Әдеби KZ
Мен сіздерге бұдан кейінгісін айтпай-ақ қояйын. Оны тар есікті, мұз еденді
мәйітхананың тас төсегінен қалай көргенімді, асыл жарды өлі туған
перзентімен бірге қалай қиып қара жердің құшағына бергенімізді айтуға
дәтім шыдамайды.
Меңтайды қойғаннан кейін үшінші күні үйге жас орыс әйелі бас сұқты.
– Сіз Есенов боласыз ба? – деп сұрады менен.
– Иә, Есеновпін.
Алдымен әйел сіздің қайғыңызға ортақпын деп маған көңіл айтты. Содан соң
өзінің перзентхана сестраларының бірі екенін білдіріп, қалтасынан қол
басындай дәптер шығарды. Тани кеттім. Бұл менің Меңтай перзентханаға
түскен күннің ертеңінде апарып берген дәптерім болатын.
– Осы дәптерді зайыбыңыз сіздің өз қолыңызға тапсырыңыз деп аманат етіп
еді маған.
Әйелдің қолынан дәптерді алып, денем дірілдеп бірінші бетін аштым.
Меңтайдың маржандай жазуы көзіме оттай басылды. Бірінші бетке ол былай
орысша жазыпты:
«Улица Мичурина, 65, Есенову Ерболу, лично».
Ағыл-тегіл тағы жыладым. Көлденең жұртқа жақсы көрген жарынан
айырылған еркектің еңірегенін естуден ауыр жай жоқ екенін сонда білдім.
Жан-жарынан айырылған еркектің сәбидей қорғансыз, сақау, саңыраудай
бейшара боп қалатынын сонда ұқтым. Содан кейін ол дәптер менің
бойтұмарым болды. Оның беттеріндегі жазулар, тыныс белгілері – үтір,
нүктесіне дейін, тасқа қашалған Орхон-Енисей жазуындай болып, менің
жүрегімде мәңгі жатталып қалды. Мен сіздерге соны оқып берейін де,
әңгімемді аяқтайын енді.
427
Достарыңызбен бөлісу: |