Әдеби KZ
тұрғанын бір құдайдың өзі білсін. Бұл пәлені аударып аламын ба деп, қолым
дірілдеңкіреп оның тар аузына қаламымды әрең дегенде бір батырып
алдым-ау, әйтеуір.
Ал Меңтайдың қалам ұстаған қолы тары шоқыған торғайдай болып, сия
сауыттың аузын жып-жып етіп тез-ақ табады. Қойшы, қыздың сия сауытына
сығалап отырып, қаламымды екі-үш рет сұққаннан кейін, ептеп мен де
жыпылдата бастадым.
Кейде оқытушының айтқанын тұтас жазып үлгіріп, кейде ести алмай қалған
сөзімді Меңтайдың жазғанынан қарап, ілініп-салынып конспекті құрастырып
жатырмын. сағаттағыдай емес, оқытушының үніне де құлағым үйрене
бастағандай. Онда бір жол да жаза алмаған болсам, енді бір бетке жуық етіп
сойдақтатып тастадым. «Қуан, Ербол, сенен бірдеңе шығады!» деймін
ішімнен. Өстіп, өзімнен-өзім масаттанып, сияға қарай қолымды және соза
бергенімде өн бойымды электр тогы соғып кеп жіберген сияқтанды. Сөйтсем,
төмен қарап жазып отырған Меңтай екеуміздің бір мезгілде созылған
қолымыз сауытқа қатар жетіп, қапталдасып қалған екен. Кішкентай әсем
аппақ қол мен быртықайлау қап - қара қол біріне-бірі тиіскенде электр
сымының екі ұшы біріне бірі жанасып, сол жерден жарқылдап, от ұшқындап
жатқандай, екеуін тез айырып жібермесе өшпес өрт тұтанатындай күй туған
екен. Жүрек лүпілдеп, қан лыпылдап, дене дуылдап кетті. Осы қазір күйіп,
көмір боп кетсем де, менің өз қолымды қыз қолынан ажыратып алғым
келмеді. Меңтайдың мені мерт еткісі келмеді ме, әлде аға деп, сияны бұрын
алуға жол берді ме, білмеймін, ол өз қолын жайлап кері тартып алды да,
дәптерінің келесі ақ бетін аударыстырып қарай бастады. Сия сауыт
босағаннан кейін, қайтадан, ештеңе болмағандай, бұрынғысындай сабырлы
қалпында конспектісін әрі қарай жалғастырып жаза берді.
|