Әдеби KZ
астына салып, әр жол жазған сайын оны, сол студент күнімдегі сияқты, төмен
қарай сырғытамын да отырамын. Ал аудандарға командировкаға
шыққанымда шақтап қойын дәптерімнің ішіне де сондай бөлек қағаз салып
аламын. Неге десеңіз, мен жол жазбаларымды қойын дәптерге тек қана
сиямен толтырамын. Қарындашқа сенбеймін. қарындаш тұрақсыз әйел
сияқты, жазғаның қазір бадырайып тұрғанымен, біраздан соң із-түзсіз боп
өшіп қалады. Иә, кейде, сондай қағазды ортасынан бүктеп немесе қойын
дәптеріме шақтап кесіп жатқанымда ойыма Меңтай түседі де, жақсы көрген
жаныңнан үйренген әдет жадыңнан шықпайды екен -ау деп қоямын ішімнен.
Жә, енді жаңағы жерден қайта сабақтайын. Сиясы алдында тұрған, сия
сорғышы он қолының астында жатқан қыздың партаның астынан басқа
ешнәрсе іздей қояр жөні жоқ еді. «Тегі Меңтайдың мұнысы қолыма қарама
дегені шығар» дедім де, мен лекция жазуға ыңғайландым. Гимнастеркамның
омырау қалтасынан бір басына сол кезде сексен алты аталатын қаламұш
сұғылған қаңылтыр қаламымды қолыма алып, Меңтайдың сиясынан жазуға
ыңғайландым. Төрт жыл бойы майданда санаусыз солдат, сансыз техника,
қаптаған қала, деревняларды толассыз жалмап отырғанының үстіне арттағы
елде көзге көрінген дүниенің бәрін түк қалдырмай қылғып, жұтып келген
жебір соғыстың жойылғанына жарты жыл жаңа ғана толған ол кезде студент
үшін бір сауыт сияның қасқалдақтың қанындай қымбат қазына екенін мен
артынан білдім. Қасына өзі шақырып әкелген қыздың сиясы да ортақ шығар
деп, қолымды соза бергенде-ақ, Меңтай: «жазыңыз, жазыңыз» дегендей
басын екі рет изеп, ишара білдірді. Сонда ғана менің «бәләй, рұқсат сұрауым
керек еді-ау» деген ойыма келді. «Жаманның ақылы артынан түседі» деп,
маған осындай жақсы ойлар ылғи кейіннен келеді. Енді қайтадан рұқсат
сұрап жатудың реті жоқ, не де болса қаламымды Меңтайдың сауытына
батыруға ыңғайландым. Сөйтсем, сия сауыт деп мардымсып отырғаным
бармақ басындай ғана шүршиген шиша екен. Оның қай жерінде сия
|