Әдеби KZ
VIII
Менің жазғанымды Әуеновтың ұнатуы бүкіл группаны қуанышқа бөледі.
Курсымыздағы отыз қыз бен менен кейінгі еркек кіндікті жалғыз ұл
Жомартбек сол күні мені кезек-кезек құттықтаумен болды. Келесі күндері де
бұл әңгіме ауыздан түспеді. Әсіресе, Зайкүл:
«Мұхит ағаға мен айтпасам, мен Ерболдың қолынан жазу келеді демесем,
мен ол кісіге сенің өлең шығаратыныңды да жеткізбесем - сен мұны
жазбайтын едің де, Әуенов аузынан мұндай баға ала алмайтын едің», – деп
көп мақтанды. Ал Меңтай бір-ақ ауыз сөзбен баға берді: «Анау өлген жігіттің
қойнынан алынған хат оқылғанда ойыма өз ағайым түсіп, көзіме жас алдым»
деді. Маған Зайкүлдің жүз рет айтқан «мен-менінен», осы бір ауыз сөз әлде
қайда қымбат көрінді.
Қыздар Әуеновтың айтқанын орындап, жазғанымды тез редакцияға
жеткізуімді жөн көрді.
«Газет мұны қайтсе де басады», «Мұхит аға мақұлдаған әңгімені неге
қабылдамасын» – десіп, апармас ерік алдыма қоймады.
Шынымды айтсам, ол кезде қыздармен қоса өзім де керемет қуанышты
едім. Кеудемді қайдағы бір лыпылдаған сабырсыз мақтаныш кернеді.
Редакцияны іздеп келе жатқанымда Әуенов айтқан бір ауыз жылы сөз қанат
боп мені аспанға көтеріп әкетіп бара жатқандай көрінді. Творчество
адамдарының көңілінде өзге жанда көп кездесе бермейтін ерекше бір леп
болатынын мен бірінші рет сонда ғана сездім. Сездім де: «Бір әлжуаз әңгіме
жаздым деп көкірегім гимнастеркемді жырта керіп, көктемде тасыған шолақ
сайдай күркіреп, шолтаңдап менің өзім қаншама әлек-шәлек болдым. Ал
әлденеше әңгіме, пьесалар, «Ақын» тәрізді үлкен роман жазған Әуенов
неғып топан суындай тасып, сел боп қаптап, жолындағы жұртты жайпап
129
Достарыңызбен бөлісу: |