Әдеби KZ
Осылай ойлап, өзіне өлім жазасын күткен қылмыскерлердей құнысып, бір
уыс болдым да қалдым. Бет-аузым бір түрлі боп быжырайып кеткен шығар
деп ойлаймын, әйтеуір жалынышты түрмен жапалақ қағып, біресе парта
үстіндегі көкала боп қалған дәптерге, біресе Меңтайдың алдындағы аузы
маған қарап, мен не істер екен деп андып жатқандай көрінген кішкентай сия
сауытқа кезек-кезек қарай бергенімді білемін...
Соғыста жүргенімде бір күні мені іздеп артиллерия полкына майдандық
газеттің тілшілері келді. Өздері үш адам: бір орыс, бір қазақ, бір өзбек екен.
Ана екеуінен дәрежесі үлкен капитан қазақ менімен бұрыннан таныстай,
бірден шүйіркелесіп кетті. Оның себебі бар еді. Мен дивизиялық және
майдандық газеттерге артиллеристер өмірінен хабар, корреспонденция,
мақалалар жазып тұратынмын. Жас кезінде қай қазақ өлең жазбаған.
Ара-тұра ол газеттерде менің өлең сымақтарым да жарияланып қалатын.
Содан, сырттай мені жақын тартатын капитан Бағи Уазитов өз газеттеріне
материал жинай алғы шепке шыққан бұл сапарларында жолдастарын ертіп
маған жолыға кетуге келіпті. Редакциядан ала келген блокнот, қағаздарын
беріп, қарқ қылып тастады. Соғыстан аман қалсаң, журналист бол, ҚазГУ-дің
журналистика бөліміне түс деп, мәслихат та айтып жатыр. Тірі болсам
расында да журналист болуым керек деген ой менің басыма сонда ұялаған
еді.
Біз батарея желкесіндегі жертөледе сөйлесіп отырған болатынбыз. Бір кезде
алдынғы шеп жақтан гүрс еткен үн шықты да, лезде жерді солқ еткізе дүрс
ете қалған және дыбыс естілді. Апырай, танктен атқан жоқ па екен деп
ойладым мен. Өйткені танктан шыққан снаряд лашындай ұшқыр келеді,
оның гүрс етіп стволдан шыққандағы үнінің арасындағы алшақтық азғантай
ғана болады: «Апырай, жау танктері батареяға шабуыл жасап келе жатқан
жоқ па екен?» деп сасқалақтаған мен жертөледен шыға жүгірмек бола
|