Әдеби KZ
Осылай деп Меңтай тоқтап қалды. Сәл бөгеліп, одан соң әр сөзін үзіп-үзіп
айтып, қайтадан сөйледі.
– Мен де сізді жақсы көремін, ағай. – Менің, бұл сөзді құлағымның
естігеніне, ол сөздің Меңтай аузынан шыққанына сенер-сенбесімді білмей,
екі көзім жыпықтап кетті. Оған бұрынғыдан бетер жабыса түсіп, қолын
қайтадан сипалай бердім. Меңтайдың «Мен де сізді жақсы көремін» деген
бір ауыз сөзі мені Алатаудың етегінен ең төбесіне шырқатып бір-ақ
шығарғандай болды. Меңтай сөзі тағы естілді. – Бірақ... – Осы кезде
екеуміздің иығымыз ажырап, арамыз сәл ашылып кетті. Маған «бірақ» деген
сол жалғыз сөз кенет жер жарылып, Меңтай екеуміздің арамыздан түпсіз
шыңырау шыға келгендей боп көрінді.
Сол шыңыраудың Меңтай бір жағында, мен бір жағында қалған сияқтандым.
– Бірақ, мен басқа біреуге уәде беріп қойған едім. – Меңтайдың ендігі сөзі
маған алыстан, шыңыраудың арғы жағасынан әрең естіліп тұрғандай болды.
– Сіз Совет Одағының Батыры Мәлкен Ғабдуллаевты білесіз бе? Білсеңіз,
менің ағайым Жүніс Ербосынов соғыста сол кісінің қарамағында қызмет етті.
Оқ тиіп ағайым өлгенде қасында Тұмажан деген досы болған екен. Өлерінде
жалғыз бауырым, жан ағатайым Жүйке мені аузына алыпты. «Менің
қарындасымның суретін сан рет көрдің ғой. Тірі қалсаң сен соған серік, сүйеу
бол – өмірлік жар ет. Меңтайға менің өлер алдымдағы осы өсиет-тілегімді
жеткіз» депті Тұмажанға. Ауызша айтқан өсиетін хатқа түсіріп және беріпті, -
деп Меңтай көкірек жара бір күрсініп қойды. - Соғыс біткеннен кейін жігіт
еліне барып, елінен мені іздеп осында келіп, ағайымның қалай өлгенін
баяндап берді. Ең соңында ағайымның өмірден өтерде аузынан шыққан
ақтық сөзін – өсиетін жеткізді. Мен солқылдап көп жыладым. Көп уақытқа
дейін өксігімді баса алмадым. Жігіт қасымнан кетпей отырып алды. «Мендік
боламын деп маған уәдеңді бер» деді. Жанымдай көретін жалғыз ағамның
307
Достарыңызбен бөлісу: |