Джон Чивердің (1912-1982) романдары мен әңгімелері рухани құндылықтардың жоғалу тақырыбына және өмірден түңілуге арналған. Ол шығармашылығын новеллист ретінде бастап («Кейбір адамдар қалай өмір сүреді», 1943; «Алып радио», 1953; «Шейди-Хиллден шыққан баукеспе», 1958), америкалық «Сибурбии» (қала сыртындағы аудан) тұрғындарның өмірі жайлы айтып, 30-шы жылдардағы «Ұлы депрессия» кезінде түрлі қиыншылықтарды бастан кешіріп, 60-шы жылдардың қиын-қыстау кезеңдеріне төтеп берген халықтың сыртқы ішкі күйзелісін шебер суреттеп, өмірдің қиыншылықтары мен күнделікті күйбелең тіршілігі жайында жазады.
«Уопшоттар отбасының хроникасы» (1957) мен «Уопшоттар отбасындағы жанжал» (1964) атты романдарында, отбасы өміріне өзгерістер еніп, олар туған жерімен, табиғатпен байланыстарын үзеді. Уопшоттар жанұясындағы өмір сүру деңгейі жақсы болғанымен, олардың рухани жан-дүниесінен күйзеліс байқалады. Шығарманың бірінші томындағы көтеріңкі көңіл-күй екінші томда қайғы мен сарказмға айналады. Елдегі өмірдің өзгеруі Чивердің кейіпкерлеріне де өз әсерін тигізбей қоймайды: отбасылық байланыстар ажырап, тыныштық жоғалады. «Америкалық арманның» жойылу тақырыбы «америкалық өмір сүру бейнесіне» ауысып «Буллет-Парк» (1969), «Фолконер» (1977) романдарында көрініс табады.
Чивер реалист жазушы болғанымен, ешқашан адамға деген сенімін жоғалтпайды. «Мен жиі өзімнің интеллектуалдық және физиалық қабілеттерімнің арасындағы айырмашылықты сезінем» деп, «Фолконер» романын аяқтап, десе де жер бетіндегі адам өмірінің мәні еркіндікте, әр адам өзінің тұрмыстық шектелерге қарамастан өз еркіндігін барынша қолдана алуы керек» деп жазады.
XX ғасырдың ортасы мен екінші жартысындағы америкалық драматургияның дамуына Артур Миллер мен Теннесси Уильямс, Эдвард Олбидің шығармалары өз әсерін тигізеді. Олардың әрқайсысы драматизмді өзінше күшейтіп, қарапайым америкалықтардың өмірінде кездесетін қиыншылықтарды өзінше шешуге тырысады. Артур Миллердің (1915) бағдарламалық мақаласының «Трагедия және қарапайым адам» аталуы да кездейсоқ емес болатын. Жазушылардың назарында адам тағдырын тоқырауға ұшыратқан америкалық арман тақырыбы болады.
Артур Миллердің шығармашылығында бұл тақырып оның «Жолы болған адам» (1944) атты пьесасы мен «Менің барлық балаларым» (1947) атты драмасында, драматургке үлкен табыс әкелген «Коммивояжердің өлімі» (1949) атты ең атақты пьесасында да сөз болады. Өмір мұраты мен құрғақ қиял мәселесі Миллерің кейінгі шығармашылығында да орын алады («Америка сағаты», 1980). Жазушының әлеуметтік-саяси тақырыптағы шығармаларына макартизм, саяси қудалау мен «суық соғыс» жағдайларында жазылған «Ауыр сынақ» (1953), «Көпірден көрінетін көрініс» (1985) атты пьесаларын жатқызуға болады. Миллер өзінің трагедия туралы түсінігін «Коммивояжердің өлімі» атты пьесасы жарық көрген жылы жазған. Қатардағы америкалықтың отбасылық өмірінен көріністер, фирмасының агенті коммивояжер Вилли Ломеннің тағдыры мен оның ұлдарының хикаялары – бұл америкалық трагедияның бір нұсқасы. Вилли Ломен өзін осындай аптқа алып келген жағдайдың себебі мен түсінігін өткеннен іздейді. Пьеса құрылымының ерекшелігі ретінде кейіпкердің осы шақтағы көріністеріне өткен шақтан эпизодтардың енуін айтуға болады.
Миллердің пьесалары шыншыл. Ол өз шығармашылығына «Адбстрактылы реализм» деген сипаттама береді.
Томас Ланир Уильямс (1911-1983) Американың оңтүстігіндегі Миссисипи штатында дүниеге келген. Оның әкесі аяқ-киім сататын фирмада жұмыс істеген, анасы пірәдәрдің қызы болған. Отбасында әкесі мен бала арасындағы қарым-қатынас жанжалға толы болады. Сол себепті ол 14 жасында ата-анасымен қатынасын үзіп, үйінен кетіп қалады, күн көру мақсатында түрлі қызметтерді атқарады. Уильямс жастық шағынан бастап әдебиетке үлкен қызығушылық танытады. 1938 жылы университеттің өнер факультетін бітіріп, өзінің қабілетін драматург әрі сценарист ретінде сынап көріп, пьеса мен фильмдерге рецензия мен мақалалар жаза бастайды. 1944 жылы Нью-Йорк сахнасында қойылған «Шыны аң көрмесі» (1943) атты пьесасы үлкен жетістікке жетіп, «Арман трамвайы» (1947) атты пьесасы жазушыға үлкен табыс пен даңқ әкелді. Кейін аталған пьесасы мен «сынық шатырдағы мысық» (1955) атты еңбегі үшін Пулитцеровтық сыйлыққа ие болады.
Бұл шығармалардан Теннесси Уильямс драматургиясының ерекшелігін байқауға болады. Уильямстің «Шыны аң көрмесі» мен «Арман трамвайы» пьесасындағы Лаура мен Бланш секілді «Өрнектелген раушан гүлі» (1950), «Игуана түні» (1961) атты шығармаларындағы кейіпкерлер өздерінің рухани құндылықтарын сақтап қалу үшін қатыгездікті жеңу тиіс еді.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
АҚШ әдебиетіндегі реалисттік және модернисттік бағытындағы шығармалар.
Джон Апдайктің шығармашылығы ерекшелігіне тоқталыңыз.
XX ғасырдың ортасы мен екінші жартысында америкалық драматургтардың көтерген мәселелері.
Теннесси Уильямстың шығармашылығында трагедия тақырыбының алатын орны.
У. Фолкнер мен Э. Фромм жайлы не айтасыз.
«Жаңа америкалық қозғалыс» ұйымы қашан, қандай себептермен құрылды?
Нәсілдік бөлуге қарсы болған қандай жазушылар болды, олардың шығармаларын атаңыз.
Латын Америкасы әдебиеті
ХХ ғ. Латын Америкасында әдебиет кеңейе түсіп, басқа ұлттық әдебиеттердің қатарында түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Чилиден шыққан ақын Габриэль Мистраль (1889-1957) латынамерикалық әдебиетшілердің арасында алғашқылардың бірі болып 1945 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанады. Мұндай өзгерістер белгілі латынамерикалық әдебиетшілердің авангардтық ізденістері арқылы жүзеге асады. Чилиден шыққан ақын Висенте Уидобро (1893-1948) суреткер өзінің меншікті эстетикалық дүниетанымын жасауы тиіс деген «Креасьонизм» тұжырымдамасын ұсынады. Ақынның испан тілінде жазылған «Экваториал» (1918) және «Ұмытылған азамат» (1941) атты жинақтары мен француз тіліндегі «Квадратты горизонт» (1917), «Кенеттен» (1925) атты жинақтары жарыққа шығады.
Чили ақыны Пабло Неруда (1904-1973) Нобель сыйлығын иеленеді (1971). Шығармашылығын авангардтық поэтикада бастаған ол «еркін өлең» арқылы ойын шебер жеткізіп, уақыт өте тікелей саяси сипаттағы поэзияға өтеді. Оның «Ымыртты», «Мекен-жайы – жер», «Қарапайым заттарға арналған ода», «Қарапайым заттарға арналған жаңа ода», «Чили құстары», «Аспан тастары» жинақтары үлкен сұранысқа ие болады. Оның соңғы «Никсонды өлтіруге ояну мен чили революциясына мадақ» атты кітабында Сальвадор Альенденің үкіметінің құлауынан кейін болған жан тебіренісін бейнелейді.
Латынамерикалық әдебиеттің көрнекті өкілі мексикалық ақын және эссеист, «Жабайы ай», «Адам түбірі», «Күн тасы», «Саламандра» және т.б. кітаптардың авторы Октавио Пас (1914-1998) 1990 ж. әдебиет саласындағы жетістіктері үшін Нобель сыйлығына ие болады.
ХХ ғ. ультраизм мен авангардтық бағыттағы аргентиналық ақын әрі прозаик Хорхе Луис Борхестің (1899-1968) шығармалары халық арасында кең тарап, үлкен сұранысқа ие болады. «Абыройсыздықтың жалпы тарихы», «Ажыраған жол бағы», «Қиял», «Алеф», «Жасаушы» атты әңгімелер жинақтары жазушыға бүкіл әлемдік атақ әкеледі.
Негризм афроамерикалық нәсілдер жайлы жазылған шығармалардың әдеби бағыты. Бұл бағыттың мақсаты әдебиетке қара нәсілдердің дүниетанымын енгізу болатын. Нәтижесінде латынамерикалық әдебиет байи түседі. Пуэрторикалық Луис Палес Матос (1898-1959) және кубалық Николас Гильеннің (1902-1989) еңбектері осы бағытта жазылған.
Латынамерикалық поэзияға перулық ақын Сесар Вальехоның (1892-1938) қосқан үлесі зор. Ол өзінің «Қара герольдтар» мен «Трильсе» атты алғашқы өлеңдер жинағында авангардтық поэтиканы жасайды, оның «Адамдық өлеңдер» атты жинағы ақынның өлімінен кейін жарыққа шығып, Сесар Вальехоның шығармашылығындағы өзгерістерді көрсетеді.
Аргентиналық Роберто Арльтонның (1900-1942) пьесалары мен мексикалық Родольфо Усиглидің шығармалары (1905-1979) еуропалық драмалық дәстүрдің әсеріне ұшырайды.
ХХ ғасырдағы ірі прозаиктердің қатарына аргентиналық Эдуардо Мальесаны (1903-1982), Эрнесто Сабато (1911) мен Хулио Кортасарды (1924-1984), Мануэль Пуиг (1833-1990) пен уругвайлық Хуан Карлос Онеттиді (1909-1994), мексикалық Хуан Рульфо (1918-1984) мен Карлос Фуэнтесті (1929), кубалық Хосе Лесам Лима (1910-1976) мен Алехо Карпентьерді (1904-1980), бразилиялық Жоржи Амадуды (1912) жатқызуға болады.
1982 жылы колумбиялық Габриэль Гарсия Маркес (1928) және 2004 жылы перулық Марио Варгас Льоса (1936) Нобель сыйлығын иеленді.
Аймақтық романды жасаушылардың қатарына уругвайлық Орасио Кироганы (1878-1937), колумбиялық Хосе Эустасио Ривера (1889-1928) мен аргентиналық Рикардо Гуиральдесті (1886-1927), венесуэллалық Ромуло Гальегос (1864-1969) пен мексикалық Мариано Асуэланы (1873-1952) жатқызуға болады. Индихенизмнің дамуына эквадорлық Хорхе Икаса (1906-1978), перулық Сиро Алегриа (1909-1967) және Хосе Мария Аргедас (1911-1969), 1967 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған гватемалық Мигель Анхель Астуриас (1899-1974) үлкен үлес қосады.
Латын Америкасының мәдени-тарихи және әдеби панорамасы ерекше сипатқа ие. Ол ибероамерикалық (испан тілді, португал тілді), үндіамерикалық, афроамерикалық, креольдық сияқты түрлі мәдени аймақтарға бөлінеді. Көптеген елдердің әдебиетін қамтитын Латын Америкасының әдебиеті өзіндік тарих пен этникалық ерекшеліктерге ие. Португал тілінде сөйлейтін Бразилия, үнді халқы басым Перу, Эквадор, Мексика, африкалық мәдениетке жақын Куба мен Венесуэлла және мәдени элементі жоқ Чили мен Ла-Плата елдері (Аргентина мен Уругвай, Парагвай) отарлау саясатының құрбанына айналып, кейін еуропалық мәдениеттің әсеріне де ұшырайды. Түрлі этностардан құралған бұл елдердің әдебиеті де түрлі бағытта болады. Өзіндік ерекшелікке ие «сиқырлы» әдебиет уақыт өте келе бүкіл адамзатқа тән өзекті мәселелерді көтере бастады.
Латын Америкасының әдебиетін отарлауға дейінгі және отарлаудан кейінгі әдебиет деп екі кезіңде қарастыруға болады. Егер Солтүстік және Орталық Америкада испандық рең белгілері инк, ацтектер мен маяның бай мәдениетімен сіңісіп, елдің оңтүстігінде аборигендерді ығыстыру нәтижесінде бос кеңістік қалыптасады. АҚШ экспансиясы Латын Америкасының антимилитаристік бағытты айқындайды. 1910-1917 жылдардағы мексикалық төңкеріс Диастың диктатурасына қарсы бағытталып, бүкіл елді қамтиды. Азаматтық соғыстар мен «генералдық» төңкерістер ұлт-азаттық күреспен қатар жүреді. 1922-1924 ж. Бразилияда болған демократиялық офицерлік шерулер үлкен серпіліс тудырып, Престос бастаған күрес бүкіл елге жайылады. 1929-1930 ж. елде дағдарыс болып, диктаторлық режимдер күшейе түседі.
Латын Америкасының ұлттық әдебиеті испан және португал әдебиеттерінен бастау алып, дамудың ұзақ жолын бастан өткізеді. ХХ ғасырдағы көркем әдебиеттің ұлттық ерекшелігін сол кездегі ақын-жазушылардың шығармашылығынан көруге болады. Осы кезде Габриэль Мистральдің, Пабло Неруданың, Жоржи Амадудың және Хорхе Луис Борхестің есімдері бүкіл әлемге белгілі болады.
Бұл әдебиеттен Еуропаға еліктеуді де, өзіндік ерекше өрнегі бар, қайталанбас мәдениеті де, романтикалық экзотиканы да көруге болады. Ол арқылы латынамерикалық құбылыстар мен оның ғажайыптығын және жалпы адамзаттық мәнін терең түсінуге болады.
Латын Америка әдебиетінде түрлі бағыттар мен жанрлар, манифестер дүниеге келеді: кубалық «миноризмнен» (жас әдебиетшілердің радикалды және эстетикалық бағдарламасы) негрлік және әлеуметтік поэзияға дейін; «солтүстік-шығыс» романынан бастап «үнді» романына дейін; коплас пен «корридодан» бастап мексикалық халық поэзиясының дәстүрлі формасына, Гильендінің «сонасына» дейін, Борхестің элитарлы-рафинадталған стилінен Пабло Неруданың жанартау тектес поэзиясына дейін мысалға келтіруге болады.
Латын Америка әдебиетіндегі авангардтық бағыт Еуропаның ықпалы арқылы пайда болып, Кубада «вангуардизм», Мексикада «эстридентизм», Чилиде «креасьонизм», Аргентинада «ультраизм» формасында қалыптасады. Бұл тәжірибелі поэзия қасіретті ғасырдың философиясына толы «таза өнер» бағдарламасына жақын, онда формалды ізденістерге үлкен зейін аударылады.
Испан–америкалық модернизмнің негізін қалаушылардың бірі никарагуалық ақын Рубен Дарио (1867-1916). Ол ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде өзінің өлеңдері мен прозасы арқылы көпшілікке мәлім болып, әдебиеттің дамуына айтарлықтай үлес қосады. 1905 жылы оның «Өмір мен үміт өлеңдері» атты жинғы жарық көреді. Дарио испан тілді поэзияға жаңа өлшемдер мен ырғақтарды енгізеді.
Латынамерикалық авангардизмнің теоретигі мен практигі ретінде чилилық Висенте Уидоброны (1893-1948) ерекше атап өтсе болады. Ол Еуропа жазушыларының дәстүрлерімен тығыз байланысты болған. Парижде және Мадридте тұрып, Аполлинар мен Пикассо сынды тұлғалармен жақын араласып, өз шығармаларын француз және испан тілдерінде жазады. Висенте Уидобро эквилибрист формасындағы әдеттен тыс ақын болатын. Ол креасьонизм бағдарламасын жасап, өз шығармашылығында осы бағыттың негізгі қағидаларына сүйенеді. Поэзия сыртқы дүниені емес, ішкі әлемді бейнелеуімен құнды деп санайды. Бұл принциптер Уидоброның «Су айнасы» атты жинағында толығымен келтірілгенОның шығармашылығына Аполлинер айтарлықтай ықпалы етеді. Мұны ақынның «Экватордан» атты өлеңінен айқын байқауға болады.
Уидобро «Рух жаңғыры», «Квадратты горизонт» жинақтары мен «Эйфель мұнарасы» поэмасының және «Аспанды сілкіндіру» повесінің авторы ретінде танымал болады.
Авангардтық ағымның тарихы прозаик, ақын, эссеист Хорхе Луис Борхестен бастау алады. Борхес Швейцарияда білім алып, бірнеше жыл Испанияда тұрады. Ол осы жерде бастаған ісін Отанында жалғастырып, «Буэнос-Айрестің аптабы», «Алдымдағы ай», «Сан-Мартина дәптері» атты өлеңдер жинақтары мен бірқатар отандық және әлемдік әдебиетке арналған теориялық еңбектерін жазады. Борхестің әлі жаңа әлем жайлы философиялық тұрғыда астарлы жазылған әңгімелері үлкен жетістікке ие болып, жазушының даңқын әлемге паш етеді. Жазушының прозалық еңбектері бірнеше жылдық үзілістен кейін қайта жарыққа шығады. 30 ж. аргентина әдебиетіне тән жазушылардың тарих философиясына деген қызығушылықтарына белгілі философ Хосе Ортега-и-Гассет мен Герман Кейзерлингтің Буэнос-Айреске қонақ болып келуі ықпал етеді.
40 ж. бастапқы шенінде жарыққа шыққан Борхестің шығармаларында ғарыштың кеңдігі, адамның әлсіздігі, уақыт пен кеңістіктің өзара байланысы көрсетіледі. Мамандығы бойынша филолог әрі жазушы «философиялық ой толғаулар өнер туындыларынан кем түспейді» деп, кітапқа ұқсас мәдени үлгілерге зейін қояды. Борхес ғылыми фантастиканың тәсілдерін қолдана отырып, интеллектінің мүмкіндіктеріне күмән келтіреді. Жазушы ақылдың құдіретімен ашылған заңдардың орнына қиялдың күшін зерттеп, интеллектіні қауіптен қорғау керек деп ескертеді.
Борхестің прозасы әлемдік әдебиеттің классиктеріне сілтеме жасаумен, философтар мен ғалымдардың еңбектерінен алынған дәйексөздермен құнарланған. («Пьер Ме-нар», «Дон Кихот» авторы, «Кольридж түсі»). Оның әңгімелері ғылыми мақалаларға ұқсас және бірнеше нұсқасымен ұсынылып, адам мінез-құлқының түрлі механизмдерін талдайды, сонымен қатар өздігінен бұзылатын инстинктіні де ой толғауынан өткізеді («Вавилондағы лоторея»). Шығармалардағы детективті сюжет жазушының негізгі мақсаты емес. «Айрылған жол бағы» атты әңгімесінде «Бақ-інжіл кітабы» мифологиялық метафораның құпиясын анықтап, адамның алдын ала болжай алмайтын тағдырын бейнелеу үшін қолданылады. «Алғашқы үлкен қалалық» прозаик Латын Америкасында үлкен құрметке иеленіп, оның ойлау жүйесі мен дүниетанымы ғасырдың соңғы ширегінде әдебиет әлеміне үлкен сілкініс әкеледі. Жазушы көптеген жылдар бойы Аргентинаның ұлттық кітапханасының директоры қызметін атқарады.
Чили ақыны Габриэль Мистраль әдебиет саласында 1945 ж. Нобель сыйлығына иеленеді. Мектепте мұғалім қызметін атқарып, ұзақ уақыт Еуропа мен АҚШ-та дипломатиялық қызмет атқарады. «Ажал сонеттері», «Үмітсіздік», «Сезімталдық» атты өлеңдер жинағында жеке өмірінің қасіретін бейнелейді. Онда махаббат пен анаға арналып әнұран шырқалады, сүйгенінен айрылу мен жалғыздық сезімдері байқалады («Сольвейг өлеңі», «Строфалар», «Фонтан»).
Мистральдің «Тала» өлеңдер жинағында өлеңдер азаматтық мотивтермен көркемделіп, автор әлем тарихы мен Чили халқының тарихына алаңдайды. Ақын үнді мифтік ойлау поэзиясында аңыз, құдай, түрлі тайпа (инк, майя, кечуа, аймара) батырлары туралы да жазады. Табиғатты жаратқанның құдіретті күші деп, қалыптасқан әдет-ғұрыптар мен мәңгілік даналықтың алдында бас иеді («Тропикалық күнге гимн», «Чили жері»). «...Өмір – алтын нанның тәтті дәмі, махаббат – мәңгілік, зұлымдықтың ғұмыры қысқа...» деген өлең жолдары ақынның өмірге деген құштарлығын байқатады.
Мистраль өзінің «Кредо» өлеңінде биік арман мен сүйіспеншілікке толы жүректің толғауын бейнелейді. Сүйіспеншілікпен егілген нәрсенің жақсылықпен қаулап өсетіндігін айтады.
Пабло Неруда – Чили ақыны және қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының лауреаты, 40 аса кітаптың авторы. Неруданың бастапқы поэзиясында өте нәзік және философиялық лирика, болмыс пен жердің тосын құбылыстарына таңданумен қатар герметизмге тән жалғыздық, тығырыққа тірелу де бейнеленеді. 1935 ж. Неруда Мадридте Консул қызметін атқарады. Испаниядағы азаматтық соғыстың әсерінен оның антифашисттік поэзиясы қалыптасады. Неруданың «Ғаламдық ән» атты поэзиялық эпопеясы ақынның бірнеше жылғы шығармашылығының жемісі іспеттес. Ол өз шығармаларында Фашизмге, соғысқа қарсы, Чилидегі диктатураға қарсы ойын жайып салады. Пабло Неруда демократия мен әділеттіліктің белсенді жақтаушысы, ақын, әрі шыншыл күрескер болған.
Тақырыбы мен жанры бойынша Латын Америкасының прозасы жан-жақты әрі сан алуан. Орасио Кироги, Мигель Анхел Астуриас, Жоржи Амаду, Алехо Карпентьера сынды көптеген беллетрист жазушылардың шығармашылығы 60-шы жылдардағы латынамерикалық романның дамуына айтарлықтай әсер етеді.
Орасио Кирога (1878-1937) – уругвайлық жазушы, қысқа әңгімелер жазудың асқан шебері. Ол шығармашылық жолын декаденттік поэзиядан бастайды, оның детективті-фантастикалық әңгімелерінен Эдгар Поның ықпалын байқауға болады («Бөгденің қылмысы», 1904). Орасионың «Сүйіспеншілік, ессіздік және ажал жайлы әңгімелер» деп аталатын ең жақсы әңгімелер жинағынан жазушының психопоталогияға қызығушылығын көреміз. Ол тропикалық ормандар мәселесіне алғашқылардың бірі болып зейін аударады. Осы тақырыпта «Сельва ертегілері», «Анаконда», «Шөл» әңгімелері жоғары бағаланады. Оның шығармашылығынан жазушының жаңа типтегі құжатты–натуралистік прозадан романға ауысқанын көре аламыз.
«Каудильо көлеңкесі» атты роман 30-шы жылдары халық арасында кең таралып, үлкен сұранысқа ие болады. Бұл кітаптың авторы Мартин Луис Гусман (1887-1976) өзінің саяси романында каудильизм тақырыбын көтереді. Каудильизм тақырыбы кейін де латынамерикалық әдебиетте өз жалғасын табады.
Билік үшін диктаторлық күрес Мигель Анхел Астурисаның «Сеньор Президент» атты романының негізгі өзегі болады. Астуриас Гватемаладан шыққан. Оның шығармашылығынан латынамерикалық мәдениетке тән саяси еркіндікті іздеу формасы айқын байқалады. 1933 ж. жазылған роман тек 1946 ж. бастап мәлім болады. Ол Гватемалада демократиялық үкімет орнаған соң мүмкін болған. Жазушы романда жасаған диктатор бейнесі арқылы отандық және Латын Америка тарихында болған барлық диктаторларға тән қасиеттерді шебер бейнелейді. Бұл бейненің әмбебаптығы «Апта, ай, жыл» романында көрсетіледі. Кейінгі көптеген латынамерикалық жазушылар бұл тақырыпты өз шығармаларында одан әрі жалғастырады. Астуриастың проза поэтикасының қалыптасуына оның көркем тілі мен ежелгі мәдениетке деген қызығушылығы едәуір әсер етеді. Астуриас Сорбоннада білім алып жүргенде ежелгі жануарлар мифологиясын зерттей бастайды. Сол кезде жазушы «Пополь – Вух» халықтық эпосты испан тіліне аударды. Парижде оның «Жұлдыз сәулесі» атты поэтикалық еңбегінің «Гватемала аңыздары» деп аталуы кездесоқтық емес. Бұл шығарма Мадридте жарық көріп, жас жазушының ұлттық мәдениетке, мифологияға деген асқан қызығушылығын көрсетеді. «Маис адамдары» романы үндістердің фантастикалық дүниетанымы мен дәстүрлеріне негізделеді. Бұл миф сюжетсіз баяндалып, патриархалдық қоғамдағы өмір сүру салты мен отарлаушылырдың әкелген бөтен салттардың қақтығысын сипаттайды. Астуриас шындық пен қиялды шебер үйлестіре отырып, үндістердің Гаспар Илом бастаған соғысын көркем суреттейді. Миф арқылы үнді халқының бастан кешірген қайғы-қасіретін көрсетеді.
Жазушы өзінің «Мулат әйел» (1963), «Моладрон» (1970) және «Әуесқой құс» (1972), сонымен қатар «Ида Сольдің айнасы» (1967) атты шығармаларында өз елінің мәдениеті мен өткенін сөз қылады. Астуриастың шығармашылығы жылдан-жылға кеңейе түседі. Романдардағы миф бүкіл әлемге танымал болады. Аструиас осындай тәсілдерді қолданып, Латын Америка дәстүрлерін толық ақтайды. Жазушы үндістердің мәдениетіне ене отырып, онда қазіргі заманда орын алған өзекті мәселерді қозғайды. Сонымен қатар ол жаңа заманға оралып, миф мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жалпы заңдылықтардың бүге-шүгесіне дейін көрсетеді. Ол түрлі дәуірлер мен кезеңдерді біріктіре отырып, жеке мәселелерден жалпы адамзаттық өзекті мәселелерге көшеді.
50 жылдары Астриуас «Бананды трилогия» идеясын бастайды. Онда Орталық Америка елдеріндегі империализмнің билігі көрсетіледі. Трилогияның алғашқы романы «Боранда» (1950) ауылшаруашылық жұмысшылары мен ұсақ жер иеленушілердің ауыр өмірі мен олардың америкалық банан компаниясы «Тропикаль Плантанер» туралы айтылады. Романның басты кейіпкері Жасыл Лапа банан компаниясын басқарады. Шығарманың соңы ерекше аяқталады. Үнді сиқыршысы Чама дауыл шақырып, банан плантацияларын жойып, «Тропикаль Плантанер» жүйесінің іргесін босатады.
Астриуас өзінің «Жасыл Папа» (1954) романында ХХ ғасырдағы авантюристер мен флибустердің бейнесін үлкен шеберлікпен көрсетеді. Жасыл Папа америкалық жергілікті тұрғындардың арасында бүлік шығарумен айналысады. Ол «Тропикаль Плантанердің» президенті болады. Аустриуас оны «чек кітапшасы мен қонжықтардың серісі» деп атайды. Бірақ Мейлер Томпсонның тримуфы қайғылы билік үшін күрес жолында сүйікті қызы Майариден, кейін әйелінен, ал трилогияның соңғы бөлімінде өзінің мұрагері немересінен айрылады. Күйзеліске ұшыраған кейіпкер соңында өлімге ұшырайды. Астириуас өзге шығармаларындағыдай «Жасыл Папа» романын ауыз екі тілге жақын тірі тілмен жазып, көптеген диалогтар мен стилистикалық қайталауларды да келтіреді, Гватемалла үндістерінің поэтикалық сөздігіне сәйкес лексиканы қолданады. Шығарманың кейіпкерлерінен қарапайым адамдарды да, ертегідегі сиқыршы адамдарды да (Чипо, Чама, Почоте Пуак) көруге болады.
«Көмілгендердің көздері» (1966) трилогиясының қорытынды бөлігінде өзінің атауындай үндістердің айтуы бойынша көмілген адамдардың көздері жерде әділдік орнағанша ашық жататыны айтылады.
Карпентьер Больмант - Куба жазушысы, ақын, эссеист, музыкант әрі қоғам қайраткері. Ол Гаванада «интернационал» отбасында дүниеге келген. Оның әкесі француз, ал мамандығы бойынша архитектор, ол Гаванадағы көптеген атақты ғимараттарды салған. Анасы Бакуде туылған орыс, музыкант; Карпентьердің нағашы атасы белгілі орыс ақыны Константин Бальмонттонның әкесінің ағасы болған. Куба жазушысының толық фамилиясының Карпентьер Больмант болуы да кездейсоқ емес. Карпентьердің ата-анасы бір-бірімен Швейцарияда танысып, үйленгеннен кейін Кубаға көшіп келеді. 1913 жылы Карпентьер алғашқы жазба жұмыстарын бастайды, ал әдебиет жолын 1921-1922 жылдары Гавана баспасында журналистика қызметінен бастайды. 1930-33 жылдары елде орын алған төңкерістің жүрегіне айналып, Хуан Маринелломен достасады. Ол ақын, сыншы, сонымен қатар «минорист», кейін жұмысшылар мен коммунистер қозғалысының белсенді мүшесі, социалистік Кубаның көрнекті қоғам қайраткері болады.
Полицияның үздіксіз бақылауынан шаршаған Карпентьер сол кезде Гаванада жүрген жас француз ақыны Робер Десностың көмегімен Кубадан Францияға қашып кетеді.
Карпентьердің жазушы болуына оның 1943 жылғы Гаити мен 1947-1948 жылдардағы Венесуэллаға сапары айтарлықтай әсер етеді. Оның Гаитиге сапары «Жер патшалығы» (1949) романында көрініс табады. Бұл шығарма Латын Америкасының «жаңа» романы атанып, әлемдік сұранысқа ие болады. Екінші сапарының қорытындысы ретінде «Жоғалған іздер» (1953) атты романы дүниеге келеді. Онда автор Латын Америкасында орын алған түрлі тарихи кезеңдер туралы айтады. Карпентьер «Жер патшалығы» романында 18-19 ғасырлары Гаитиде болған төңкеріс пен негрлердің түйсігіне сәйкес мифологиялық апаттар туралы жазады. Латын Америкасының «Керемет шындығын» ашып, халықтың шынайы өмірін, күнделікті тұрмыс-тіршілігін мифологиялық тұрғыда керемет суреттейді. Осы жердегі тайпалардың тұрмысы, әсем әрі үйлесімді халық фантастикасы иррационалды хаосқа жүгінетін түйсікте туындаған қараңғы және ұрықсыз «Кереметке» қарсы тұрады. Карпентьер Латын Америкасы өнерінде байқалған халықтық мифологиялық–фантастикалық кәсіби өнерінің «Үзіндісін» көрсетеді. Осылайша, Карпентьер тұжырымдамасы мен Латын Америкасының шындығына негізделген жаңа әдіс дүниеге келеді.
1959 ж. Карпентьер Куба революциясының жеңісінен кейін Венесуэлладан Отанына қайта оралып, өмірінің соңына дейін елінің қоғамдық өмірі мен жаңа құрылымы үшін белсенділік танытады. Ол кітаптар фестивалін ұйымдастырып, мәдениет саласындағы Ұлттық Кеңес хатшысының орынбасары, 1966 жылдан бастап Франциядағы Куба елшілігінде мәдениет кеңесшісі, халық үкіметінің Ұлттық Ассамблеясы елдің жоғары заң шығару органының депутаты болып, Кубаның ұлттық баспа орталығын басқарады.
Жазушы жоғарғы айтылған шығармаларынан басқа да көптеген жоспарлы тарихи романдар («Білім ғасыры», 1962) жазған. Онда Латын Америкасы дамуының арнайы тарихи мәселелері сөз болады. Жазушының қорытынды шығармасы болып табылатын «Барокко» (1974) атты еңбегі терең мәдени философиялық идеяларымен ерекшеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |