Әдеби KZ
– Алғашында мен де сенбедім, - деді Тана екі иығы дірілдеп. - Заманнан
хатты апта күттім, ай күттім. Жарты жыл бойына оны жаным жаманатқа
қимады. Ақыры сендім.
Сенбесіме не шара енді?!
Қыстыға жылаған Тананың дыбысы шығып кетті. Мен оған сабыр айтып,
шашынан сипадым.
Өткінші жаңбырдай боп, қыздың жасы тез тыйылды. Орамалымен шапшаң
сүртіп көзін құрғатты. Біздің оңаша отырып, жылап-сықтап алғанымызды
ешкім де сезген жоқ.
Тананың сүйген жігіті майданда өліп еді деп тәтеме де айтпадым.
Айтпағаным қазақтың ескі дәстүрінде некелі жары немесе басқа бір ет
жақыны болмаса, оң жақта отырған қыз бөтен жігіт үшін жұрт көзінше
жылауға тиіс емес.
Тана екеуміздің кешке дейін әңгімеден аузымыз босамады. Мен соғыс
жайын, ол ел жайын айтты. Екеуміз бір-бірімізге Заманнан алған соңғы
хатымызды баян етістік. Тана маған Заманның өлімі жайында келген «қара
қағазды» көрсетті. «Лейтенант Заман Әлімбетов неміс фашистерімен күресте
ерлікпен қаза тапты» деген он шақты сөздің әріптері мені жан-жағымнан
ысқырып, ыстық тілімен жалап өтіп жатқан қып-қызыл оқтай тітіретті.
Кешке тәтем қонақ қыз бен екеумізге ақ ірімшік жасап берді. Жаңа сауған
сүтті ірітіп, үстіне сары май салып әкелген мұнда ақ ірімшік ет жоқта ет
орнына жүреді. Сондықтан оны біздің жақ кейде «ақ лақ» деп атайды.
Ауылдың тәттілігі тіл үйірген бір тамаша асы шынында да ақ лақтың уыздай
былбыраған жұмсақ етінен бір де кем болмайды.
169
Достарыңызбен бөлісу: |