Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет10/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   36

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Корей поэзиясының тақырыптық аясы.

  2. Жапон поэзиясының ұлттық антологиясы «Манъесюге» тоқталыңыз.

  3. Ли-Чан дәуіріндегі вьетнам әдебиеті.

  4. Жапон прозасындағы «моногатари» жанры.



Таяу Шығыс пен Орта Азияның ортағасырлық әдебиеті

YI ғ. соңы мен YII ғ. басында Арабия жарты аралын мекен­деген бәдәуи тайпалары эко­но­ми­ка­лық дағдарысқа ұшырайды. Су­дың жетіспеушілігі оты­рық­­­шылыққа, егін шаруа­шы­лы­ғымен айна­лысуға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне жайылым, жер, су аздығынан бір тай­па, екінші тайпамен қақты­ғысып, оқтын-оқтын жауласып та отырған. Мекке Араб жарты ара­лын­дағы кішігірім шаһары арқылы сол кез­де­гі өте ірі керуен жолы өтетін. Ислам діні әуелі Мекке қаласынан тарады.

YІІІ ғ. соңына қарай араб шапқыншылығы нәтижесінде Орта Азия, Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Батыс Еуропаның алып территориясы араб­тарға тиесілі болады. Бұл үлкен та­ри­хи маңыз­ды оқиға болатын. Көп бөлігі алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүріп жатқан араб тайпа­ла­­рының бірігуі ислам дінінің негізінде жүреді. Жаулап алынған елдерде ислам дінін күштеп енгізу болмаса да, халықтар­дың көбі өз еріктерімен мұсылман болып жатты.

Құран – араб тілінде «көп оқылатын кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран – Ұлы Жарату­шы­ның ақыретке дейін келіп- кетер барша адамзатқа тура жол көрсету үшін соңғы пайғамбар Мұхаммедке с.ғ.с. уахи арқылы түсірілген, оқылуының өзі ғибадат саналатын мәңгілік иләһи кітап. Аллаһтың Елшісі с.а.с. - сол кітаптың түсіндірушісі. Құран – қоғамдық әрі әлемдік барлық проблемаларға шешім беретін, адамның санасы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды аша­тын, екі дүниенің бақытын көрсетіп, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, тылсым ғаламның мән-мағынасын ашып, адамзатқа жүктел­ген төл міндетін түсіндіретін, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы қасиетті кітап.

Құран Кәрімнің айат және сүрелер­ден тұратыны белгілі. Ал айат сөздікте - ишарат, анық белгі, дәлел, мұғжиза, нышан, ғибрат мағыналарын қамтиды. Негізінде Аллаһ тағала­ның бар екенін танытатын әрбір зат айат болып саналады. Құран айаттарының саны шамамен 6200, Құран сөздерінің саны 77934 екендігі анық.

Айаттардан құралған Құранның бөлімдері «сүре» деп аталады. «Сүре» - сөздікте жо­ғары мәртебе, абырой, биік ғимарат, яки ғима­рат­тың қабаттары, қамал деген мағынаға саяды. Термин­дік мағына­сына келсек, «айаттардан тұратын басы мен ақыры бар жеке Құран бөлімі». Өйткені Құран қаланған кірпіштердей бір-бірін сүйеген айаттардан тұратын қала­ның биік қамалына ұқсайды. Құранда 114 сүре бар. Ең қысқасы - үш айаттан тұратын «Кәу­сар» сүресі. Ал ең ұзағы - 286 айаттан тұратын «Бақара» сүресі. Сонымен қатар Қасиетті Құран сүрелері мекке­лік және мәдиналық болып екіге бөлінеді. Өйткені алғашқы айаттар Мекке­де түскендіктен меккелік сүрелер деген атау берілген. Меккелік айаттар мен мәдина­лық айат­тар арасындағы айыр­­ма­шы­лық­тарды мынадан байқауға бола­ды. Арабтар Исламнан бұрын азды-көпті 300-ден астам пұтқа табын­ған. Құран оларды тәухидке, Аллаһ Тағаланың барлығы мен бір­лі­гіне шақы­рып, пұтқа табынушылықтың жалғандығын дәлел­деп берді. Құран Кәрімде қамтылған мәселелерді төмендегідей топтап түсіндіруге болады.

1. әл-Улуһия - Тәухид мәселесі, яғни Аллаһтың бірлігі мен барлығы және Оның құдіреті туралы баяндар.

2. ан-Нубууа - Пайғамбарлық жайлы және жалпы пайғамбарлар өмірлерінен өнеге бере отырып, олардың негізгі міндеттерін білдірген баяндар.

3. әл-Адала уә-л-ғибада - Ислам дінінің негізгі ұстанымдары болып табылатын әділдік және ғибадат /құлшылық/ хақында. Қоғамдық өмір сүру заңдылығы, сауда-саттық, азаматтық құқық пен жазалау т.б. мәселелер.

4. әл-Ахира- Ақырет күні жайлы, барша жан иелерінің бір жерге жиналып, есеп беретін күнгі жағдайаттар мен өлімнен кейінгі өмір туралы ашық баяндар.

Құранда Библия мен Інжілде айтылатын түрлі оқиғалар да көп кездеседі. Мысалы, Адам ата мен Хауа ананың құдай алдында күнәһар болуы, иудалық­тардың Египет перғауындарына тұт­қын­­­ға түсіп, одан құтылуы мен Лұқман әкім туралы, Худ пен Салих секілді пайғамбар­ларды тың­да­май Аллаһ қаһарына ұшыраған Ад, Самуд секілді тайпалар жайы да қызықты әңгімеленеді.

И.М. Фильштинский зерттеулеріне қарағанда, Мұхаммед с.ғ.с. қайтыс болғаннан кейін (632 ж.) Құран мәтіні жиналып та­рау­ларға бөлініп, редакция­ланған. Әуелгі халифалар Абу Бакр мен Омар Қасиетті Кітап сөзін жинап, хатқа түсіруді пайғамбардың ізбасары Заид ибн Сабитке тапсыр­ған. Өйткені ол «Мұхаммед с.а.с. айтып еді» делінген әңгімелердің бәрін жатқа білген. Сөйтіп, Құран­ның бір ізге түсіп, жүйеленген нұсқасы канонға айналды­рыл­ған.

Құран араб тілінің сақталып қалуы мен өзге елдерге тарауы, араб тілінің грамматика­сының қалыпта­суына барынша әсер етті. Кейінгі ғасырларда өмір сүрген шығыс­тың көпте­ген ақын, жазушылары, шежіреші, тарихшы, географ­тары Құраннан көп дәйектемелер алып, оны өз шығармаларында пайда­лан­ған. Құранның пайда болуы әр түрлі араб диалектілерінің алшақтығын жойып, біртұтас араб әдеби тілінің қалыптасуына игі ықпалын тигізген.

Мұхаммед с.а.с. қайтыс болған соң оның өмірін баян ететін сандаған шығармалар - хадистер пайда болады. Хадистерге сүйеніп Құранға түсіндір­мелер (тафсир) жазылды. Мұхаммед с.а.с. өмір жолын мазмұндайтын әңгі­мелер (сира) туды. Хадистер жинағы мен Мұхаммед с.а.с. игі істері туралы баяндайтын әдебиет сунна деп аталды. Осылайша, Құран мен Сунна Ислам дінің екі қайнар бұлағы болды.

Кіші және Орта Азия мен Солтүстік Үндістандағы (қазіргі Пакистан) ислам дінін ұста­натын халықтардың мәдени дәстүр­ле­рі­нің ұқсастығы Құран­ның кең таралуы мен теок­ратия­лық мемле­кет халифаттың қалыптасуына әкеледі. Осының негізінде, шартты түрде «мұсыл­ман мәдениеті» деп аталатын мәдениеттің негіздері пайда болады. Тек умаййалар дәуірінде (661-750) ғана қысқа уақытқа жергілікті дәстүрлер алдыңғы шепке шықса, ІХ-Х ғ., аббас­тықтар билік басына келген тұстан бастап Иран мен Орта Азияда мәдениет қайта жанданып, араб мәдениетіне әсер ете бастады. Жергілікті әдеби және діни дәстүрлер исламдағы түрлі оппозициялық секталар мен философиялық ағым­дар­дың негізі болады.

«Ортағасырлық араб мәдениеті» мен «мұсылман мәдениеті» деген ұғымдарды қолдан­ғанда аса сақ болу қажет және бұл екі ұғым бір-бірімен теңдестірілмейді. Араб мәдениетінің қалыптасып, дамуына тек қана арабтар емес, сонымен қатар сирия­лықтар, коптар, парсылар мен тәжіктер, гректер мен еврейлер, испандықтар да өз үлестерін қосады.

Араб тілі әдебиетке қарағанда, ғылым салаларында кең қолда­нысқа ие болады. Мысалы, «араб әдебиеті» ұғымына қарағанда, «араб философиясы» термині ауқымды географиялық аймақты қам­тиды. Осындай үлкен аумақты қамтыған ортағасырлық араб әдебиетін дұрыс түсіну үшін жоғарыда айтылған ескертулерді естен шығар­мау қажет.

Бұл аймақтағы ортағасырлық мәдениеттің гүлденуі Батысқа қарағанда ерте басталып, арабтар мен парсылар ежелгі дәуірдің мәдени құндылықтарын ерте бағалап, олардың Батыс­қа таралуына әсер етеді. Х-ХІІ ғ. араб және парсы әдебиетінде еркін ойлау мен адамгершілік құндылықтар жоғары бағаланады. Осы сипаты жағы­нан аталған әдебиет батыс еуропалық Ренессанстан әлдеқайда жоғары тұрады.

Алғашқы кезеңдерде ислам тақуалары тіпті исламда схоласти­каның да­муы­­на қарсы тұрады. Бірақ схоластика YІІІ ғ. бастап дами бастады да, кейін грек философиясына қарсы­лық көрсеткен мұсыл­ман ғалымдарының арасынан (мутазилиттер) «еркін ойлаушылар» пай­да болады. Олар адам еркіндігі мен бостандығын алға тартады. Индетерминизм мен окказио­на­­лизмге қарай үлкен талпыныс бол­ған әл-Ашари (Х) іліміндегі мұсылман ортодоксы мен рацио­­на­лизмін қолда­нудың алғашқы қадамдары исламның ресми догмасы ретінде қабылданады.

Келесі қадамды Х ғ. басралық мектеп жасайды. Олар ислам схоласти­касын мистикалық неоплатонизммен, неопифагоризммен және Аристотель ілімінің кейбір элементтерімен бай­ла­­­ныс­тыруға тырысқан. Ортағасырлық Таяу Шығыстағы кейбір философтар астро­ло­гия мен алхи­мияға қызыға оты­рып, математика, жаратылыс­тану мен медицина салаларында да үлкен жетіс­тік­терге жеткен. Филосо­фияны діннің күңі деп есептеген батыс схоластарына қара­ған­да, мұнда теңдік тұжырымдамасы қа­лып­тасты. Араб философиялық мек­теп­теріне әл-Кинди, ибн Баджжа (Авемпас), ибн Туфейль (Абубацер), Башшар ибн Рушд (Аверроэс) сияқты араб ойшылда­ры­мен қатар әл-Фараби мен Ибн Сина (Авиценна), Омар Хайям сияқты түрік, тәжік және парсы философ­тары, бен Габироль (Авицеброн) мен Маймонид сияқты еврей фило­соф­тары да жатады. Араб философтары Батыс Еуропада антикалық философияға деген қызығу­шылықтың қайта пайда болуына әсер етіп, антикалық философия мен еуропа­лық аристо­те­лизм­ді байла­ныс­­ты­ра­тын негіз болады. Араб тілінен латын тіліне жасалған алғашқы аудар­ма­лар ХІІ ғ. пай­да болып, ХІІІ ғ. бастап араб философ­тарының, әсіресе Ибн Рушдтың еңбек­тері Батыс Еуропада кең таны­мал бола бастайды.

IX ғ. тарих ғылымы да кең етек алады. Оның көрнекті өкілдері деп араб жорықнамасын жазған Балазуриді (IX), Бағдаттың тарихын құрастырған Ибн Абу Тахар Тайфурды (IX), жалпы тарихтың авторлары әл-Йакуби (IX) мен ат-Табариді (IX) және әл-Масудиді (X) айтамыз.

Аббастық халифалар дәуірінде исламда мистикалы-аскеттік ағым - суфизм қалыпта­сады. Аскет-сопылар немесе дәруіш деп атал­ған­дар ислам әлемінде христиан монахтары секілді рөл атқар­ған. Сопылар байлықтан безініп, жер бетінің ләззат қызығынан бас тартуға, жоқшылық өмірді және Жаратушымен о дүниеде табысуға шақырған.

Араб философиясы мен ғылыми прозасында да ортағасырлық мәде­ниетке тән болған стилис­ти­калық шеберлік пен көркем әде­биет элементтері қолданылады. Дегенмен көркем гегемонияға поэзия, әсіресе лирикалық поэзия жатады. Алдыңғы, Ортаңғы, тіпті Оңтүстік Азиядағы лирика­ның дамуына арабтардың қосқан үлесі зор. Әсіресе, исламға дейінгі дәуірге жататын араб дәстүрі (Х ғ. дейінгі қасыдалар) үлкен маңыздылыққа ие болады.

Ү-ҮІІ ғ. бәдәуи поэзиясын «Жаһилия» («қараңғылық») ғасыры­ның поэзиясы дейді. Қай­сы­бір халықтың болмасын қараңғылық кезеңді басынан өткергендігі даусыз. Бірақ оларда ауыз әде­биеті болған жоқ еді деген қате пікір. Өйткені кез келген әдебиет өзінің бастауын ерте кезең­дердегі ауыз әдебиеті үлгілерінен іздейді.

Көшпелі бәдәуилер арасында өлең шығару өнері батырлықтан кем саналмаған. Өз тайпа­сының, руының даңқын шығаратын ақын­дар болғандық­тан, өлең өнерін білетіндерге қоғамы өз төрінен үлкен орын берген. Бәдәуи дүниесінде жазба әдебиеті болмаған­дықтан ақындарының шығармалары тек қана ауыздан-ауызға көшу арқылы сақталып қалды. Мыса­лы, Қурайш тайпа­сында сан мыңда­ған өлең жолдарын жатқа айтатын Махрама ибн Нуфл, Хубайтаб ибн Абд әл-Азза секілді, Хаммад ар-Рауиа (YIII), Халаф әл-Ахмар (YIII), Абу Саид әл-Хассан ас-Суккари (IX), Абу Бакр Мұхаммед ибн әл-Қасым әл-Әнуари (X) сынды үлкен дарын иелері болған.

Шындығында, бәдәуи ақындарының шығармалары ұшан-теңіз десек те, қазіргі күні бәдәуи ақындарының бізге жеткен бірнеше ірілі-уақты жинақтары жеткен. Олар Хаммад ар-Рауиа (694-772) құрастырған «әл-Муаллақат» антоло­гиясы; Муфаддал ад-Дауи (780-867) құрастырған «әл-Муфаддалиат» атты өлеңдер жинағы; Абу-л-Фараж әл-Исфаһанидің (897-967) «Китаб әл-ағани» («Ән кітабы») антологиясы; Ибн Қутайбаның (828-889) «Поэзия және ақындар» («аш-Шиир уа-ш-шуара») еңбегі; Абу Таммамның (805-886) «Китаб әл-Хамаса» («Батырлар жы­ры») антологиясы.

Араб өлең өлшемі (аруд) латын, грек өлеңі секілді квантита­тивті (созылыңқылары әрқи­лы буындардың ауысып келуі). Қысқа және созылыңқы буындар жиылып бунақ құраса, екі және үш бунақ жарты өлеңді, ал екі жарты - өлең міндетті түрде үзілістік арақаты­наспен бөлініп - бәйітті /төрт жол/ құрайды.

Классикалық араб өлеңдері, негізінен, моноримді. Сондықтан да олар көбінесе ұйқас­тың атымен (мысалы, барлық өлең жолдары: дауыссыз «ләм»-ге бітсе «ләмийа») аталатын болған. Күні бүгінге дейін қолданылып жүрген қасыданың (көлемі кішігірім поэма) ірге тасы исламға дейінгі кезеңде қаланған. Қасыда, әдетте, елу не жүз бәйіттен тұрған. Сондай-ақ бір тақырыпты сөз ететін жеті-он өлеңнен ғана құралған қыта'а өлеңі де болған.

Бәдәуи бәйіттері әдетте атты не түйелі екі жолаушының ұшы-қиыры жоқ кең далада кетіп бара жатып бір жерге түстенуінен, не көшкен бәдәуи жұрты­ның ізін көруі, өткен өмірді еске алып күрсінуінен, не қуануынан басталады. Жантақты күрт-күрт шайнап жатқан түйенің қасында отырып, ақын бақытты күндерін еске алады. Сүйіктісімен қайта кездескендей сезім­де болады. Ақын өзінің сүйген жары жайлы, сондай-ақ, араб даласы тіршілігінің алуан сыры туралы толғанып, сыр шертеді. Сүйгенінің мінезін, кескін-келбетін суреттеп өтеді. Сонан кейін ол әңгі­ме­сін кілт өзгер­тіп түйесін не тұлпарын мақтауға көшеді. Тұлпарының жүйрік­ті­гін, шыдамды­лығын, сұлулығын айтады. Мұнан соң бірден өз руының батырларын, жау­ла­ры­ның әлсіздігін айтып, бәдәуи өмірін баян­дауға көшеді. Тайпа бірлігін қорғаған, жаулармен арпалыста ерлік көрсеткен баһадүрлерді суреттейді.

Бәдәуи поэзиясында хиджа («сатира»), ғазал («махаббат жыры»), уасф («табиғатты су­рет­­теу»), мадх («мадақ»), фахр («өзін-өзі мақтау»), риса («элегия»), хамрийат («шарап жы­ры»), тардийат («аңшылық суреттері»), зухд («діни сарындағы жыр­лар»), нақаид («мыс­қыл»), насиб («әйел сұлулығын жырлау») секілді т. б. жанрлар болды. Әрине, поэзияның осы аталған жанрла­ры­ның өсіп-өркендеуіне, кең тарауына, ең алдымен, көшпелі бәдәуи өмірі ба­рын­ша әсер етті. Мысалы, әйгілі ан-Набиға өзінің дұшпаны Әмірге: «Әмірдің сөзінен ақыл­сыз­дықтың исі шығып тұрса, оған таңданудың реті жоқ, өйткені ол - надан. Әмір, сен әкеңе ұқсашы, сонда ғана ес біліп, қара айырар біреуге тартарсың. Әй қайдам, сен адам болам деген­ше шашың да ағарар. Қара қарға аппақ болар»,- дейді. Бұл өлең жолдарын поэзияның «хиджа» жанрына жатқызуға болады.

Риса жанрының шығу тегі де әріде. Жауымен арпалыста мерт болған ер жүрек бәдәуиді әйелі, туысқаны дауыстап жоқтайды. Бәдәуи ақыны батырдың ерлігін, мәрттігін, мінезін, кіші­пейіл­­ділігін айтып мадақтайды. Өздерінің қатарында оның жоқтығына қабырғасы қайыса қайғы­рады. Мәселен, бәдәуи поэзиясының тағы бір талантты өкілі әл-Ханса май­дан­да қаза болған ер жүрек ағасы Әбу Хасан Сахарды: «Жоқ, сенің ардақты атыңды ұмытпаспын! Абу Хасан Сахар қаза тапқан күннен бері мен барлық қуаныштан айрылып, бақытыммен біржола қоштастым. О, залым тажал! Қалай ғана біздің ыстық құшағы­мыздан Абу Сахарды алып кеттің» деп жоқтайды.

Бәдәуи поэзиясының көп, әрі тез өріс алған жанрының бірі - ғазал. Сүйіктісі әрқашан батыр бәдәуидің қорғанышына зәру, неме­се оның көңіліне қызғаныш уын себуші. Бәдәуи ақыны өзінің махаббатын, сүйіспеншілігін жырына арқау етеді. Мұндай лирика­лық өлең шы­ғару­шылар ішінен «поэзия падишасы» аталған Имру-л-Қайс және ибн Шаддадты атауға болады.

Поэзияның өзге жанрларымен қатар «фахр» жанры да өмір сүрді. Мұнда ақын өзінің ерлігін, руының шығу тегін, тайпа өкілде­рінің көптігін айтып мақтанады. Мысалы, Әмір ибн Кулсум өз тайпасы жайлы: «Жер жиһанды түгел жайлағандықтан бізге енді жер үсті тар­лық қыла бастады. Теңіз бетін де кемелерімізге қаптаттық. Бұл дүниедегі күнге қыздыры­на­тындардың бәрі де бізге бағыныш­ты. Біз шабуыл жасасақ, жауларымызбен арыстанша алысамыз» - деп мақтанады.

Бәдәуи ғұмырында дүниеге келген осы жанрларда бертін келе белгілі араб шайырлары Абу Нууас, Хассан ибн Сабит, Абу-л-Атаһиа өз өлеңдерімен араб әдебиетінің тарихында есімдерін қал­дырса, Андалусия, Парсы, Үнді, Орта Азия халықтарының әдебиет­те­рінде де осы жанрларда жазып, поэзия аспанында жарқыраған ақын­дар толып жатыр.

Көрнекті ақындар аш-Шанфара, Имру-л-Қайс, Әмір ибн Кул­сум, Антара ибн Шаддад шығармашылықтары бәдәуи өмірі мен тұрмысымен тығыз байланысты болса, YI ғ. екінші жартысында өмір сүрген ан-Набиға аз-Зубиани, әл-Ааша секілді шайыр жырла­ры­нан сарай өмірі мен өзге ел мәдениетінің әсер-ықпалы байқа­лады. Алайда сарай ақындары бәдәуи ша­йыр­ла­рының ежелгі дәстү­рін әлі де жадында ұстаған. Сарай ақындары шығармашылық­та­рын­да тек мадх жанрына жататын өлеңдер басым болған. Сөйтіп, бірте-бірте бәдәуи өмірін жыр еткен ақындардың орнына, сый-сияпаттарды алу мақсатында түрлі әмірлерді жырлаған ақындар көбейе бастайды.

Бәдәуи поэзиясында лирикалық өлеңдер, әдетте, қасыда кіріс­пе­сінің қызметін атқарып, өзінің жеке дара мазмұны болмайтын. Ал умаййалар тұсында лирикалық шығармалар жеке жанрға айналады, ақындар лирикалық өлеңдерге қасыданың жеке формасы ретінде қараған лирикаға көптеген жаңа эле­мент­тер қосылған, шайырлар махаббатты, ғашықтықты, махаб­баттың адам көкіре­гінде тудыра­тын қайғы-мұңын, үміт, төзім секілді сезімдерін жырлайды.

Арабияның махаббат лирикасын қалалық (умарлық) және дала­лық көшпелі бәдәуилік (узрлық) деп екіге бөлуге болады. Бәдәуи лирикасында қаймағы бұзылмаған, адал да таза махаб­бат жырланған. Оның көрнекті өкілдері деп Бусайна сұлуды жыр еткен Жамил ибн Маамар, Тауба ибн Хумайир­дың сүйіктісі Ләйлә әл-Ахийалия, екінші бір Ләйлә есімді аруға ғашық болып Мәжнун атанған әл Амирилерді айтамыз.

Жалпы, аббасилер әулеті билеген ғасырлар әдебиеті шартты түрде «Жаңару», «Ежелгі дәстүрге қайта оралу», «Әдеби синтез дәуірі» деген үш кезеңге бөлінеді.

Жаңа қоғам келуіне байланысты әдебиетте де жаңа тақырып туады. Музы­канттар мен әнші, бишілер ерткен сарайлардағы­лар­дың түрлі қабылдаулары, отырыс, ойын-сауықтары т.б. поэзия­дан кең көрініс таба бастайды. Шарап тақырыбы шарықтау шегіне жетеді.

Атақты төрт жолды өлең жанры - рубаи таза ирандық болып табылады. Бұл жанрдағы өлең­дердің біразын ұлы парсы ақыны әрі философ Омар Хайямның шығармашылығына жатқызады. Бұл тамаша филосо­фиялық лирика исмаилизм сияқты еретикалық идеологиядан, философиялық еркін ойлау мен сопылықтан нәр алады. Атақты сопы ақындардың төрт жолды өлеңдерінде сопылық мистицизм (құдайға деген махаббат, даналық бұлағынан су ішу және т.б.) бойынша түсіндірілетін эротика мен шарапты мадақтау үлкен маңызға ие болған.

Исламға дейінгі кезеңде арабтар батырлар жырын білмеген. Сондықтан да ежелгі араб ақындары Антара мен Мәжнүн туралы аңыздар эпостың кейінгі даму кезеңіне жатады.

«Сират Антара»27 («Антараның өмір жолы») атты шығарма араб әдебие­тіндегі керемет үлгіде жазылған батырлық-романдық эпос болып табылады. Ол - тарихи оқиғаларға негізде­ліп өлеңмен жазыл­ған шығарма. Сираттың бас кейіпкері - атақты бәдәуи ақыны Антара ибн Шаддад әл-Абси. Бұл ескерткіш жанры жағынан неміс және француз эпостарын еске түсіреді.

Прозаикалық эпос жағынан арабтар шығыс, әсіресе, үнді халық ертегілері мен үлгі-өнегеге толы повестерді («Калила мен Димна», «Варлаам мен Иоасаф» пен ирандық «Тоты­құс ерте­гілері») жеткізуші ретінде үлкен маңыз­дылыққа ие болды. Бұл дәстүрмен «Мың бір түнде» келті­рілген ертегілер де байла­нысты. Орта ғасыр­ларда туған прозалық шығармалар қатарына жатып, ертегі, әңгіме, новеллалар жинағы әлем әдебиетінің классикасына айналған.

«Мың бір түн»28 - араб, үнді, парсы халықтарының әр ғасырда туған ертегі­лерінің жиын­ты­ғы. Дегенмен батыс ориенталистерінің бірі Сильвестер де саяси араб филология­сы­ның өзекті мәселелеріне арналған зерттеулерінде «Мың бір түнді» белгілі бір автор жазған деп айта отырып, ертегілерде кездесетін парсы, үнді элементтерін жоққа шығаруға тырысса, Барье де Мейнар керісінше «Мың бір түн» ертегілеріне негіз болған деп парсы, үнді тілде­рі­нен араб тіліне ауда­рылған ертегілер мен түрлі тарихи жылнамаларды атаған. Сондай-ақ ол парсы халқының «Хазар афсана» (Мың ертегі) атты жинағының орта ғасырларда араб тіліне «Альф хурафат» (Мың ертегі) деген атпен аударылған, кейінірек оның «Альф лайла» (Мың түн) боп аталып кеткеніне баса назар аударған.

Дамыған қала мәдинетінің негізгі жемісі ретінде алғашында араб, кейін еврей және пар­сы әдебиеттерінде кең тараған мақама жанрын атауға болады. Мақамалар таңдаулы айла­кер­лік, қулық-сұмдық, тапқырлық жайлы новеллалар, онда сауатты, әрі білімдар, тапқырлар мен кезбе, қайыршылар жайлы өзіндік сипат беріп, орта ғасырдағы мұсылман қалала­рын­да­ғы өмір мен тұрмыс-тіршілікті сатиралық кейіппен бейнелейтін прозалық жанр болып табы­лады. Орта ғасырлардағы араб әдебиетіндегі поэзия мен прозалық шығармалар осы кезеңмен тұстас еуропа­лық әдебиетпен ұқсастығы байқалады. Мақама - арабтың төл жанры. Арабтық ықпалмен Шығыс халықтары арасына тарап, тек қысқаша сюжеттік үйлесім­ді­лігімен еуропа тапқырлық новелла­лармен сәкес келуге жақын.

Сондайларға арналған мақаманың бірі - «Бану Сасан» (Сасан балалары)29, тарихтағы ирандық билеуші әулет атымен аталған.

YII-YIII ғ. арабтар Иран, Византия, Орта Азия, Солтүстік Афри­ка, соны­мен қатар Испа­нияны да басып алады. Арабтар Испанияны әл-Андалус деп атаған. Ислам дінін жергілікті халық­тың көбі қабылдағанымен, хрис­тиандардың біршамасы өз дін­де­ріне берік боп қала бер­ген оқтын-оқтын көтерілістерге шығып отырған. Әйткенмен, Андалу­сияны умаийа әулеті билеген дәуірде Кордова сауда мен мәдениеттің ірі орталығына айналады. Ал әдебиет пен ғылым жағынан андалусия­лықтар Бағдат пен Каирдың жазушы, ақын, ғалым­дарының алдын­да ғана бас иген. Арабтар испандықтарды басып алғанымен, оларға терең маз­мұнды әдеби шығармалары мен мәдениетін ала келеді. Испаниядағы араб әдебиеті «еліктеу» (YІІІ-Х), «жаңару» (ХІ-ХІІ) және «құлдырау» (ХІІ-ХYІ) деп аталатын үш кезеңге бөлінеді.

IX ғ. аяғында Андалусияда Шығыс әдебиетіне бейтаныс муашшах30 және заджал аталған жаңа жанр пайда болады. Иби Халдун муашшах жанрын Муқаддам әл-Қабри деген ақын дүниеге әкелгенін айтса, И.М. Фильштинский бұл жанрдың шы­ғуы­на белгілі бір дәре­жеде арабтанған испан халқының арасында өмір сүрген роман халқы поэзиясының әсері болған деген жорамал жасайды. Әл-Қабриден кейін бұл жанрда Убада әл-Қаззаз, ибн Рафа ар-Рассах, әл-Ағма ат-Тулайтили, Ибн Баджа, Абу Бакр ибн Зухр, әл-Мукр ибн әл-Фарас, ибн Сана әл-Мулк секілді Гранада, Толедо, Альмериялық ақындар қоштаған.

Қорыта келіп, жалпы Таяу Шығыс әдебиеті бір жағынан Батыс Еуропадағы ортаға­сыр­лық әдебиетке тән кезеңдерден өткенін, екінші жағынан дамыған қала мәдениеті, филосо­фия­лық еркін ойлау мен еретикалық ағымдардың әсерімен Батыс үшін тек Қайта өрлеу дәуірінде мүмкін болған адамгершілік үлгілерін ерте негізге алғанын атап өту қажет.


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Әлем әдебиетіндегі ортағасырлық Шығыс әдебиетін жіктеу мәселелері.

  2. Араб поэзиясындағы ақындар мен олардың шығармашылық ұстанымдары.

  3. Араб халифаты кезіндегі (YІІІ-ІХ ғ.) араб тілді әдебиеттің қалыптасуы.

  4. Араб-иран әдебиетінің синтезі.

  5. Ортағасырлық Шығыстағы сарай поэзиясы (ІХ-ХІІ ғ.).

  6. Орта ғасырдағы повесть (араб, парсы, үнді).


Орта ғасырлардағы парсы-тәжік әдебиеті (ІХ-Х ғ.)
Парсы тіліндегі парсы-тәжік әдебиеті шығыс ирандықтар мен тәжіктер мекендеген тер­ри­­то­рияда пайда болып, кейіннен батыс ирандықтар, яғни парсылықтар жеріне де тара­лады. YІІІ-ХY ғ. парсы әдебиетінің дамуына басқа халықтар, әсіресе орта азиялықтар, оның ішінде Иран және Әзербайжан тұрғындары ат са­лы­сады. Иранмен шекаралас үнді және түрік жерле­рін­де де фарсы тіліндегі әдебиет қалыптасады.

Иран және Орта Азияны арабтардың басып алуының ұзаққа (635 ж. басталып тек YІІІ ғ. 20 ж. ғана аяқталған) созылуы күрделі де, қиын тарихи оқиға болып, жергілікті тұрғындар­дың қоғам­дық-экономикалық, саяси, мәдени өміріндегі үлкен өзгерістерге себепкер болады.

Дін мен мемлекеттің рес­ми тілі ретінде ол бүкіл Араб халифатына жалғыз жалпыға міндет­тел­ген әдеби тіл болып қалыптасады. Араб тілінің енуі ислам мәдениеті мен араб поэ­ти­касының кейбір элементтерін қабылдаған тәжік-парсы әдебиетіне айтар­лықтай өзгерістер әкеледі. Сонымен қатар бұл әдебиет ежелгі иран­дық дәстүр мен өзіндік ұлттық ерекшелігін сақ­тап қала алған. Y-ІХ ғ. басқа мәдениетпен етене араласқан араб тілді парсы-тәжік әдебиеті айтар­лықтай байи түседі. Бұл үдеріс тек араб әде­бие­тін жаңа сатыға көтеріп қоймай, кейіні­рек­те пайда болған парсы тіліндегі классикалық әдебиеттің негізін де қалайды. YІІІ-ІХ ғ. араб тілді, шығу тегі жағынан ирандық ақындар әл-Хурайми, Башшар ибн Бурд (714-783) жә­не Абу Нууас (762-813) өздерінің лирикалық, панегирикалық және сатира­лық өлеңдерінде қа­­ла­лық­тардың көңіл-күйін, Иран жеріне деген махаббат сезімдерін біл­дір­ген. Аталған ақын­дар­дың шығармашы­лық­тары арқылы поэзияда парсы тілді әдебиеттің негіз­гі бөлігіне айналған адамгершілік құндылықтары мен махаббат тақырыбы пайда болады. YІІІ-ІХ ғ. ирандықтар мекен еткен Хорасан мен Мауереннахр (Трансок­сиан) аталған ауқым­ды аймақта (әсіресе Самарқан, Бұқара және Мервте) парсы әдебиеті пайда болады. Парсы-тәжік әдебиеті ирандық әулеттің (Тахирилер, Саффарилер, Саманилер) билікке келуі­не себепші болған және иран тілі мен дәстүрінің пайда болуына септігін тигізген анти­араб­тық толқынның негізінде дамиды.

Х ғ. басында мемлекеттің экономика саласын нақты феодалдық формаға келтірген Араб халифатынан тәуелсіз, орталықтандырыл­ған шығыс ирандық Саманилер мемлекетінде (887-999) әде­биет­тің дамуына қолайлы жағдай қалып­тасады. Мәдениет шарықтау шегіне жетіп, жергілікті және керуендік сауда қарқынды дамиды. Бұқара мемлекеттің тек астанасы ғана емес, сонымен қатар бүкіл Орта Азия және Шығыс Иранның мәдени өмірінің орталығына ай­на­лады. Дәл осы Бұқарада алғашқы фарсылық поэзия және проза мектебі негізделіп, гүлден­ді. Бұл мектептің мұрасы әдебиет дамуында классикалық дәстүр ретінде маңызды орынға ие.

Атақты ақындар ежелгі иран дәстүрін басшылыққа ала отырып, таза ирандық поэтика­лық формадағы (маснауи) ауқымды шығармалар жазып, халықтық дубейтиге негізделген, бірақ аруд өлең өлшемімен жазылған (парсыша аруз) лирикалық және философиялық төрт жол­ды өлеңдер шығарады. Негізінен, олар екі тілді ақындар болды: Абу Шукур Балхи, Абу-л-Хасан бен Ильяс Ағаджы Бухари, Хаким Хаббаз, қолөнершілер қатарынан Нишапури, атақты ақын әйел Рабиа бинт Кааб Куздари Балхи және т.б.

Алайда фарсы тіліндегі поэзияда Рудаки есімі мен оның шы­ғар­машылығы ерекше орын­ға ие. Рудакидің (858-941) өмірі жай­лы мәлімет көп емес. Дегенмен Рудаки ұзақ өмір сүріп, қартайып қайтыс болады дейді.

Жас ақын Саманилер әулеті сарайына танымал болғанға дейін, халық арасында есімі әрі әнші, әрі музыкант ретінде таралады. Жазбаша поэзия ол кезде тек сарай ішінде ғана дамы­ған. Кейін Саманилер сарайында қызмет еткен кезінде байлық пен сый-құрметке бөленеді. Рудакидің көр соқыр болуының дәлелі мен өмірінің қайғы-қасіретке толы болғанын оның өлеңдеріндегі автобиографиялық фрагменттерден, әсіресе «Исаның үш көйлегі» тура­лы аңыздан көре аламыз. Көр соқырлығының неден, қалай болғандығының себе­бі белгісіз. Оның шамамен 300 000 (кейбір мәліметтер бойынша 1 300 000) болатын екі шумақты өлеңдерінен біздің зама­ны­мыз­ға тек жеке өлеңдері мен негізгі үш тақырыпта топтастыруға болатын жекелеген фрагмент­те­рі ғана жеткен. Олар - лирикалық, пейзаждық және махаббат өлеңдері. Сұлу күңге деген терең, траге­дия­лық махаббат сезімімен шабыттанған өлеңдерінің негі­зін­де кейінгі ұрпақ аңыз да шығарған.

Жеті дидактикалық поэма-маснауилерден тек үзінділері ғана сақталған және олардың екеуі­нің атауы ғана белгілі. Бірі - әйелдердің қулығы жайлы тәрбиелік мәні бар поэтикалық шығарма «Синдбад-наме» - «Күн айналымы»; екіншісі - араб тілінде сақталған «Калила және Димна» атты пехлевейлік шығарманың поэтикалық көшірмесі. Рудакидің «Калила және Димна» шығар­масы 12000 бейттен (екі шумақты өлең) құралған. Соңғы онжылдықтарда аталған шығарманың жаңа үзінділері табылып, барлығы шамамен 120 бейт, яғни поэманың 100/1 бөлігі белгілі болады.

Рудаки өзінің мадақтарында қалыптасқан ұйқас нормаларын бұзып, онда патша мен ақсүйек­терді мадақтау арқылы, олардың адамгершілік қасиеттерін оятпақшы болған. Оның өлеңдерінде қоғамдық теңсіздікке қарсылық көрініс тапқан, халық­тық «біреу және басқалар» сарыны оның тек ізбасар­ла­рында қайталанып қана қоймай, кейін де көптеген атақты ақын­дардың (Насир Хасров, Саади және т.б.) шығармашылығында қайталанады

Саманилердің үстемдік еткен кезеңінде иран көнелігіне қызы­ғу­шылық пайда болып, әсіресе араб басқыншылығына дейін өмір сүрген тарихи батырлар мен патшалар жайлы парсы тілінде аңыздар мен мифтік хикаялар жарық көреді. Бұл мифологиялық жинақтарды, әдетте «Шах-наме» (Патшалар туралы) деп атайды.

Ежелгі ирандық мифтер, аңыздар мен хикаялар Фирдоусидің «Шах-наме»31 эпопея­сын­да жаңа сарынға ие болады. Абу-л-Қасим Фирдоусидің өмірі - басқа иран классиктерінің өмірі сияқты, көптеген аңыздарға толы. Болашақ ақын 932-941 ж. арасында Хорасан­дағы Туса қаласында дүниеге келген деген болжам­дар кездеседі. Фирдоуси шаруа отбасында, өзінің әкесінің үйінде білім алады. Ол араб тілі мен орта парсы тілін білген. Кейін де оны «хаким» - «ғұлама», «дана» деп атаған.

Фирдоусидің жастық шағы Саманилердің шығыс-ирандық феодалдық мем­ле­кетінің кемел­денген кезеңімен сәйкес келеді. Бұл иран халықтары тарихының жарқын кезеңі болған. Дәл осы кезде Фирдоуси өз эпопеясын жазуға кіріседі, бірақ ол эпопеясының бірінші үлгісін 994 ж. бітіре салысымен, Саманилер мемлекеті көшпенділер соққысынан құлдырайды. 999 ж. түрік-қарахандықтар мемлекет астанасы Бұқараны басып алып, Саманилер билігі аяқталады.

Фирдоуси өмірлік құбылыстарды, табиғат пен адамды ішкі және сыртқы деңгейде бейнеледі. Сырттай батырлар «Шах-намеде» эпикалық түрде бейнеле­неді. Бұл жерде ақын халық дәстүріне сүйенеді. Халық түсінігінде қалыптасқан батыр бейнесін алады. «Шах-намеде» драмалық бейне­лер де кездеседі. Ерекше сипаттағы диалогтар арқылы батырлардың жан дүниесі көркем бейне­ленеді.

Парсы тіліндегі әдебиеттің қалыптасып, дамуы Хорасан мен Орта Азия аймағында орын алса, Батыс Иранда жаңа әдеби тіл тек Х ғ. басында ғана тарайды. Алғашында Батыс Иранда Хора­сан­мен салыстырғанда араб тілінің орнына парсы тілі емес, оған жақын тараби тілі (ежелгі мазендералық) тарап, алғашқы араби емес шығармалар тараби тілінде жазылған болатын.

Батыс Иран ақындарының шығармашылығы туралы өте аз көлем­де сақтал­ған өлеңдер арқы­лы ғана талдау жасауға болады. Бұл өлеңдер гедонистикалық, мадақтау және сарай поэзиясының үлгілері болып табылады. Шығыс Иран шығармашылығынан ол өзінің поэтикалық формасының көркемділігі, терең мәнділігі мен күрделілігі арқылы ерекшеленеді.

Батыс Иранның әдеби тілдерінің негізінде, араб және парсы тілдерінде және жергілікті диалекттерде өлең жазған - Камалиддин Бундар (1010) мен оның ізбасары Газаири (шамамен 1040 ж. қ.б.) болды. Олар Хорасанның атақты панагериктерімен бәсекеге түсе алған. Екі әдеби орталықты байланыстырған ұлы ойшыл Ибн Сина­ның кере­мет философиялық-лирика­лық шығарма­шы­лығы болатын. Ол өзінің шығармашылық өмірін Бұқа­ра­­да бастап, Батыс Иранда аяқтайды. Оның философия, логика, әлеуметтану, әдебиеттану, поэзия, лингвистика, жараты­лыс­тану мен медицина салаларының дамуына қосқан үлесі зор. Ибн Сина филосо­фиясын оқымай, классикалық парсы поэзиясын түсіну қиын. Ибн Сина Декардтан алты ғасыр бұрын өзінің «Ишарат» атты еңбегінде «Мен ойламын, ендеше мен өмір сүремін» деп жазған. Бұл оның прогрессивті тенденцияға айналған күрделі дүниетанымдық көзқарасын көрсетеді.

Ол жанның мәңгілігін растап, оны дәлелдеген, барлық нәрсені табиғи тұрғыдан түсін­дір­ген. Ибн Сина Аллаға сенген, бірақ оны абстракцияға айналдырып, мәңгілікті табиғи тұр­ғы­дан түсін­дір­ген. Мысалы, найзағай сияқты аспан құбылыстарын суреттей отырып, оны физи­калық ғылым­дар тұрғысынан түсіндірген. Бірақ оның арғы жағында бәрі бір Алла тұр­ға­нын мойындаған. Ибн Сина – мәде­ни әлемнің дара тұлғасы. YІІ ғ. бастап оның көптеген ең­бек­­­тері латын тіліне ауда­рыла бастап, Авиценна атымен өзі өмір сүрген дәуірдегі атақты ойшыл­­дар мен медицина сала­сындағы ғалым­дардың арасындағы жар­қын тұлға болады.

Көркем прозада да риторикалық стиль жиі қолданыла бастай­ды. ХІ ғ. Радуиннің «Шешендік өнердің түсіндірмесі» атты алғаш­қы поэтикалық жинағы жарық көреді. Сонымен қатар салыс­тыр­малы түрде жеңіл тілмен жазылған «Кабус-наме» кітабы да пайда болады. ХІІ ғ. прозада риторикалық стиль толық көрініс табады. 1144 ж. Ғазнада Абу-л-Маали жазған «Калила мен Димн­а­­ның» жаңа нұсқасы мен 1160 ж. Самарқанда Захирдің «Синдбад-намесі» пайда болады. Әзір­байжан мен Кіші Азияда бір-бірінен тәуелсіз «Марзбан-наме» атты ескі батыс ирандық дидактикалық жинақтың күрделі өңдеу­ден өткен нұсқалары пайда болады. Арабтардың мақама жанрының ерекше сипаттарын мұра еткен ұйқас прозаның көркем үлгісі ретінде Хамидид­дин Балхидың «Макам-и Хамиди» атты шығарма­сын атап өтуге болады.

Мұхаммад ибн Хусейн Абу-л-Фазл Бейхаки (995-1086) ғазналықтар тұсында 19 жыл бойы «Диван-и расаил»-хатшы (мунши) болып, сол әулеттің 30 томнан тұратын «Тарих-и әл-Насыр» атты жылнамасын шығарады. Бейхаки өз шығармасында көптеген аңыздар мен Саманилер тура­лы мағлұмат келтіреді. Жал­пы айтса, бұл шығарма тарихи жылнамадан гөрі күнделік-мемуар­­ға жақын келеді. Бейхакиге дейінгі кезеңде прозаның ерекшелігі пехлевий әдеби дәстүрін сақтап қалуға ұмтылыс болса, одан кейін араб үлгілерімен жақындасу және араб сөздерінің енуі байқа­лады. Бейхаки кітабында тарихи аңыздар мен өсиеттер көптеп кездеседі.

Нәпсі тыюшылық пен тақуалыққа бағытталған сопылық - мистикалық ілім­нің негізі Х-XI ғ. қалыптасады. Ғылымда жаңа ұғымның - «суфизм» термині пайда болды «Асхаб асса­фа», сөзбе-сөз «сафуа» - «таза­лық, қасиетті», грекше «соф» - «даналық», кабалистік ұғымда - «аин соф» - «абсолюттік шек­сіз­дік» деген ұғымдарды береді. Осы заманғы суфизм зерттеу­шісі Идрис Шах болса фонетикалық ғылы­ми бол­жам жасап, терминнің шығуын араб алфави­тіндегі үш дыбыстың – «сод», «уау», «фа» дыбыстарының кезектесіп дыбысталуының өзі адам сана­сына ерекше қалыппен әсер етеді дейді. Оның болжамы бойынша «суфия – сс уу фф адамдары». YIII ғ. бастап «суфий» сөзін «захид» – «құдайға берілген адам» сөзін ығыс­тырып шығар­ды.

Мұсылмандық дәстүрден, мутакаллимдерден, аристотельші-философтардан бөлек, тіпті, шынайы дұрыс жолға түсіп, тазаруда «Құранның» өзі жеткіліксіз дегенді сопылар алға тар­та­ды. Ал, Захид образы исламға дейінгі жаһилийа кезеңіндегі поэзияда дәруіш-диуа­на­лық, сопы­лық кейпінде кездеседі. Ислам келіп, тақуа­лық, шынайылық, дұрыс жолға түсу­ші­лік ор­на­ғаннан кейін дәруіштік, сопылық тәжірибесі христиан шіркеу мектептерінің көмегі­мен дами бастады. YII-YIII ғ. сопылық ілімнің атақты уағыз­дау­шыларының бірі Хасан әл-Басри (624-728) әділет­сіз өмірді, қайырымсыз қоғам өкілдері - жоғары тап өкілдерінен көп қысым көріп, замандастарын сопылық идеяға шақырады.

Суфизмнің кең таралуы X-XI және кейінгі ғасырларда орын алды, оған себеп, бір жағы­нан бір қалыпқа негізделген ислами догмаға және оның орындалуына рухани қанағат­сыздық болса, екінші жағынан исламдық әлеумет­тің және саяси идеалды жүзеге асырылуы­нан күдер үзген еді. Өйткені бұл кезде Ислам әлемінде әділетсіздік пен зорлық-зомбылық және саяси тұрақсыздық үстем­дік құрған заман болатын. Осындай жағдайдан жапа шеккен халық сопылық ағымнан нәр, жаңа ахлақтық бағыт тапқандай болады. Суфизмнің біреулер үшін тек ақыл ой-шабыты болса, енді біреулер үшін өмірлік көріністерді насихаттады, үшіншілерге тек философиялық көркем туын­дылар ретінде қабылдаған. ­Суфизм өмірге өз әдебиетін әкеле отырып, дәстүрлі поэзия канондарын өзгертті, ерекше символикалық стиль тудырды. Суфизм лирикасы­ның басты тақырыбы бір жаратушыға деген ерекше ыстық ықы­лас болған.

Сопылық поэзияның алғашқы өкілдері Абу Сайд Абу-л-Хайри (957-1049) және Баба Тахир Урьян (ХІ ғ. басы) халық поэзиясы­ның алғашқы формалары ғазал мен төрт шумақты өлеңді қолдан­ған. Сопылық поэзия мен прозаның негізін қалаушы Балхтан шыққан Абдалла Ансариді (1006-1086) атауға болады. Алғашында орталығы Бағдатта, кейінірек Нишапур мен сол­түстік-шығыс Иранда орнайды. Негізгі жетекшісі Балха ибн Ибрахим әл-Иджли (777 ж. қ.б.) болды. Ол араб отбасынан шық­қан. Шәкірттері арасынан кейінірек танымал болған Шаких әл-Балха және басқалар бар. Аңызға қарағанда, Балха ибн Ибрахим әл-Иджли құдайдың ерекше рақымына ие болып, мейіріміне бөленген әрі оған «жоғарыдан» уәһи түскен соң, ол биліктен кетіп, кезбешіл-жиһанкез өмір кешкен. «Төзімділік кітабында» («Китаб аз-Зудх») Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) төзімділік, сабыр жайлы айтқан хадистері берілген.

Сопы ақындарға «Хадиқат әл-хақаиқ» («Ақиқат бағы», 1131) атты алғашқы көлемді со­пы­лық дидактикалық поэма авторы Санаи (1070-1140) жатады. Басқа сопы ақындарға қара­ғанда, ақында болмысқа, ақиқатқа риза болмау мен гуманистік құлшы­ныстар айқын көріне­ді.

Нишапурлық Аттар да сопы ақын болған. Өзінің сопылық адам­гер­шілік уағыздарында Аттар халық шығармашылы­ғын пайдаланған. Оның «Мантик ат-Тайр» поэмасы («Құстардың сұхбаты», 1175) – сопылық сарында жазылған тамаша әдеби ескерткіші, ол Джалаладдин Руми, Навои және т.б. сияқты көптеген ақындардың шабытына арқау болған.

Сопылықтағы үлкен реформаны сопылықты мұсылман орто­док­сия­сымен ұштастырып, оған аскетизм мен тақуалықтың форма­сын берген ХІ-ХІІ ғ. теолог-энциклопедист Абу Хамид Ғазали болған. Х-ХІ ғ. ақындардың бір қатары қармат ілімінің жақтастары болған. Қармат ілімінің филосо­фия­лық-этикалық қырларын Рудаки, Фирдоуси, Ибн Синалардан да байқауға болады.

Гуманистік бағыттағы поэзияның шыңы ұлы ақын, мате­матик және философ Омар Хайям Гиясаддин Абу әл-Фахт ибн Ибраһим (1048-1131) есімімен тығыз байланысты. Біздің заманымызға дейін Омар Хайямның есіміне жазылған 2000-ға жуық рубаи­лар жеткен.

Хайям өзінің философиялық трактатын Эзоп тілімен, Фарс провинция­сының төреші­сінің сұрақтарына жауап түрінде өзіне қатысты құдай болмысы мен діни рәсімдерді орындау қажет­тілігін мойындамайды деген күмәндарды сейілту үшін жазған.

Қозғалыс, мәңгіліктік және тұтастық – болмыстың заңы, Хайям да осыған орай таби­ғат та топырақтан қайтадан өмір басталатынын айтады. Рубаиларынан Құдайдың әділетсіздікте­рінің айқындалу пафо­сымен қатар діни рәсімдерге деген мысқылдау байқалады. Осыған сәйкес адам тұлғасының жеке қадір-қасиеті, оның бостандығын терең түсінуі көрінеді.

Хайямның рубаиларына дұрыс және жан-жақты баға беру үшін, оның рубаиларының кейбірінің сопылық типтерін ерекше көр­сету керек. Бұл – бірін­шіден олардың философия­лық әсемдігі мен оларға тән астарлы, символикалық тіл. Хайям таза философиялық және діни-сопылық емес, ғылыми-философия­лық, өз дүниетанымы негізінде рационалды элемент­тері бар рубаи­лар жазған.

Бір ақынның шығармашылығында халықтық, аристократтық, клерикалық бағыттардың қиылысып, ұштасуы көбінесе ортоксаль­ды-діни жазбалардың арасында емес, көркем әде­биет­тен байқала­ды. Бұл толығымен тұлғаны догматтық-мұсылмандық кемсітуге қарсы, адам тұлғасының жеке қадірінің гуманистік идеясының дамуында көрініс тапты. Осымен парсы тіліндегі классикалық поэзияның әлемдік маңызын түсіндіруге болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет