Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов



бет7/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   36


Ежелгі Рим әдебиеті

Рим алғашында орталық Италиядағы латын тайпаларының аз ғана саяси орталығы болып саналды. Римнің солтүстіктегі көршілері шығу тектері анықталмаған шығыс және грек эле­мент­тері үйлесушілігімен ерекшелінген мәдениеті дамыған этрус халқы болса, шығыста – оскстық (латынға туыстас) тілде сөйлейтін италийлік тау тайпалары мекендеген. ҮІ-ІҮ ғ. аралығында Рим біртіндеп туыстық бірлестіктен құл иеленуші мемлекетке айналды. Бұл үдеріс Римде де екі жүз жыл бұрынғы Грекиядағыдай өтті. Римге бір жағынан этрустік сауда-қолөнер полистеріне қарсы, ал екінші жағынан италийлік тау тайпаларына қарсы жүр­гі­зілген күрес айтарлықтай қиындықтар әкелді. Бұл жағдай Римге барлық күшін жұмыл­ды­руды қажет етті. Соғыстағы қатал тәртіп, мемлекеттегі қатаң заңдар, отбасыдағы әкенің қатаң әмірі – рим қоғамының осы уақыттағы негізі, тіпті халық жиналысы да Римде әскери жағдайда ұйымдастырылды.

Римнің италийліктер және этрустермен күресі жеңіспен аяқталды. ІІІ ғ. орта шенінде Италия толық Рим иелігіне өтті. Рим бір уақытта латындық құрлық пен судың тоғысқан жерлерін иеленуші сауда нүктесіне айналды. Қарсыластарынан артықшылығы, міне, осы жерде болды. Сауда полисін дамытумен сыртқы мәдени ықпалдар кең қабылданса да, римдіктер өзіндік дәстүрлі әдет-ғұрпын жоғалтпауға тырысты. Ертедегі Римнің рухани мәдениеті италийлік, этрустік және гректік элементтерінің синтезделуімен сипатталады.

Италияның Римге күшпен қосылуының себебінен де италийлік мәдениетінің тілі, енді латын тілі есептелді. Ал оскс тілінде әдебиет қалыптаспады /окс фольклоры – аттеллана туралы төменде айтылады/. Этрустік тілдегі әдебиет діни және ғұрыптық мәтіндермен шектелді.

Ерте латын шығармашылығы туралы кейінгі уақыттағы авторлардан және азын-аулақ үзінділер арқылы белгілі. Ол толығымен мемлекет пен қауымның қажеттілігіне қызмет ат­қар­ған. Мысалы Сенаттағы не халық жиналысында саяси сөздер, «ХІІ кесте заңдары» жастарға римдік әдеп негізінде жаттатылды. Абыздар жылнамалар жазған, онда жоғарғы қызметтегілердің есім­дері, Римнің жеңілу мен жеңістерінің тізімдері, рим халқына құдайлар рахымы не керісінше және т.б. Мейрамдарда құдайлар құрметіне әнұрандар айтылды. Жеңіс салтанаты кезінде рим әскерлері көз тимеу үшін күлкілі әндер, тойларда әзіл-қалжыңды ән­дер айтқан. Атағы-даңқы шыққан жандарды жерлеуде арнайы адамдар жоқтау айтса, туыста­ры мақтау сөздерін аямаған. Бұл сөздерді жерленген адамдар табыттарынан оқуға болады.

Римнің сөз байлығын дамытуда жеңіс әндері (кейін эпосқа айналған) мен ойындық қойы­­лымдар (драмалар) үлкен үлес қосқан. Жеңіс әндерінде ата-бабалардың ерліктері жыр­ланған, міне, солардан кейін поэтикалық Ромул, Кориолан және басқа рим батырлары туралы аңыздары тарихи дәстүрге айналған. Римдегі ойындық көрсетілімдер екі түрлі болды: біреуі – этрустерден (хорлы фесценнин, күлкілі екі жақты өлеңдер), екіншісі оскс (ателла­налар – күлкілі тұрмыстық сюжеттер, төрт маска ойнаған: ақымақ жас Макк, егде ақымақ Папп, мешкей әрі мақтаншақ Буккон, бүкір зұлым Дюссен) әсерінен қалыптасқан. Алғашқыда бұл ойындар ауылшаруашылық өнімді жинау, тойлау уақытында қойылған. Кейіннен этрус­тық музыка және би элементтерін сіңіріп қалаға да жеткен. Осылайша Римнің тұрақты ойын­да­рына (364 жылдан б.з.) енді. Ателланалар да көп уақытқа дейін өмір сүрген.

Ал римдік жазбаша поэзияның қалыптасуы мемлекеттің б.з.д. ІІІ ғ. екінші жартысын­дағы жалпы өзгерістермен байланысты. Бұл кезде Рим әскері алғашқы рет өз шекарасынан шығып, екі ауыр шайқасты (1-ші 264-241 ж. және 2-ші 219-202 ж. Пуни соғыс­тары) жеңген. Рим өзінің ең қауіпті көршісі ‑ Карфагенды жеңіп, дүниежүзіндегі Македония, Мысыр және Селев­кид патша­лық­та­ры­мен теңесті. Гректердің қоғамдық көзқарасы италиялық жаңа мем­ле­­кетке қорқынышпен қарады. Өзінің дүниежүзілік мәртебесін көтеруде, римдіктер әдебиет­ке жүгінді. Сенатор Фабий Пиктор грек-хатшылары көмегімен рим тарихына грек тілінде алғаш­­қы жалпы шолу жасады, онда автор троялық шығу тектері және Римнің жоғарғы мақ­саттарын (210-203 ж.) көрсетті. Грек тіліндегі Фабий және оның ізбасарларының шығарма­лары римдік тарихи проза­ның алғашқы үлгілері саналады.

Алғашқы рим ақындары орта және төменгі тап өкілдерінен әрі шалғай жатқан эллиндік облыстардан шыққан. Солардың ішінде Ливий Андроник, Гней Невий және Маций Плавтар болған. Бұлардың шығармаларынан Плавт комедиялары ғана сақталған, қалғаны бірең-сараң үзінділер түрінде жеткен. Олардың шығармашылығында бірнеше ұрпақтардың ерлік әндері мен театр мейрамдарына арналған сценарийлері көрінеді. Десе де Рим әдебиеті өзінің сұрақ­тарына дайын жауаптарды грек әдебиетінен тауып отырды.

Осы жолда бірінші қадам қарапайым грек поэзиясын латын тіліне аудару болып табылады. Бұл қадамды таренталық грек, Рим сенаторымен азат етілген құл Луций Левий Андроник (шамамен 275-200 ж.) бастады. Ол Римде балаларды латын және грек тілдеріне оқытты. Оқыту қажеттілігінен ол Гомердің «Одиссеясын» сатурндық өлеңмен латын тіліне аударды. Бұл аударма Цезарь және Августин кезеңдеріне дейін мектептік оқу құралы ретінде пайдаланылған. Басқарушы ұйымдардың тапсырысымен театр көрсетіліміне трагедия мен комедиялар аударып, өзі соларды қоюшы режиссер әрі актер ретінде жұмыс атқарды. Мұндай бірінші көрсетілім 240 ж. қойылып үлкен құрметке ие болды. Соңында сенат өтініші бойынша ол 207 ж. грек үлгісіндегі Юнонаға арналған әнұранды қоғам қажетіне аударды.

Ал кампаналық ақын Гней Невий (270-200 ж.) алғашқы пьесасын 235 ж. көрерменге ұсынды. Ол өзінің шығармасын «Пуний соғысына» арнап, халықтық эпопея (сатурндық өлеңдермен жазылған жеті кітап) құрастырады. Онда Римнің Карфагенмен күресін сонау Дидон мен Эней кездесулерінен бастап, бірінші Пуний соғысының жеңісімен аяқтайды. Невий алғаш болып трагедияға Рим тарихының беттерін енгізуге тырысып, «Ромул» және «Кластидий» пьесасын шығарды. Комедиялық жанрда да жаңалықтарымен келген қаламгер жоғарғыларға ұнамай, Римнен қуылған. Сөйткен ақын жат елде қайтыс болады.



Тит Мак (жалған аты Плавт «жалпақ табан» деген мағына береді, 255-184 ж.) біздің заманымызға дейін шығармалары тұтас жеткен, комедия жанрында жазған алғашқы рим қаламгері. Тит Макк Умбрияда туып-өскен. Ол туралы мәлімет өте аз. Оның 21 комедиясы толы­ғымен сақталған. Ішіндегі ерекше танымалдары «Амфитрион», «Куркулион», «Менех­мы», «Мықты жауынгер» және «Псевдол» т.б. Плавт - (б.з.д. 184 ж. шамасында дүниеден өтеді). Оның комедиялары грек туындыларының сюжеттерінде жазылған. Плавт демократия­лық бағытта жаз­ған драматург. Оның көптеген комедияларында икемді кұлдың бейнесі үлкен сүйіспеншілікпен суреттеледі («Елес», «Вакхидалар», «Псевдол»). Плавтың пьесалары шебер диалогқа, күлкіге құрылған. Олар гректер мен римдіктердің өмірін, тұрмысын шебер суреттеп, ескі әдет-ғұрыпты күлкіге айналдырады.

Жеке идеологияны дәріптейтін жаңа жанрдың /сатур/ пайда болуы Гай Луцилий (шамамен б.з.д. 102 ж.) есімімен байланысты. Ол «Сатур» жанрындағы отыз кітап­тың авто­ры. Бостандықта туылған бай адам Сципионның досы жаңа кезеңдегі Римнің саяси жаңалық­тарын, әдет-ғұрып пен сәнді, әдеби пікірталас өлеңдерінде жаза білді.

ІІ ғ. соңында прозаның дамуы рим әдебиетінің жалпы өзгерістерімен байланысты. ІҮ ғ. Грекия­дағыдай әдебиет формаларының құлдырауының нәтижесінде «жоғарғы» мәдениетті тара­тушы сахна емес, оның орнына кітаптың келуімен прозалық жанрлар біртіндеп поэзияны ығыс­тыра бастайды. Римдік саяси күрес талаптары эллиндік проза үлгілерінің әсерімен үйлестірілді.Рим халқының өз мифологиясы дамымағандықтан, шығармалар мифологиялық емес, тарихи дастан­дарға айналды.

Римдегі театр жанрын эпос секілді маңызды болмауының басты себебі ол дінмен байла­ныссыз тек ойын сауық ретінде саналған, тіпті тұрақты театр ғимараты б.з.д. 54 ж. дейін болмаған. Комедиядан мүлдем хор алып тасталынып, трагедияда музыка минимумға жеткі­зіл­ген. Драмада хордың орнына кантика - сольды ариялар келген.

Римдік комедиялар тақырыбының ауқымы бірқалыпты болды. Әкесі қатал жігіт ауқатты адамға тиесілі қызға ғашық болады, ал оның әкесі қызды бай әрі мақтаншақ жауынгерге бергісі келеді. Бірақ айлакер құлдың көмегімен жігіт қызды алып кету үшін ақша тауып қарсыласын алдап соғады. Ал қыз болса, әдетте, еркін әрі нағыз жар болып шығады. Бұл римдік комедияның әдеттегі сюжеті (Псевдол, Куркиллион, Эпид т.б.).

Грек түпнұсқаларынан рим трагедиясы көбіне патетикалы Еврипидті, комедияда Менан­др­ды қолданды. Осылай, Рим эллиндік дәуірдің мұрагері болды. Аудармалар еркін, қысқартылып, кеңейтіліп, диалогтарды кантиктерге өзгертіліп немесе керісінше қалдырып отырған.

Рим драматургиясында ерекше орынды жергілікті римдік тақырыптағы экспериментал­ды: комедия - тогаттар, трагедия-претекстер пьесалары алады. Римдік трагедия-претекстері тарихи тақырыптағы александрийлік драматургияның тәжірибелік әсерінде болды («Филис­токл», «Кассандрия» т.б.). Олардың ішінде екі топ айқындалды: жартылай аңызға айналған Римнің өткені туралы трагедиялар (Невийдің «Ромулі», Акцийдің «Брут» атты трагедиясы) және жақын уақыт аралығындағы римдіктердің жеңістерін көрсететін қойылымдар (Невий­дің «Кластидий», Эннийдің «Амбракия») саналды.

Комедия-тогататтар ұзағырақ өмір сүрді. Бірақ фрагменттердің аздығынан ол бізге жұмбақ болып қалды. Сақталған тақырыптар іс-әрекеттердің негізі жанұялық және шаруа­шы­лық бол­мыс­қа тірелгенін байқаймыз.

Шешендік пен тарих римдік болмыспен тығыз байланыста болды. Барлық әдеби жанр­лар­дан тек шешендік өнер римдік аристократтарға сай деп саналды. Әсіресе сенат пікірсайысының көп жылдық тәжірибесі шешендік жанрға байланысты. Бұл жанрда римдік дәстүрдің тазалығы ең көп сақталды. Сондай‑ ақ ең жоғарғы дәрежеге жетіп, өлгенннен кейін де атағы өшпеген Катонның ежелгі шешендік сөздері барлығына үлгі ретінде қалды. Бірақ бұл шешендік тек жеке дарын мен сөйлеуші тәжірибесін ұстап тұрды. Катон құрған негізгі принцип: «Негізін ұстан, ал сөздер өздері‑ақ келеді» қоғамда кең тарады.

Тарихшылардың алғашқы ұрпағы Фабий Пиктор мен оның ізбасарлары өз тарихын грек тілінде, ал екіншілері Катон мен оның ізбасарлары латынша жазса да, аналитикалық форма бәріне ортақ болып қала берді. Бірақ Катон мұнда да «жаңалықтарды» жылдар бойын­ша емес, «пән» бойынша батыл топтастырды және өз шолуына тек Римді емес, бүкіл италия­лық қоғамды қосуға тырысты. Тарих жылнамасы тарихи памфлет пен тарихи романға бөліне бастайды. Римдік жаулау­шылардың әлемдік маңызын ой елегінен өткізу грек ойшылы Полибийдің еншісіне тиеді.

Мегалополиядан шыққан Полибий Римге ақсүйек ахейлік тұтқындармен бірге келіп, ол жақта шамамен 16 жыл өмір сүреді. Кейін Отанына оралып, Сципион Эмилианмен жорық­тар­­да болып, Грекияда Рим билігін орнатуға үлесін қосып және б.з.д. 220-146 ж. аралығында қамтитын «Тарих» атты еңбегін 40 (5 толық сақталған, 13-нен үзінділер ғана, ал қалғандары жетпеген) кітап етіп шығарады. Ақсүйек ұрпағы болған ол жастайынан саясаткер және әскери адам болуға дайындалды. Ол тарихқа бәрінен бұрын тәжірибелік пайда үшін қызық­ты. Бұл оған дейін болған жағдайларды біліп және олардың байланысы арқылы келешектегі даму болжам жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан ол тарихта бәрінен бұрын детерминизм­нің объективтік себептілі­гінің қолданылатын заңдардын іздеді. Полибий тарихы грек саяси теорияларының көмегімен рим мемлекеттік құрылым­ның негізі деп саналса, дәл осылай Панэтий филосо­фиясы грек этикалық теориясының көмегімен Рим айбынының идеалын ұғыну болып саналды.

Осында екі ойшылдың ұқсастығы бар: грек аристоктартары Римнің қатаң билігін қуанышпен қабылдағаны секілді, рим аристократтары гректердің жоғарғы мәдениетін солай қабылдады. Осыдан бастап, грек және латын мәдениеттерінің орталығы Рим бола бастаған антикалық мәдениет аталады.

Б.з.д. I ғ. Жерорта теңізі маңайындағы мемлекеттердің Рим қол астына бірігуі аяқтала­ды. 60 жылдары Помпей жорықтары эллиндік Кіші Азия мен Сирияда Рим билігін орнатты. 50 ж. Цезарь жорықтары Римге Галлияны қаратты. 30 ж. Октавиан Египетті Рим провинция­сына айналдырды. 10 ж. оның қолбасшылары Дунай маңындағы аймақты жаулап алады. Рим державасының шекаралары Рейн, Дунай, Евфратқа дейін жетіп, ары қарай жүре алмаған рим әскері б.з.д. 53 ғ. (парфиялықтардан) және б.з.д. 9 ж. (германдықтардан) жеңілді.

Римнің ішкі саяси жағдайы сыртқы жетістіктерінен артта қалды. Б.з.д. I ғ. ортасында Рим әлемдік держава ретінде дамыған құлиеленушілік қоғамға мұқтаж болса да, билікті ұйым­дас­ты­ру­да полис болып қала берді. Ал мұның өзі қоғамның жұмыс күшін шектеді.

Әлемдегі державаның үлкен байлықтарын өндіре пайдалану үшін объективті түрде мемлекеттің әлеуметтік базасын кеңейту, биліктің жетістігі мен италиялық қоғамның орта тап өкілдері және провинциалдық қоғамның жоғарғыларымен бөлісу, державаның көлемінде құлие­ле­нушілік таптың күштерін біріктіру керек болды. Бұл қажеттілік олигархиялық респуб­­­лика дағдарысының жартылай құқықсыз италиялықтардың көтерілісі, шеткі аймақтар­дың толқуы, құлдардың көтерілісі секілді белгілері басталғанда туды. Өзінің артықшылықта­рына арқа сүйенген сенаторлар легі қажетті өзгерістер әкеле алмады. Сондықтан бірте-бірте қоғамның төменгі бөлігін басып, жоғарғы бөлігін біріктіре алатын әскери көшбасшысының бірыңғай билігіне көшу байқала бастады. Мұндай билік үшін күрес б.з.д. I ғ. бойы жалғаса­ды. Оның басты мәселелері: Марий мен Сулла арасындағы азаматтық соғыс (88-82 ж), Сулланың диктатурасы (82-79 ж.); алғашқы триумвират билікке үміткерлердің одағы (60 ж.), Помпей мен Цезарь арасындағы азаматтық соғыс (49-46 ж.) және Цезарьдің диктатурасы (48-44), екінші триумвират (43 ж.); Антоний мен Октавиан Август арасындағы азаматтық соғыс (32-30 ж.) және Рим империясының негізін салушы саналатын, әлеуметтік мәселе­лерді шешуде тиімді саяси формалар таба білген Августың билігі (б.з.д. 27 ж.- б.з. 14 ж. дейін).

Римнің республикадан империяға өту заңдылығы түсінікті, бірақ замандастары үшін бұл трагедия болды. Олар республиканың құлауын, сәйкесінше Римнің құлауымен байла­ныс­тырды. Бұл қоғамдық дағдарыс пен оны шешу жолдарын іздеуді мойындау азаматтық соғыстар кезіндегі римдік әдебиеттің (Цицерон, Салюстий, Лукреций мен Катулл) басты мазмұны болды. Қоғамдық белсенді үдеріс прозада, ал индивидуалистік үдеріс сол кезеңдегі поэзияда көрініс тапты.

Қоғамдық көзқа­растың негізгі құралы - әдебиет. Сол себепті әдебиетке көңіл аудару Августың саясатының құралының бірі болып табылады. Әдебиетті қадағалаушы принцептің кеңесшісі Гай Цильний Меценат болды. Осы кездегі әдеби ортадағы эпик Вергилий, лирик Гораций және драматург Варийды атап көрсетуге болады. Жаңа әдебиет тез арада жетістіктерге жетіп үлгерді. 30 жылдары Гораций «Сатирлар» мен «Эподтарын» жазса, 29 жылы өзінің «Геор­гик­тер» атты еңбегін Октавианға оқытты. Варий болса, триумфалды ойындарға «Фиест» трагедиясын (өте танымал, бірақ сақ­талмаған) қойды. Дәл осы кезеңдерде Тит Ливий өзінің тарихи еңбегін рим халықтарының даңқы­нан бастады. 23 жылы Горацийдің үш бірдей кітабы шықты. 17 жылы жаңа ғасырдың салтанатты тойында Горацийдің «Мерейтой ұраны» ойналды. Бұл кезең де Римнің гүлденген дәуірі еді.

Екінші софистика. Жанрлар мен өкілдері. Б.з.д. Y ғ. Афиныда орын алған ағарту­шы-философтар ілімін софистика атаса, ал онымен айналысқандарды, яғни кәсіби мұғалім­дер­ді софистер атаған. Софист термині грек тілінен «данагөй» мағынасын береді, сонымен қатар сол кездегі шешендік өнерге үйрететін «ақылы» мұғалімдерді айтқан. Өкінішке орай, олар­дың бірде-бір еңбектері бізге жетпеген.

Ал, екінші софистиканың бесігі сол кезеңде өзінің соңғы экономикалық өрлеуін бастан кешіріп жатқан Кіші Азия мемлекеттері болды. Осы жерден басталатын софистік ілім тарату­шылар саяхаты империяның түкпір-түкпіріне жеткен. Софистерге шешен ретінде оны тыңдайтын жаңа орта, яғни халық қажет, ал философ ретінде ілімді тыңдаушылардың саны­ның көп болуы керек болды. Олардың саяхаттары мен ораторлық сөздері өте жақсы дәре­жеде қабылданып, шешеннің мәртебесі өсіп, оларды қарсы алған тыңдаушылардың қолша­па­лақтаулары кәдімгі вакханалиге (жүгенсіздік) дейін жеткен. Шешен адамдық идеал­дың іске асырушысы болды, сол себептен софист даңқы артып, рим тұрғындары оған жол беретін. Халық қиын да маңызды жағдайларда оларды тапқыш ретінде қабылдады.

Сөз сөйлеу түрі бұрынғысынша қызыл сөздің үш жанрында бола білді: Дион жина­лыстық сөздерімен Прус билеушілерінің алдында сөйлесе, Апулей соттық сөзімен - қара магияның тұтқындауынан өзін қорғау үшін өнер көрсеткен. Бірақ басты жанр салтанатты қызыл сөз болып қала берді, оған қалаларға, ашылған ескерткіштерге, жергілікті батыр ерліктеріне арналған мақтаулар жатады.

Кейін жаңадан екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарламалы шешендік сөз сөйлеулер пайда бола бастады: melete (жаттығу) және dialexis (әңгімелеу). Бұл софистік шешендіктің екі элементі – риторика мен философияға сай болған. «Мелете» риторикалық мектептердің контро­версия, свазория, бейнелеу, салыстыру және т.б. репертуарларынан халық алдында сөз сөйлеудің белгісін білдірді. «Диалексис» философиялық - танымал тақырыпты нақты дәлел бойынша әңгіме етуді білдірді. Сөз сөйлеушінің таңдауы жеке қабілетіне байланысты әрі өз қалауы бойынша - не риторикалық, не философиялық болған.

Риторикалық мектептерге декламацияның тақырыптары Афины тарихынан таңдалы­нып, арнайы стильді талап ететін. Осындай тақырыптарға маманданған ораторлардың көбі бірнеше ұрпақтарға созылған. Олардың арасындағы ең танымалы софист Полемон (шамамен 88-145) болды. Осы кісіден Марафон шайқасындағы екі батырдың әкелері – афинылық­тар­дың арасында кімнің баласы күшті екені туралы бәстестік декламациясы қалған. Полемон­ның шәкірті Герод Аттик (101-178) бай жанұядан шыққан, өз ортасының білімдісі әрі беделдісі саналған. Ол маке­дон­дықтарға қарсы күресуде фессалдықтарға көмек көрсету үшін спарта­лықтарды уағыздаған сөз осы кісіден қалған.

Геродтың шәкірті Элий Аристид (117- шамамен 190 ж.), артынан 55 сөз қалдырған софист болды. Олардың ішінде – «Панафиней сөзі» Исократпен айтысы, «Төрттікті қорғау сөзі» Платон­мен бәсекесі, «Лентинге арнау» Демосфен қарсы сөзі, сонымен қатар Кизик, Смирна, Родос, Элевсин, Рим қалаларына арнаған сөздері, Зевс, Афина, Посейдон, Дионис және т.б. прозаларға жазған әнұрандары сақталған.



Лукиан (шамаман 125-180 ж.) шеткейдегі сириялық Самосат қаласынан. Мектеп қабырғасынан грек тілін үйреніп, өзінің шешендік өнерімен Грекия, Италия, тіпті Галлияны да аралап өткен. Ол философиямен айналысып, сатиралық диалогтар мен памфлеттер шығарған. Оның атымен 80-ге жуық шағын шығармалар сақталғанмен, кейбіреуі оныкі емес болуы мүмкін. Соның ішінде ертеректегі шешендік дәстүр түріндегі декламацияларға («Тиранды өлтіруші», «Мұрагерліктен айырылған», «Шыбынға арнау» және т.б), сұхбаттық және хабарлаушы элементі еселенген декламациялар («Токсарид», «Анахарсис», «Түс көру» т.б), әзілді мазмұнды шағын диалогтар («Құдайлар сөйлесуі», «Прометей» «Гетералар сөйлесуі» және т.б), ең ауқымдысы философиялық және сартиралық мазмұнды сұхбаттар (Менип циклі), философия және оған қарсы сұхбат циклі («Өмірді сату», «Балықшы», «Қаш­қын құлдар» және т.б) және соңғы декла­ма­­­циялары («Дионис», «Геракл», «Сатурналии» және т.б.

Екінші софистика кезеңінде роман жалпыға ортақ көңіл көтеретін оқуынан, дәстүрлі «жоғарғы әдебиетке» жақындай түседі. Сондықтан II-III ғ. папирустық жазбалар үзінділері емес, толыққанды грек романдары (бесеуі) жеткен: Харитонның 8 кітаптан тұратын «Херей мен Каллироя» атты романы, 5 кітаптан тұратын Ксенофонт Эфестің «Гоброком және Ан­тия» рома­ны, 8 кітаптан тұратын Ахилл Татийдің «Левкиппа және Клитофонт» романы, 4 кітап­тан тұратын Лонгтың «Дафнис пен Хлоя» романы, 10 кітаптан тұратын Гелидордың «Феаген және Хариклия» романы. Сонымен қатар латын тілінде «Апполон Тирскийдің тари­хы» романы, Ямвлихтің «Вави­лондық повесть» және Антоний Диогеннің «Фуланың арғы бе­тін­дегі қызықтар» романдарының византиялық тілінде қысқа нұсқасы сақталған.

Қысқасы, екінші софистиканың III-IY ғ. романдарын екі топқа бөледі: ерте кезеңдегі Харитон, Ксенофонт және «Аполлония Тирскийдің тарихы» романдарын қамтыса, кейінгісі - Ямвлих, Ахилл Татий және Гелиодор романдары қамтиды. Бұлардың арасында үш айырма­шылық байқалады. Біріншіден, шығарманың қиындығы артса: Харитон мен Ксено­фонтқа тән эпизодтардың қарапайымдылығы, қосымша жолдармен күрделіне түседі (Ямвлих), бірінші жақ­­тың әңгімесі (Ахилл Татий) эффекті хронологиялық қойылымдармен (Гелиодор) күрде­ле­неді. Екіншіден, патетикалық қосымшалар көбейеді: Ямвлих романында Вавилон патшасы батырды дарға аспақшы болғанда (бақытты кейіпкер өлуді армандайды), өзінің райынан қайтып сирия­лық ханға шабуылға жібереді. Үшіншіден, діни-мистикалық мотивтер көбейеді; Гелиодор рома­ны күн құдайына деген сенім мен табынушылық орын алған, б.з. III ғ. империяда Оған табыну кең таралған. Жалпы алғанда, ерте кездегі романдар қарапайым ха­лыққа арналған да, кейінгі кезеңдегі романдар - риторикалық білімді, сезім мен стильдің құдіреттілігін бағалайтын адамдарға арналған.

Қысқасы, екінші софистика жанрлары мен стиліне тән сипат, ол поэзияның прозаға айналуы. Сондықтан шешендік өнер дамыған уақытта, поэзия үшінші орынға шегінген. Бұл кезде проза поэтикаға, керісінше поэзия проза тіліне ауысқан.



Марк Туллий Цицерон (б.з.д. 106-43 ж.) - атақты адвокат, шешен, жазушы, саяси қайрат­кер. Цицерон Лациум қаласында дүниеге келеді. Грек және рим әдебиетінің синтезі Цицерон­ның шығармашылығында жан-жақты іске асырылды. Цицеронның өте бай әдеби мұрасы сақталды. Олар саяси батытта, сотта сөйлеген 58 сөзі, шешендік өнер, саясат, практи­ка­лық және теориялық философия туралы 19 трактаты, аса маңызды психологиялық құжат, латын тілінің ескерткіші және Римдегі азамат соғысы туралы деректеме болып табылатын 800-ден астам хаты бар.

Цицерон адвокаттық қызметіне б.з.д. 80-ші жылдардың аяғында кіріседі. 63 жылы ол консул болып сайланады, сол кезден бастап оның беделі қатты өседі. 48 жылы император Цезарь жеңгеннен кейін саясаттан қол үзіп, әдебиетпен айналысады. Сол кезде ол көптеген шығармалар: риторика­лық («Брут», «Шешен» - римдегі шешендік өнердің тарихы, стилі ту­ра­лы), философиялық трактаттар жазады. Цицерон Рим әдебиетінде бұрын болмаған көркем философиялық проза­ны жетілдіруді мақсат етті. Ол этика, метафизика, тану теориясының әр түрлі мәселеле­рін қамтитын және көпшілігін грек философиясының ең маңызды бағыт­тары­мен таныстыратын еңбектердің топтамасын шығарады. Цицеронның маңызды жетістікте­рінің бірі латын тілінің философиялық термино­логиясын шығару болып табылады.

Цицеронның жетістігі, оның грек философиясын Римге таныстыруында ғана емес, сонымен бірге өз еңбектерінде грек философиясын Римнің дәстүрлі болмысымен қатар қоя білуінде еді. Цицеронның корреспонденцияларының ішінде көлемі төрт том болатын мыңға тарта жазбасы белгілі. Сонымен бірге Цицеронның он алты кітаптан тұратын таныстарына жазған хаттарының құрамына өзі білмейтін адамдармен жазысқан хаттары да кіреді.



­Апулей Луций (б.з.д. 124 ж. шамасы - өлген жылы белгісіз) - Мадаврада туып-өскен атақ­­ты рим жазушысы. Дәулетті жанұядан шыққан. Карфагенде риторикалық білім алған, Афи­­ныда филолсофияны оқыған. Ол латын, грек тілдерінде жазады. Оның философиялық, жара­ты­лыстану тақырыптарына жазылған еңбек­тері, әр түрлі жанрда жазылған поэтикалық шығар­малары бар. Апулейдің грек тілінде жазған шығар­ма­ла­ры сақталмаған. Латын тілінде жазыл­ған шығармаларының көбі бізге жеткен. Олар филосо­фия­лық трактаттар және «Мета­мор­фоза» немесе «Алтын есек» атты үлкен роман. Әлем әдебиетіне Апулей «Алтын есек» рома­нының авторы болып кіреді. Романда II ғ. Рим провинциясы тұрғындарының тұрмысы, рухани өмірі бейнеленген. «Алтын есек» - Еуропа әдебиетіндегі бірінші психоло­гиялық роман.

Сиқыршы қасиетінің арқасында жануарға айналып, одан қайта адам кейпіне оралған адам туралы фольклорлық аңыз антикалық әдебиетте Апулейге дейін болған. «Метаморфоз­дар» - грек шығармасының өңделген түрі. Апулей грек жазушысы Лукиан шығармасының сюжетін көптеген жаңа эпизодтармен кеңейтті. Апулейдің финалы да Лукианнан өзгеше.

Цезарь (б.з.д. I ғ.). Гай Юлий Цезарь - ежелгі Римнің саяси қайраткері, қолбасшы- жазушысы. Ол - патрицийлік Юлийлер әулетінің өкілі. Бұл әулет өздерін Венера құдайы­ның ұрпақтары деп есептеген. Цезарь Сулла билеуші кезінде Римді тастап кетуге мәжбүр болады. Тек б.з.д. 78-ші жылы ғана Сулла кайтыс болғаннан кейін қайта оралып, саяси күреске арала­сады. Ол көп шығынды қажет ететін ойын-сауықтар, театр қойылымдары, гладиаторлық шайқастар, қоғам­дық түскі астар ұйымдастыру арқылы Рим азаматтарының арасында үлкен беделге ие болады. Б.з.б. 62-ші жылы претор, одан кейінгі екі жыл бойы Қиырдағы Испания провин­циясының билеушісі болған кезінде мүлтіксіз әкімшілдік және әскери талантын танытады. Помпей мен оның жақтаушылары Илерда, Фарсал, Тапс және Мунданы талқан қы­лып жеңген Цезарь Рим мемлекетінің басшысына айналады. Б.з.д. 44-ші жылы ол елде цен­зу­ра орнатады және оның бүкіл жарлықтарын сенат пен халық жиналысы алдын ала мақұл­дап отырады. Өз қолына бүкіл билікті алған Цезарь іс жүзінде басқарудың римдік республика­лық формаларын сақтаған монарх­қа айналады. Цезарьдің құрметіне қойылған ескерткіште «Жартылай құдай» деп жазылады және ол қойылған күн қоғамдық мереке болып жарияла­нады. Цезарьдің жеке-дара билікті күшейтуге ұмтылуы республикалық пиғылдағы ақсүйек­тер өкілдерінің ғана емес, оның бұрынғы жақтас­та­ры­ның да қатты наразылығына ұшырайды. Нәтижесінде, оған Г.Кассий мен М.Ю.Брутт бастаған 80-нен аса адам қатысқан топ қастан­дық ұйымдастырып, сенат мәжілісі кезінде өлтіреді.

Цезарь ел басқара жүріп жазушылықпен де айналысқан. Оның екі шығармасы - «Галл соғысы жөніндегі жазбалары» мен «Азамат соғысы жөніндегі жазбалары» бізге жетті. Бұл шығармалардағы ойға құрылған тұтас композиция қарапайым, түсінікті баяндау, кейіпкер­лер­дің нақты­лығы, жекелеген адамдар мен халықтарды сипаттау, көркем шұрайлы тіл оның жай ғана әуесқой еместігін көрсетеді.

Цезардың бізге жетпеген сөздері мен хаттарының жинақтары, екі памфлеті, бірнеше өлеңмен жазылған еңбектері, грамматика жөніндегі трактаты болғаны белгілі. XIX ғасырға дейін Еуропаның әскерилері Цезардің әскери өнерін оқып үйренді. Наполеон Цезардың еңбектерін әрбір офицер білуге тиісті деп есептеген. Цезардің стратегиясына негізгі соққы бағытын дұрыс анықтай білу, қарсыластардың алауыздығын пайдаланып, оларды жеке-жеке талқандау, батыл стратегиялық айла-тәсілді жүзеге асыру, жаяу әскер мен флоттың бірлескен қимылын ұйымдастыру тән.

Катулл (б.з.д. I ғ.). Гай Валерий Катулл б.з.д. 1 ғасырдың 80-ші жылдарында Верон қа­л­а­сында дүниеге келген. Сол кезде Верон қаласы Италия құрамына кірмеген соң «цизаль­пия­лық Галлия» деп аталатын.

Катуллдың әкесі римдіктермен қарым-қатынасы болған дәулетті адам болғандықтан оның ұлы белгілі римдік қоғамға кіруге мүмкіндік алады. Жас ақынның саясатқа басында тал­ғамы­ның төмен болғанын көзқарасынан көрінеді. Ол өз уақытын көбіне әдеби үйірме­лер­дің жас өкілдерімен бірге өткізеді. Катуллдың әйелге деген махаббатының ауыр уайымы оның маңызды оқиғаларының ара­сы­нан ерекше орын алады. Оның өлеңдерінде «Лесбия» деген жалған атпен көрініс тап­қан бүркеншік аттың астарында Клодия деген бикештің образы жасырынған.

Катуллдың әдеби мұрасы үшке бөлінеді. Біріншісі көлемді ғылыми стильдегі шығарма­ла­ры. Екіншісі қысқа өлең-сатиралары, олар өз кезегінде эпиграммалар, «полиметралар» деген екі бөлімге бөлінеді. Катулдың бізге дейін жеткен өлең жинағында басында «полимет­ралар», аяғын­да «эпиграммалар», ал ортасында көлемді өлеңдері орналасады. Автор көбіне өзінің бар назарын ғылыми шығармашылығына бөлген.

Катуллдың негізгі қалам тербеген тақырыптарының бірі - махаббат лирикасы. Оның махаббат тақырыбында жазылған өлеңдері бәрінен бұрын Лесбияға арналған. Ал екінші лири­калық тақырыбы - белгілі бір адамдарға қарсы аяусыз әжуа. Ол әжуа өлеңдерін «ямб­тар» деп атайтын. Ол өз кейіпкерлерінің бойындағы ұрлық, салақтық т.б. кемшіліктерін тілге тиек ететін. Б.з.д. I-II ғ. өзінде Катуллдың өлеңдері тамаша жетістіктерге ие болды.



Вергилий. Публий Вергилий Марон (б.з.д. 70-19) Рим империясының әйгілі ақындары­ның бірі. Вергилийдің өмірі тірі кезінде аңызға айналған.

Жас кезінде Вергилийдің ойы екі идеяның әсерінде болады, сондықтан бір жағынан ол неоте­рикалық поэзия бой ұрса да, кейде жаңа стильдегі лирикалық та, сатиралық та өлеңдер жаза бастайды. Жас кезінде жазылған өлеңдерінен тек қайтыс болғаннан кейін ғана «Ұсақ өлеңдер» деген жинағы жарық көреді. Оның шығармашылық ғұмырына екінші әсер етуші фактор ол - эпикурлік мектеп болатын. Ол мектеп Вергилийдің поэзияға деген құштар­лығын оя­тады. Ал поэзия Вергилийдің өмірде ұстантан мақсаты мен шығармашылығының іске асуы жолындағы орны бөлек жанр еді. Осы мектепте жүріп, ол ақын Вариймен танысып, онымен тығыз қарым-қатынаста болады. Вергилий - Рим империясының күйреуін өз көзімен көрген куәгерлердің бірі.



Вергилийдің негізгі үш жыры бар. Олар: « Бақташы жыры», «Егіншілік туралы дастан», «Энеида». Бірінші жырында - негізгі идеясы идиллиялық өмірді мадақтап, саясаттан аулақ болуға тырысты. Жыр «Бакташы жыры» немесе «Эклог» деп аталады. Себебі бұл жыр - 10 эклог­тан тұрады. Бұл эклогта Мелибий деген қойшы өз Отанын тастап кетеді. Өйткені мемлекет оның жерін азамат соғысына қатысқан ардагерлерге тартып алып берген еді. Ал оның досы Титир деген қойшы өз жерін ешкімге бермей сақтап қалады (Титир - автордың өзі). Автор римдік кезеңді сұрықсыз заман ретінде көрсетеді. Y эклогта Асиний Полион «алтын ғасыр» келе жатқанын естиді. Бұл болашақ Авгус­тің бейбіт­шілік саясаты еді. Олар бұл баланың туылуын екі отбасынан күтті. Бірі Октавиан отбасында, екіншісі Асиний По­лион жанұясында. Брундисейлік бейбітшілік осы баланың өмірге келуімен суреттеледі. Бұл Октавиан мен Антонидің достасуына әкеледі. Асиней Полион отбасында бұл бала туылады. Бірақ «бала» шынайы өмірде болмаған қиялдың жемісі еді. X эклогта Корнелей Галло деген махаббат күйігіне өртенген бейнені көреміз. Оқиға жырды түйіндейді.

Екінші «Егіншілік туралы жырда» (б.з.д. 36-24 ж.) - «рахат» өмірді шаруалар еңбегінен іздейді. Ақын осы жазу үшін шығармасын жеті жыл күткен, тек 29-шы жылы Акциумдағы шайқастан кейін ғана қолына қалам алады. Бұл шығарма 4 кітаптан19 тұрады.

Үшінші жыр - «Энеида» да «Илиада» мен «Одиссеяға» ұқсас поэма. Бұл поэмада импера­тор Августтің «түп атасы» Энейдің жорықтары мен шайқастары жайлы баяндайды. Негізгі кейіпкер - қашқын, өзінің Отанының күйреп жатқанын көре тұра қашып кетеді. Анти­ка­лық биографтардан Вергилий кітабын он екі бөлімді құрайтынын білдік. Б.з.д. 19-шы жылы «Энеида» дайын болуға жақын қалған еді. Автор енді қалған өмірінде осы шығарма­ның кем-кетігін толтырумен айналыс­пақ ойы бар болатын. Бірақ қапыда келген ажал бұл жоспарына жеткізбейді. Грекиядан қайтар жолда Вергилий ауырып, халі өте нашар күйінде Брундизийге жеткізіледі. Сонда 19-шы жылы 21 қыркүйекте қайтыс болады. Ол өлер алдын­да өзінің бітпей қалған поэмасын өртегісі келеді және өзінің баспаға берілмеген жұмыстарын жарыққа шықпасын деп өсиет етеді. Бірақ Август бұл өсиетке қарсы болып, барлық қалған еңбегін оның ақын достарының қолына ұстатып, бастыруға тапсырыс береді.

Вергилийдің классикалық үлгіде жазылған шығармасы «Энеиданы» орыс қаламгері В.Брюсов зерттеп, орыс тіліне аударған.

Гораций (б.з.д. I ғ.). Квинт Гораций Флакк б.з.д. 5-ші ж. 8 желтоқсанында Италияның оңтүстігіндегі Венузия жерінде дүниеге келген.

Гораций - барлық білім баспалдағынан өткен кемел адам. Басында кәдімгі Римдегі Орбилия мектебінде алғашқы оқуын бастап, сол жерде ол Ливий Адроник пен Гомердің «Латындық Одиссейін» оқиды, содан кейін Афиныдағы Платон академиясында грек әдебиеті және филосо­фиясымен айналысады Бұл академия сол кезде Афиныдағы мансабы биік жоғар­ғы оқу орны болып саналған. Афиныда ол грек тілін өте жақсы меңгереді, тіпті сол тілде өлеңдер де жазады.

Алғашқы өлеңдерін 39-38 ж. латын тілінде жазудан бастайды. «Сатира» бастамасы болған гексометрикалы, «Эподтарының» бастамасы болған ямбалы туындылары жарыққа шыға бастай­ды. Горацийдің әдеби ізденістері оның классикалық қозғалыспен қатар жаңғыра бастайды. Өйткені Гораций П.Вергилий Марон және Л.Варий Руф басқарған классикалық қозғалыстың өкілі болады. Б.з.д. 17-ші ж. ел керемет салтанатпен «ғасырлық ойындар», яғни азаматтық соғыс кезеңі­нің соңы мен Римнің өркендеуінің жаңа дәуірін, «ғасыр жаңаруын» тойлайды. Август Горацийге мерекелік рәсімге әнұран жазуды тапсырады. Салтанатты «Мерейтойлық әнұран» б.з.д. 17-ші ж. 3 тамызында Аполлон ғибадатханасында 27 ұл және 27 қыз балалардан тұра­тын хорда айтылады.

Содан бастап Гораций зор атаққа ие болады. Халық алдында сөз өнерінін нағыз шебері ретінде танылады. Гораций соңғы он жыл өмірін әдебиет мәселелеріне арналған «Жолдау» кі­та­бына арнай­ды. Үш жазбадан тұратын кітап б.з.д. 19-10 ж. аралығында жазылған. Бірінші Августке арналған жолдауы 12 ж. шықса, екінші Юлия Флорға арналған жолдауы 20-19 ж. аралы­ғында туған, үшіншісі Пизонға жолдауы 10-шы жылдарда жазылған.

Гораций б.з.д. 8-ші жылдың 27 қарашасында ол 57 жасқа толған кезінде кездейсоқ ауру салдарынан қайтыс болады.

Овидий (б.з.д. I ғ.). Публий Овидий Назон б.з.д. 43-ші ж. Сульмоне қаласында дүниеге келген. Ол Римдегі ауқатты тектен шыққан. Әкесі баласын мемлекеттік шенеунік қылуға тырысқанымен, Овидий әкесінің ол үмітін ақтамайды.

Болашағы толық қамтамасыз етілген және мемлекеттік міндеттерден босатылған Ови­дий Римде жеңілтек өмір салтын жүргізуге кіріседі. Соншалықты зор дарынға ие бола тұра, ол өзінің поэзиясына жеңілтек бейнелер мен сарындарды жиі енгізеді. Ал, ол Августің ескіні жаңғырту, қатаң тәртіпті орнату саясатына қайшы келеді. Сондықтан Овидий өлеңдерінің Рим қоғамына теріс ықпалын көрген Август оны Рим империясының шеткі солтүстік-шығы­сын­дағы Томо (қазір қала Румынияда) қаласына жер аударуға бұйрық береді. Ақын шығар­ма­ларында өзінің Римдегі соңғы түнін, әйелімен, балаларымен қоштасуын, төгілген көз жа­сын, ұзақ та қауіпті теңіз жолында, бораннан аман қалғанын өте мұңды суреттермен бейне­леген. Әйеліне, достарына, Августке жазған хаттарында кешірім сұрайды. Бірақ Август те оның орнын басқан Тиберий де оның өтінішін қарамайды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған Ови­дий бөтен елде өмір сүріп, он жыл шет жерде жүріп, б.з. 18-ші жылында Римнен алыс жерде дүние салады.

Шығармашылығының алғашқы кезеңі тек махаббат элегиясына арналған. «Кейіпкер­лер» немесе «Жолдамалар» мифологиялық кейіп­керлердің өз сүйгендеріне жолдаған 21 ха­ты­нан тұра­ды. Ал екінші кезеңінде өсіп келе жатқан империяны мадақтауға тырысады. «Өзгерістер» - бұл кезеңнің басты шығармасы. Бұл шығармада автор әдебиеттегі кең тараған әлеуметтік өзгерістерді, айналым­дарды кеңінен қолда­нады.

Овидий - өз шығармалары арқылы Рим әдебиетіне үлкен үлес қосқан ақын. Дарынды тұлғаның туындылары Рим әдебиетінің қарыштап дамуына септігін тигізді. Оның жоғарыда атал­ған шығармаларының әрқайсының өзіндік ерекшелігі, өзіндік құндылығы бар.

Сенека (б.з.д. I ғ.). Луций Анней Сенека - мемлекет қайраткері әрі әйгілі Рим жазушы­ла­­ры­ның бірі болған. Сенека Римде ритори­калық білім алып, оны философиялық дәріс алумен кеңейтеді. Сотион, Аттал, Фабиан Папирий Сенеканың философиялық ұстаздары бо­лады. Платон мен Эпикурге қызығушылығы басым бола тұрса да, ол өмірінің соңына дейін стоицизмге бейімділігін жоғалтпай сақтайды.

Оның әдеби мұралары философиялық шығармалар мен поэтикалық туындылардан тұрады. Бірінші топқа Тибериде зардап шеккен тарихшы Кремуций Кордтың қызы Марциге жұбаныш жолдау хаты, Гельвийдің анасы мен беделді де ерікті Клавдий Полибиге айдаудан жолдау хат. Екінші топтың мазмұнында этика мәселелері («Ашу-ыза туралы», «Өмірдің қыс­қа­лығы туралы», «Қайырымдылық туралы», «Бақытты өмір туралы», «Жанның жайлы­лығы туралы», «Данагөйдің шыдамдылығы туралы» т.б.), «Табиғи-ғылыми сұрақтар» мен «Луци­лиге мораль тақырыбындағы хаттар» жинағы.

Поэтикалық туындыларында өлтірілген император Клавдийге арналған «Асқабаққа айналу» сатирасы, эпиграммалар және «Есерленген Геркулес», «Трояндар», «Финикияндар», «Ме­дея», «Фед­ра», «Эдип», «Агамемнон», «Филет», «Этедегі Геркулес», «Октавия» деген 10 трагедиясы жатады.

«Шарапат туралы», «Адамгершілік туралы» трактаттарында ол «білімпаз монарх» идеа­­­лын суреттейді, сонымен бірге қалың топты жақтырмайды, құл иеленуші жоғарғы таптың көңіл-күйін бейнелейді.

Сенеканың барлық шығармалары (философиялық) дидактикалық, тәрбиелік мәні бар туындылар. Оның философиялық шығармаларының ерекшелігін бейнелі тілмен өрілген ан­титезалар, парадокстар, есте оңай сақталатын сентенциялар құрайды.

«Агамемнон» трагедиясында Сенека оқиға сюжеті арқылы қарапайым өмірді дәріп­тейді. Қарапайым өмірге қарама-қайшы трагедиялар ретінде байлардың мастығы мен тирандардың үстемдігі суреттеледі.

Қайта өрлеу дәуірінде де Сенека траге­дия­ларының маңызы зор болды.



III ғасырдағы дағдарыс және Антикалық мәдениеттің соңы. Рим империясының қоғам­дық, мемлекеттік және идеологиялық құрылымындағы ақырын үдеген дағдарыс б.з. III ғ. белең алған. Империяны құлдар мен кедейлер басып алып, солтүстігіне германдықтар, шығыстан пар­сы­­лар басып кіріп, әрқайсысы өзінің императорын жария етуге асықты. Ұзақ анархия басталып, 70 жылдан аса уақыт ішінде Римде 37 билеуші ауысады. Дағдарыс 235 ж. Северлер әулеті билігінің құлауымен басталса, 323 жылы Константиннің біріккен держава құруымен аяқталды.

Идеологиялық дағдарыс саяси-қоғамдық дағдарыспен бірге дамыды. III ғасыр антика­лық мәдениет тарихында ең қолайсыз кезең болып табылады. Антониндер империясының ресми жарылқауымен негізі қаланған екінші софистика өмір сүруін тоқтатады. Дағдарыс қарсаңын­да «Софистер өмірі мен шығармашылығын» тәмамдайтын шешен Филостраттың қорытын­ды­сымен аяқталады. Сонымен, риторика Филостраттан кейін, поэзия Оппианнан кейін, ғылым Дион Кассийден кейін тоқтайды. Жалғыз тірі идеялық күштің иесі болып дін мен философия қалады.

III ғ. философия неоплатонизммен сипатталады, ол антикалық мәдениеттің соңғы ұлы жемі­сі. Неоплатонизмнің негізін салушы - гректік Египет философы Плотин (204-270 ж.), ол 243 ж. Римде сабақ берген. Плотин өз жүйесін тек Платон оқуының «өзгертіндісі» деген. Шынында, бұл біздің заманымыздың басынан дамыған философиядағы діни-идеологияның бағыттарының аяқ­та­луы еді... Неоплатонизм антикалық мәдениеттің шарықтау шегі болды. Бұл өмірдегі хрис­тиандық көзқарастың антикалық параллелі болды.

Б.з. III ғ. антикалық әдебиеттің құлдырауымен сипатталады. Шынында, Рим империясы Диоклетиан мен Константиннің күшімен қайта құрылған батыста 200 жыл, Византияда 1000 жылдай өмір сүрді, бірақ бұл мүлдем басқа (феодалды, абсолютті, христиан) мемлекет болды.



***

Рим әдебиетінің дамуы, оның «алтын дәуірі», Рим империясының пайда болуы мен күйреуі антикалық әлемнің дамуының соңғы кезеңіне келді.

Рим әдебиетінің кезеңдерге бөлінуі әдеби латын тілінің дамуымен сәйкес келеді:

I. Ежелгі кезең Рим әдебиетінің пайда болуына дейін (б.з.д. 240 ж. дейін);

II. Архаикалық кезең. Цицеронның әдеби кызметіне дейін (б.з.д. 240-81 ж.);

III. Рим әдебиетінің «алтын дәуірі».

а) Цицеронның заманы - Рим прозасының гүлдену кезеңі (б.з.д. 81-43 ж);

б) Августың заманы - Рим поэзиясынын гулдену кезеңі (б.з.д. 43-14 ж.);

IY. Рим әдебиетінің «күміс дәуірі» (14-117 ж.)

Y. Соңғы императорлық кезең (117-476 ж.)

***

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Рим империясының құрылу алғышарттары

  2. Римдегі жазба әдебиетінің қалыптасуын сипаттаңыз

  3. Рим драматургиясына түсіндірме беріңіз

  4. Ежелгі Римдегі шешендік өнер мен оның өкілдері


  5. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет