Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов



бет19/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   36

Квазимодоның поэзиясына пессимисттік көңіл-күй тән. Оның ерте өлеңдеріндегі мұң мен лирикалық меланхолия өмірдің қатыгездігін көрсететін сезімдерге айналады. Ол бастапқыда табиғат сұлулығы жайлы өлеңдер жазып («Су мен Жер» жинағы, 1930), кейін өмірдің қатыгездігі мен қасіреті жайлы жазуға көшкен. Ол өзінің 1942 ж. жарыққа шыққан өлеңдер жинағын «Кенеттен кеш батты» деп атаған. Қиын қыстау кездегі халықтың ауыр жағдайы ақынның жан дүниесіне қайғы-мұң ұялатады. Ақын өзінің «Менің елім Италия» (1949), «Өмір түс емес» (1947), «Күнен күнге» (1958), «Теңдесі жоқ жер» атты өлеңдерінде адамзаттың жауына қарсы күреске шақырады. 1959 жылы Квазимодо Нобель сыйлығының лауреаты атанады.

Луиджи Пиранделло (1867-1936) - Италияның ең атақты жазушыларының бірі, Сицилия аралының Агридженто деген жерінде дүниеге келген. Оның отбасы италия халқының бірігуі мен тәуелсіздік жолында күрескен. Әкесі күкірт кенінің қожайыны Стефано Пиранделло өз фирмасын ашып, ұлына инженерлік білім беруді армандайды. Бірақ Луиджи Рим университетінің гуманитарлық факультетіне оқуға түсіп, «Джирдженти провинциясының диалектері, ертегілер, халық әндері, айтыс» тақырыбына диссертация қорғап, өзінің филологиялық білімін Боннада аяқтайды.

Оның жазушы болуына италиялық веризмнің негізін қалаушы теоретик Луиджи Капуанның (1839-1915) жас әдебиетшілер үйірмесімен жақын араласуы әсер етеді. Веризм (шындық, шыншыл) – француз натурализмі ықпалымен пайда болған реализмнің италиялық нұсқасы. Веризм тұсында Пиранделлоның алғашқы новеллалары мен романдары жарыққа шығады («Шеттетілген» 1901). Бұл шығармада жазушы өмірдің шынайы келбетін, әдет-ғұрпын, қарапайым адамдардың тағдырын, өмірдің шынайы тұстарын шебер көрсетеді. Ол көзге көрінетін шынайы құбылыс­тарға сүйене отырып, тек айғақтармен шектеліп қалуға болмайды деп тұжырымдады. Италия және Еуропа әдебиетінің тарихына Пиранделло жаңа­шыл драма­тург, интеллектуалды философиялық-психологиялық театрды құрушы ретінде енеді.­

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары Пиранделлоның «Басқаларға арналған құқық» (1915), «Джакомина, бұл жайлы ойланып көр!», «Лиола» (1916), «Қалай ойласаң солай болады» (1917), «Қызығушылық ойыны», «Бірақ бұл шындық қой» (1918), «Адам, жыртқыш және адамгершілік» (1919), «Бұрынғыдай, бірақ бұрынғыдан жақсырақ» (1920), «Генрих IY» (1922), «Әркім өзінше» (1924), «Бүгін біз айтысып жатырмыз» (1929) және т.б. пьесалары дүниеге келді. Пиранделлоның пьесалары тұлғаның жан-жақты идеялары мен өмірдің әр түрлі түсінігіне негізделген.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Италия әдебиетінде фашизмге қарсы күрескен Элио Витторини, Итало Кальвино, Карло Леви, Рената Вигано сынды жазушылардың шығар­ма­шылығы үлкен жетістікке жетіп, халыққа рух беріп, жүректеріне үміт отын ұялатады.



Элио Витторинидің (1908-1966) «Адам мен жауыз» (1945) атты романы италия әде­бие­тінде жауға қарсы күресу манифесіне айналады. Витторини шығармашыларындағы кейіп­керлер жарқын болашаққа деген үмітінен айырылған қарапайым адамдар болса да, өздерінің бойынан қатыгездік пен жауыздыққа қарсы тұруға күш-жігер табатын («Ұсақ буржуазия» (1931) әңгімелер жинағы, «Қызыл қалампыр» (1934) повесі, «Мессиндік әйелдер» (1949) атты романы). Жазушының «Сицилиядағы әңгіме» (1941) повесі ел арасында кең таралады.

Италиялық неореализмнің атақты жазушысы Васко Пратолини (1913-1991) Флорен­ция­­да қарапайым жұмысшының отбасында дүниеге келген. 30-шы жылдардан бастап журна­листік қызмет атқарады. Оның алғашқы еңбектері «Магадзини көшесі» (1942) атты повесі мен «Құрбы достар» (1943) атты өлеңдер жинағы оның кейінгі шығармашылығының негізгі бағытын анықтап береді. Жазушы өзінің «Квартал» (1945) романында жауға қарсы күреске қатысқан жас жұмысшылардың бейнесін жасайды. Пратолинидің ең маңызды шығармасы­ның бірі «Бейшара ғашықтар туралы повесть» (1947) атты романы жазылады. Шығармада орын алған оқиға 20-шы жылы болады. Онда Флоренцияның кедей ауданындағы тұрғындар­дың өмір салты мен фашизмге қарсы күресі бейнеленген. Оқиға Виа дель Корно көшесінде өрбиді. Басты кейіпкерлері – баспашы Марио мен қызы Милена, егінші Уго мен ұста Мачис­те. Олардың барлығы Виа дель Корно тұрғындарымен тығыз байланысты, олар бір-біріне жалғыздықты жеңуге көмектеседі.

Васко Пратолинидің романы – италиялық неореализмның жарқын үлгісі. Романда халықтық бейнесі мен өмір сүру салты, олардың қалыптасқан түрлі ережелер мен сансыз саяси тәртіпке қарсы күресі суреттелген. Романда халық өз күшіне сеніп, ақырында үлкен жеңіске жетеді.

Ешқандай әдеби бағытқа жатпайтын Дино Буццатидің (1906-1972) шығармалары да ел арасында кең танылған. Буццати Кафканың дәстүрін жалғастырушы ретінде үлкен сынға алынады. Ол фантастикаға сүйене отырып, адамның шынайы өмірі мен күнделікті тұрмы­сын­­да кездесетін қиындықтар жайлы жазған.

Буццати Венето провинциясында дүниеге келген. Миланда өмір сүріп, сонда жұмыс істеген. Оны саясат қызықтырмаған. Мамандығы заңгер Буццати 1928 ж. бастап Миландық газеттің баспасында қызмет атқарады, өзінің журналистік кәсібін қатты ұнатады. Ол өзінің «Таудан келген Барнабо» (1933), «Көп жылғы орманның құпиясы» (1935) атты романда­рын­да, «Татар шөлі» (1939) мысал-романында, «Жеті қуғыншы» (1942) фантастикалық новелла­сын­да, «Аюлардың Сицилияға жасаған әйгілі шабуылы» (1960) сынды шығармаларында фантастикалық оқиғаларды баяндайды. Ол - тосын пікір мен әсірелеудің асқан шебері. Оның таңғажайып әңгімелері адамнан басым түсетін қорқынышты шындықтың бейнесі мен ғылыми-техникалық өрлеудің «зұлым күштеріне» тәуелді әлемнің бейнесін суреттеді.

Италия әдебиетіндегі постмодернизм жазушы, философ, ғалым, семиотик әрі сыншы Умберто Эконың (1907-1990) шығармашылығынан көрініс табады. Жазушы өзінің шығар­ма­ларында («Ашық шығарма», 1962; «Джойстың поэтикасы», 1966; «Жалпы семиотика бойын­ша трактат», 1975) постмодернизм мәселелеріне тоқталады. «Раушан есімі» (1980), «Фуко жол көрсетушісі» (1988) атты Эконың романдарына философиялық сипат тән. Автор бұл романдарды жаза отырып, мәдениет пен сананың дамуын көрсеткісі келеді. «Раушан есімі» романында әлемнің ғарыштық үлгісі суреттеледі, ал «Фуко жол көрсетушісі» романында еуропалық сананың дамуы бейнеленген.



Альберто Моравиа (1907-1990) - Италияның атақты жазушысы әрі новеллист. Ол Пиран­­деллодан кейін 20-шы жылдардағы орын алған адамды шеттету мен халық­тың быты­раң­қы­лығы жайлы («Селсоқ қарайтындар» романы, 1929), фашизмге қарсы күрес («Маска­рад», 1941; «Чочара», 1957) пен соғыс туралы жазған. Оның соғыстан кейін жазған шығарма­ла­­ры («Римдік әйел» романы, 1947; «Римдік әңгімелер» (1954) және «Жаңа Римдік әңгіме­лер» (1959) атты өлеңдер жинағы) неореализм әдебиетіне жақын келеді. Сонымен қатар Моравиа буржуазиялық отбасылардың құлауы мен ыдырауы, қазігі замандағы суретшілердің тағдыры жайлы романдарында («Жек көрушілік», 1954; «Көңілсіздік», 1960), Римнің тұрғындары – қатардағы жауынгерлер жайлы жазады. Моравианың шығармала­рын­да лирика ирониямен, көңілсіздік күлкімен байланыстырылады. Моравиа­ның реализмі әлеуметтік-психологиялық анализдің шеберлігі және сатирикалық әуенмен ерекшеленеді.

Альберто Моравиа (Пинкерле) Римде дүниеге келген. Жазушының әкесі сәулетші болған. Альберто 9 жасында сүйек туберкулезімен ауырып, шипажайларда көп жылдар бойы емделуіне тура келеді. Емханада жатып, оның кітап оқуға деген қызығушылығы артады. Кейіннен ол әдебиет саласында бағын сынап, он алты жасында өзінің алғашқы романын жазуды бастайды. 1925 жылы аяқталған бұл романын «Селсоқ қарайтындар» деп атап, 1929 жылы өз қаржысымен баспаға шығарады. Бұл кітап жазушының болашағын анықтады Моравианың ең мықты шығармаларының бірі болып табылады. 30 жылдардың алғашқы жартысында Моравиа Лондонда, кейін Парижде өмір сүреді. «Маскарад» (1941) романында келтірілген Орталық Америкадағы диктатордың ойдан шығарылған бейнесі Муссолинидің ызасын келтіре­ді. Нәтижесінде Моравианың еңбектерін басуға тыйым салынады.

Қасіретке толы тағдыр, өтірік, екіжүзділік, рухани азғындық, арсыздық, зорлық тақы­рып­тары Моравианың төмендегі шығармаларында да кездеседі: «Бой ұсынбау» (1948), «Жұбай­лар махаббаты» (1949), «Конформист» (1951) және т.б. Оның соңғы шығармасында фашисттік режимге бейімделеген адам жайлы айтылады.

Альберто өзінің «Чочора»48 (1957) романында Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Жазушы өзінің аталған романында «қарсы тұру кезінде» елде орын алған қиындықтар мен кедейшілік туралы жазады.



Умберто Эко (1932) – қазіргі Италия әдебиетіндегі ірі жазушылардың бірі, атақты оқы­мысты-медиавист, семиотик, мәдениет қайрат­кері, Болон және бірнеше әлемдік универси­тет­тердің профессоры. Ол тек қатаң академиялық ғылымның ғана емес, сонымен қатар еркін шығармашылық ізденістердің де нышаны болған.

Эконың «Раушан есімі»49 атты алғашқы романы (1980) жарыққа шыға сала, үлкен жетістікке ие болып, жазушыға әлемдік атақ алып келеді. 1988-1994 ж. жазушы өзінің «Фуко жол сілтеушісі» және «Накануне аралы» атты екі романын жарыққа шығарды.

Жазушының «Ашық шығарма» (1962), «Визуальды коммуникацияның семиологиясы» (1967), «Жалпы семиотика туралы Трактат» (1975), «Түсіндіру­дің шектері» (1990) атты шығармалары әлемдік семиотиканың қалыптасуына негіз болған. Эконың үш романы И.Ильин сияқты зерттеушілердің көзқарасы бойынша постмодернизмге жатса, Ю.Лотман­ның көзқарасы бойын­ша – семиотикалық романға жатады.

Қорыта келе, XX ғасырда Италия әдебиеті фашисттік Муссолини тәрті­бінің әсерінен көптеген қиындықтарды басынан өткізгендіктен, фашизм мен соғысқа қатысты тақырыптар басым болған. 1960-ж. Джорджо Бассани және Наталия Гинзбург өз шығармала­рын­да тұлға мәселелерін қарастырды. Олардың еңбектерінде неореализм бағыты­нан гөрі неоавангардизм басым болады.


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. ХХ ғасырда Италия әдебиетінің жалпы жағдайы және ондағы пайда болған бағыттар.

  2. Италия әдебиетінде футуризм бағытының дамуы және оны ұстанған жазушылар.

  3. Веризм бағытын ұстанған жазушылар және олардың шығармашылығы.

  4. 1945-1990жылдардағы әдебиет. Неореализм бағыты.

  5. Умберто Эконың шығармашылығы.


Испания әдебиеті

Қайта өрлеу дәуірінде әлемге Сервантесті таныстырып, Гонгори, Кеведо, Кальдерон, Лопе де Вега шығармашылықтары арқылы ХҮІ-ХҮІІ ғасырдағы поэзия мен драматургияны дүниеге әкелген испан әдебиетінің гүлдену кезі келмеске кеткен. Дегенмен ХХ ғасыр баста­лы­сымен испан әдебиеті Еуропа әдебиетінде маңызды орынға ие болады. Оған елде болған маңызды оқиғалар да әсер етеді.

ХХ ғасырда Испания испан-америка соғысында жеңіліс тауып, өзінің отарлары мен бұ­рынғы күшінен айрылған болатын. Бұл оқиға 1898 жылы орын алғандықтан, «98 жылдың ұрпақтары» атанған жазушылар Мигель де Унамуно, Пио Барохи, Антонио Мачадо, Хуана Рамона Хименесо шығармашы­лық­тары осы кезеңмен байланысты болады.

1898 жылдан кейін Испания экономикалық және саяси дағдарыс кезеңіне тап болады. Эко­номикалық тоқырау кезінде шаруалар мен жұмысшылар ара­сын­да толқулар басталып, бір­қатар елдерде (Катамония, Баск елдері) ұлттық авто­но­мия үшін күрестер жүріп жатты. 1923 ж. Испаниядағы төңкерістен кейін Примо де Ривераның әскери-монархиялық диктату­расы орнады. Ол 1930 ж. дейін созылды. 1931 ж. монархия құлап, буржуазиялық республика орнайды. Осы жағдайда таптық қақтығыстар ұлғайып, ел ішіндегі фашизимге қарсы бағыт­талған, азаматтық ұлттық-революциялық соғысқа айналады. 1936-1939 жылдары болған азаматтық соғыс генерал Франконың фашистік диктату­ра­сы­ның орнауымен аяқталады.

Испан әдебиеті осында үлкен апаттар мен мәдениеттің жойылуы, интелли­генция мен еркін ойлаушылардың қудалануы кезінде өмір сүруін жалғасты­рады. Сол тұстағы әдебиет елдің тарихына қайта үңіліп, болашаққа деген сенім шырағын жағып, халықтың даналығы мен күш-қуатына деген сенімді күшейту­мен болған.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында «98-ші жылдың ұрпағына» жататын жазушылардың шығармашылығы испан әдебиетінде белең алған ең маңызды құбылыс болады. Бұл жазушылар сыни реализм канондарына қатаң бағынатын, дәстүршіл аға буын өкілдеріне өздерін қарсы қойды. Олар шығарманың стилі арқылы автордың өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге тырысады. Натуралистер өз кейіпкерлерінің бойындағы ата-бабала­ры­нан алған қасиеттеріне үлкен мән берген болса, олар керісінше өз кейіпкер­лерін қоршаған ортаның әсеріне берілмейтіндей етіп бейнелейді. Қарапайым адамдардың өмірін суреттеуде олар испандықтарға тән ержүректі­лікті ашып көрсетеді. Оларды ұлттық психологияның негізі қызықтырып, халық пен отан тақырыбы үлкен маңыздылыққа ие болады. Елде болып жатқан оқиғалар философиялық роман мен лирика жанрын ұстанған испандық жазушылардың шығармашылы­ғында көрініс табады.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында авангардтық ағым пайда болады. Алғаш­қы­лардың бірі «креасьонизм» (испанша crear - жасау) болған. «Креасьо­низм­нің» эстетикалық ұстаным­дары мен оның артынша пайда болған «ультраизм» (латынша ultra – шегінне тыс, тысқары) француздық авангардтың, сюрреа­лизмнің ықпалымен қалыптасады.

Уақыт өте «Креасьонизм», «ультраизммен» байланысы жоқ «таза» ақындар тобы құры­лады. Оларды кейде «университеттік ақындар» немесе «академик ақын­дар» деп те атады. Олардың ішінде француз поэзиясын аударған әйгілі ақын, әрі филолог – Хорхе Гильенді ерекше атап өтсек болады. Оның метафорасы күрделілігі жағынан Гонгор поэзиясына ұқсас. Оның алғашқы өлеңдері 20-шы жылдары басылып шыға бастайды. Гильеннің испандық барок­ко поэзиясының дәстүріне сүйенуі 20-шы жылдардағы испан әдебиетін­дегі неогон­горизмнің бір көрінісі болып табылады.

1930 жылдан бастап публицистика жанры, яғни памфлеттер, репортаж-романдар, хроникалар, үгіт пьесалары дами түседі. Оған мысал ретінде Сир­валь­дің «Құрылтай жиналыстың белгілері», Бенавидестің «Жерорта теңізінің соңғы теңіз қарақшысы», Альберти мен Эрнандестің пьесаларын келтіруге болады. Сондай-ақ, Асеведтің «Көртышқан», Галанның «Ұйымдастырылған жабайылық», Арондтың «Мінбе» сияқты әлеуметтік романдары жарық көре бастады. Мәдениет қайраткерлерінің бірігуінде 1936 жылы құрылған «Антифа­шисттік интеллигенция альянсі» маңызды рөл атқарады. Жас жазушылардың поэтикалық жинақтары шығарылады («Азаматтық соғыстың романсеросы», 1936).

Өнердің теоретигі ретінде эстетикалық ойлардың дамуына Мадридтағы философия кафедрасын бірнеше жыл басқарған ірі испан философы Ортега-и-Гасет өз үлесін қосады. Тарихи сана философиясы идеясын Ортега-и-Гасет өзінің әдебиет мәселе­сіне арналған еңбек­терінде әрі қарай дамыта түседі. Оған « Дон Кихот» туралы ойлар» (1914), «Прусттың өнеріндегі түр, уақыт және кеңістік ұғымдары» (1924), «Өнердегі көзқарастар туралы» (1924), «Өнерді гуманизациясыздануы» (1925), «Көпшіліктің толқуы» (1928), «Роман жайлы ойлар» (1930) мысал бола алады. Ортегидің еңбектерінде қоғам жайлы әлеуметтік-мәдени анализ әдебиет­тегі дамудың негізгі тенденцияларымен бірігеді. Ортеги-и-Гасетаның экзистен­цио­на­лизмі мен рациовитализмі сол дәуірдегі испандық жазушылардың дүние­та­нымы мен шығармашылығына ықпал етеді.

Испан әдебиетінде 40-жылдары диктаторлық режимге қарсы көңіл-күйлер «тремен­дизм» (исп. tremendo – қорқынышты, жаман) әдебиетінде көрініс табады. Философиядағы экзистенциализмнен негіз алған «тремендизм» әдеби ағым ретінде Камило Хосе Селаның (1916) шығармашылы­ғында, әсіресе оның «Паскуале Дуартенің отбасы» (1942) мен «Ара ұясы» (1943) романдарында көрініс тапқан. Села фашизм кезіндегі адамдардың қорқыныш пен үрейге толы өмірін шынайы көрсете білген.

50 жылдары әдебиетке экзистенциализмді қабылдамайтын жазушылар келе бастайды. Олар өздерінің әдістерін «объективті және әлеуметтік реализм» деп біледі. Осы жылдары бұқара халық пен жекелеген адамдардың сана-сезімі оянып, олардың саяси белсенділіктері арта түседі. Жұмысшылар, студенттер, зиялылар түрлі әлеуметтік, діни, ұлттық сипаттағы режимге қарсы күрестер ұйымдастырады. Хуан Гойтисоло (1931) «Қолдың ептілігі» (1954) және «Жұмақтағы қайғы» (1955) романдарында өзін франкистік Испанияны әшкере­леп, кейін осы тақырыпты «Ерекше белгілер» (1966) романында жалғас­тырады.

Әлеуметтік қайшылықтар Мигель Делибесаның (1920) «Егеуқұрық» (1962), «Мариомен өткен бес сағат» (1966), «Әкелер соғысы» (1975), «Сеньер Кайно кімге дауыс бермек» (1979) атты шығармаларына да арқау болады. Делибестің кейіпкерлеріне өмірдегі қиындықтарды жеңуге көмектесетін қайратты мінез тән. Олар өмірді сүйеді. Басты кейіпкердің ішкі монологын баяндайтын «Мариомен өткен бес сағат» атты романында Делибес психологизм саласындағы өз шеберлігін көрсете білген.

Мигель де Унамуно (1864-1936) – жазушы, философ, ғалым-филолог, профессор әрі қоғам қайраткері. Унамуно Испанияның солтүстігіндегі Бильбао қаласында саудагердің отбасында дүниеге келген. Мадрид университетінде оқып, «Басктардың пайда болуы мен оған дейін болған жайттар» тақырыбында диссертация қорғаған. Осы тақырыпты таңдаған кезде Унамуноның өз елінің тарихына деген қызығушылығы пайда болып, оның кейінгі шығармашы­лығына да әсер етеді. 1924 жылы әскери диктатураға қарсы жазған памфлеттері мен мақалалары үшін Канар аралдарына қуылады. Жеті жылдық қуғын-сүргін оның қайрат-жігеріне еш әсер етпеді.

Унамуно шығармашылығының негізгі тақырыбы – Испанияның тарихи тағдыры, Отанының бүгіні мен ертеңі, ол махаббат, өлім, жалғыздық туралы сөз еткен. Жазушының «Махаббат және педагогика», «Тұман» романдары адамның қалыптасуы, рухани өмірге қол жеткізу сияқты мәселелерді қамтиды. Бұл романдардың ХХ ғасыр әдебиетіне қосқан үлесі зор. Бұл романдарыдың біріншісі трактатқа жақын болса, екіншісі – өсиет. Унамуноның өзі бұл шығармаларының романдарға ұқсамайтынын айта отырып, оларды испан тілінде «роман» мағынасын беретін «noYela» сөзімен атамай, өзі ойлап тапқан «noYila» деген сөзбен атайды.

«Сана скептицизмі» мен сезімдер арасындағы күрес – Унамуно шығарма­шы­лы­ғын­дағы негізгі ойлардың бірі. «Адамдардың өмірді трагикалық сезінуі» теориясы осы оймен байла­нысты. Ақыл мен жүрек арасындағы күрес - ешқашан бітпейтін үдеріс. Алайда, Унамуно өлім­нің алдында бас имей, оған қарсы тұруға шақырады. Өліммен күресе отырып, «жанта­ласушы» өзін тұлға ретінде қалыптастырады. Бұл тек қана испандық коррида уақытында емес, күнделікті өмірде де болатын жағдай. «Махаббат және педагогика» романының бас кейіпкері – Кларита танымал бола алмаған роман авторы ретінде де, сүйгенінен айырылған еркек ретінде де жеңіліс табады. «Тұман» және одан кейін жазылған Унамуноның «Авелб Санчес» (1917) атты романы мен «Үш өсиет новеллалар» жинағында (1920) адамның өзін қор­ша­ған ортамен бітпейтін күресі туралы айтылады. Әділетсіздікті жаны сүймейтін Мигель де Унамуноның этикалық идеалы.

Оның өлеңдерінде Отан («Рух қаны»), Испания табиғатының әсемдігі («Ашық көзде­ріммен өлейін»), фашизмге қарсыл күрес («Фашизм»), болашаққа сенім («Эй, испандықтар! Уақыт келді!») жайлы айтылған. Унамуноның «Поэтикалық кредо» атты көркем манифесті өлеңмен жазылған.



Антонио Мачадо (1875-1939) - ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы таны­мал испан ақындарының бірі. Ол да Унамуно сияқты «98 жыл ұрпақтарының» қатарына жатады. Ол 20-30 жылдар арасында авангардтық бүлікшіліктен әдебиет­тің жаңа шарттарын қабылдауға өткен жас жазушылардың жақтасы болған. Антонио Мачадо Севильеде дүниеге келген. Оның әкесі танымал ғалым-фольклорист болған. Антонио Мадридте білім алған.

Мачадо өзінің әдеби шығармашылығын 1903 жылы жарыққа шыққан «Жалғыз­дық» атты поэтикалық жинағымен бастайды. Аталған жинаққа енген өлеңдерден француздық символизммен, ең алдымен, Поль Верленнің поэзиясымен, сонымен қатар латын америкалық ақын Рубен Дарионың шығармашылы­ғымен байланысы байқалады. Мачадо келесі онжыл­дықта («Кастилия жазықта­ры», 1912) өзін реалисттік ағымдағы ақын ретінде танытады. Оның дүниетаны­мы­ның қалыптасуына экзистенциализмнің әсері зор болған. Оның ойлары Мигель де Унамуноның философиялық көзқарастарына жақын болғанын Мачадоның 1913-1917 ж. арасында жазған өлеңдерінен байқауға болады. Мачадо өзінң философиялық лирика­сында о дүниелік өмір жайында емес, өзінің өлімінен кейінгі осы әлем жайында айтады. «Кастилия далалары» атты шығармасында тарихи оқиғалар суреттеледі. Мачадо «Исапа­ния­ның жерлерімен», «Дуэро жағаларына», «Өткеннен» атты өлеңдерінде туған жердің өткен тарихын жаңа заманмен байланыстырады.

Республика жылдары мен азаматтық соғыс жылдарында Мачадо фашизмге қарсы шығады. Ол Испаниямен, халықпен бірге күреске шығу керек екендігіне сенімді болады. Мачадо республикалық басылымдарда шығарамларын жарыққа шығарып, жиналыстарда сөз сөйлейді, Гарсиа Лорка өліміне элегия жазады, соғыс кезінде қираған қалалар жайлы өлең­дерді дүниеге әкеледі. Мачадо қашқындармен біріге Франция шекарасынан асып, қайтыс болады.

Федерико Гарсиа Лорка (1898-1936) – тек қана өз халқының арасында емес, сонымен қатар бүкіл әлемде танымал болған ХХ ғ. Испанияның ең талантты ақындарының бірі. Ол өзін тек қана ақын және драматург ретінде ғана емес, содай-ақ, музыкант, суретші, режиссер ретінде де көрсете білген.

Ақынның отаны – Андалусия. Осы жерде, Гранадаға жақын Фуэнтева­керос елді меке­нін­де ауқатты отбасында дүниеге келген. Андалусия бейнесі, оның тақыр жерлері мен орманды алқаптары, оның жасыл жазықтары, болашақ ақынның туысқандары мен жергілікті тұрғындар орындаған халық әндері оның есінде мәңгі сақталып қалады.

Федерико орта білімін Исаның киелі жүрегі атты колледжде алған. Бұл жерде ол бакалавр үшін емтихан тапсырып, кейіннен университеттің филология факультетіне оқуға түседі. Лорканың туындылары университет қабырғасында жүрген кезден бастап шыға бас­тайды. Оның алғашқы өлеңдер жинағы 1921 жылы жарық көреді. 1920 жылы Мадридте «Көбелек сиқыры» атты пьесасы қойылады. Одан кейін «Цыгандық романсеро» (1924), «Нью-Йорктағы ақын» кітабы (1929-1930), төрт бөлімнен тұратын «Игнасьо Санчес Мехиасты жоқтауы» (1935) жарыққа шығады. Оның «Мариана Пинеда» (1925), «Қанды үйлену тойы» траге­­диясы (1933), «Йерма» (1934), «Бернарда Альба үйі» (1936) атты пьесалары үлкен жетістікке ие болады.

Ақын-гуманист Гарсиа Лорка саясатқа араласпай, ешбір саяси партияға мүше болмаса да, әлеуметтік әділетсіздікті тереңдей сезіне білген. Бұл оның шығармаларынан, айтқан сөздерінен байқалады. «Цыған романсеросының» әлемі, Лорканың өзі айтқандай, «цыған мифо­ло­гиясы мен қазіргі өмірдің үйлесімінен» пайда болған. Ол Испанияның дәстүрлі жан­ры романға бет бұрып, Андалусияда тұрып жатқан цығандарды «от пен қанның сақтаушы­лары» деп санаған. Лорканың өлеңдерінде ең көп кезігетін бейнелер мен ұғымдар – өлім, махаббат, еркіндік, түн мен қанжар.

Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстың арасындағы Испания тарихы екі кезеңге бөлінеді. Буржуазиялық монархия дағдарысының тереңдей түсуі, елдің билеуші табының әскери диктатура көмегімен революциялық ағымды тоқтатуға тырысуы бірінші кезеңге (1917-1931) сәйкес келеді. Бұл кезең 1931 жылы сәуір айында Испанияның республика болып жариялануымен ақталады. Екінші кезеңде (1931-1939) Испания буржуазиялық-демократиялық төңкеріс кезеңін басынан кешіреді. 1939 жылдың көктемінде орын алған ішкі және сыртқы фашизмнің біріккен күштеріне қарсы күресте республиканың жеңіліс табуы Испания тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасы болады.

Испания зиялылары да осы кезеңдердегі әлеуметтік күрестен тыс қалмады. «1898 жыл ұрпақтарының» құлдырауы осы кезеңге сәйкес келеді. Сондай-ақ, бұл кезеңде Бенавенте, Маэсту және т.б. ақын-жазушылар консервативті позицияға өтіп, Антонио Мачадо мен Рамон дель Валье-Инкланның демокра­тия­лық ағымға жақындай түседі. Батыс Еуропаның басқа да елдеріндегі сияқты Испанияда да жас ұрпақ шығармашылығы рухани дағдарысқа ұшырайды. Пессимизм мен қайғыға толы бұл «қарғыс атқан» ұрпақ буржуазиялық қоғамға қарсы тұру үшін авангардтық өнер арқылы жол табады. Олардың шығармалары қайғы-қасіретке толы, алайда, бұл шығармаларда формалды жаңашылдық алдыңғы орынға шығады.

Авангардтық тенденциялар 20-ж. дейін Рамон Гомес де ла Сернның шығармашылығын­да да көрініс тапқан. Ол өзінің шығармалары арқылы бур­жуа­зияны әшкерелеуге тырысқыны­мен, оның қоршаған қоғамды сынауы үстіртін жүреді. Жазушы өзінің «Киноландия» (1924) шығарма­сында голливудтың коммерциялық өнеріне қарсы памфлет жазады. Бұл шығармада жаңа замандағы буржуазиялық қоғамының іс-әрекеттері адам табиғатына тән іс-әрекеттер ретінде суреттеледі. Адамды затқа ұқсату немесе керісінше затты адамға ұқсастыру, эксцентрикалық форма, бұлардың барлығы оның ойлап тапқан «грегерий» жанрына тән сипаттары. Грегерий – күрделі метафорлар негізінде құрастырылған көңілді афоризмдер.

30-жылдары Испания жазушылары бір тудың асына бірігіп қана қоймай, әдебиеттің дамуына да ықпал етеді. 20-30 жылдары Фермин Галланның (1899-1930) «Ұйымдастырылған жабайылық» («La barbarie organizada» 1939), Рамон-Хосе Сендердің (1902-1982) «Магнит» («El iman» 1930), Исидоро Асеведоның (1867-1952) «Көртышқандар» («Los topos» 1930) Сесар Муньос Арконаданың (1898-1964) «Мінбе» («La turbina» 1930) және т.б. сияқты әлеуметтік романдар жазылады. Әдетте «әлеуметтік дабыл романдары» деп аталатын бұл кітаптар шеберлілігі жағынан да, тақырыбы жағынан да әр қилы. Галан мен Сендердің кітап­та­рында испандық империа­лизмнің мароккалық авантюрасы әшкереленеді. Асеведоның «Көртышқан­дар» романында Астуриядағы тау кеншілеріне көрсетілген зорлық-зомбылық­тар бейнеленеді. Арконаданың «Турбина» шығармасында техниканың испан­дық ауылға енуі, оның ауыл шындығымен қақтығысы жайлы айтылады. Осылай­ша, романдарда сол кездегі Испанияның әлеуметтік шындығы жан-жақтан сынға алынады.

Бұл жылдардағы әдебиеттің тағы да бір ерекшелігі – публицистиканың көркем әдебиетке енуі мен көркем-публицистикалық жанрдың гүлденуі. Осы әдебиеттің алғашқы үлгілерінің бірі Луис Сирвальдың «Құрылтай жиналыстың белгілері» атты кітабы (Las Huellas de las Constituyentes, 1933), буржуазиялық «демократияның» екіжүзділігін қатаң сын­ға алған памфлет болып табылады. Сондай-ақ, өзінің «Жерорта теңізінің соңғы қарақшысы» (El ultimo pirata del Mediterraneo, 1934) атты роман-репортажымен аты шыққан Мануэль Домингес Бенавидес прогрессивті публицистиканың дамуына үлес қосқан. Жазушы бұл шы­ғар­масында өзінің қылмыстарынан пайда тауып мультимиллионер болған қарақшының бейне­сін сипаттайды және осы арқылы үкіметтің қылмыс дүниесімен тығыз байланысын көр­се­теді. Кейіннен Бенавитес испан халқының ұлттық-революциялық соғысы мен асту­риялық көтеріліс туралы көптеген роман-репортаждар жазады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет