Түйін сөз: кеңес, еңбекақы, еңбеккер, облигация, ауыл.
1941 жылы 22 маусымда Германияның КСРО территориясына тұтқиылдан баса көктеп кіруі Ұлы Отан соғысының басталуына әкелді. Бұл соғыс халық шаруашылығын қиратып қана қоймай, елдің экономикасына орасан зор шығын келтірді. Шаруашылықты қалпына келтіру және соғысып жатырған Қызыл Армия бөлімдерін азық-түлікпен, киім-кешекпен, оқ-дәрі-мен қамтамасыз ету жұмыстарына тылдағы өнеркәсіп және ауыл еңбекшілері белсенділікпен көмектесті. Осындай бүкілхалықтық іс-шаралардан Батыс Қазақстан облысының ауыл еңбекерлері де тыс қалмады. Қызыл Армияға материальдық және моральдық көмек көрсету бағытында республиканың кез келген облыс аймақтарында митингілер, жиналыстар өткізіліп жатты. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Жымпиты аудан орталығы еңбекшілерінің 1941 жылы 22 маусымда болған митингісінде мынадай қарар қабылдады: «..Кеңес үкіметімен екі арада жасалған бейбітшілік шартын өз бетімен бұзып отырған фашистік Германияның тарапынан жасалған жауыздығына іспен жауап береміз. Кеңес үкіметінің қолданып отырған шаралары өте дұрыс, біздер Ұлы Отанымызды қорғау үшін партия мен үкіметтің бірінші шақыруына даярмыз, өзімізді мобилизациялық даярлықта ұстаймыз, саяси-шаруашылық науқандарды мезгілінде және сапалы етіп орындаумен жауап береміз..» [1, б. 29-30]. Жиналыстың қорытындысында үлкен міндеттеме алған еңбекшілер кез келген жұмысты атқаруға дайын екендіктерін осылайша білдірді. Облысымыздың әр өңірінде жалғасын тауып жатырған мұндай шаралар еңбекшілер тарапынан үлкен қолдау тапты. Қызыл Армияны қажетті заттармен қамтамасыз ету мақсатында Қорғаныс қоры жасақталды. Жоғары-дан арнайы тапсырма алған партия ұйымдары Қорғаныс қорының мақсатын, орындалу барысын, орталықтан ұйымдастыру мәселелерімен шұғылданды. Нәтижесінде ел алдындағы аталған мәселелерді шешу үшін 1941 жылы тамыз айының басында Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті қорғаныс қорын жасау туралы мәселе талқылап, облыстық және аудандық партия комитеттеріне «Отан қорғау қорын жасаудың мақсатын және бұған еңбекші-лердің жаппай қатынасуы қажет екенін еңбекшілерге кеңінен түсіндіруді ұйымдастыру» міндеттерін жүктеді. Осыған байланысты республиканың әр облыс орталықтарында Қорғаныс қорын жасақтауға өнеркәсіп және ауыл еңбекшілерінің жаппай қатынасуы туралы үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатты. Қорғаныс қорын жасау жөніндегі патриоттық қозғалыстың дамуындағы басты үш кезеңді анықтап, саралауға болады:
Бірінші кезең-қысқа уақыт аралығын-соғыс басталған күннен 1941 жылдың шілде айының аяғына дейінгі мерзімді қамтиды. Осы кезең еліміздің түкпір-түкпірінде майданға патриоттық көмектің бұл формасының тууымен және жер-жерге таралуымен сипатталады.
Екінші кезең-1941 жылдың тамыз айынан 1942 жылдың аяғына дейін созылды. Бұл кезеңде Коммунистік партияның ұйымдастыру жұмысының нәтижесінде осы қозғалыс бүкілхалықтық сипат алды. Қорғаныс қорына түскен қаржының негізгі бөлігін еңбекшілер осы кезеңде тапсырды.
Үшінші кезеңде, яғни 1943 жылдың бас кезінен соғыстың аяғына дейінгі аралықта тыл еңбеккерлерінен түскен ақшалай қаржының қарқыны баяулады. Оның себебі, патриоттардың соғыс техникасын жасату жөніндегі бастамасының тууы және соғыс заемының шығарылуы ғана емес, сондай-ақ қаржы аударудың формасының өзгеруімен де байланысты еді [2, б. 17]. Осындай бүкілхалықтық патриоттық қозғалысқа ұласқан іс-шараларға облысымыздың ауыл еңбеккерлері белсенді қатысты. Отан қорғау қоры-қаржының ерекше түрі екенін айта кеткен жөн. Ол салықтан жиналған немесе өкіметке жұрттың қарызға берген қаражаты емес, қайта халықтың соғыстың алғашқы қиын кезеңінде өз армиясының жауынгерлік және әскери қуатын күшейту үшін еркімен берген сый-құрметі. Сондықтан оны жинау жолының сан-алуан түрі халықтың өз инициативасымен тығыз байланысты болды [3, б. 147]. Отан қорғау қорына арнайы есепшот ашылысымен республика еңбекшілері бірде майдан вахтасына тұрса, бірде артық өнімдерін майданға тапсырды. Осындай патриоттық қозғалыста Батыс Қазақстан облысының еңбекшілері үлкен жауапкершілік танытты. Мәселен, 1941 жылы 5 тамызға қарай Қорғаныс қоры үшін Мемлекеттік банктің Оралдағы бөлімшесіне 39569 сом көлемінде қаржы түсті. Сонымен қатар ортақ жауды жеңуде Ұлы Отан соғысының зейнеткерлері мен мүгедектері де өз үлесін қосты. Мәселен Орда ауданындағы Сайхын селосының зейнеткері Спецова фашистік басқыншыларды толық талқандағанша Қорғаныс қорына өз зейнетақысын аударуды сұрап, облыстық еңбекпен қамту мекемесіне хат жіберді [4, б. 16]. Бүкілхалықтық Отан қорғау қорын жасау үшін жүріп жатқан осы қозғалыста еңбекшілердің көпшілік болып құрастырған бұл қаржысынан басқа олардың әрқайсысының кезінде еңбектеніп, жинаған өз жеке меншігінен қосқан үлесі де өте маңызды орын алды. Сондықтан әркімнің Отан қорғанысын нығайту үшін беріп отырған көмегі майдандағы жауынгерлер рухын көтерумен бірге, оларға қосымша қару-жарақпен техникаға айналатынын жақсы түсінді. Кеңес патриотының бұл сезімін соғыстың алғашқы күндерінде колхошы ана Балғаным Ізбасованың Орал өңірінен майдандағы баласы ұшқыш Айтжан Ізбасовқа жазған хатынан айқын көруге болады. Ол хатында: «Балам, Айтжан! Қазіргі жағдайды жақсы білесің. Жауға Кеңестің қасиетті жеріне адым аттатпаңдар! Кеңес зауытының істеп шығарған тамаша соғыс жарағының бәрін жауға батыл, дәл жұмсаңдар. Сіздер соғыс майданында, Ұлы Отанды қорғау жолында ерлік көрсетсеңіздер, біздер, аналар еңбек майданында үлгі көрсетеміз. Еліміздің экономикалық күшін арттыра беру үшін жан аямай күресеміз. Масайраған жауды жермен жексен етіңдер, балаларым!-деп жазды [3, б. 151]. Осындай отаншылдық сезімге толы айтылған сөздер алдыңғы шепте соғысып жатқан кез келген жауынгерге ерекше күш беріп қана қоймай, үлкен жауапкершілік жүктеді. 1941 жылы 8 тамызда қабылданған «Қорғаныс қорын құру туралы» облыстық партия комитеті бюросы қаулысының алғашқы нәтижесінің қорытындысы Батыс Қазақстан облысы ауыл еңбеккерлерінің бұл қозғалысқа жаппай белсенді-лікпен қатысқандығын көрсетті. Мысалы, Жымпиты ауданы Коминтерн атындағы ауыл шаруашылық артелінің еңбеккерлері ай сайынғы үш күндік жұмыс күнін қорға аударуға шешім қабылдады. Колхоз төрағасы Жұмашев сиырын, 60 жастағы колхозшы Тұрғалиева 2 қойын берді [4, б. 166]. Сонымен қатар «Коминтерн» ұжымжарының А.Тұрғалиева басқаратын бригада аптап ыстыққа, еңбектің ауырлығына төзіп, 7 күн бойы егістік алқапта үзіліссіз еңбек етті. Сөйтіп олар мемлекетке астық тапсыру жоспарын 110 пайызға орындап шықты [5, б. 45]. Ал, Жаңақала ауданы бойынша 1941 жылдың 18 қыркүйегіне қарай Отан қорғау қорына еңбекші қызметкерлерден 2070 сом облигация жиналып тапсырылды [6, б. 13]. Батыс Қазақстан облысы Ойыл ауылдық кеңесінің еңбеккерлері 1941 жылдың 6 қазанына қарай Отан қорғау қорына 23200 сом облигация, 3231 центнер тары, 3 жылқы, жіберді. Бұған қоса осы ауылда 1268 адам қатынасқан 2 рет комсомол сенбілігі ұйымдас-тырылып, соның нәтижесінде 3744 сом ақша Отан қорғау қорына жіберілді [6, б. 19]. 1941 жылдың 27 қазанына қарай Қаратөбе ауданы, Қаракөл ауылының еңбекшілері айына 12 мың сом құрайтын 2 күндік еңбекақысын Отан қорғау қорына аударды және 16 мың сом құрайтын облигация мен 5 бас малын берді [6, б. 25]. Жалпақтал ауданы Көктерек ауылының еңбекшілері 1941 жылдың 1 қазанына қарай Отан қорғау қорына 7415 сом ақша аударды [6, б. 28]. Ал, 1941 жылдың 1 желтоқсанындағы мәлімет бойынша КСРО-ның Қорғаныс қорына Батыс Қазақстан облысынан 433 грамм алтын, 16656 грамм күміс, 541 грамм қалайы, 264,5 центнер сүттен жасалған өнімдер, 752 центнер еттен жасалған өнімдер, 909,8 тонна дәнді-дақылдар, 473 кг жүн, 705 дана былғарыдан жасалған бұйымдар, 3519 мың сом облигация заемдары тапсырылды [6, б. 7]. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап 1942 жылдың аяғына дейін елдің қорғаныс қорына Батыс Қазақстан облысы ауыл еңбеккерлерінен келіп түскен қаржылай және басқаша көмек түрі: 1 миллион 545 мың сом қаржылай көмек, 486 алтын, 20 кг 972 грамм күміс, 541 мың платина, 1900,5 тонна астық 22,3 центнер май, 19 тонна пішен тағы басқа заттар жіберді [7, б. 144]. Батыс Қазақстан облысынан 1942 жылдың басынан 1942 жылдың 2 ақпаны аралығында Қорғаныс қорына 8899,0 мың сомды құрайтын 284,5 тонна дәнді-дақылдар, 75 дана былғарыдан жасалған бұйымдар, 7 кг май, 28 грамм алтын, 182 грамм күміс жиналды [6, б. 2]. 1942 жылдың 11 ақпанына қарай облыстан Қорғаныс қорына 9016,0 мың сомды құрайтын 327,7 тонна дәнді-дақылдар, 79 дана былғарыдан жасалған бұйымдар жиналды [6, б. 3]. Жалпы, Республика бойынша 1942 жылдың қаңтарына дейін қазақстандықтар еліміздің Қорғаныс қорына ақшалай 59 млн 775 мың сом ақша, 2277 грамм алтын, 230 кг күміс тапсырды. Бұлардан басқа ауыл еңбеккерлері 5207 тонна астық, 20 мың центнерден астам ет, 10 мың литр сүт, 210 центнерден астам май және басқа да көптеген тамақ өнімдерін өткізді [2, б. 38]. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы ауыл еңбеккерлері республикамыздың еңбекшілері сияқты Қорғаныс қорына бидай тапсыру арқылы жеңіске өз үлестерін қосты. Мәселен, 1942 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Отан қорғау қорына 118 центнер бидай [8, б. 22], Казталов ауданы 565 центнер бидай [8, б. 26], Тасқала ауданы 9382 центнер бидай [8, б. 27], Теректі ауданы 417 центнер бидай [8, б. 28], Жалпақтал ауданы 158 центнер бидай [8, б. 29], Ақжайық ауданы 400 центнер бидай тапсырды [8, б. 33]. Жалпы, республика еңбекшілері 1942 жылдың өзінде ғана 1,5 млн пұт бидай, 128 мың пұт күріш және 66 мың пұт басқа да азық-түлік өнімдерін тапсырды [2, б. 45]. Облыс еңбеккерлері 1943 жылы Қызыл Армияны жарақтандыру қорына 360 грамм алтын, 536 грамм платина және 14 кг 234 грамм күміс өткізіп, 56 млн сом ақша аударды. Жалпы, 1941-1945 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекетке 368,1 мың тонна астық, 74,393 тонна ет, 92,792 тонна сүт және 4,984 тонна жүн тапсырылды [5, б. 45]. Тарихи әдебиеттерде танк жасауға ақша жинаушылар туралы көптеп айтылған. Олардың жиниған ақшаларының арқасында майданға мыңдаған танкілер жіберілген болатын. Бүкіл елдегідей Батыс Қазақстан облысының халқы да танк жасау үшін ақша жинаған болатын. Мысалы, Шыңғырлау ауданының әйелдері «Советская женщина» атты танк колоннасының құрылуына 30 мың сом ақша жинап берген. Ал, Орал қаласы бойынша 12 мың сом жиналған [9, б. 94]. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысынан «Қазақстан колхозшысы» деген атпен жасақталып жатқан танк колоннасы мен әскери ұшақ эскадриласы құрылысына облыстан 52928 мың сом аударылды. Бұл істе Зеленов, Тайпақ, Орда және Шыңғырлау ауданы еңбекшілері белсенділік танытып, басқа аудандармен салыстырғанда қаржыны көбірек жинады [7, б. 144]. Ал, өз кезегінде Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының тұрғындары танк колоннасын құру мақсатында 3 мың 830 сом ақша берсе, еңбеккерлер 10 мың сомнан астам қаржы жинады. Жалпы, 1943 жылдың 21 қаңтарына дейін танк колонналары мен авиа эскадрильясын жасату қорына Батыс Қазақстан облысы бойынша ауыл еңбеккерлерінен 35623 сом, жұмысшылар мен қызметшілерден 6542 сом құрайтын барлығы 42165 сом қаржы түсті [2, б. 64]. Осылайша Батыс Қазақстан облысының ауыл еңбеккерлері ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде республикалық іс-шаралардан тысқары қалмай, қолдарынан келген көмектерін аяған жоқ. Нәтижесінде республикалық қорға облыс еңбеккер-лерінің жіберген ауыл шаруашылығының өнімдері соғысып жатырған Қызыл Армия бөлімдері үшін орасан зор көмек болды. Соғыс кезінде қалыптасқан қиын жағдайдан шығуға бағытталған іс-шараларға облыстағы ауыл еңбеккерлерінің жаппай қатынасуы өлке халқының жасаған орасан зор еңбегін тағы бір дәлелдей түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |