе, жоқ па? Нәтижесінде, Яхве сүйікті құлын сынау үшін оған төрт үлкен апат жібергенде де, Иов байлықтан айырылғанына қарамастан, тақуалығының шыңына жетіп, өз мұңын сабырмен жеңеді делінген.

Жалпы, б.з.д. І ғ. мен б.з. ІІ ғ. драмалық кезеңінде ақырзамандық әдебиет жалпыға мәлім бола бастайды. Бұл әдебиет халықты қайғылы уақытта қолдап, ұлы жеңіске қол жеткізуде септігін тигізіп, сонымен қатар халықтың білімге деген құмарлығын қанағат­тан­дырып, астро­номиялық және физикалық энциклопедиялар ұсынады. Дәл сәуегейлік әдебиет арқылы Таяу Шығыстағы әлем бейнесі христиандық апокрифтерге ене бастайды. Сәуегейлік шығар­малардың ең басты тақырыбы қазіргі заманның құпиялары емес, болашақтың құпиясы еді. Сәуегейліктің жарқын нұсқалары 1947 жылы Өлі теңіз маңындағы үңгірден табылған.


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Көне Өсиет каноны мен оның циклдері

  2. Яхве құдайының культі және оның еврейлер ортасындағы рөлі

  3. Псаломдарға тоқталыңыз

  4. Бескітаптың негізгі мазмұны

  5. Сәуегейлік әдебиетті қалай түсінесіз?

  6. Ежелгі еврейлік лирикалық жанрлар



Ежелгі Грек әдебиеті
Евро-афро-азиялық аймақтың Балқан және аралдық бөлігінің ежелгі әлемге өтуі тарих сахнада көне ахейлік гректердің мәдениетін жоққа шығарған жаңа халық - дорийлік гректер келді. Алайда ахейліктердің әлемі жаңа халықтың өміріне өз әсерін тигізбей қоймады. Сол кезең­де орын алған тарихи жағдаяттардың көпшілігі аңыздардың, тарихи жазбалардың құра­мы­на енеді және жаңа халықтардың әлемге деген көзқарасын анықтады. Міне, осы күрделі үдерісте грек әдебиеті қалыптасты.

Ежелгі грек әдебиетінің дамуының елеулі кезеңдерін, әдетте, ірі үш: ерте – архаикалық, орта – классикалық, кейінгі – эллиндік деп бөліп қарастырады. Бірінші кезең – рулық-тайпа­лық көне дәуірден б.з.д. YIII ғ дейінгі әдебиет. Оған архаи­ка­лық туындылар мен қаһарман­дық эпостар жатады. Сол секілді осы кезең еншісіне Гомер эпостары да кіреді. Екінші кезең – полистер /б.з.д. YI-YII ғ./ тұсындағы әдебиет. Лирика мен драма дамы­ған. Архилох, Анак­реон, Сапфо, Пиндар, Эсхил, Софокл, Еврипид, Аристофан, Гера­дот, Фукидид, Ксено­фонт, Исократ, Демосфен, Сократ, Платон, Аристотельдердің кезеңдері. Үшіншіге - жаңа аттикалық комедиялар, александриялық поэзия, эллиндік проза кезеңдері кіреді.

Грек және рим әдебиеттері қалыптасып, өркендеген кезеңді антикалық дәуір кезеңі деп те атайды. Қайта өрлеу дәуірінде дүниеге келген, бұл терминді италиялық ойшыл-гуманис­тері грек-рим елдеріне байланысты қолданған. Бұл атау «ежелгі» мағынасын беретін «атик­вус» деген латын сөзінен шыққан. Антикалық әдебиеттің негізін қалаушылар өздерін «эллин­дер», ал елдерін Эллада атаған.

Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» поэмалары ежелгі грек халықтары тұрмысынан мағлұ­­мат беретін құнды еңбектер саналады. Антикалық дәуір ұстазы саналатын Гомер шама­мен б.з.д. YII ғ. өмір сүрген. Жеке тұлғалық мәдениеттің нормаларына бағытталғаны­мен де Гомер дәуірі ерекше. Ақын кейіпкерлерінің мінез-құлқы, тәртібі күрт жекеленген, не­гіз­гі құндылығы жауынгерлік айбын («арете»), ал оған қол жеткізу «ержүректік кодекс­пен» өлше­неді. Даңққа қол жеткізгеннен кейін, қоғамдағы алатын орны мен байлығын ұлықтау баста­ла­ды. Ержүрек жауынгердің кері шегінуін кінәлайтын халықтың әсерінен «ұят мәдениеті» пайда болған. Ол қоғамдық бақылаудың негізгі түрі болып есептелінеді.

Гомер дастандарының құдіреттілігі осы бір ұлы адамның дәуір тынысын терең сезінгенінде болса керек. Оның эпостары халық аңыздарының негізінде жүйелі түрде баяндалады.

Архаикалық кезеңде әдебиет саласында бұдан басқа бірқатар тамаша туындылар өмірге келді. Солардың ішінде шоқтығы биігі - ақын Гесиод болды. Ол жазған «Теогония» (Құдай­лар­дың шығу тегі жөнінде) және автордың өзінің өмір жолына арналған «Еңбектер мен күндер» атты дастаны гректердің көңілінен шықгы. Әдебиет саласында басты орынға шық­қан лирикалық поэзияның өкілдері адамның ішкі жан-дүниесін жырлауға ерекше назар аудар­ды. Бұл жаңа жанрдың көрнекті өкілдері Архилох (б.з.д. YII ғ.), Алкси (б.з.д. YII ғ. аяғы мен Y ғ. 1 жартысы), Анакреон (б.з.д. 570-478 ж.) және тағы басқалар болды.

Архаикалық дәуірде әдебиет саласында басында лирикалық жанр үстемдік етсе, кейін­нен трагедия мен комедия жанрлары басты орынға шықты. Дәл мағынасында «траге­дия» деген сөз - «ешкілер әні» деген ұғым береді. Ол ешкі терісін жамылып, әзіл-оспақ сарынында хормен өлең айтудан шыққан Афиныда Дионис құдайдың құрметіне байланысты жалпы мемле­кеттік мейрамның бекітілуі трагедияның мерейін жоғарылата түскен. Мифологиялық кейіп­керлерге толы грек трагедияларының басты мазмұны - халықтың өз теңдігі мен әлеу­меттік әділет жолындағы қаһармандық күресінің сан саласына арналған. Традегия жанрының гүлденуі Эсхил, Софокл, Ефрипид сияқты үш ұлы драматургтың есімімен тығыз байланысты болды.

Гомер (б.з.д. XI-YIII ғ.). Гомер - Ежелгі Грекияның аты аңызға айналған ақыны. Көне деректерде кезбе, соқыр жыраудың тарихи, нақты шынайы болмысы ойдан шығарылған, фантастикалық бейнемен ұласып кеткен де, соның салдарынан Гомер туралы анық мәлімет көмескіленіп, бізге жұмбақ күйде жеткен. Гомердің Отаны атануға «жеті қала» (Смирин, Хиос, Колффон, Саламин, Ролос, Аргос, Афины) таласқан. Қазіргі Хиос қаласында Гомердің отырған тасы сақталған.

Ерте заманда эпостық жырлардың көпшілігін Гомердікі деп келген. Кейінірек ежелгі дәу­ір сыншылары сапасына карай сараптай зерттеп, зерделей отырып «Илиада» мен «Одиссея» деген атақты екі эпостық дастандарды, сондай-ақ бірнеше шағын шығармаларды («Гомердің ел ұраны», «Моргит» комедиялық поэмасы және т.б.) Гомердің өзінің төл туындысы, өзі шығарған, ел аузында ерекше сақталған атақты шығармалары, эпостары деп танып, өзіндік баға беріп, ара жігін ажыратқан. Сол ерте кездің өзінде бұл екі поэманың («Илиада» мен «Одиссея») бір адамның, яғни жалғыз ғана Гомердің қаламынан туған шығарма екеніне күдік келтірушілер, өзіндік теріс пікірлерін айтушылар да болған. Бірақ сол тұста Аристархтың /б.з.д. ІІ-І ғ. Александрия ғалымы/ «Гомер «Илиаданы» жас шағында, ал «Одиссеяны» қартайған шағында өз қаламынан тудырып, жазып шыққан шығармасы» деген тұжырымды сөзі барлығын жеңіп шыққан.

Бұл екі дастан төңірегінде онан бергі кезеңдерде де қарама-қайшы пікірлер болған. Француз ғалымы Обиньяк, неміс ғалымдары Ф.А.Вольф (1759-1824) және К.Лакман бұл екі шығарманың бір ақын жазған шығарма, тұтас дүниелер екеніне өзіндік көзқарастары тұрғы­сынан шүбә келтіріп, жазуы жоқ адамдар хат танымайтын заманда осыншалықты тарих пен тағылымға құрылған, сюжеті ұзақ дастандар мен жырлардың өмірге келуі мүмкін емес жағдай деп топшылау жасайды. Гомердің аталған туындыларын жоққа шығарып, шүбә кел­тір­ген адамдарга қарсы жауап ретінде ғылыми дұрыс тұрғыда пікір айтқан Ф.Шиллер, В.Гете, Г.Гегель, В. Нич тәрізді ақындар мен философтарды атап өтуімізге болады.

«Илиада» поэмасының оқиғасы8 Троялық соғыстың 10-шы жылында көрініс табады, бірақ дастанда соғыстың себебі туралы да, басталуы жайында да айтылмайды. Бұл бөлімдегі басты тұлғалар оқырманға таныс болып келеді. Бұл дастанның мазмұны гректік және троя­лық батырлардың бейнесі жинақтала көрініс тапқан бір ғана бөлімнен тұрады. «Илиада» дас­та­ны антикалық ғалымдар грек алфавитінің саны бойынша 24 кітапқа бөлген 15700 өлеңнен тұрады.

«Одиссея»9 - «Илиаданың» занды жалғасы болып табылады. Бұл дастанның мазмұны Трояның құлаған 10-шы жылымен байланысты болып келеді. «Илиада» дастанында көрі­ніс табатын тұлғалар «Одиссеяның» да сюжетіне кіргізілген. «Одиссеяны» да антикалық ғалым­дар 24 кітапқа бөлген.

Батырлық эпостың басты ерекшелігі – оның сол кездегі әлеуметтік қатынастарымен бірлескен қандай да бір көне замандағы тарихи жағдайға байланыстылығында еді. Гомерлік поэмалар үшін мұндай тарихи оқиға Троя соғысы, Микен жайлы естеліктер болып табылады. Олардың қатарына, мысалы; кейіпкерлердің мыстан жасалған қару-жарақтарының сипатта­ма­сы, көркем жиһаздар, ыдыстар мен ер тоқымдар, әскери ат арбалардың қолданы­луының өзі де жатады. Агамемнонның гректердің арасындағы беделі, микен дәуіріндегі орталық­тан­ған биліктің болғанын білдіреді, ал кемелер каталогындағы 164 географиялық атаулардың іші­нен шамамен тоқсаны мекендік Грекияда болған қалалар мен мекендердің атауына сәйкес келеді. Б.з.д II ғасырда гомерлік эпостар мен таяу шығыстық фольклордағы мотивтердің ұқсас­­тық­тары байқалады. Мысалы Ахилл мен Патрокл арасындағы қарым-қатынас аккад бянда­маларында сөз етілген, Гильгамеш пен Эндиктің достығына ұқсас келеді. Одиссей сапары жайлы әңгімелерінің прототипін ежелгі египеттік «Кеме апатын бастан кешіргендер» атты әңгімеден табуға болады.

Сонымен қатар автор ежелгі ауыздан-ауызға тараған әңгімелерді өңдеген кезде бұрын­ғы батырлық эпостарға тән қиял-ғажайып белгілерді алып тастауға талпынғаны байқа­лады. Нәрес­тенің ғажайып жағдайда туылғаны, ғажайып балалық шағы, кішкентайынан үлкен күшке ие болатындығы, сиқырлы жануарлардың, әсіресе атының көмегі сияқты ғажайып оқи­ға­лар гомерлік поэмада мүлдем кездеспейді деуге болады. Ал киім үлгілері мен шаш үлгі­сінің сипаттамасы кейіпкерлердің қалай қаруланғанының, мәйіттерді өртеу рәсімінің және осы сияқты басқа да әрекеттердің сипаттамасы микендік мәдениетке емес, YIII ғасыр­дағы Иондық мәдениетке, яғни Троя соғысының төрт-бес жүзжылдықпен алшақтанған дәуірге тән. Негізгісі поэмадағы сол дәуірге тән әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәлі­мет­тер, ең бастысы кейбір тайпалық бірлестіктердің басшылықта орын алуы мен аристократ­тардың болуы жайлы мағлұматтар да жатады. Ең жақсы да шұрайлы жерлер, көптеген мал үйірлері мен таңдаулы жайылымдар әйгілі көсемдердің еншісіне тиетін еді. Қолға түскен байлықтарды бөліскен кезде олар өздеріне ең жақсысын таңдап алған.

Атақты патшалар мен көсемдер екі поэманың да басты кейіпкерлері мен сол дәуірдің идеал бейнесін алғандықтан, буржуазиялық әдебиеттануда «аристократизм» туралы көзқа­растар таралған. Зерттеушілердің ішінде бүкіл гомерлік эпосты «ойын-сауықтық» поэзия деп тапқандар да кездеседі.

Басқа эпикалық көсемдер тәрізді Гектор да батырлық абырой кодексіне адал. Ахиллмен шайқастан бас тарту немесе ауытқу туралы ойламайды. Бірақ оның ахейлік батырлардан айыр­­ма­шылығы – ол елін қорғау үшін күресті басқарып, троялық әйелдер мен балаларды қор­­ғай­ды. Трояның құлайтынын біле тұра, Гектордың елі үшін қасық қаны қалғанша күресуге дайын болуы, оның тұлғасына шынымен – ақ траге­диялық айбындылық береді.

Батырлық «этиканың» белгілері «Одиссейде» айқынырақ білінеді. Бұл поэманың да басты кейіпкері ахейлік тайпаның жоғары әулетіне жатса, ақылы мен ептілігі арқасында атағы шыққан Одиссей үшін Ахилл мен Гектордың мінезінде кездеспейтін, икемділік, айла­керлік, барлық жерде мұқияттылық, тұйықтылық және тікелей қылымсулық тура қайсар­лықпен ержүректілікке қарағанда құндырақ қасиеттер болып табылады. Поэмада Пенелопа құда түсуге келеген күйеу жігіттер жағымсыз жағынан көрсетіледі. Олар озбыр жолмен Одиссейдің үйін ойсыратады. Телемахтың олардың озбырлығын халықтық жиналыс арқылы басу талпынысы ешқандай нәтижеге алып келмейді. Міне, ақсүйек жастардың осындай қылығы тайпалық институттардың қандай дәрежеге жеткенін көрсетеді. «Илиадаға» қара­ғанда «Одиссеяда» құлдық еңбек туралы көбірек сөз етіледі. Бірақ ол заманда құлдық патриархалдық сипатта болады да, үй ішіндегі қызметпен шектеледі.

Гомерліктердің дүниетанымына «құдайлар - адамдарды өнегелікке қарсы күнәлары үшін соттай алатын және жазалай алатын жоғарғы күш» деген ойлар тән. Гомерлік құдайлар адам­дардан тек мәңгі өмірімен және күшімен ерекше, өз араларындағы қарым-қатынасы мен адам­дарға деген қатынасында әділеттілік емес, жеке көзқарастары мен керісін­ше жақсы көр­меулері жетекшілік етеді. Адамдардың тыңдамаушылығына деген құдайдың ашу-ызасы қауіпті, бірақ негізінен адамдардың жердегі өмірінің өлшемі оның істеріне емес, тағдырына байланысты. Тек «Одиссеяның» соңында ғана діни-этикалық мәселенің пайда болғаны бай­қа­­лады. Құдайлар Одиссейдің жолдастарының немесе Пенело­па­ның күйеу жігіттерінің тағ­дырына араласпаса да, оларды масқара, арсыз әрекеттерден сақтандыруға тырысады. Ал күйеу жігіттер­дің өлімі ежелгі қонақжайлылық заңдарды бұзғандары үшін, Одиссейдің үйін қорлағаны үшін тартқан жазалары деп есептелінеді.

Жеке тұлғалардың мүмкіндіктерін сезіну эпостық образдарды құрудың негізі болды. Образдардың әрқайсысының жеке белгілері бар: барлық көсемдерді парыз сезімі, батыл­дылық, қажымас қайсарлық сипаттайды, Ахиллге қажырлылық, туралылық және адалдылық, Агамем­нон­ға атаққұмарлық, менмендік, мақтаншақтық, Одиссейге шешім қабылдаудағы асық­­пау­шылық, сақтық пен айлакерлік тән. Екі гомерлік ақсақалдың ішінде Троя патшасы Приамның тағдырына шыншыл жанашырлық көрсетілсе, ал ахейлік Нестордың көпсөзді наси­хаттары мен кеңестеріне деген жеңіл ирония байқалады. Гомерлік поэмаларда көптеген әйел образдары суреттелген. Гекторға шын жүрекпен адал Андромаха, балаларын бірінен соң бірін жоғалтқан Гекуба, жоғалып кеткен жарын адал күтіп отырған Пенелопа және Одиссей сияқты адамға тұрмысқа шығуды армандайтын жас ханшайым Навсикая. Бұл кейіп­керлердің барлығы тек айрықша тағдырмен ғана емес, белгілі бір жан қасиеттерімен, мінез-құлықтарымен ерекшеленеді.

«Илиадада» тек қана әскери өмірді сипаттаса, «Одиссейде» бейбіт тұрмыстың да кел­беті бар. Автор Одиссейдің басынан өткен таңғажайып оқиғалармен қатар, оның Отанына де­ген сағынышын, жолдастарынан айырылған кездегі сағынышын, басқа да сезімдерін сипат­тап кетеді. Одиссейдің батырлығы, айлакерлігі, Отанына оралуға деген құлшынысын тіпті жебеу­шісі Афинаны да таңдай қақтырады.

Ежелгі гректерге «Илиада» мен «Одиссея» тек сүйікті жыр ғана емес, тәрбиелік мәні бар жалпыгректік мәдени туынды еді.

Аңыз айтушы ақынды (ежелгі гректерде ол аэд, кейін рапсод деп атаған) тойларда ұзақ, түрлі оқиғалармен әбден сіңген поэманың белгілі бір бөлі­гін (жырлар) ән салып айтуды сұрайтынын елестетуге болады. Егер тойлаушылар ежелгі Троя түбіндегі ерлік істер туралы естігілері келсе, ақын-жыршы кифара­ның дыбыстарының сүйемелдеуімен керемет «мықты дуалданған» Троя (Илион) орналасқан Кіші Азия жағалауына Грекиядан «қара қабырғалы кемелерде» жүзіп келген «сары сауыт киген жауынгер» ахейліктер (гректер) мен туған қаласының қорғаушылары батыл троялық жауынгерлер арасында туындаған Троя соғысы туралы өлеңді айтқан.

Трояны алу кезіндегі қанды оқиғалар туралы римдік ақын Вергилийдің б.з.д. I ғ. жазыл­ған «Энеида» поэмасында да баяндалады. Бұл поэманың батыры талқандалған және жа­нып жатқан қаладан қашып кете алған троялық Эней болды. Вергилий сөзсіз Илионның (Троя) күйзелісі туралы поэманы білді, себебі ол Демодоктың «Одиссеядағы» әңгімесінде кездес­пейтін нәрселерді еске алады.



Эсхил (б.з.д. Y ғ.). Эвфорионның баласы Эсхил б.з.д. 525 жылдар шамасында Афины маңындағы Элевсин деген жерде дүниеге келген. Ол - Марафон, Саламин, Платея шайқаста­рына қатысқан жауынгер.

Эсхил гректің ең алғашқы әрі ұлы трагик-ақыны саналады. Оған дейін трагедияда дра­ма­лық элементтер өте аз болды. Барлық рөлдерді бір ғана актердің ойнауы шығармадағы іс-әрекеттің айқын жеткізілуіне кедергі келтірді. Нағыз драмалық тартысты тудыру үшін екінші әрекет істеушіні шығармаға енгізу қажеттілігі туды. Бұл өзгерісті әлем әдебиетінде алғаш рет «Трагедия атасы» атанған Эсхил дүниеге әкелді.

Эсхил ерте кезден-ақ драмалық шығармалар жазған, оның 90 пьесасы белгілі болған. Оның 70-і трагедия, ал 20-ы сатиралық драма. Бірақ бұл шығармалар бізге толығымен жет­кен жоқ. Эсхил өзінің талантын шыңдау үшін драмалық жарыстарға қатысуды жақсы көр­ген. Б.з.д. 484 жылдан бастап ол 13 рет, кейбір деректерде 28 рет жеңімпаз атанған. Шы­ғар­ма­­­­­шылық өмірінің орта шеніне қарай атағы елге жайылған. Оның «Орестея» тетралогиясы табысты сахналанғаннан кейін б.з.д. 458 жылы Эсхил Сицилияға көшеді. Б.з.д. 456 жылы сондағы Геле қаласында дүние салған, сонда жерленген.

Эсхилдің 7 трагедия мен 400-ге тарта үзінділер ғана бізге жетті. Сол 7 шығарманың үшеуі­­нің ғана хронологиялық уақыты белгілі: «Парсылар» - 472 ж., «Фивке қарсы жетеу» мен «Орестея» - 467 ж., «Агамемнон», «Хоэфорлар», «Эвменидтер» - 458 ж. қойылды. «Пар­сы­­лар­дан» басқаларының барлығы мифтік негізге құрылған.

«Өтінушілер» трагедиясы - тетралогияның бірінші бөлігі. Шығарма сюжеті «Данайдың елу қызы» деген мифтен алынған. Ол қыздар өздерінің жақын ағаларынан қашады. Себебі Данайдың Эгипт деген ағасының елу ұлы оларға үйленбекші болады. Сұмдыққа шыдамаған қыздар қашып шығып, Аргос деген жерден көмек сұрайды. Сол елдің патшасы Пеласт қыз­дарға ең алдымен халықпен кездесуді ұсынады, егер халық келісімін берсе, өз қол астына алатындығын айтады. Халықтың келіскені сол-ақ екен, теңізде бірнеше кемемен Эгипт ұлда­ры келе жатқаны туралы хабар жетеді. Бұл хабар данайлық қыздардың үрейін ұшырады. Сол кезде Пеласт патша қыздарды өзі қорғайтындығы туралы қуанышты хабар айтады. Келесі оқи­ға тетрологияның екінші бөлігіне «египеттіктер» трагедиясына негіз болады. Бірақ өкі­ніш­ке орай, бұл шығарма бізге жетпеген. Мұнда Эгипт ұлдары зорлықпен данайлық қыздар­ға үйленеді. Данайлықтар болса кек алу үшін, некелесу түнінде күйеулерін өлтіреді. Тек жалғыз ғана Гиперместра оған бармайды. Гиперместраны сот алдында айыптау «Данайлық­тар» атты үшінші бөлімнің оқиғасы болады. Оны жақтаушы ретінде Афродита келіп, барлық елге «әйелдер өз күйеулерін өлтірсе, адам баласы ұрпақсыз қалатындығын» айтады. Сөйтіп, Гиперместра Аргоста патша әулетінің ұрпағын жалғастыру-шы ретінде қалады.

«Фивке қарсы жетеу» трагедиясы тетралогияда 3 орын алады. Оның сюжеті Эдип мифі­нен алынған. Бұл трагедия мыналар: «Аолий», «Эдип» және «Фивке қарсы жетеу» және соң­ғы­сы «Сфинкс» сатиралық драмасы.

Фив патшасы өз ұлының қолынан өлетіндігі туралы естіген соң, кішкентай Эдипті өлті­ру­ге бұйрық береді. Бірақ оның бұйрығы орындалмайды. Біреулер Эдипті жасырын Коринф патшасына әкеліп береді. Ол осы патшалықга тәрбиеленіп, патшаның туған ұлы болып кете­ді. Кейін Эдипке болашағы туралы «әкеңді өлтіріп, анаңмен үйленесің» деген болжам айты­лады. Одан қорыққан Эдип Коринфтен қашып кетеді. Жолда ол Лайды өлтіріп, аз уақыттан соң Фивке жетеді де, қаланы Сфинкстен құтқарады. Осы ерлігі үшін ол патша болып, Лай­дың жесірі Иокастаны әйел етіп алады. Көп ұзамай Эдип Лайдың өз әкесі болғандығын, Иокас­та­ның шешесі екендігін біледі. Бұл масқараға шыдамаған Иокаста асылып өледі де, Эдип өз көзін өзі ағызып жібереді. Содан кейін бауырлары Этеокл мен Полиниктің мазағына шыдамай, патшалықтан кетеді. Әкесінің өлімінен кейін Этеокл билікті өз қолына алып, ағасын қуып жібереді. Полиник қуғында жүрген кезінде алты жолдас тауып, олармен бірге туған қаласына қарсы аттанады. Трагедия («Фивке қарсы жетеу») прологтан басталады, онда Этеоклдың қаланың қорғанысын ұйымдастыруы суреттеледі. Этеокл тыңшылар жіберу арқы­лы жаудың жеті қақпаға бөлініп келе жатқандығын біледі. Олардың басшыларының сипатына қарай өз әскерінен сәйкес қолбасшыны шығарып отырады. Ал жетінші қақпаға ағасы Полиник келе жатқанын білген ол, оған қарсы өзі аттанады. Хор құрамындағы әйелдер оны тоқтатқысы келгенмен, Этеокл шешімін өзгертпейді, сөйтіп ағасына қарсы аттанады. Хор Эдип үйінің бақытсыздығын жырлайды. Сол кезде хабаршы келіп екеуінің де өлгендігін хабарлайды. Қала ақсақалдарының кеңесі Этеоклдің сүйегін сән-салтанатпен жерлеу керек­тігін айтады, ал Полиник өз еліне қарсы қару көтергендіктен жерленбейді деп шешеді. Ал Антигона өз ағасының сүйегін өзі жерлейтіндігін мәлімдейді. Хор екі­ге бөлінеді: бір жарты­сы Исмена мен Этеоклді жерлеуге, екінші жартысы Антигонамен Полиникті жер­леуге атта­на­ды. Антигона мен Исмена Эдиптің қыздары еді.

Эсхилдің көпке белгілі - «Бұғаудағы Прометей» трагедиясы. Бұл трагедия «Прометейді босату» және «От тасушы Прометей» трагедияларымен бірігіп, тетралогия құрайды. Ғалым­дар тетралогияның бірінші бөлімі деп «От тасушы Прометейді» атайды. Себебі бұнда Проме­тей елге от әкеліп, үлкен көмек етеді. Бірақ бұл бөлімде Прометейдің елге жасаған еңбекте­рі­нің бәрі ескеріліп, оған Аттикада ескерткіш қойылғандығы жырла­на­ды. Сондықтан ол тетро­ло­гия­ның соңы саналады.

Эсхилдің драма жанрына жаңалық енгізуі грек әдебиеті үшін мәңгілік мақтаныш. Ұлы трагик грек әдебиетіне ғана емес, рим әдебиетіне де үлкен әсер етті. Оның шығармаларын Эний, Акций, Сенека жинақтап, талдаумен айналысты. Оны Кальдерон, Мильтон, Вольтер, Гете, Шиллер, Шелли, Байрон сияқты әлем әдебиеті үздіктерінің шығармаларынан байқауға болады.



Софокл (б.з.д. Y ғ.). Грекияның ұлы ақыны Софокл б.з.д. 496 жылы Афиныда дүниеге келіп, б.з.д. 406 жылы қайтыс болған. Белгілі адамның отбасында дүниеге келіп, жақсы тәр­бие алған Софокл, бала кезінен грек поэзиясын жаттап өседі. Ол Гомерден бастап, Эсхилге дейінгі грек поэзиясын сүйіп оқиды. Софокл 16 жасында грек жерінде болған Саламин шайқасында жеңісті дәріптейтін жастардың хорын ұйымдастырады. Ол өзінің музыкаға де­ген ынтасымен де ерекшеленеді. Софокл өз трагедияларының әуенін сомдайды. Осындай талант­тың иесі болған Софокл еңбексүйгіштік қасиетімен де ерекшеленген. Ол өз заманы­ның ұлы ақыны ғана болып қоймай, сонымен бірге мемлекеттік қызметтер де атқарған.

Деректерге сүйенсек Софоклдың 123 шығармасы бар делінеді. Бізге жеткені - 7. Олар: «Аякс»10, «Трахинянки»11, «Антигона»12, «Эдип патша»13, «Электра»14, «Филоктет»15, «Эдип Колон­да»16 трагедиялары. Бұл трагедиялардың дәл қай уақытта жазылғаны белгісіз.

Софокл трагедияларында өзі өмір сүрген заманының проблемаларын басты мәселе етіп қояды. Олар адамдардың дінге және құдайға деген көзқарасы, заң туралы, жеке адамдардың кызығушылықтары, адамдардың және құдайлардың еркіндігі, мейірімділік пен ар мәселесі т.б. Софоклдың ойынша, адам өзін ертеңгі күні не күтіп тұрғанын болжауы мүмкін емес. Ол тек қана жаратушы құдайдың қолындағы іс дейді.

Дарынды ақын - артына осындай ұлы мұралар қалдырған тұлға. Б.з.д. ІҮ ғасырда Софоклдың трагедиялары Дионисийдің репертуарына енген. Афины театрында Софоклдың құрметіне ескерткіш орнатылған.

Еврипид (б.з.д. 484-406 ж.). Еврипид – атақты көне грек драматургы. Ол драматургия­ның трагедия жанрын қалыптастырған үш драматургтың бірі болып табылады. Эсхил траге­дияға екінші кейіпкері енгізсе, Софокл диалогтардың көлемін үлкейтіп, үшінші кейіпкерді ен­гіз­ді. Ал Еврипид болса, трагедияның қарама-қайшылық туғызған мәселелерін және кейіп­кер­лердің мінез-құлқын толығымен қарастырды.

Еврипидтің жаңалықтары (реалистік ойлар) көрермендерге түсініксіз болып қалатын. Б.з.д. 405 ж., Еврипид дүниеден өткеннен кейін Афиныда Аристофанның Еврипид шығарма­ла­ры­ның идеялық негізін және бейнелеу құралдарын қатты сынға алған «Бақалар» атты коме­дия­сы елге әйгілі бола бастайды. Аристофан Еврипид драматургиясы мен Эсхил шығар­ма­ларын салыстыра отырып: «Егер Эсхил трагедиялары адамдарды тәрбиелесе, Еврипид шығармалары оларды «бұза­ды»« дейді. Еврипид көзі тірісінде атақты шығармалары толы­ғы­мен драматургиялық қағидаларға сай болған. Софокл мен Эсхилдің танымалдылығымен қатар тұра алмайды. Көпшілік Еврипид шығармашылығын ол дүниеден өткеннен кейін ғана шыңдап бағалай бастайды. Б.з.д. Ү ғасырда Рим Империясы құлағанға дейін Еврипид анти­ка­лық дәуірдің ең атақты және танымал драматургы болып саналады. Оның шығармалары антикалық тұрмыс комедияларының қалыпта­суы­на, Рим трагедияларының құрылымына ора­сан зор ықпал етті.



Еврипид 18 жасынан бастап трагедиялар жазумен айналыса бастады деген деректер бар. Еврипидтің өзі сахнада ойын көрсетпеген және шығармала­ры­на әуенді арнайы музыкант­тар­ға тапсырысқа беріп отырған. Еврипидтің 17 трагедиясы жеткен.

Еврипидтің сақталған барлық пьесалары көне Эллада өмірінің барлық аспектілеріне үлкен әсерін тигізген Афины мен Спарта арасындағы Пелопенес соғысы (б.з.д. 431-404 ж.) кезінде жазылған. Еврипид шығармаларының бірінші ерекшелігі - сол заман қажеттілігі: ерлік-батырлық сарыны. Спартаға деген дұшпандық қарым-қатынас, антикалық құлие­лену­шілік демократияның дағдарысы, материалдық философияның карқынды дамуымен бай­ла­нысты діни сананың бірінші дағдарысы және т.б. Сонымен қатар, әсіресе, Еврипидтің аңызға деген қарым-қатынасын айтуға болады. Аңыз драматург үшін күнделікті өмірді бейнелейтін құрал болып табылады, ол класси­ка­лык аңыздың тек қосалқы бөлшектерін ғана өзгертпейді, сон­дай-ақ танымал сюжеттердің тиімді түсіндірмелерін берген. Еврипидте адамдарға қарағанда (Ипполит, Геракл т.б) құдайлар кекшіл, қатал, зұлым болып келеді.

Еврипидтің басты жаңалығы – адамдардың мінез-құлқын бейнелеу. Бұл оған деген заман­дастарының қарсылығын туғызады. «Адамдар қандай болу керек» деген драматург көзқара­сымен, Эсхилде титандар, Софоклда идеал кейіпкерлер болды. Ал Аристотель «Поэ­ти­ка­сын­да» Еврипид адамдар өмірінде қандай болса, сахнаға да дәл сондай қылып шығарды деген. Еврипид­тің басты кейіпкерлері, әсіресе, басты рөлдегі әйелдер толық образға ие бола алмайды, олардың мінездері қиын әрі қарама-қайшылығы көп, ал сезімдері, құмарлықтары, ойлары бір-бірімен тығыз байланысады. Еврипид трагедиялық образ мінездерін көпқырлы­лық­пен өрнектеді, көрер­мен­дерді қобалжудан қорқынышқа дейінгі қиын сезім иірімдеріне батырып, қатты толқытты. Мысалы, бір ғана тақырыптағы Медеяның адам төзгісіз азаптары оны қанішер жауыздыққа итермелейді, сондықтан туған балаларын өлтірсе де, Медея өкініш сезімін бастан кешпейді.

Орта ғасырларда Еврипид шығармашылығы басқа да антика өнерлері сияқты ұмыт қалады. Оның драматургиясына деген жаңа қызығушылық толқыны Қайта өрлеу дәуірінен пайда болады.

Аристофан .д. Y ғ.). Көне грек көркем әдебиетінің негізін салушылардың бірі - Аристофанды бүкіл дүниежүзі комедия жанрының атасы ретінде біледі. Өкінішке орай, бізге Аристофан өмірінен жеткен мәлімет өте аз. Аристофан б.з.д. 445 жылы дүниеге келген. Ол - ертедегі антикалық комедия өнерінің дамуына үлкен үлес косқан тұлға.

Жас кезінде Эгин бұғазында жұмыс істеп, әскери қызмет атқарады. Оның шығарма­ла­ры: «Қарақшылық», «Вавилонда», «Ахарнях»17, «Байлық» атты комедиясы, б.з.д. 388 ж. сахнаға қойы­лады. Бұдан кейін «Конад», «Эолосинион» оның ұлы Арардың атымен қойы­лады, бірақ бұл туындылар белгісіз болып қалды. Аристофан 40 аса комедия жазған, соның 11 ғана жеткен.

Оның «Алма», «Құстар» және басқа да бірқатар шығармаларында басынан аяғына дейін тұнып тұрған тәлім-тәрбие, адамдарды адамгершілікке баулу мәселесі қозғалып, автор­дың айтар ойынан ізгілік исі аңқып тұрады. Аристофанның ең маңызды сатиралары - әдеби пародияға өте ұқсас. Комедиялық образдардан жазушының өз характерін, көркемдік бейне­сін толық аңғаруымызға болады. Ең керемет бейне ретінде «Бағбаншы» комедиясындағы ролін Аристофан өзі ойнап шығады. Аристофан сомдаған Клеон рөлін ең ұятсыз, өтірікші, адам өлтіруші, елінің сенімін ақтамаған, байлардың зәресін алушы, өмірге қауіпті адам ретін­де әр азаматты кінәлаған демократияға қарсы дұшпан ретінде ойнайды. Аристофан өмірде болған, көзімен көрген жайттарды ғана қағаз бетіне түсіріп отырған. Сондықтан оның барлық шығармаларынан тарихи дәлдікті аңғарамыз. Аристофан комедиялары тез, шапшаң оқылуымен, оқиғасының мәнділігімен, сюжетінің сазды­лығымен, тақырыбының алуан түрлілігімен ерек­ше­ленеді. Комедияларының басты кейіпкерлері қай уақытта болсын табан астында тауып айтылған әзілдің арқасында қиыннан жол тауып кетіп отырады. Әлем әдебиетінде Аристофан Платоннан кейінгі ұлы ізбасар ретінде танылған.

Архилох (б.з.д. YII - YI ғ.). Архилох – көне грек әдебиетінің танымал ақыны. Халыққа танымал еткен оның ямбтары мен элегиялары. Ол - Парос аралының тұрғыны, Телесикл атты аристократтың күңнен туған баласы. Өскеннен кейін атасы жарлығымен жалданбалы жауын­гер болып Фасос аралына, кейін Фракияға, Эвбей аралына Грекияға да барады.

Ол жауынгер ақын ретінде ретінде өзін соғыс құдайы Арес пен өнер падишалары - музаларға қызмет етемін деп есептейді.

Ұлы ақынның 100 шақты керемет ямбтары, трохей және элегиялық өлеңдері ғана жеткен. Оның өлеңдерінің тақырыптары әр түрлі болды. Ол мысал өлеңдер де жазған. Осы мысал өлеңдерінің ішінде кең таралған Гераклге арналған әнұраны Олимпиадалық ойын­дарда айтылды.

Грек халқы оның шығармашылығын атақты Гомермен қатар қойды. Архилох жаңа жанр­дың негізін қалаушы саналған. Архилох шығармашылығы - ащы мысқылға, өткір сынға толы туынды­лар.

Сапфо (б.з.д. YII ғ. не YI ғ.). Сапфо - (кейде Сафо, Саффо) атақты ақын, лесбостық лириканың өкілі. Атақты Алкейдің жерлесі мен замандасы. Лесбос аралындағы тартыс кезін­де ақсүйек ретінде демократтармен бірге қуғындалып, уақытша Сицилияға қашуға мәжбүр болады. Деректерге сүйенсек, оның бір қызы болған, ал өзі әбден қартайған шағында дүние­ден өткен. Сапфо негізінен үйлену әнұрандарын, өлеңдерін және тағы мелостық туынды­лар жазған. Сапфо өлеңдері көңіл-күй лирикасының шегінен шығып кетеді. Бұл көңілдің суреті тіл жетпес керемет сұлулық арқылы беріледі. Бұл қадам лесбостық ақын-қызға үлкен данқ әкеледі. Ежелде Сапфоның 8 кітабы белгілі болған. Бірінші кітабы 1320 өлеңнен (330 шумақ) тұрған. Толығымен бізге төрт өлеңі ғана жеткен.

Махаббат - Сапфо поэзиясының басты тақырыбы. Ақын бар күш-қуатымен махаббатты жырға қосады. Мұнда тұтас бір сезім мен түйсіктің тұтасқан симфониясы жатыр. Тылсым таби­ғаттың сиқырлары да Сапфо поэзиясына асқақ сезімге толы көңіл-күй сыйлайды. Ақын­ды тәтті сезімнің құшағына жетелейді. Оның шығармаларында эпифаламиялар, яғни кештер­де айтылатын үйлену әндері ерекше орын алады.

Сапфо - өз заманының керемет шебер ақыны. Ол мәңгілік таусылмайтын махаббат тақыры­бын жете меңгерген. Оның «Афродитаға» арналған әнұраны, «Меніңше ол өлмейді, ол - құдай» (ауд. Ф.Е. Карш). «Мен сәндіні сүйемін...» (ауд. Ф.Е. Карш), «Меніңше, қоштасудан ажал жеңіл...» (ауд. Ф.Е. Карш), «Алкейге жауап» секілді эпифаламиялары грек әдебиетінің мол мұрасы.

Феокрит (б.з.д. III ғ.). Феокрит Сиракуз аралында б.з.д. 300 жылы дүниеге келген деген болжам бар. Бірқатар шығармаларында ақын Птоломей II Филадельф патшаның кең пейілдігін, Береника ханшайымға арнап мадақтау өлеңдерін жазған. Ақынның тек 30 идиллиялар жинағы мен 23 эпиграммасы жеткен. Феокрит - «идиллия» жанрының негізін салушы. Бұл сөз тура мағынасында «көрініс», «шағын пьеса» дегенді білдіреді. Жаңа заманда бұл терминге бір қалыпты, тыныш, қара­пайым өмірді бейнелейтін мән берілген. Феокрит идиллиялары мазмұны жағынан келесідей топтастыруға болады:

а) Буколикалық немесе мал бағушылық (малшылық) өлеңдері. 11 санымен (I, ІІІ-ХІ, XX) таби­ғат аясындағы малшылардың өмірін, өзара айтысы түрінде бейнелейді.

б) Мимдер, 4 санымен (II, ХІҮ, ХҮ, XXI) драмалық көріністерді баяндайды. Мысалы, II идиллия­сында жас әйел өзін тастап кеткен сүйген адамын қайтармақ болып магиялық әре­кет­терге жүгінгені бейнеленеді. Бұл әрекет оның қолынан келмей, ол түндегі жарық айға өз бақытсыздығын айтып, жас төгіп бұл тығырықтан шығатын жол жоқ екеніне налиды.

Мимдерге қарағанда Феокрит идиллиялары реалистігімен ерекшеленеді. «Сиқыршы­лар», «Сиракуз әйелдері», «Балықшылар» сияқты идиллияларда Сафрон мимдеріне еліктеу­шілік байқалады. Бұл туындылар қарапайым балықшылардың өмірін суреттеуге негізделген. Бейнеленген адамдардың өмірі кедейлік тауқыметін тартумен өтеді. Мұндай адамдардың өздерінде жоқ нәрселері түстеріне енеді. Мысалы, олар түсінде үлкен балық аулап алады, қараса алтын балық екен...

Феокрит идиллиялары жеке тұлғаның дамып, күрделене түсуін көрсетеді. Оның өнерін жалғастырушы Бион және Мосх болды. Римдік ақын Вергилий өзінің буколикалық шығарма­ла­рында Феокрит тәсіліне еліктеп, оны қайта өрлеу дәуіріне дейін жеткізді.

Плутарх (І ғ.). Плутарх - (46-127 ж.) әйгілі грек философы, биограф-қаламгері. Ол Беотии облысында Хероней жерінде ауқатты отбасында дүниеге келеді. Жоғарғы білімді Афиныда алады. Плутарх дельфиялық абыздармен тығыз байланысының арқасында Афины азамттығын алады. Оның бізге жеткен шығармаларын екі топқа бөлуге болады: «Ноіка» және «Моrаlіа» деген жалпы атауға ие болған биографиялық не тарихи еңбектері мен филосо­фиялық публицистика стилінде жазылған шығармалар.

Бірінші топқа жататын шығармаларынан 46 қатары жеткен, онда 4 биографиялық суреттеулері (Артаксерк, Арат, Гальб және Отон) де кездеседі, қалғаны жетпеген.

Плутархтың еңбектерінің 20 шақтысы арнайы этикаға арналып жазылған. Онда Плутарх барынша адамдарды «қайырымдылыққа үйретуге» тырысады, өмірден алынған даналық сөздер мен ақын адамдардың сөздерімен толықтырады. Плутарх шығармаларындағы мораль дінмен байланыстырылады. Ол ырымшылдыққа қарсы тұрды, сонымен қатар эпикуршіл­дер­дің атеизміне және евгемеристтердің прагматика­лық рацио­на­­лизміне қарсы шықты.

Плутархтың «Үстел басындағы әңгімелер» атты шығармасында тұлға түсінігі барынша кең мағынада талқыланған. Бұл шығарма 9 кітаптан тұрады. Онда еврейлердің шошқа етінен өздерін тыюы туралы, музалар саны туралы, билердің түрлері жайлы, т.б. жазады. Қаламгер сонымен қатар «Жеті ғұламаның думаны», «Гомердің өмірі», «Философтардың догматтары туралы», «Өзендер туралы» т.б. көптеген туындылары да бар.

Плутархтың жазбалары негізінде еуропалық мәдениетте антикалық тарих туралы пікірлер қалыптаса бастады. Сондықтан да Плутархтың еңбектерін Ағартушылық дәуір ойшылдары, Ұлы француз қайраткерлері және декабристердің ұрпақтары жоғары бағалады.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Антикалық дәуір мәдениеті мен әдебиетінің хронологиялық шекарасы және бөлінуі

  2. Антикалық дәуірдің алғашқы кезеңіндегі әдеби жанрларға тоқталыңыз

  3. Гомердің «Илиада» және «Одиссея» эпостарына тән басты ерекшелік

  4. «Илиада» және «Одиссея» эпостарының кейіпкелеріне сипаттама беріңіз

  5. Гректік мифтер жайлы айтыңыз

  6. Эсхил мен Софоклдың трагедия жанрына енгізген басты жаңалығын айтыңыз

  7. Еврипид драмаларындағы басты жаңалық әрі қолданылған әдеби әдісі

  8. Тиртей қандай элегияның өкілі болып саналады?

  9. Сапфо өлеңдерінің басты тақырыбын атаңыз

  10. Феокрит қай жанрдың негізін салушы?

  11. Идиллия қандай жанр?

  12. Плутарх туындыларының басты тақырыптарын жіктеп көрсетіңіз




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет