Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов



бет20/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   36

Хосе Ортега-и-Гассет 1883 жылы 9 мамырда Мадридте дүниеге келген. Малагадағы колледжде оқып жүрген кезінде латын және көне грек тілдерін үйренеді. 1904 ж. Комплутен­се мадридтік университетін бітіреді. Одан кейін жеті жыл уақытын Германия универси­тетінде өткізеді. Испанияға қайтып келген соң Комплутенсе университетінде 1936 жылғы азамат­тық соғыс басталғанға дейін қызмет атқарады.

Ортега-и-Гассет 20 жылдарда әдебиеттегі жас буын өкілдерін өзінің энциклопедиялық білімімен, қызу публицистикалық темпераментімен, буржуа­зия­­лық қоғамға деген ашық жеккө­ру­шілігімен таң қалдырды.

1914 жылы Ортега өзінің алғашқы кітабы – «Дон-Кихот жайлы ой толғаула­рын» (Meditationes del Quijote) басып шығарып, өзінің «Жаңа және ескі саясат» (Yieja y nueYa politica) атты атақты дәрісін оқиды. Көп ұзамай Ортега Латын Америкасында танылып, Аргентинада бірнеше дәрістер оқып, 1923 ж. «Ревисте де Оксиденте» журналының негізін салады. Бұл журналда испан тілді халыққа философияның, ғылымның және әдебиеттің жетістіктері ұсынылады. Ортега 1933 ж. саясаттан бас тартып, азаматтық соғыс басталған кезде Испаниядан кетеді. 1936-1945 ж. аралығында Еуропада, Аргентинада, Португалияда өмір сүреді. 1948 ж. Мадридте Гуманитарлық ілімдер институ­тының негізін салады. Хосе Ортега-и-Гассет 1955 ж. 18 қазанда қайтыс болады.

Хосе Ортега-и-Гассеттің «Дон-Кихот жайлы ой толғаулар» және «Жотасыз Испания» сияқты шығармалары оның испандық ретінде де, еуропалық ретінде де ой шабытын көрсетеді. Автордың «Біздің заманымыздың тақырыбы» және «Өнердің дегуманизациясы» атты шығармаларында оның интелектуалды алғырлығы мен көркемдік таланты білінеді. Осы жерде ол адамға төмендегідей анықтама береді: «Мен мен және менің қоршаған ортам болып табыламын». Яғни адам өзін қоршаған ортасындағы тарихи жағдайлардан тыс қарастырыла алмайды. Ортега идеализм (сана ұғымын асыра сілтеу) мен реализмнің (зат ұғымын асыра сілтеу) арасынан үйлесімділік іздеп, «Мен және заттың қосындысы» өмір философиясын ұсынады. Әрбір өмір Әлемге деген көзқарастардың бірі; ешкім өзінің көзқарасын нағыз ақи­қат деп айта алмайды. Ортеганың неміс философы Вильгельм Дильтеймен таныстығы «Та­рих жүйе ретінде» (Historica como sistema, 1941) шығармасында көрініс тапқан философия­лық-тарихи көзқарастарына әсер етеді. Автор өз шығармасында адамзат болмысының негіз­гі мәселелерін зерттеуге жаңа тәсіл ұсынады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін испан әдебиетінде екі кезең ерекшеленеді. Бірінші кезең, фашисттік режим мен Франконың диктаторлық басқаруы кезеңі 1945-1975 ж. сәйкес келеді. Оның өлімінен кейін 1975 ж. Хуан Кариос Испанияның королі болып сайланады да, елде демократиялық өзгерулер болады. Сонымен қатар Испания тарихы мен әдебиетінде де жаңа кезең басталады (1975-1990).

1939 жылдың наурыз айы испан халқы үшін ең қайғылы кезеңдердің бірі болады. Республиканың құлауы мен франкизмнің жеңіп шығуы халықтың тағдырына да әсер етеді. Фашисттік диктатураның орнауы мәдениеттің дамуы­на кері ықпалын тигізіп, білім саласы қайтадан шіркеулердің бақылауында болады. Баспа, әдебиет, театр, кино цензураның қатаң бақылауына алынады. Әдебиет пен мәдениетті бақылау үшін құрылған цензуралық органдар испан тіліндегі жаңа кітаптардың басылуынаа тыйым салады.

Осы кезде испан әдебиетінде дағдарыс үдей түседі. Көптеген қоғам қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырап, Лорка, Мачадо, Эрнандес сияқты ұлы әдебиетшілер қайтыс болады. Испанияда қалған немесе соғыстан кейін еліне қайтып келген жазушылар үнсіз қалады. Олардың шығармаларын оқуға немесе басуға тыйым салынып, бірнеше жыл бойы Испания әлем әдебиетінен тыс қалады. Осы себептен Испанияның жас жазушылары өздерін «жетек­шісі жоқ ұрпақ» деп атаған.

Испанияның кейбір әдебиетшілері ғана «крест жорықтарын» (бұл сөзбен франкисттік бүлікті атаған) дәріптеуге бел буады. Алайда Рафаэль Гарсиа Сераноның «Адал әскер» (La fiel infanteria, 1943) және «Сарай алдындағы алаң» (Plaza del Castillo, 1951) атты шығарма­лары бейшара күйге түскені соншалық, тіпті франкисттік баспаның өзі оларды «сәтсіз шығармалар» деп атайды.

Алайда Испания әдебиеті фашизмнің орнығуынан кейін бірнеше жыл өтер өтпестен қайта жандана бастайды. Ең алдымен, бұл жандану роман жанрында айқын көрінеді. 50 ж. фашизмге қарсы қозғалыс салдарынан әдебиет­ке Хосе-Агустин, Хуан және Луис Гойтисоло, Ана Мария Матуте, Мигель Делибес, Блас де Отеро, Альфонсо Састре сынды жазушылар­дың жаңа ұрпағы келді. Олар белгілі бір топтарға бірігіп, саяси және эстетикалық бағдар­ламалар құрмаса да, олардың көзқарастары мен алға қойған мақсаттары ортақ болады.

Ғасырдың ортасындағы прозада сол замандағы шынайы өмірді бейнелеу басты орынға шығады. Бұған қарамастан романистерді шынайы өмірдің тек қана әлеуметтік жағдайлары қызықтырады. Қоғамның төменгі және ортаңғы тап өкілдерінің өмірлерін сипаттайтын әлеуметтік романдар испан әдебиетінде жетекші жанр ретінде алдыға шығады. Шынайы өмір қаншалықты қатыгез болса да, 50 ж. туындыларды кейіпкерлер тремендиттік романдар­дағы кейіпкерлерден ерекшеленеді.

Жазушылар тек халық жайлы емес, халық үшін де жазады. Олардың шығармашылықта­рынан түсініктілікке, бейнелеу мен тілдің қарапайымдылы­ғына деген ұмтылыс байқалады. Көптеген жас романисттер үшін тағы бір негізгі көркемдік принцип ретінде баяндаудың «объективтілігі» алдыға шығады. Осы жылдардағы жазушылар өздерінің тәсілдерін тек «әлеуметтік реализм» емес, «объективті реализм» деп те атаған.

Объективті прозаның негізгі ерекшеліктері – адамды қоршаған орта мен кейіпкерді егжей-тегжейлі, тура бейнелеу; кейіпкердің мінез-құлқы арқылы оның психологиялық портретін суреттеу; роман құрылымындағы сюжеттің әлсіреуі, бір оқиғаның айналысында тоқталудан бас тарту және т.б.

«Объективті» прозаның негізін «Ара ұясы» романының авторы Села салған. «Объек­тивті реализмнің» принциптерін Хесус Фернандес Сантостың (1926-1988) «Қатыгез адам­дар» (Los braYos, 1954) шығармасынан да көруге болады. Бұл жылдардағы романның классикалық үлгісі ретінде Рафаэль Санчем Ферлосионың (1927) «Харама» (El jarama, 1956) атты шығармасынан көруге болады. Жазушы бұл шығармасында Харама жағалауындағы бір демалыс күні жайлы сөз қозғайды. Романда айтарлықтай маңызды оқиғалар орын алмайды, тек шығарманың соңында ғана уақыт ағымын бұзған бір оқиға болады. Бұл жас Луиситаның өлімі еді. Роман кейіпкерлері жас қыздар мен жігіттер жағалауда жүріп суда шомылады, күнге қыздырынады, ән айтып, билейді, ұрсысады, қайта татуласады. Бірақ олардың сөздері мен іс-әрекеттерінде адамның рухы білінбейді, олар белгілі бір бағдарлама бойынша сыртқы жағдайларға жауап қайтаратын автоматтарға ұқсайтын. Автоматтар сияқты, «Харама» кейіпкерле­рінің де не өткені, не келешегі жоқ. Ал 20 жыл бұрын, осы Харама жағалауында демалып жүрген жастардың аталары мен әкелері жауға қарсы соғысып, өз жандарын құрбан етеді. «Харама» кейіпкерлері оқтын-оқтын сол соғыстың іздерін көреді, алайда, бұл іздер олардың жүрегінде ешқандай сезім оята алмайды.

50 жылдардың ортасында пайда болған қала мен ауыл жұмысшылары туралы шығармалар әдебиетте маңызды орынға ие болады. Өз шығармаларын осы тақырыпта жазған жазушылардың бірі – Альфонсо Гроссо (1928-1995). Ауқатты отбасынан шыққан Гроссо жас кезінде шенеунік ретінді қызметте болды, өз шығрамшылығын 30 жасында бастайды. 1961 жылы оның «Канава» (La zanja) атты романы жарық көріп, көп ұзамай «Көз шағылысты­ратын көк аспан» (Cielo dificilmente azul) романы да басылып шығады; екі жылдан кейін «Торлар» (El cepirote) атты романы дүниеге келеді. Гроссо өзінің барлық шығармасында су құбырының құрылысшысы («Канава»), балықшылар («Торлар»), орманшылар («Көз шағылыстыратын көк аспан») секілді еңбек адамдары жайлы жазады. Жазушы олардың өмірін егжей-тегжейлі суреттеге­німен, оның негізгі мақсаты өз кейіпкерлерінің өмір сүру жағдай­ларын көрсету емес, олардың қоршаған ортасымен қарым-қатынасын сипаттау болатын. Көптеген жазушылар психологиялық талдаудан бас тартып шынайы өмірді «объективті» бейнелеуге бетбұрыс жасап жатқан кезде Гроссо сол өмір шындығын психологиялық анализ арқылы бейнелейді.

Хесус Лопес Пачеко (1930-1997) «Гидроцентраль» (Central electrica, 1958) романында және Армандо Лопес Салинас (1925-1994) «Шахта» (La mina, 1960) романында адам мен оның еңбегін өзіндік ерше ебір тәсілмен бейнелейді. Олар да Гроссо сияқты жалшылар мен электростанция құрылысшыларының (Лопес Пачеконың кітабында), шаруалар мен шахтер­лер­дің (Лопес Салинастың кітабында) қорқынышты өмірі мен әлеуметтік жағдайларын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар шынайы өмірдің әлеуметтік талдауын жасап, фашист­тік режимді құртуға тырысады.

Шынымен осы кезеңде жүздеген әдебиетшілер, суретшілер, ғалымдар франкисттік режимге қарсы шыққан еді. Дегенмен олар аз болды; зиялылардың көпшілігі бұл күрестен тыс қалуды дұрыс көрді. Жазушылар фашизмді тек қана халықтың аштығы мен жоқшылығы емес, сонымен қатар күрестен тыс қалған адамдардың рухани әлсіреуі деп түсінеді. 60 жылдардың басында жазылған романдардың көпшілігі дәл осы материалдық жағдайы жақсы, бірақ рухани жағдайы әлсіреген адамдарға арналған еді. Мұндай шығармаларға Хуан Гарсиа Ортелоның (1928-1991) «Жаңа достар» (NueYas Amistades, 1959), Л. Гойтисоло Гайдың «Сол баяғы сөздер» (Las mismas palabras, 1962) романын да жатқызуға болады.

Аталған шығарамларда бұрын романдарда екінші сатыға түсіп қалған психологиялық анализдің қайтадан қарқынды қолданыла бастауы «объективті» тәсілдерді әлсіретеді. «Объективті» роман кейіпкердің ішкі ойлары мен сезімдер ағымын сипаттауға дәрменсіз болып шықты. «Объективті» романға метафизикалық романды қарсы қоюға тырысқандар бұл әлсіздікті пайдаланып қалуға тырысады. «Объективті» прозадағы дағдарыстың себебін оның жақтаушылары да табуға тырысады. Гойтисолоның «Соңғы вагон» (El furgon de cola, 1967) жинағына енген бірнеше мақалалары да осы мәселеге арналады.

Хуан Гойтисоло 1931 жылы 5 қаңтарда Барселонада әдебиетшілер жанұя­сын­да дүние­ге келді. Оның үлкен ағасы Хосе Агустин ақын, ал кіші інісі Луис атақты прозаик болған. Хуан Барселона және Мадрид университеттерінде құқық саласында білім алады. 1950 жылдардың ортасынан бастап Парижде өмір сүрген.

Хуан Франко режиміне қарсы шыққандықтан Мареккешке, кейіннен Парижге қуылды. Оның аға-бауырлары да қуғын-сүргінге ұшырайды. 1969-1975 жылдар аралығында Гойтисоло Калифор­ния, Бостон, Нью-Йорк университеттерінде дәріс береді. Гойтисоло профессор ретінде ХІХ ғасыр дессиденті Хосе Мария Бланко Уайттың антологиясын баспаға дайындайды. Ол осы еңбегі арқылы Франко режимін өткір сынға алмақшы болады. Шетелде жүріп танымал болған испан зиялылыларының бірі Гойтисолоның шығармалары Элб Паис газетінде басылып тұрады. Бұл газетте ол Чечня мен Босния әскери корреспонденті болып қызмет атқарады. Гойтисоло Батыс өркениетін қатаң сынға алады.

Хуан Гойтисоло «Қол ептілігі» (1954) және «Жәннаттағы қайғы»(1955) романдарында өзін франкистік испандық ретінде көрсетіп, осы ойын «Ерекше белгілер» (1966) романында да жалғастырады.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Испан әдебиетіндегі «алтын ғасырлар» мен кезеңдері.

  2. Испан әдебиетіндегі «98 жылдың ұрпақтары» жаңашылдығы мен өкілдері.

  3. Ортеги-и-Гасеттің философиялық ойлары.

  4. Термендизм ағымы, өкілдері, шығармалары.

  5. 50 жылдардағы әдебиеттегі өзгеріс. Гойтисоло шығармашылығы.

  6. Унамуно шығармашылығының негізгі тақырыбы, «интратарих» концепциясы


АҚШ әдебиеті
ХІХ ғ. соңында Америка тарихында батыс жерлерін басып алу үдерісі өз мәресіне жетеді. Испан-америка соғысы 1898-1899 жылы Пуэрто-Риконы АҚШ-тың басып алумен аяқталады. ХХ ғ. басында АҚШ фермалық мемлекеттен Чикаго, Нью-Йорк, Питсбург, Детройт сияқты индустрияланған орталықтары бар, техникалық жағынан жоғары дамыған мемлекетке айналады.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында АҚШ әдебиеті қарқынды дами түседі. Америка әдебиетінде Теодор Драйзер, Синклер Льюис, Эрнест Хемингуэй, Уильм Фолкнер, Джон Стейнбек, драматург Юджин О’Нилл, новеллист Шервуд Андерсон, ақындар Роберт Фрост және Карл Сэндберг сияқты жарқын тұлғалар пайда болады.

Көптеген америкалық жазушылардың шығармашылығы әлемге танылып, үлкен жетіс­тікке ие болады. АҚШ әдебиеті 1910-1945 жылдары түрлі бағытта дамыды. Онда көбіне роман­тикалық дәстүр, критикалық реализм, модернистік ағым басым болды.

20-30 жылдары Америка Құрама Штаты Батыс елдерінің алдыңғы қатардағы мем­ле­кетіне айналады. 1929 жылы қазанда Нью-Йорктағы биржа төмендеп, елде жұмыссыз­дыққа әкеліп соқтырған үлкен дағдарыс басталады. «Ұлы депрессия» деп аталатын бұл кезең түрлі шерулер мен толқулар, жұмыссыздардың көтерілістері арқылы тарихта қалады. 30 жылдары елде әлеуметтік-саяси наразылық өрши түседі.

Халық наразылығы мен жұмысшылар қозғалысы пролетариаттық әдебиет­тің дамуына ықпал етіп, социалистік идеяны жақтаушылар пайда болады. Бұл Синклер Льюис, Шервуд Андерсон, Юджин О’ Нилл, Карл Сэндберг сынды жазушылардың шығармашылығында кө­рі­ніс тауып, 1935 ж. «Америка Құрама Штатындағы пролетариаттық әдебиет» антологиясы басылып шығады. Бұл антологияға Джон Дос Пассос, Эрскин Колдуэлл, Ленгстон Хьюэ, Криффорд Одет, әдеби критик Мальколн Каули сынды түрлі жанрда жазған 63 автордың екбектері енеді.

ХХ ғ. шығармаларында әрі қарай жалғасын тапқан АҚШ әдебиетіне сай «америкалық арман» тақырыбы айтарлықтай өзгеріске ұшырап, көптеген жазушы­лардың шығармаларында «америкалық трагедия» тақырыбына ауысады.

Америка басынан кешірген экономикалық дағдарыстың қараңғы түнегі Джон Стейнбектің (1902-1963) «Тышқандар мен адамдар жайлы» повесі (1937) мен жазушыға үлкен жетістік әкелген «Ашу оты» (1939) атты шығармаларында көрініс табады. Бұл романда жұмыс іздеп, Американы кесіп өткен Джоудтар­дың отбасы жайлы айтылады. Аталған шы­ғар­ма жазушының маусымдық жұмыскерлермен танысу барысында жинаған нақты мәлі­меттер негізінде жазылған. 1940 ж. Стейнбек өзінің «Ашу оты» романы үшін Пулитцеров сыйлығына ие болады.

20-30 жылдардағы әдебиетте жиі қозғалған негізгі тақырыптардың бірі соғыс тақырыбы болған. 20-ші жылдардағы Эрнест Хэмингуэйдың «Күн шығады» (1926) және «Қош бол, қару» (1929), Уильям Фолкнердің «Солдаттың жеңісі» (1926) мен «Сарторис» (1929), Дос Пассостың «Үш солдат» (1921) және «Манхэттен» (1925) атты шығармалары осы тақырыпқа арналған. 30-ші жылдары әдебиетке «Тамыздағы жарық» (1932) романының авторы Уильям Фолк­нер, «Бізде бұл мүмкін емес» (1935) атты шығарманы жазған Синклер Льюис пен «Бесінші колонна» (1938) пьесасының авторы Хэмингуэй сынды фашизмге қарсы күрес туралы жазатын жазушылар келеді.

Роберт Фрост, Карл Сэндберг, Ленгстон Хьюздің шығармашылығы ХХ ғасырдың бірін­ші жартысындағы Америка әдебиетінде әдеби сыншылар мен тарихшылардың «поэтикалық-Ренессанс» жайлы айтуына мүмкіндік берді.

Роберт Фрост (1874-1963) америка халық ақыны атанады. Халық оның өлеңдерін ойдың тереңдігі мен нақтылығы, тілдің жеңілдігі мен көркемдігі үшін ұнатады. Фрост өзінің қарапайымдылығы арқылы данышпан болған.

Роберт Фрост Калифорнияда журналистердің жанұясында дүниеге келген. Ол жанұясына көмектесіп, өзін асырау қамын ойлап жүріп, университеттік жоғары білім ала алмайды. Фермада, газетте, мектепте жұмыс істейді. Англияда 3 жыл (1912-1915) тұрып, сонда өзінің ең бірінші «Баланың еркіндігі» (1913) және «Бостоннан шығысқа қарай» (1914) атты поэтикалық жинақтарын жариялайды. Бұл жинақтар өте сәтті шығып, ақынға үлкен жетістік сыйлайды. Ол АҚШ-қа қайтіп келген соң Нью-Гермпширдағы фермада қоныстанып, фермерлердің күнделікті өмірі мен еңбегі жайлы жаза бастайды. Оның жинақтарының арасынан «Нью-Гемпшир» (1923), «Алыс жота» (1963), «Ағаш-куәгер» (1942) атты еңбек­те­рін ерекше атап өтсе болады.



Карл Сэндберг (1867-1967) шведтік эмигрант жұмыскерлердің жанұясынан шыққан. Ол орта білімін аяқтамастан сылақшы, жүк тасушы, кейін ағаш ұстасы болып жұмыс істеді. Әскерде болып, Испан-америка соғысына қатысып, 1890 жылдары әлеуметтік қозғалысқа қатысады. Сэндбертің еңбекшілердің күші мен талантына деген сенімі, демократиялық нанымдары мен оптимизмі оның поэзияларында көрініс табады. Ол Уитмен дәстүрін жалғастырып, поэзияны «Өмір жолын түсіндіретін тізбек» деп түсінеді. Сэндберг өзінің өлең шумақта­рын такси жүргізушісі, полиция қызметкері, машинистер мен қарапайым адам­дар сияқты оқырмандарға арнады.

Сэндберг өз шығармашылығында еркін өлеңді таңдаған, оның лирикасы халық тілінің байлығы мен әсемдігін көрсетеді. Ол фольклорлық шығарма­лар­ды жинап, америкалық халық әндері мен балладалардың антологиясын құрас­ты­рып, басып шығарады. Маяковский Сэндбергті «Американың үлкен индус­триалды ақыны» деп атаған. Алып елдің тынысы Сэндбергтің шығармаларында шебер суреттеледі. Оның негізгі жинақтарына «Түтін және болат» (1920), «Америка, қайрлы таң» (1928), «Халық, иә!» (1936) атты еңбектерін жатқызуға болады.

Қара нәсілді америкалық Ленгстан Хьюзды (1902-1967) «негрлер Реннессан­сы­ның» ақы­ны деп атайды. Ол өзінің алғашқы жинағын 1926 ж. басып шығарады. Осы уақытқа дейін Хьюз қағаз тасушы, қонақ үйде күзетші, жүк тасушы, ыдыс жуушы, матрос сияқты көптеген қызметтер атқарады. Ол Линкольн университетін аяқтап, афро-америкалық поэзияның дәс­түр­ле­рін жалғастыра отырып өзін ақын, прозаик, драматург және публицист ретінде көрсете білген. Хьюз қорланғандардың қайғысына ортақтасып, адамдар теңдігі туралы идеяны қор­ғай отырып, блюздың дәстүрлі формасына жаңаша мән береді («Арман», «Менің түсім», «Портье» атты өлеңдері). Хьюз «Кепілдіктегі ең жақсы заттар» (1927), «Жаңа көлеңке» (1938), «Гарлемдегі Шекспир» (1942) сияқты он үш поэтикалық жинағын басып шығарады. 1930 ж. оның «Жас шығарған күлкі» атты романы мен 1932 ж. «Скотсборо» атты пьесасы жарыққа шығады.

Көркем бейнелеудің жаңа мүмкіндіктерін іздеуде Джон Дос Пассостың (1896-1970) шығармашылығы ерекше. Архитектура мамандығы бойынша Гарвард университетін аяқта­ған соң, Дос Пассос өз қалауымен майданға аттанып, Италия мен Францияда орын алған ұрыстарға қатысады. Оның «Үш сарбаз» (1921) атты романында соғыс пен майданда жауға қарсы күрескен жауынгерлер жайлы жазылған. Пассостың «Манхэттен» (1926) атты романы кинематографияда қолданылатын монтаждау мен конструктивизм техникасы секілді жаңаша әдістердің батылдығымен ерекше көзге түседі. 30 жылдары Дос Пассостың «АҚШ» трилогиясының «42-ші паралелль» (1930), «1919» (1932), «Үлкен ақша» (1936) атты романдары жарыққа шығады.

АҚШ театры мен драматургиясының қайта жаңарып, дамуына драматург Юджин О’Ниллдің (1888-1958) қосқан үлесі зор. Ол драматургияны коммерциялық театр өктемділі­гінен босатып, оны ұлттық өнердің игілігіне айналдырады. Актердың баласы Юджин О’Нилл театр репертуарларымен жақсы таныс болып, өз шығармашылығын оны қайта құруға арнап, шындықты бейнелеп, өзекті мәселелерді көтеретін пьесалар жазды. Ол өзінің «Көкжиекте» (1920) атты пьесасында фермерлердің кедейленуі жайлы жазса, «Император Джонс» (1920) пьесасында нәсілшілдік мәселесі мен оның түрлі-түсті адамдардың рухани өміріне тигізер әсері туралы сөз қозғайды. Юджин О’Нилл драмалар мен трагедиялар жазған.

АҚШ әдебиетінде модернизмнің қалыптасуы Еуропа елдерінің, әсіресе Франция мәде­ние­тінің әсер етуімен жүрді. ХХ ғ. Францияның астанасын «Идеялар лабораториясы» деп атаған Хемингуэй, Скотт Фицджеральд, Дос Пассос, Гертруда Стайн, Эзра Паунд сынды көптеген америкалық ақындар Парижде өмір сүрді. Франция арқылы Томар Стернз Элиот­тың Англияға жолы ашылып, өмірінің соңына дейін сол жерде тұрады. Әдебиет тарихшы­лары нақты негіздерге сүйене отрып, ғылымға «Америкалық модернизмнің еуропалық мектебі» деген түсінікті енгізеді. Ол Эзра Паунд пен Гертруда Стейннің есімімен тығыз байланысты.



Теодор Драйзер (1871-1945) өзін «қазіргі заман реализмнің өкілі» деп атаған. Драйзер ХХ ғасырдың америка әдебиетіндегі көрнекті реалисі болып табылады. Ол Марк Твен, Генри Фуллера, Фрэнк Норристың дәстүрін жалғас­тыра отырып, әлеуметтік-реалистік америкалық романның дамуына өз әсерін тигізді.

Драйзер Индиана штатында фабрика жұмыскерінің жанұясында дүниеге келген. Оның әкесі Германиядан Америкаға қоныс аударған неміс болған. Ал анасы чехиялық босқындар жанұясынан шыққан. Теодор жанұядағы он екінші бала болған. Табысты өмір іздеген Тео­дор­дың ата-анасы бір орыннан екінші орынға көшуге мәжбүр болады. Болашақ жазушы жүйелі білім ала алмай, орта мектепті бітірген соң оқытушысының көмегімен бір жыл бойы Блумингтондағы университетте лекция тыңдайды. Ол газет, киім таратушы, газет сатушы, ыдыс жуушы сияқты түрлі қызметтерді атқарады. Алайда бір жылдық студенттік өмірінде Толстоймен, философ-позитивист Спенсердің еңбектерімен танысады. Чикагоға барып, Драйзер бір газетте репортер болып қызмет атқарды. Осы қызметі барысында ол үлкен қала­лардың өмірі мен ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігі жайлы өз ойын кеңейте түседі. Ол Кливлендте, Питсбург, Сент-Луис, Нью-Йоркта болады. 1899 ж. Америкада жарыққа шық­қан анықтамада Драйзердің есімі ақын-журналист ретінде көрсетіледі.

Драйзер өз еңбектерін «роман-карьера» формасында жазған. Осы жанрда жазылған шығармаларға жас қыздың актерлық өмірі жайлы баяндалған «Кэрри әпкей» романын, суретші мен өнердің тағдыры жайлы айтылатын «Данышпан» (1915) атты еңбегі мен бас кейіпкер өзінің қалауын барінен де жоғары қоятын «Қалау трилогиясы» (1912-1947) атты романын жатқызуға болады. Драйзердің ең атақты романы «Америкалық трагедия» (1925) да «роман-карьера» формасында жазылған.

Драйзердің шығармалары – орындалуы үлкен қайғы тудыратын «америка арманы» жайлы баяндама. Арман мен шындықтың арасындағы қарама-қайшылықтар оның «Америка­лық трагедия» романында шебер көрсетілген. Бұл романның кейіпкері жетістік туралы бос қиялдың артынан құр жүгіру адам үшін үлкен қауіп екеніне тағы да көз жеткізеді. Драйзер­дің дүниетанымы мен шығармашылғына Герберт Спенсердің әлеуметтік–дарвинизмі мен позитивизм философиясы өз әсерін тигізеді.



Эзра Паунд (1885-1972) - англо-америкалық поэтикалық имажизм мектебі­нің негізін қалаушылардың бірі. Бұл мектептің пайда болуы мен дамуының бастапқы кезі 1905-1909 жылдарға сай келеді. Осы кезде Томас Эрнст Хьюманың басшылығымен ағылшын және амери­калық Ричард Олдингтон, Эзра Паунд, Хильда Дулитл, Фрэнк Стюарт Флинт сынды жас талантты әдебиетшілер Лондонда бас қосып, өздерінің жиналыстарын өткізе бастайды.

Философия, эстетика, саясаттану, экономика саласындағы мәселелерді шешуге бағыт­талған лондондық топтың басшысы Т.Э.Хьюм болады. Бірақ ең басты әдебиет пен жаңа заман поэзиясына көп көңіл бөлінеді. Хьюманың негізгі ойлары оның «Ойлану» (1924) және «Тіл мен стиль жайлы мақала» (1929) атты еңбектерінен айқын көрінеді.

Романтикаға қарсы болғандардың ізін жалғастырушы Хьюм романтизмді гуманизмнің ең соңғы сатысы деп есептеді. Жаңа заман поэзиясы саласында Хьюм «Академиялық дәстүр­ден» бас тартуға шақырады. Америкалық модернизмнің поэзиясы Эзра Паунд шығармашы­лы­ғында беріледі.

Гамильтон колледжін (Нью-Йорк штаты) бітіріп, 1906 жылы Пенсильвания (Фила­дель­фия штаты) университетінің дипломын алып, Э.Паунд Еуропа бойынша үшінші саяхатына аттанады. Ол бұл жолы Лопе де Вега мен провансаль ақындары жайлы диссертациясына мате­риал іздеуге барған болатын. 1907 ж. Паунд АҚШ-қа қайтып келіп Уобеж-колледжіне роман тілдерін оқытушы ретінде жұмысқа қабылданады. Аз уақыттан соң Паунд қайтадан Еуропаға аттанады. 1908 ж. Венецияда оның «Өшкен жарықта» атты ең алғашқы кітабы 100 дана болып басылып шығады. 1916 ж. Паунд «Lustra» өлеңдер жинағы жарияланады.

1921 ж. Парижге, 1924 жылы Паунд жанұясымен бірге Италияға қоныс аударады.

Екінші Ұлы отан соғысы жылдарында Паунд антиамерикалық радиорепор­таж­дарымен (жалпы саны 125) көрінеді. 1945 жылы Паунд тұтқындалып, америкалық әскери күшке бері­леді. Алдымен 60 жастағы ақынды Пизадағы лагерьге жібереді, кейін Вашингтонға жібері­ліп, түрмеге қамалады. 1945 жылы 21 желтоқсанда қасиетті Элизабеттің жүйке ауруына шал­дық­қандар емхана­сына жатқызылады.

Паунд өзінің «Cantos» поэмасына қытай хроникасы мен Конфуций ілімдері, америкалық төңкеріс пен Джефферсонның тәуелсіздік декларациясы, Одиссей­дің оқиғалары секілді бірнеше тақырыптарды енгізді. Паунд әуенді композиция құрастыруға тырысқан. Журнал редакторы, ақын, сыншы, антология құрастырушы ретінде Паунд Америка мен Еуропа әдебиетіндегі модернизмнің дамуына зор үлес қосады.

Гертруда Стайн (1847-1946) – жазушы-экспериментші, «жоғалған ұрпақ» терминінің авторы. Стайнның жаңартулары Дж. Джойсты, Э.Хемингуэй мен Ш.Андерсонды қызық­тырған. Сан-Францисконың тұрғыны Стайн Гарвард–Аннексте білім алады. 1897 ж. Стайн Джон Хопкинстің Балтимор университетінің қарамағын­дағы меди­цина колледжіне ауысып кетеді. Онда ол әйелдің жүйке күйзелісі проблемаларын зерттемек болады. Дегенмен бақыт­сыз махаббат Стайнның оқу жоспарларын бұзады. Ол оқуды мүлдем ұмытып, соңында емти­ханда да сәтсіздікке ұшырайды.

Стайн кейін Америкадан кетіп, Парижге келеді. Көп ұзамай оның азапқа толы махабба­ты­ның куәсі ретінде жазылған «Дәлелдеуді қажет еткен нәрсе» атты романы жарық көреді. Бұл романдағы «махаббат үшбұрышының» ерекшелігі - оның барлық жақтары әйелдер. Стайн романның мәтініне төлтума хаттар мен сұхбаттарды енгізген.

30-40 жылдары Стайн сөйлем құрылысындағы тұрақты қалыптасқан ретін бұзып, жаңа сөйлем ретін құру үшін түрлі тәжірибелер жасайды. Стайнның бұл тәжірибелері оның «Он портрет», «Ұзақ қызықты кітап» атты еңбектерінде көрініс табады. Стайн драматургия саласына да қызығушылық танытады. Оның көптеген пьесалары шартты түрде актілерге бөлінген прозалық мәтін ретінде әсер етеді. Стайнның атақты пьесаларына «Төрт әулие үш актіде» (1934), «Ана бәрімізге» (1947), «Доктор Фауст шам жағады» (1949) атты еңбектерін жатқызуға болады.

1934-1935 жылдары Гертруда Стайн АҚШ-та «жалғастырмалы шындық» әдісін дамыту мақсатымен 40-қа жуық лекция оқиды. Стайнның әдебиеттегі көзқарастары мен шығарма­шы­лық принциптерін «Түсіндірме ретіндегі компо­зиция» (1926), «Қалай жазу керек» (1931), «Алиса Б.Токластың автобиогра­фиясы» (1933), «Төрт лекция» (1935) атты еңбектерінен көре аламыз.



Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет