Телжанның кітабының айтуына сүйенгенде, сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін
табудың өзі тұрлаусыз. Мысалға толықтауышты алалық. Телжанша, толықтауыш
баяндауышпен байланыста болу керек. Бұл – бір! Екінші,
септеу сұрауларына
жауап беру керек. Бұл септеу сұрауларының ішінде ілік жалғау жоқ-ақ болсын.
Кәне, осының бәрін де дұрыс деп-ақ танылды. Сонда осы өлшеумен толықтауышты
табуға болар ма? Мәселен, бір сөз септеу сұрауларына жауап бере тұрып, өзі
баяндауышқа байланысты болмаса қайтеміз? Онда мұны анықтауыш демекпіз бе,
толықтауыш демекпіз бе? Телжанның кітабында бұған жауап жоқ. Ал, бұл мүмкін
нәрсе. Өйткені, қазақ тілінде септеу сұраулары тек баяндауышқа байланысты сөзде
ғана болмай, басқа жерде де ұшырап отырады.
Мен сенен бұрын келдім
дегенде,
сенен
деген сөздегі шығыс жалғау баяндауышқа байланысты емес, баяндауыш
болмай тұрған қарсы деген сөзге байланысты.
Маған тиісті жұмысты бөліп қой!
дегендегі маған деген септеулі сөз баяндауышқа байланысып тұрған жоқ, тиісті
анықтауышқа байланысты тұр. Кәне, осылардағы
сенен, үйге
,
маған
деген септеулі
сөздерді, септеу сұрауларына жауап береді деп, толықтауыш деуіміз керек пе?
Жоқ, баяндауышқа байланыспай тұр деп, толықтауыш емес дейміз бе? Онда бұлар
қай мүше болмақ? Шешілмейтін шырғалаңға түскен дейтін осы болады.
Кәне, бұрынғы грамматикалардың, оның ішінде А. Байтұрсынов пен Т.
Шонанов грамматикаларының тұрлаусыз мүшелерді
айыру жөнінде шырғалаңға
түсу себебі неліктен?
Оның себебі:
1. Қазақ тілін өз заңымен қарастырмай, басқа тілдердің заңдарын, дұрысында
заңдары емес, басқа тілдер жайында жазылған кітаптардың сөздерін солайымен
көшіріп әкеліп, қазақ тілінің алдына төге салғаннан:
2. Сөйлем мүшелерін тек сұрауына қарай ғана айыруға болады деп сеніп,
сұрауларға көтере алмайтын жүк артқаннан:
3. Оның үстіне, Телжанда принципсіздік, бір ізбен жүрмеушілік бар. Сөйлем
мүшелеріне қоятын саны бірыңғай болмай, біреуіне бір өлшеу, екіншісіне екі
өлшеу алып, қарыстап өлшегенді құлаштап өлшеген санға қосып, былықтырып
жіберген.
Сондықтан, толықтауышқа қойған критериі анықтауышқа да келетін
болып, анықтауышқа қойған критериіне толықтауыш та
сиып кететін болып
шыққан. Осының бәрі қосылып оқушылар мен оқытушыларды шырғалаңға салған.
Біз бұл жолмен кете алмадық. Оқушылар мен оқытушыларды шырғалаңға
салғымыз келмеді. Сондықтан тұрлаусыз мүшелерді топтастырғанда, соқырға таяқ
ұстатқандай анық критерий беру керек болады.
Біз әуелі сөйлем мүшелерін мағынасына қарай таптастырдық. Бұл жағынан
сөйлем мүшелері: бастауыш, баяндауыш, айқындауыш деген үш топқа айырылады.
Бастауыш пен баяндауыштан басқа мүшелердің бәрін де айқындауыш деп атадық.
Онан кейін айқындауыш мүшелерді айқындауыш сөздерге
қалайша, қандай
амалмен байланысатынына қарай, екі ірі жікке айырдық: жалғаусыз, тура күйде
тұрып-ақ айқындауыш болғандарын анықтауыш дедік; жалғау не жалғауыштың
күшімен басқа бір сөзге жетектеліп, соны айқындап тұрған болса, ондайларын
толықтауыш дедік. Сондықтан мұның
алдыңғысы тура айқындауыш, соңғысын
бұрма айқындауыш деуге де болатын еді. Бірақ, біз бұрынғы қолданылып жүрген
терминдерді тастамай-ақ қоялық деп, алдыңғысын
анықтауыш, соңғысын
толықтауыш деп атап отырмыз.
Міне, осы арасын жақсы түсіну керек. Біздің
анықтауыш
деген
терминіміздің бұрынғы анықтауыш жайындағы ұғыммен, біздің толықтауыш деген
терминіміздің бұрынғы толықтауыш жайындағы ұғымымен үш қайнаса сорпасы
қосылмайды. Өйткені, біз анықтауыш, толықтауыш деп атағанда, анықтайтын не
толықтайтын болғаннан емес, тек даяр тұрған көне терминді жаңа мағынамен алып
отырмыз. Біз ондай мағынамен анықтауыш не толықтауыш деп отырғанымыз жоқ.
Мағына жағынан, мұның екеуі де айқындауыш. Сондықтан, біздің анықтауыш,
толықтауыш
деген
терминдерімізді
бұрын
Байтұрсыновтағы,
болмаса
Шонановтағы анықтауыш, толықтауыш дегендермен шатастырмау керек. Бұрынғы
грамматикалардың анықтауыш дегендерінің бірқатары бізде толықтауыштың
қатарына қосылып кетіп отыр. Мәселен, ілік жалғаулы сөзді Байтұрсынов та,
Шонанов та анықтауыш деген еді. Біз жалғаулы сөздің бәрін де толықтауыш деп
атағандықтан, ілік жалғаулы сөздерді де толықтауышқа қосып отырмыз. Сөйтіп,
бізде аттың жалы дегендегі аттың деген сөз толықтауыш болып саналады.
Байтұрсыновта бірде пысықтауыш, бірде толықтауыш деп саналатын. Шонановтың
толықтауыш қатарына қосылатын сөздердің бірқатары бізде анықтауыш болып
кетер еді. Мысалы, бүгін келдім дегендегі бүгін деген сөзді А. Байтұрсынов
пысықтауыш (мезгіл пысықтауыш) дейді де, Шонанов толықтауыш дейді. Біз мұны
анықтауышқа қосып отырмыз. Өйткені, бұл жалғаусыз сөз. Қай сөздің жалғауы,
жалғауышы бар, қай сөздікі жоқ екендігін жұрттың бәрі де көре алады. Бұдан
ешкім де шатаспайды. Олай болса, анықтауыш
пен толықтауышты жаңа
грамматикаша айырудан да ешкім шатаспақ емес.
Қазақ тілінде табыс жалғау мен ілік жалғау кейде жалғанбай, тасаланып
тұрады; барыс, шығыс жалғауларда да тасалану болады, бірақ бұл сирек кездеседі.
Мысалы,
хат жаздым, қала мектебі
дегендегі
хат
деген сөз табыс септеулі,
қала
деген сөз ілік септеулі сөздер. Толық күйінде бұлар
хатты жаздым,
қаланың
мектебі
болар еді. Олай болмай, алдыңғысында табыс жалғау, соңғысында ілік
жалғау тасаланып тұр. Сондықтан, осындағы
хат,
қала
деген сияқты, жалғаулары
тасаланып тұрған сөздер де жаңа грамматикаша толықтауыш болады. Мұндай
тасаланып тұрған жалғауды тауып алу да қиын емес. Тура күйде сияқтанып тұрған
сөздердің ілік не табыс жалғаулары бар-жоғын білу үшін, мұндай жетек сөздердің
жетекшісі мен аралығына басқа бір сөз салып байқауға болады. Мысалы,
хат
деген
сөз бен оның жетекшісі
жаздым
деген сөздің аралығына
бүгін
деген
сөзді
қыстырсақ,
қала
деген сөз бен
мектебі
деген сөдің аралығына үлгілі деген сөзді
қыстырсақ, алдыңғысында табыс жалғау, cоңғысында ілік жалғау бар екендігі
анықталады.
Хат бүгін жаздым
,
қала үлгілі мектеп
деп айтуға болмайды.
Хатты
бүгін жаздым, қаланың үлгілі
мектебі
деп қана айтуға болады. Өйткені, табыс
жалғау мен ілік жалғау жетекші сөзге жалғас тұрған жетек сөзде ғана тасаланып
тұра алады. Бұлардың осы жалғас тұрғандығын бұзып, арасына сөз салсақ,
жалғауы жарыққа шығады.
Міне, осындай орындарда табыс жалғау мен ілік жалғаудың, бірінде шығыс
жалғау мен барыс жалғаудың тасаланып тұра алатындығын ғана ескеру керек.
Сөйтіп, жаңа грамматикада анықтауыш, толықтауыш
делінген категориялар
мағынасына қарай жіктеуден туған емес, сөздердің бір-бірімен байланысу амалына,
екінші сөзбен айтқанда, сыртқы белгісіне қарай ғана жіктелгеннен туған таптар.
Бірақ, бұған қарап, біздің таптастыруымыз тек форма жағына қарай таптастыру
екен деп түсінуге болмайды. Үйткені, бұл біздің таптастыру басқышымыздың бір
сатысы ғана. Мұның ар жағында анықтауыштардың өзін бірнеше,
толықтауыштардың өзін бірнеше тапқа айырып, онда да жалғасу амалына қарай
айырып алып, онан кейін тағы да әр амалдың беретін мағынасына қарай тағы
таптастырамыз. Сонымен біздің таптастыруымызда сөйлем мүшелерінің мағынасы
да, формасы да ақсамайтын болады. Барлық айырмасы – тек сол бұрынғылар не тек
мағынаны есепке алып, не тек формасына қарап, немесе екеуін сапырылыстырып
таптастыратын болса, біз мағынаны да, форманы да түгел
ескере отырып, оның
үстіне принципті араластырып былықтырмай, баспалдақтап таптастырамыз. Соның
арқасында бұл таптастыру әрі түсінуге оңай, әрі тілдің табиғатына лайық болып
шығып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: