Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов



бет3/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36

Несалық /б.з.д. XYIII ғ./ және хатти әдебиеттері. Архаикалық үлгідегі хетт әдебиеті хеттердің бас қаласы Канес (Каниш немесе Неса қазіргі Кюльтепе Богазкейдің оңтүстігінде орналасқан) болған кезбен тікелей байланысты. Бұл дәуір туралы естеліктер хетт тіліндегі сы­на жазуларында да сақталған.

Несалық әдебиет хурриттік әсерге ұшырамаған, таза хетт әдебиеті саналады. Дегенмен оның ескерткіштерінде кездесетін сына жазуларының көп бөлігі хурриттерден тұратын сол­түс­тік Сирияның ежелгі тұрғындары қолданған жазбамен сәйкес келеді. Бізге көшірме арқы­лы жеткен ежелгі несалық ескерткіш ретінде б.з.д. II мыңж. (б.з.д. XYIII ғ.) Анни­тас патша­ның жазбалары саналады. Бұл шығарма түрі мен композициялық құрылымы жағынан кейінгі хетт мәтіндеріне жақын және бұл жазу бізге белгілі хатти әдебиетінің тари­хи бастауы деп саналады.

Хурриттермен соғыс туралы баяндалған тарихи әңгіменің құрамында сақталған жоқтау­лар да несалық кезеңге жатады. Олар сегіз, тоғыз қатардан, тұрып, ішкі паралле­лизммен сипат­­та­лады. Бұл өлең жолдары ескі ауызша дәстүрдің құрылымын көрсетеді. Оның форма­сы жалпы үндіеуропалық өлең өлшемдерін еске түсіреді.

Сол секілді (1970 жылғы қазба жұмыстары нәтижесінде) Канес патшайымының балала­ры туралы аңыз да ежелгі хеттік үлгілерге жатады. Мұнда өзінің туған отыз қарындасына үйленген 30 егіз-бауырлардың дүниеге келу суреттеледі. Бұл сюжет кейін көптеген ежелгі ирандық, ирландық т.б. халықтар аңыздарында да кездеседі.

Екінші жағынан хурритік әсерге ұшыраған ерте хетт әдебиетінің қалыптасуына көршілес лувийлік (оңтүстік Кіші Азияның тілі), палайлық (Кіші Азияның солтүстік-шығы­сындағы Па­лы­­ның тілі) және Кіші Азияның солтүстігін мекендеген хатти тілінде (абхаз-адыгей, дагес­тан-нах) сөйлейтін үнді-еуропалықтарға жатпайтын халықтардың әдебиеттері үлкен әсерін тигізген. Хетт тілі мен сол тілдегі поэзияны зерттеу солтүстік Кавказ халықтарының тарихи поэтикалық фольк­ло­рын зерттеуде зор мүмкіншіліктер ашады.

Ежелгі хеттік мифологиялық мәтіндер хатти тілінде сөйлеген жергілікті тұрғындардың діни салтымен байланысты. Бұл мәтіндер бізге көне діни жоралғылардың құрамдас бөлігі ретінде жеткен. Жаңа жыл мерекесін тойлауға арналған салттардың құрамдас бөлігі ретінде «жылан» туралы мифологиялық әңгімені келтіруге болады. Мифте найзағай құдайының өзінің жауы жыланнан кек қайтаруы туралы баяндалған.

Келесі бір көне аңызда құдайдың жоғалып кетуіне байланысты туындаған құрғақшылық немесе басқа да апаттар туралы, адамдар мен құдайлардың оны іздеп, тауып алғаннан кейін табиғаттың қайта жанданғаны туралы айтылған. Жасырынған құдай туралы аңыздың бірнеше нұсқасы кездеседі. Бірақ жасырынған құдай бейнесінде найзағай құдайы, хаттық немесе хеттік құнарлық құдайы Телепинус, Инара сияқты түрлі құдайлар келтіріледі.

Ежелгі Хетт патшалығы кезінде хеттік жазғыштар хатти тіліндегі құрып бара жатқан әде­биет­ті нақтылап аударуға тырысты. Дегенмен бұл патшалықтың рухани мәдениеті архаи­ка­лық сипатта болмады. Ежелгі хеттік жазғыштар, олардың ішінде Вавилоннан келген ма­ман­дар өз тілдерімен қатар аккадтық тілді де жақсы меңгерген, сондықтан болар, I Хаттуси­лис патша туралы маңызды деректер хетт тілінде де, аккад тілінде де жетті. Жылнамалар Алдыңғы Азия әдебиет тарихында ассириялық әдебиеттен 300 жыл бұрын пайда болған. Телепинус таблицасы аталатын мәтін де Хаттусилистің жылнама­сына құрылы­сы жағынан өте ұқсас келеді. Бұл жазба-жылнамалар хетт патшаларының Кіші Азиядағы (Қара теңіз жағалауындағы Цальпа, Солтүстік Сириядағы Алеппо секілді) көптеген жорық­тары жөнін­дегі өте маңызды деректерді қамтиды. Ежелгі хеттік тарихи әңгімелер аккадтық­тардың ұлы патшалары туралы баяндайтын месопота­мия­лық дәстүрдің жалғасы болып табылады.

Орта кезеңге (б.з.д. XY ғ.) Кантуцилис дұғаларын, кейінгі жаңа хеттік әдеби кезеңіне (б.з.д. XIY-XIII ғ.) II Мурсилис патша жазбалары, патша жылнамаларына III Хаттусилис пат­ша­­ның автобиографиялық жазбаларын жатқызсақ, патша өзінің балалық шағы мен жұбайы Пудухепке деген махаббатын жеткізуімен ерекшеленеді. Кипр үшін теңіздегі шайқас туралы мәтіндер тарихи жағынан да, тілі мен стилі жағынан да кейінгі уақытқа жататын маңызды әрі құнды дерек саналады.

Жаңа хеттік әдебиетте (б.з.д. ХІY-ХІІІ ғ.) салт-жоралар мен мифологиялық үзінділер поэтикалық құндылыққа ие болады. Хурриттік мәдениеттің хеттерге әсер етуінің негізгі себебі олардың Сириямен байланысы болды. Жаңа кезеңге тән хеттік шығармалар салыс­тырмалы түрде аз әрі бір сарынды болып келеді. Патша билігінің күшейуіне байланысты әдеби мәтіндер оның атынан жазылып, көп жағдайда патша тұлғасына тәуелді болды. Мысалы, ІІ Мурсилис патшаның (шамамен б.з.д. 1343-1313 ж.) мәтіндері. Оның атынан кестелердің бүтін бір кітапханасы құрыл­ған. Патша ондағы мәтіндердің жартысын жазбаса да, айтып тұрған болуы керек. Ескерткіш­тердің жалпы діни сипаттары автордың құдайға деген қатынасына байланысты.

Б.з.д. 1200 ж. шамасында хетт астанасы Хаттусастың тарих сахнасынан кетуіне байла­ныс­ты, оған қарасты Кіші Азияның оңтүстігі мен солтүстік Сириядағы облыстар кішкентай жеке-жеке мемлекеттерге айналады. Олардың өнерінде лувий-хурриттік монументальдық стиль дәстү­рі сақталды. Олардың ішінде лувийлік иероглифтік жазбалар маңызды орынға ие. Осындай ең ауқымды лувийлік иероглифтік жазбалар Каратепеден табылған. Шамамен б.з.д. 700 жылы мұндай жазулар қолданыстан шыға бастайды. Дегенмен, жекелеген иероглифтік белгілер қасиет­ті символдар ретінде кейінгі кезеңдерде де кездеседі.

Иероглифтік лувий тілінде жазу тоқтатылғаннан кейін де, Сирия мен Палистинада хетт туралы естеліктер сақталды. Себебі хеттер туралы «Өсиет Кітабында» бірнеше рет келтірі­леді. «Болмыс Кітабында» да «Хеттер ұрпағы» деген тіркес кездеседі.

Лувий (ликийлік) және хетт (лидийлік) тілдерінің жалғасы болып табылатын тілдер Кіші Азияның батысында антикалық дәуірге дейін өмір сүрген. Осы тілдерде жазылған ескерткіш­тердің ішінде хетт пен лувий әдебиетімен байланысты кейбір дәстүлердің ізі сақталған поэ­ти­ка­­лық шығармалар кездеседі.

1973 ж. қазба жұмыстары кезінде табылған б.з.д. ІY ғ. жататын үш тілде (ликий, арамей және грек) жазылған жазбада Ежелгі патшалықтың дәуіріндегі хеттік формулаларға сәйкес келетін тіркестер кездеседі. Осыдан лидийлік абыздар өздерінің өлеңдерінде хеттік әдебиет­тен бастау алатын өлең өлшемдерін қолданған деген қорытынды шығара аламыз.

Геродот бізге жетпеген жергілікті мәлімет көздеріне сүйеніп, Лидия тарихы туралы баян­­дады. Оның айтуы бойынша, Лидия патшалары Мурсилис сияқты дәстүрлі хеттік есім­дер­мен аталған. Хетт патшалығының мұрасы лидиялық­тар­дың дәстүрлерінің арқасында ежел­гі Грекияға дейін жетті десе болады. Бірақ оның айтарлықтай әсері де болмады.

Қорыта айтқанда, хеттік-хурриттік әдебиетті зерттеуде Жерорта теңізінің шығысында б.з.д. III-I мыңж. сонау Месопотамияның әдеби дәстүрінен сусындап, Грекиядан бастау алған жалпыеуропалық мифтік әдебиеттің байланысын көруге болады.


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Вавилон әдебиетіндегі «Энума элиш» космогоникалық мазмұндағы поэмаға тоқталыңыз

  2. Аккад тіліндегі классификацияланған әнұрандар, дұғалар мен дидактикалық жанрдағы үлгілерді еске алыңыз

  3. Хетт және хуррит тілдеріндегі әдеби үдерісті сипаттаңыз

  4. Несалық және хатти әдебиеттері туралы хабарлаңыз

  5. Гильгамештің аккад тіліндегі вариантына тоқталыңыз



ЕЖЕЛГІ Угариттік – Финикийлік әдебиет
Жерорта теңізінің солтүстік бөлігінің шығыс жағалауындағы (қазіргі Ливан мен Сирия жерінің бір бөлігі) ежелгі семиттік ханаан тайпалары мекендеген ел гректерден кейін Фини­кия деп аталып кеткен.

Финикия әдебиеті өте бай және ол көрші елдер мен халықтар жазбасына айтарлықтай (стилистика мен кейбір сюжеттік сарындарға) әсер еткен десе де, қазіргі күнге дейін оның белгісіз тұстары кездеседі. XIX ғасырдың 20 жылдардың соңына дейін ғалымдар фини­кийлік авторлардың жазған шығармалары болар деген мәліметті болжап қана айтқан. Тек 30 жыл­дары Ежелгі Угариттегі (солтүстік Финикия) жүргізілген археологиялық жұмыстар нәтиже­сін­де кең көлемде табылған б.з.д. ІІ мыңж. ортасындағы алдыңғы азиалық халықтардың семит тіліндегі жазба ескерткіштері деген пікір қалыптастасқанымен, өкінішке орай, олар нашар сақталған. Дегенмен, осы ескерткіштерді зерттеу барысында ежелгі Финикия әдебие­тінің негізгі бағыттары туралы мағлұмат алуға мүмкіншілік туды. Бұл жазбалар фолькло­рлы поэтикалық шығармалар (эпос, мифтер), оған қоса діни іс-әрекеттер мен құдайларға арналып айтылатын әнұрандар болып табылады.

Б.з.д. ХІY ғ. Угаритте канондық мәтіндер жиынтығы қалыптасқан. Осының өзінен уга­рит қоғамында ұзақ жылдарға созылған күресті байқауға болады. Элимильктің жазбалары бой­ын­ша, сол кездегі эпос, мифтердің қалыптасуын б.з.д. ІІІ мыңж. соңы мен ІІ мыңж. басына жатқызуға болады.

Угариттік әйгілі әдеби ескерткіштердің қатарына Керет туралы эпос жатады. Зерттеу барысында шығармада б.з.д. ІІ мыңж. Угаритті басқарған патшалықтың ұрпағы туралы жа­зыл­ғаны анықталды. Мұнда Керет жоғарғы құдай Элдің баласы ретінде сипатталған. Жеткен үзінділерде Кереттің қалыңдық үшін жолға аттануы, құдайға берген уәдесі, оның орындал­мауы мен Кереттің ауруға шалдығуы, науқасынан қайта айығуы мен өзінің тұңғыш баласы­мен тақ үшін болған күресі туралы айтылған.



Мұндай оқиға желісі ауызша фольклордың дәстүрлі әдісі болғанымен, Угаритте өзіндік ерекше сипатқа ие болған. Эпостағы Кереттің қалыңдық іздеуіне бас кейіпкердің әйелі мен балаларының өлімі түрткі болып, оның түсіне Эл құдайы еніп, Удм еліне бар деп аян береді. Кейін Керет ол елдің патшасы Пебелді қызы Машат-Хурайды әйелдікке беруіне мәжбүр­лей­ді. Керет Эл құдайының айтқандарын бұлжытпай орындап, қызға үйленеді. Шын мәнінде, Кереттің жолға шығуы екі рет суреттеледі. Кереттің үйлену салтанаты қоғамдағы ең маңызды оқиға ретінде суреттеліп, алғашында ол Элдің өсиеті мен Креттің жорамалы, кейіннен шынайы өтіп жатқан құбылыс ретінде баяндалып, оған барлық ел қатысады. Бұл салтанат тек жеке отбасылық сипатта ғана емес, сонымен қатар өзіндік үлкен маңызға ие болған. Себебі Кереттің үйленуі қоғамға тек жақсылық пен береке әкелуі тиіс. Ал бұл жақсылық тек ел басшысының жақсылыққа кенеліп, ұрпағы болған жағдайда ғана жүзеге аспақ.

Эпостың маңызды сәттері Кереттің анты, оның уәдесінде тұрмауы, сырқаттануы және ауруынан айығуы болып табылады. Удм еліне сапарында сидондық және тирлік құдай Аше­рат ғибадатханасына тоқтап, ол жолында сәттіліктерге жолығып қалыңдығын қолына қон­дырса, қайырымдылық жасап алтын-күміс тарту етуге уәде береді. Алайда Машат-Хурайды қолына түсіргеннен кейін уәдесін ұмытып кетеді. Сол себептен Ашерат құдайы оған кесел жібереді. Оның әскерлері қанша құрбандық шалса да, патшаның сырқаты асқынып, өлім аузында жатады. Кіші ұлы мен қызы жоқтай бастайды. Осы кезде Эл құдайы патшаға саздан өлім мен ауруды жеңетін Шааткатты әзірлеп, Керет ауруынан айығып, тамақтана бастайды. Өлім аузындағы әкесінің трагедиясына үлкен ұлы ешбір аяушылық көрсете қоймайды.

Келесі маңызды эпизодқа таққа мұрагелік үшін күрес айқын көрінеді. Керет ауруынан айыққаннан кейін, үлкен ұлымен билік үшін қақтығысуы басталады. Бұл жерде әдеттегі кең тараған эпикалық мотив өзіндік ерекшеліктерге ие болған. Баласы кез келген жағдайда әкесі Керетті тақтан тайдыру үшін бар күшін салады. Үлкен ұлы Йацциб әкесінің патшалық таққа лайық еместігін дәлелдемек мақсатында, әкесі туралы «ол қабілетсіз, қарапайым халықтың жағдайын жасамайды әрі денсаулығы жоқ» деп, билікті беруін талап етеді.

Ұлына ызаланған Керет оның құдайлардың қолынан өлім құшуына жалбарынады. Бізге жеткен ескерткіштердің үзінділері осы жерден аяқталады. Кейбір болжамдар бойынша, Кереттің қарғысы орындалған. Оқиғаға негізіне ежелгі заманнан бастау алатын тайпалық өмір мен угариттік қоғамдағы патшаның рөлі туралы алғашқы түсініктер өз әсерін тигізген. Патшаның өз міндеттерін қанағатанарлықтай орындамауы оны тақтан тайдырып, орнына жаңа билеушіні таққа көтеру үшін нақты себеп бола алатын. Мұнда патшаның өз ісіне қауқарсыздығы туралы мәселе теория жүзінде ғана емес, іс жүзінде қарастырылуы қызық факт. Мұны, әрине уақыт өте келе, израиль-иудейлік патшалықтың құлау тарихы куәлан­дырады. Осы кездегі тайпалар тобының Сүлейман патшаның мұрагері Рехабеамды мойын­дамай, басқа патшаны сайлағаны дәлел бола алады.



Керет эпосында кездесетін тағы бір қызықты оқиға - алғашқы таптық қоғамға дейінгі қоғамдық қатынаста науқас әрі әлсіз патшаны биліктен аластатуға мүмкіндіктің болуы. Осы оқиғаның аналогиялық үлгісі египеттік хебап рәсімінде және римдік regifuium т.с.с. көрініс тапқан. Алайда, Керет туралы жырда билікке үміткер ретінде патшаның баласы келтіріледі де, соңында құдайлардың көмегімен Керет жеңіске жетеді.

Келесі угариттік жазба ескерткіш - Данэл мен оның ұлы Акхат туралы әңгіме. Бізге жеткен үзінділер арқылы әңгіменің толық мазмұнын қалпына келтіру мүмкін емес. Мұнда Данэлдің Акхат есімді ұлының дүниеге келуі туралы айтылған. Данэлдің өтініші бойынша Хусар-Хасис құдайлары Акхатқа керемет садақ дайындап береді де, әйел-құдай Анат болса сол садақты ием­денгісі келіп, Акхатқа көтергенінше алтын-күміс ұсынады. Садақ ерлердің қаруы болған­дықтан, Акхат оған келісе қоймайды. Сонда Анат Акхатқа өз махаббаты мен құдай­ларға ғана тән мәңгілік өмірді ұсынады. Бірақ, Акхат оған да келісімін бермейді. Ызаланған Анат Эл құдайынан Акхатты өлтіруге рұқсатын алады. Анат Акхатты Аблама қаласының шет аймағына аң аулауға шақырады да, Анаттың Йатпан есімді көмекшісі бұғыға айналып, Акхатты жазым етеді. Содан жер бетінде құрғақшылық орын алып, Данэл ұлын 7 жыл бойы жоқтайды. Ол киімін жыртып, жаңбыр жауу үшін дұға етеді, түрлі жыртқыш құс­тарға жем болған баласының өліміне қатты қайғырып, бұл зұлымдықты жасауға үлес қосқан­дар­дың бәріне де қарғыс айтады. Қорытынды үзінділерде келті­рілген мәтіндер бойынша, ақы­рын­да Данэлдің қызы Пугат өз ағасы үшін кек алып, нәтиже­сінде Анат жеңіліске ұшырайды. Акхаттың бейнесінен өлімге қатысты жоралғылар мен аңшы­лық туралы аңыз­дар­дағы элементтерді кездестіруге болады. Сонымен қатар құдайлар арасын­дағы күрестер тура­лы, яғни әйел-құдай мен ажалды адам арасындағы ғажайып садақ үшін, аңшылық олжа үшін күрес суреттелген.

Бізге жеткен угариттік аңыз мәтіндерінде толық болмаса да, үзінді түрінде Құдіретті Ваал мен Анат, олардың күрестері, махаббаты, олардың Эл, Мот (өлім құдайы), теңіз құдайы Ашерат (Ашерат-Йам) т.б. түрлі құдайлармен күресі туралы әңгімеленеді. Мәтінде келтіріл­ген кейбір белгілер бойын­ша, Құдіретті Ваал мен Анат туралы мифтер ғибадатханада орын­далуға арналған.

Угариттегі өлең-жырларда жиі кездесетін параллелизм әдісі қолданылады. Сонымен қатар угариттік поэзияның фольклорлық сипаты тұрақты сөздердің қолда­нысы барысында көрінеді. Кейіпкерлердің сөз бастауы мен сәлемдесу де нақты конструк­циялар арқылы беріл­ген. Өлеңнің жазылу түрінде субъект қана өзгеріске ұшырап, ал басқа сөздер мен конструк­ция­лар өзгермеген. Угариттік поэтиканың келесі сипаттамасы, ол көптеген эпикалық қайта­лау­лар болып табы­лады.



Жалпы, угариттік жазушылар әрбір оқиғаға егжей-тегжейлі тоқтала бермейді. Осыған ұқсас құбылыстарды Інжілдің прозалық әңгімелерінен байқай аламыз.

Осындай проза ретінде қаратепе жазбасын алуға болады (шамамен б.з.д. 720 ж.). Бұл жаз­бада Азитавадда патшасының іс-әрекеттері патшаның өз атынан айтылады. Автор өз шы­ғар­маларында бас кейіпкерлерінің әрекеттері мен олардың құдіреттілігін суреттеуге бас­ты назар аударады: «Мен, Азитавадда әкемнің тағына отырдым, барлық зұлымдықты тоқта­тып, барлық патшалықтармен бейбітшілік қатынасын орнаттым. Ұшы-қиыры жоқ мық­ты қамалдар салып, қара ниетті жандарға тосқауыл бола алдым, нағыз патша қызметін атқардым».



Б.з.д. YІІІ ғ. финикийлік авторлардың алдыңғылардан ерекшеліктері олардың тек адам­дардың әрекеттерін суреттеумен шектелмей, адамдардың жан дүниесіне, ішкі әлеміне терең үңіле түсуі болды. Кейін Библ жазбаларының бірінен (б.з.д. Y-IY ғ.) мынадай жазуларды оқи аламыз: «Библ билеушісі Йихавмилк патшаға құдай тек жақсылық сыйласын. Оның өмір жасын ұзартып, құдайлар мен осы елдің халқы алдында мейірімділікке бөлесін». Осы жазба­лардан б.з.д. І мыңжылдықтың бірінші жартысында Финикияда кең таралған діни-этникалық оқудың әсерін көре аламыз. Сонымен қатар негізгі мақсаттары сопылық түсініктерді қалып­тастыру болған иудейлік-израильдегі пайғамбарлардың уағыздары да осы кезеңге жатады.

Финикийліктер өмірге деген көзқарасының осыншама өзгеріп, алға ұмтылуының себе­бін білу үшін бізге жеткен ежелгі финикийлік қоғам туралы тарихи ескерткіштер мүлдем аз. Дегенмен, өмірге деген көзқарастың өсіп, дамығаны сөзсіз.

Дегенмен эллинизм дәуіріндегі финикийлік сөз өнерінде тек құдайларға қатысты мәсе­ле­­лер ғана туынап қоймады. Сонымен қатар тарихи дәстүрлер туралы жазылған шығар­малар да маңызды орынға ие болды. Атақты иудалық жазушы Иосиф Флавий Тир туралы жазба­ларға сілтемелер жасаған. Оған қоса, финикийліктер философиялық тақырыптарға да баса назар аударған­ болуы керек. Дәстүр бойынша, атомдық теорияны Мох ойлап тапқаны белгілі болса, стоицизмнің негізін қалаған Зенон да Китон (Кипр) қаласына шыққан финикиялық болған.

Б.з.д. І мыңж. Солтүстік Африкада, әсіресе, арабтардың басып алуына дейін өздерін ханаан деп санап, финикия тілінде сөйлеген халық мекен еткен Карфагенде Финикия сөз өнері­нің ерекше бір тармағы дамыды. Карфагенде кең тараған жанрлардың бірі ұзақ саяхат туралы шытырман оқиғалы шығар­ма­лар болды. Рим географы Авиенаның еңбегінде сақтал­ған Гимильконның «Перипл» шығармасында саяхатшының Британ аралдарына, тіпті Амери­ка жағалауларына дейін жеткені айтылады. Грек тіліндегі аударма арқылы белгілі болған Ганнон­­ның келесі бір «Периплінде» үлкен экспедицияның Африканың батыс жағалауынан оңтүстікке қарай аттанып, сол жерде бірнеше отарларға ие болғаны туралы айтылады. Бұл шығармалар жанры жағынан тарихи жазбаларға жатады.

Келесі кең тараған карфагендік финикийлік әдеби жанр түріне тарихи әңгімелер жатады. Карфагендік тарихшылар Солтүстік Африканың Финикияға дейінгі өмірі мен карфа­гендік державаның тағдырына қызығушылық танытқан. Карфаген державасының тағ­дыры жай­­лы жазыл­ған ескерткіштерге римдік Юстин арқылы Помпей Троганың «Филлиптің бастан кеш­кендері» және Саллюстийдің «Югуртин соғысы жайлы» шығармалары мысал болады.

Карфаген қоғамы ғасырлар бойы грек әлемімен тығыз байланыста дамыды. Карфaген­дік­терге грек тілін үйренуге тыйым салатын заңның өз күшінде болуына қарамастан, карфа­ген әдебиеті эллиндік әсерге ұшырамай қоймады. Карфагендік пантеонға жер шаруа­шы­лы­ғы­на қатысты грек құдайлары да кірді. Карфагенде б.з.д. ІІІ ғ. өзінде грек әдебиетшілері өмір сүрді. Б.з.д. ІІ ғ. ортасында карфагендік Клитомахтың Афиныдағы Академияны басқаруы қызық жайт болды.

Карфагендік қоғам ғасырлар бойы гректік әлеммен тығыз байланыста өмір сүріп, дамы­ды. Нәтижесінде Солтүстік Африка мен Жерорта теңізінің шығысындағы финикийлік әде­биеттің дамуы эллиндік үдерістен көрінді.


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



  1. Элимильктің жазбалары туралы не айта аласыз?

  2. Угариттердің әлемге танымал шығармаларының бірі Керет туралы эпос нені суреттейді?

  3. Данэл туралы мифтер желісі туралы және оның басқа мифтермен үндестігі?

  4. Құдіретті Ваал және Анат туралы мифке тән тың дүниені атаңыз?

  5. Угариттік кезеңдегі қоғамдың айнасына айналған мифтердің негізгі идеялық мазмұны?

  6. Хабарлаушы проза ретіндегі Каратепе жазбасына тоқталыңыз.

  7. Угариттік әдебиеттің әлем әдебиетіне қосқан үлесін қорытындылаңыз?



Ежелгі Қытай әдебиеті
Қытай тарихының ежелгі кезеңі б.з.д. ІІ мыңж. ортасы мен б.з. III ғ. қамтиды. Оның өзі үш үлкен: тайпалық одақтар дәуірі – Шань-Иньдік (б.з.д. ХYIІ-ХІI ғ.) және Чжоулық – қала­лар мен мемлекеттер дәуірі (б.з.д. ХІІ–YIII ғ.) және Империя (б.з.д. ІІІ ғ. - б.з. ІІІ ғ.) аталатын дәуірлерден тұрады.

Археологиялық қазбаларға сүйенсек, Қытай территориясындағы Хуанхэ бассейнде Шань тайпалық одағының бірігуіне дейін, яғни б.з.д. ІІІ ғ. өзінде мәдениет пайда болған дейді. Табылған орнына байланысты ол Яншао мәдениеті аталады. Шань одағының уақыты­ның Инь аталатын екінші кезеңінен қойдың жауырына не болмаса табақаның үстіңгі қаңқасына ойылған алғашқы жазба – буцылар – жорамал формулалары жеткен. Сол дәуірдегі өмірдің түрлі жақтары мен өзіндік ерекшеліктерінен мағлұмат алуда құнды жазбалар саналады. Бұлар өзі Қытайда жазудың ерте пайда болғанын әрі мәдениеттің жеткілікті дамы­­ғанын көрсетеді. Әдебиеттің бастауына эдиктер /заңдар/ мен ежелгі патшалардың бұйрық­тарын т.б. жатқызуға болады.

Б.з.д. ХІІ ғ. ортасы тарихи маңыздылығы жағынан әлсіреу кезеңі саналған, Инь тайпа­лық одағының құлап, оның орнына Чжоу патшалығының келуімен сипатталады.

Чжоу патшалығының өркениеті ежелден-ақ қытай тарихынының «алтын ғасыры» аталған. Қытай мәдениетіндегі «алтын ғасыр» есімі әлемге әйгілі Конфуцийдің шығарма­шылығымен де (б.з.д. Y-YІ ғ.) байланысты.

Патшалықтың жүйесін суреттейтін - «Чжоу ли» ( Чжоу заңдары) - тарихи және ойдан құрастырылған аралас жүйе көрініс табатын ескерткіш.

Б.з.д. ХІІ ғ. соңында мыңдаған тайпалық топтардан тұрған Одақ б.з.д. YIII ғ. аяғында тайпалар саны жүзге дейін кеміген. Тайпалық одақтың өмір сүрген мекені ди (жер) деп атал­ды, оның орталығы и деп аталды. Тайпалық топтардың азаюынан немесе бір-бірімен бірігіп кетуінен күшті Чжоу патшалығы пайда болады. Бірнеше топтың бірігуі го, ал олардың бас­шы­лары хао (князь) аталды. Чжоу патшалығы мемлекет шеңберінде құрыл­ған­дықтан жоғары жүйеленген мемлекет болды. Чжоу патшалығының басшысын ван – патша атады. Чжоу кезінде қоғамның әлеуметтік топтарға бөлінуі алғаш рет көрініс табады. Ол құлдардың пайда болуымен байланысты. Құлдардың төрт категориясына кіретіндердің еркі болмаған. Ал ерік­тілер қатарына диқаншылар, қолөнершілер, қарапайым халық (шужэнь) жатқан. Қара­пайым халықтың жағдайын «Лицзи» ережелер жазбасынан табуға болады.

Ежелгі қытай сөз өнеріне қатысты ескерткіштер б.з.д. ХІІ ғ. ортасына жататын гао-жолдау, эдикт-заң топтамасын құрайды. Зерттеушілер ежелгі жазулардың тілі мен стилінің қиындығынан толық түсінуге мүмкіндіктің аздығын айтады.

Чжоу патшалығы кезеңіне жататын «Дао гао» ұлы жолдауында: Инь патшалығы құла­ған­нан кейін, жаңа патшалық тағына оның негізін қалаған У-ван келеді. Ол патшалықтың негізгі бөлігін құлаған Инь мемлекетінің патшаның ұлына қалдырып, өзінің үш сенімді ада­мын үстінен қарап жүруге қойды. Бірақ У-ван өлгеннен кейін көтеріліс бұрқ етеді. Чжоудың жаңа патшасы Чэн Вэн көтерілісшілерге қарсы шығуға мәжбүр болған уақыттағы патша­ның халқына жолдауы.

Кейінгі уақыттан жеткен ескерткіштердің стилі өзгере түседі. Бұлар енді эдикт – жол­дау­­лар емес, декларация, манифест, қаулы ретіндегілер. Олардың ішінде белгілісі – «Хунь Фань» (Басқарудың ұлы заңы. Ежелгі әйгілі шығармалар қатарына «Екі жинақ» және «Үш жос­пар» да жатады.

«Шуцзин» атауымен жеткен «Тарих кітабы» алғашында «Шан шу» аталған. «Шуцзин­ді» чжоулық сарай сауаттылары жазып қалдырған. Тарихшыға дерек ретінде маңызды бұл шығар­ма­ның тарихи мәнін эллиндік «Иллиадамен» салыстырады. Дей тұрғанмен Шуцзинді, ең алдымен, әдеби шығарма ретінде қараған жөн. «Шуцзинді» риторикалық-поэтикалық про­за ретінде қарастыруға болады. Мұнда сөз өне­рінің түрлі тәсілдері қолданылған. Айталық, төрт мордан тұратын буын үндестігі мен қатар­лардың біркелкілігіне негізделген.

Ал «Шицзиннің» поэтикасы риторикалық ерекшеліктерге ие. Жалпы, әндердің тақы­рып­­тары сан алуан. Соның ішінде махаббат, еңбекші халықтың өміріне арналған, соғыс тақы­ры­бын­дағы поэтикалық жолдар жиі кездеседі. Көптеген өлеңдердің негізін азаматтық тақырып­тар құрайды. Олардың ішінде негізгі орынды елдің ішіндегі сауатсыздық пен қараң­ғылық тақырыбы алады. Олар халықты қараңғылыққа, кедейшілікке итерген адамдар мен олардың зұлымдықтары туралы жазған.

Лирикалық өлеңмен бірге Ежелгі Ши кезіндегі шығармалардың көбі эпостық жырға жатады. Соның ішінде тарихи сюжетті поэмаларды ерекше бөліп алуға болады. Осындай бірне­ше поэмаларда Чжоу тайпалары өкілдері мен олардың билігінің алғашқы кезеңі әсерлі бейне­ленген. Тарихи мазмұндағы поэмаларда соғыс­тардың көрінісі тамаша берілген.

Поэтикалық жолдар музыка, вокал аспаптарымен тығыз байланыста болған. Бұл лирика­лық және эпикалық өлеңдер эвфоникалық, ырғақтық және метрикалық үш элементті байла­ныстырған.

305 өлеңнен тұратын Шицзин жинағы әлем әдебиетінде өзіндік орнынға ие поэтикалық ескерткішке жатады. Риторикалық прозамен, лирикалық және эпикалық поэзиямен Қытай­дың ежелгі өнер мұрасы шектелмейді. Оның бір бөлігі – афористикалық проза санала­ды. Афоризм ауызша шығармашылықтың түрі ретінде бір нәрсеге иландырады не бір нәрсені ұлағат етеді. Б.з. YIII ғ. өмір сүрген ғалым Хань Юй ертедегі тілдің, әдетте, түсініксіз болатынын айта келе, «Ицзин» афоризмдері туралы: «Олар ерекше және дәл әрі тура» деген. Туралық, яғни тілдік көріністерін жоғалтпау – афоризм талабы, өйткені афоризм адамның санасы мен сезіміне дәл әрі нақты әсер ету керек. Айқындықпен қоса, максималды мәнерді талап етеді.

«Луньюй» ежелгі классикалық әдебиеттің алғашқы ескерткіші болса, Кун-цзы - осы әдебиеттің негізгі кейіпкері, тарихи тұлға4.

Бұл ескерткіште адам ерекшелігінің екі жағын басып көрсеткен. Алғашқысын «чжи», екіншісін «вэн» сөздерімен белгілеген. Чжи дегенміз адамдық қалып, оның табиғи белгісі. «Вэн» сөзі «чжиге» қарсы мағынада, яғни адамның қабылдағаны мен үйренгенін білдіреді. Мысалы Конфуций өзінің оқушылары туралы: олардың кейбіреуі өздерін тәрбие жағынан көрсете білсе, кейбіреуі шешендік өнерден, үшіншісі саясаттан, төртіншісі «вэн» өнерінен өздерін танытты. Басқаша, вэн - адам өзінің ішкі жан дүниесін байытуы. Ежелгі Қытайдың алғашқы әдеби тұжырымдамасы - ерекше түрдегі алғашқы қоғамдық категория. Қоғамда қалыптасып жинақталған заңдар мен нормаларға тәуелді болды.

Чжоу патшалығының Шығысқа қарай ығысуынан олардың тайпалық бірлестіктерінің ыдырауы аяқталды. Олардың бір тектес тайпаларының байланысу мен бірігу уақыты орнады. Бұл бірігу уақытында географиялық және экономикалық ортақтық мемлекеттің орнығуына әкелді. Дәл осы шақта құл иеленушілік мемлекеттің дәуірі туды.

Б.з.д. IY ғасырда кең территорияда жеті үлкен патшалықтар өмір сүріп жатты, олар: Янь, Ци, Хань, Вэй, Чжао, Чу мен Цинь. Бұлардың тарихы екі кезеңді қамтиды.

Бастапқы кезеңде болған «бөлек мемлекеттердің» келбеті – лего немесе қала-мемле­кет­тер5 деп қытай жәдігерліктерінде аталды. Бұл кезде ауыл шаруашылығында алға басу­шы­лықтар болды: темір құрал-саймандарды қолдану ұлғая түсті, салық жүйесіндегі мал шаруа­шылығы, әсіресе мал бағушыларға арналған түрі дамыды.

Қала-мемлекеттердің дамуы – интеграцияның саяси, мәдени кезеңі. Қытайлықтар лего­ны ұмытып, орнына «тянься» (Аспан асты) бейнесін қабылдаған. Интеграция бір патша­лық­тың гегемониясының бүкіл Қытай территориясының бөлек патшалықтарының жоюы­луына алып келді. Осыдан барып, Қытай Ескілігінің үшінші үлкен дәуірі – империя ғасыры бастал­ды. Б.з.д. YIII–III ғ. аралығы Қытай тарихындағы патшалықтар – өркениетінің тез дамуы­ның тарихи кезі. Құл иеленушілік құрылыс сол кездің өзінде өндіруші күш пен мәдениеттің дамуына үлкен мүмкіндіктер туғызды.

Бұл ғасырлардың қоғамдық өмірлерінің ерекшеліктеріне келсек, олар рухани мәдениет­тің, әдебиеттің, демократияның дамуында маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ сауатты, білімді адамдардың, қазіргі тілмен айтқанда интеллигенция тобының адамдары пайда болды. Сол кез­дегі оқу – «сөйлеу», ал сөйлеу – «оқу» болды. Сондықтан да оратор тілінің өнері қоғам­дық өмірдің негізі, «дана, ақылгөй» мағынасындағы көзқараста болды.

Ежелгі Қытай классикалық кезеңінің «Гуань цзы» және «Сунь цзы» деген екі шығарма6 да жатады. Басқа әдеби ескерткіштер секілді олардың құрастырылуы ұзақ мерзімді қамтиды.

Классикалық туындылардың біріне б.з.д. IY ғ. жемісіне «Ле-цзы» айналған. Бұл әдеби ескерткіш жолдарының басынан-ақ Ле-цзы ұстазы жөнінде сөз қозғалады. Ол Чжэн патша­лы­ғына тиеселі Юаньпу мекенінде 40 бойы өмір сүргенмен ешбір адамның оның данагөйлігі жөнінде хабары болмаған делінеді. Ле Юй-коу Ұстазының атын алғаш шығарған оның шә­кір­ті болатын. Көптеген зерттеушілер де Ле Юй-коудың Чжэн патшалығының Жу-гун билігі /422-396/ кезеңінде болғандығын айтқан. «Ле-цзы» фольклорлы қара сөзді шығарма. Қай кезеңге жатпасын, әдебиет тұрғысынан аса бағалы, қытай ауыз әдебиеті үлгілерінің жиын­тығы саналады.

Анекдоттар, тұрмыс-салт әңгімелері, өнеге-өсиеттерімен қатар «Ле-цзы» ғажайып мәлі­мет­тер желісімен құралған, мұнда ойдан шығарылған тарихи кейіпкерлер туралы мәлімет­терден құралған сиқырлы ертегілер де бар.


Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет