Әдеби KZ
– Иә, айтыңыз, ағай, - деп Майра тағы да тыңдауға дайындалып, жағын
таянып отыра қалды.
– Жаңағы Майра оқыған мақалада жайлауда Ілияш Қызырбаев деген қарт
шопанмен кездестім дедім ғой. Ол күні Ілекең бізді босатпады. Қонақ етіп, өз
өмірінен көп хикаялар шертті. Июнь айының әсем кешінде далаға төсек
салдырып, Ілекең, жас зоотехник, мен үшеуміз далаға жаттық. Ұзақ сөйлесіп,
әңгіме аяқталғаннан кейін ұйқы тыныштығы туды.
Менің көзім жаңа ілініп бара жатыр еді. Ілекең менен жасырғандай боп, жас
зоотехникпен күбірлесе бастады. «Бұлар не сөйлесер екен?» деп ұйықтаған
боп жатып, мен олардың өзара күңкіліне құлақты салдым:
– Келінмен қайтадан жарастың ба, балам? – деді Ілекең жігітке.
– Жоқ, Ілеке, ана оқиғадан кейін қайтып жібимін?
– Сұлу әйел бақтан үзіп алған бір шоқ гүл сияқты ғой, шырағым. Гүлді кімнің
иіскегісі келмейді. Сұғанақ біреу сен бейқам тұрғанда қолыңдағы көтерген
гүліңді бір иіскеп қалса, сол үшін сен оны лақтырып тастай аласың ба?
– Бір емес, үш иіскесе қайтем, Әлеке-ау.
– Гүлің жақсы болса, оның жұпар иісі мың иіскесең де жойылмайды. Бір рет
немесе, өзің айтқандай, үш рет иіскеді деп, мың рет ләззат алар хош иісті
гүліңді лақтырып тастағаның жөн бе, балам?
– Біреу мұрнына тақаған гүлді қалай иіскеймін, Ілеке-ау?
– Сен оны ешкім иіскеді деп ойлама. Тек қана өзім иіскеп жатырмын, бұл тек
менің ғана гүлім деп ойла. Сонда ештеңе де етпейді.
– Бұл өзіңді-өзің алдау ғой.
384
Достарыңызбен бөлісу: |