Әдеби KZ
Менің қолымнан келмеген бұл қайрат Меңтайдың қолынан келді. Ол шүу
дегенде «бәләй» дегендей, астыңғы ернін тістеп, не істерін білмегендей, сәл
бөгеліп қалды. Содан соң, ұзын, қою кірпіктерін бір-екі рет қағып жіберді де,
мен жаққа бұрылып та қарамастан сияны бейне бір өзі төгіп алған, оған өзі
ғана кінәлі жандай жай таныта, алдына құлаған сия сауытты алып, жайлап
партаның үстіне қойды. Ақ свитер етегінің алақандай жері әп- сәтте көгала
болды да қалды. Бірақ оған Меңтай мән бермеген сияқтанды. Сия
сорғышымен дәптерінің бетіндегі сияны сорғызып болды да, жаудырап
маған қарады:
– Қысылмаңыз, ағай, - деді. Бұған бейне бір өзі кінәлідей, онысына менен
кешірім өтініп, жалынғандай боп айтты. Содан соң артқы партадағы қыздарға
қарай бұрылды да: –
Қыздар, сияларыңды бері қойыңдаршы, – деді.
– Не боп қалды, Меңтай? – деді арттағы екі қыздың бірі жәп етіп.
– Свитеріңді былғап алдың ба? – деді екіншісі жаны ашығансып.
Олардың сөздерін естігенде менің маңдайымнан тағы да шып-шып тер
шықты.
– Жоқ, жай, әшейін, – деп Меңтай қыздардың сиясына қаламын батырып
алып, дәптерінің ақ бетінен бастап, қайтадан жазуға кірісті. Жаза бастап,
басын тез көтерді де: – Ағай, сіз де мына қыздардың сиясымен жаза беріңіз,
– деді.
«Ұялған тек тұрмас» дегендей, сасқалақтай бұрылып, арт жаққа қарадым.
Онда да бір шүмшиген сауыт тұр. Бір жақсысы оны қыздардың бірі дәптерінің
шетіне басқан сол қолының екі саусағымен қыса ұстап отыр екен. «Қой,
біреуінің сиясын үстіне төгіп жетістіріп едім. Енді мына қыздың қолына қалам
|