Әдеби KZ
толқындар лықсып, бірін-бірі қуалап, бар ләззат қызығымен өзіне қарай
жақындап келе жатқан сияқтанады. «Привал!»
Сен де бар даусыңмен қуана дауыстап, өзіңнен кейінде келе жатқан жұртқа
жар саласың да, жол шетіне шығып, сызды жерді салулы төсектей көріп,
жолдастарыңмен бірге жантая кетесің. Бойыңдағы солдаттың ауыр жүгінен
арылып, құрыс-тырысыңды жазып, рахаттана керілесің. Таңертеңгі ауылдың
мұржаларынан жарыса будақтаған түтінді еске түсіріп, қомағайлана
бұрқылдатып темекі сорасың. Дем аласың.
Артиллерия дивизионының жауынгерлері жиырма мен жиырма бес
арасындағы, қырдың қызыл гүліндей жайнаған, қыршын жас жігіттер еді. Бұл
шақтағы көңілге жақсы жар, сұлу қыз жайы көп оралатыны даусыз. Өмірдің
бүршік атар көктеміндей бұл тұста осы жастар орталарын қақ жарып өтіп
жатқан осынау майдан жолына көгенделген көп қозыдай болып, соғыс
әлегімен сол бір ыстық шақтан алыс қалған. Бірақ олардың әрқайсысының
жүрегінде алаулап жанған махаббат бар. Сондықтан да, осындай тыныштық,
демалыс минуттарында, алдымен екі-үш солдат, құйрық-жамбастарымен
жер сыза, жымыңдай жортақтасып келіп, Айтқалимен тізелесе жайғасады.
Оның бірі әрқашанда зеңбірек көздеушісі Ризуан Қалиев болады.
– Айтқали, Абай мен Тоғжанның кездескен жерін тағы бір оқып жібермейсің
бе? – деп қолқалайды олар.
Айтқали шаршап отырмын деп бәлденбейді. Арқасындағы зат қапшығын
иығынан сыпырып, алдына алады. Сабынға айналар сақардай шұбатылған
зеңбірек майы көп сіңіп, жарадар болған, жарылған жерлеріне батпақ орнап,
қап-қара боп күстеніп кеткен қолын арбиған салалы саусақтарымен
қапшықтың аузын аша бастайды. Оның ішінде таңертең старшина берген
күндік қорек жұдырықтай нан, қарабиннің алпыс патроны, «лимонка»
118
Достарыңызбен бөлісу: |