көне заманнан қалған адамға ұқсас маймылдардың сүйек
құрылысын зерттеп, адамның
маймыл тектес түрден эволюциялық даму нәтижесінде пайда болғаны туралы тұжырым
жасайды. Дегенмен бұл пікірді теориялық қағидаға айналдырған Ф. Энгельс болды. Ол
адам мен қоғамның бір уақытта бір-бірімен байланысты түрде дүниеге келгенін
тұжырымдады. Философиялық тілде оны антропосоциогенез деген ұғыммен береді.
Адамның пайда болуындағы шешуші нәрсе: - еңбек құралдарын жасауы, оны
пайдаланудың адамның санасы, дене құрылысының өзгеруіне соқтыруы; - миының
қалыптасуы; - отты пайдалануы.
Антролологтардың
пайымдауы бойынша, осыдан 40-50 мың жыл бұрын алғашқы
тобыр руға айналады, әлеуметтілік орта дүниеге келеді. Осы уақыттан қазіргі адам
толығынан қалыптасып (кроманьон адамы), оның жер бетіндегі тарихы басталады
Адамзаттың ғылыми-техникалық орасан-зор қарқынмен дамуы бүгінгі таңда адам
өміріне бұрынғы-соңды болмаған қауып-қатерлерді тудыруда. Бірінші күрделі мәселе –
жан-түршігерлік күші бар соғыс қару-жарақтардың жыл сайын жаңа түрлерінің пайда
болуында. Егер бұрын жеке адамдар өлгенімен, бүкіл адамзат
өмірде қала беретініне
ешкім күмәнданбайтын. Бүгінгі таңда адамзат толығынан құрып кетуі мүмкін. Ол әрбір
адамды алаңдатып отыр. Екінші үлкен қауып – экологиялық апаттың бүкіл жер бетінде
етек алып кету мүмкіндігі. Өйткені, лас ауа мен суға қоятын мемлекеттік шекара жоқ!
Әрине, бүгінгі таңдағы ұлы ғалымдар алаңдауының терең себептері бар.
Уақытында ағылшын ойшылы лорд Честертон айтқандай, байлық адамды аздырады.
Өкінішке орай, материалдық байлықтың өсуі, көп жағдайда, соншалықты рухани өрлеуге
алып келмейтіндігін көрудеміз. Керісінше, рухани құлдырау байқалады. Оны бүгінгі
таңдағы өз өмірімізден-ақ көріп жатырмыз. Бұл қайшылықты жою адамзаттың қолынан
келер ме екен? Болашақ өмір оны көрсетер деген ойдамыз.
Философия тарихында мыңдаған жылдар шеңберінде адамға деген сан-алуан
анықтамалар жасалды. Солардың ішіндегі ең кең тарағаны - “Homo Sapіens” – саналы
адам, яғни, ол - рухани пенде. Адам өз алдына неше-түрлі
мақсат-мұраттар қойып,
соларды іске асыруға ұмтылады. Оларды іске асыру жолында ол басқа адамдармен сан-
алуан саналы қарым-қатынасқа түседі. Адамның неше-түрлі алаңдау мен күту, қайғы мен
қасірет, шаттық пен шығармашылыққа толы ішкі рухани өмірі бар.
Американ саяси қайраткері Д.Франклин адамға “Homo Faber” - құралданған
адам,-деген анықтама берді. Шынында да, тек қана адам еңбек құралдарын жасап оларды
үнемі пайдаланады. Мысалы, маймыл жерде жатқан бұтақты, я болмаса тасты алып
пайдалануы мүмкін. Бірақ, содан кейін ол оны лақтырып тастайды да, оған екінші рет
қайтып оралмайды. Бірде-бір маймыл жасанды өз ойына сәйкес келетін құрал жасап
көрген жоқ. Оны істей алатын тек қана адам.
Уақытында ұлы Аристотель адамды “Zoon Polіtіkon”-
қоғами жануар - деген
болатын. Ол да адамның тектік қасиеттерінің бірі. Өйткені, ол басқа адамдармен бірігіп
қана өзінің сан-алуан қажеттіктерін өтей алады, яғни, қоғамның шеңберінде ғана өмір
сүре алады. Алғашқы қауымдық қоғамдағы жазалаудың ең қатаң түрі – адамды
остракизмдеу, яғни рудың шеңберінен шығарып тастау болатын-ды. Жаңғыз қалған адам
әрі қарай өмір сүре алмай жыртқыштарға жем болады.
И.Кант адамның ішкі ар-ұжданына таңғалып, оған “Homo Morales” деген
анықтама берген болатын. Уақытында ұлы Абай оны “нұрлы жүрек”,- десе, Шәкәрім “үш
анықтың” біреуіне жатқызды. Егер де адамның ар-ұжданы болмаса, ол
жануарлардан
қулық-сұмдығы жүздеген есе асатын нағыз жан түршігерлік сайтанға айналар еді. Бүкіл
көркем әдебиеттің дәріптейтін аса құнды адамның қаситеті – оның ар-ұжданы. Қиын-
қыстау жағдайда нағыз адам өз ар-ұжданын, абыройын сақтап қалу жолында өзінің тәнін
құрбан етуге дейін барады. Австрия ғалымы В.Франкл Құдайды Ғарыштан, тіпті оның әр
жағынан іздеу керек емес, ол – адамның ішіндегі оның ар-ұжданы деген ғажап ой айтады.
“Homo Aestetіcus” – сұлулыққа ұмтылған адам - деген анықтама да адамның
ғажап жағын бізге көрсетеді. Адам дүниедегі кез келген нәрсенің әсем жағын байқап одан
ләззәт алатын пенде. “Әсемдік Дүниені сақтап қалады”,- деген Ф.Достоевскидің нақыл
сөзі жоғарыдағы ойлардан шықса керек.
Голландия ойшылы И.Хейзинга адамға “Homo Ludens” – ойнайтын адам – деген ат
қойып, сол жөнінде көлемді еңбек жазды. Адам өз өмірінің шеңберінде жүздеген
әлеуметтік рөлдерді ойнайды. Мысалы, ол - әке, жұмыста есепші, біреудің жолдасы, я
болмаса, туысы, саяси партияның мүшесі, ауладағы футбол командасының капитаны т.с.с.
Әрбір рөлдің мазмұны мен әлеуметтік нормалары өзгеше. Тіпті өлер алдында адам сол
рөлді ойнап, ол да болса оны қоршаған жақындарына өнеге болып қалады. Сонымен,
рөлдер тек театр сахнасында ғана ойналып жатқан жоқ, ол бүкіл жер бетінде адамдар бар
жерде жүріп жатыр.
“Homo Erectus” – тік жүретін адам – деген анықтаманың да терең мазмұны бар
екенін байқаймыз. Адамға ұқсас маймылдардың тарихи адамға айналу барысында, оның
алдыңғы екі қолы жерге түскеннен
кейін босап, еңбек ету арқасында нағыз ғажапқа –
ешқандай теңдесі жоқ - адамның қолына айналады. Адам өз қолдарымен 2000-нан артық
әр-түрлі нәрселерді жасайды екен !!! Бірде-бір жануардың осындай икемі бар дене мүшесі
жоқ.
Француз ойшылы Э.Кассирер адамға “Homo Sіmbolіcus”- нышан, белгі жасайтын
адам – деген анықтама берген болатын. Мысалы, Прометей бейнесі бізге нағыз адамды
сүйу (гуманизм), ал Сизиф болса нәтижесіз зардапқа әкелетін еңбек, Қозы-Көрпеш пен
Баян-Сұлу – мөлдір махаббатың символдары ретінде көрінеді.
Ф.Ницше адамға “уәде беретін жануар”, Ж.Ж.Руссо “бұзылған жануар” деген
анықтама берген болатын.
Адам сондай күрделі, сан-қилы пенде болғаннан кейін оған беруге болатын
анықтамаларды жалғастыруға болады. Мысалы, адам “күле алатын”, “жылай алатын”,
“өлетінін білетін” т.с.с. пенде. Олай болса, жоғарыда көрсетілген
адамның қасиеттеріне
негізделе отырып, оған біршама көлемді анықтама беруге мүмкіндік келген сияқты. Адам
– санасы арқылы Дүниені танып-білетін, соның нәтижесінде еңбек құралдарын жасап,
өзара бірігіп, қоршаған жағалай ортаны өзгертіп, сан-алуан қажеттіктерін өтей алатын
пенде,- дер едік.
Достарыңызбен бөлісу: