«Масғуд кестелері» кітабында жыл санау жүйесі туралы айтылады. Онда алғаш рет тригонометрияның негіздері, астрономия мәселелері қарастырылған.
Бируни Коперник пен Галилейге дейін Жер Күнді айналатындығы туралы айтты.
Бируни аса көрнекті тарихшы болды. Ол өзінің көптеген шығармаларында Орталық және Орта Азия халықтарының тарихынан ерекше қызықты деректер келтіреді.
Әлем ғалымдары XI ғасырды «Әбу Райхан Бируни ғасыры» деп атады.
|
Жүсіп Баласағұни. Жүсіп XI ғасырдың бірінші ширегінде Қарахан мемлекетінің орталығы Баласағұнда дүниеге келді. Араб, парсы тілдерін жетік білді. «Құтты білік» атты поэмасын жазды. Поэма нақыл сөздер, диалог пен уағыздар түрінде жазылған. Поэманың негізгі идеялық мазмұны ізгіліктің қайнар көзі білім екендігін түсіндіруге арналған. Жүсіп мемлекетті жұртшылыққа ізгілік әкелетін білімді де мәдениетті билеуші басқаруы тиіс деп тұжырымдайды. Әркім өз парызын өтегенде ғана қоғам өркендейді деп ой түйеді. Ол қағаннан бастап қарапайым қолөнершіге дейін әр әлеуметтік топтың міндеттерін жан-жақты сипаттап жазады.
«Құтты білік» түркі тілінде жазылған алғашқы энциклопедиялық еңбек болып табылады.
Жүсіп Баласағұни өз шығармасын қарахандықтар билеушісіне арнады, осы еңбегі үшін ақынға «бас уәзір» атағы берілді. Баласағұни еңбегі орта ғасырлар кезеңіндегі түркі халықтарының рухани өмірі мен дәстүрлері туралы дереккөзі болып табылады.
Махмұд Қашғари. Қашғари XI ғасырдың екінші ширегінде қарахандық ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Ол ортағасырлық ғылымның барлық салаларынан білім алды.
Махмұд Қашғари бірнеше жыл бойы түркі тайпалары мен халықтары арасында болып, саяхат жасаған. Ғалым олардың тұрмысы туралы көптеген деректер жинады, тілдерін, салт-дәстүрлерін зерттеп, «Диуан лұғат ат-түрк» - «Түрік тілінің сөздігі» еңбегін жазды.
М. Қашғаридің «Диуан лұғат ат-түрк» кітабы түркі мәдениетінің бірегей ескерткіші болып табылады. Мұнда тіл білімі бойынша ғана емес, түркі халықтарының тарихы мен географиясы, этнографиясы мен экономикасы, мәдени және саяси өмірінен құнды деректер кездеседі.
Қашғари түркология ғылымының негізін қалады. Қазіргі лингвистер атап өткендей Қашғари алғаш рет қолданған тіл білімі әдістері өз уақытынан көп ілгері тұрды. Оның әдістері бүгінгі күнге дейін қолданылып келеді. Кітапта халықтардың қай тілдерде сөйлегендігі ғана емес, олардың арасындагы өзара тарихи-мәдени байланыстар туралы да айтылады.
Қашғари еңбегі арқылы түркі дәуірінің ұмыт болған салт-дәстүрлері, кейбір әдеби ескерткіштері бізге дейін жетті.
«Диуан лұғат ат-түрк» еңбегіне автордың өзінен асып ешкім жақсы сипаттама бере алмайды. «Мен бұл кітапты, - деп жазады Қашғари, - хикмет сөздер, мақал-мәтелдер, өлең-жырлар секілді әдеби сөздермен безендіріп шықтым. Үйренушілер мен қызығушылар керекті сөздерді тез, оңай табуы үшін көп жылдар еңбек етіп, сөздерді орын-орындарына қойдым... Бұл жазған еңбегім қолдануға қолайлы болсын деген ниетпен бірқатар қағидаларды түзіп, өлшем үлгілерін жасадым».
Ахмет Иүгнеки. Қарахандықтар дәуірінің ақыны түркі тілінде жазды. Бізге дейін оның «Ақиқат сыйы» дастаны жетті. Біз бұл шығармадан білімді меңгеруге шақырган ізгі ниетті, адамгершілік пен иманды ойларды көреміз. Ол болашақ ұрпақты адал өмір сүруге, парасатты болуға үндейді.
Ортағасырлық түркі әлемі әлемдік өркениетке, жалпыадамзаттық мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан ұлы ғалымдар мен ойшылдарды берді.
Достарыңызбен бөлісу: |