399
ТОМДА КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ
ЕСІМДЕРГЕ ТҮСІНІКТЕР
Аймауытұлы, Аймауытов Жүсіпбек (1889-1931)
– қоғам
қайраткері, жазушы, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеуші, көсемсөз
шебері. Алаш қозғалысының белсенді мүшесі. «Қартқожа», «Ақбілек»
романдары мен «Күнікейдің жазығы» повесінің, көптеген әңгімелер мен
пьесалар авторы. Педагогика, психология, эстетика туралы еңбектер
жазды. 1929 жылы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген сылтаумен
тұтқындалып, 1931 жылы атылды.
Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843-1913)
– ақын, әнші,
композитор. Қазақтың ұлттық өнерін кәсіби деңгейге көтеріп, дәстүрлі
өнердің классикалық үлгісін жасады. Айтыс ақыны ретінде де танылды.
Өлеңдерінде заманның әділетсіздігін сынап, махаббатты асқақтата
суреттеді. Оның әндері қазақ музыкасының өркендеуіне зор ықпал етті.
Алтынсарыұлы, Алтынсарин Ыбырай (1841-1889)
– қоғам
қайраткері, ағартушы, педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы. Қазақ
даласында ана тіліндегі алғашқы мектептердің ашылуында үлкен еңбек
сіңірді. 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясы» және «Қазақтарға орыс тілін
үйретудің бастауыш құралы» атты қазақ балаларына арналған тұңғыш
оқулықтары жарық көрді. Ақын, жазушы ретінде жаңа дәуірдегі қазақ
әдебиетінің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Л.Толстой, И.Крылов,
К.Ушинский шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде
көркем аударма жанрын қалыптастырды.
Әуезұлы, Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961)
– ұлы жазушы,
драматург, ғалым, қоғам қайраткері. Қазақстан ҒА-ның академигі.
Абайтану ғылымының негізін салушы. «Абай жолы» роман-эпопеясы
арқылы әлемдік әдебиеттегі ерекше құбылыс ретінде бағаланды. 1959
жылы осы эпикалық шығармасы үшін оған КСРО-дағы ең жоғары сыйлық
– Лениндік сыйлық берілді. Қазақ әдебиеттануы тарихындағы өзіндік
орны бар «Әдебиет тарихы» (1927), «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы»
монографияларының авторы. 1929-30 жылдары қазақ зиялыларын
жазалау науқаны басталып, М.Әуезов түрмеге қамалды. 1932 жылы қазақ
әдебиетінің тарихы мен Абай туралы зерттеулерінен, «Қилы заман»,
«Хан Кене», т.б. шығармаларынан бас тартуға мәжбүр болды. 1951-1954
жылдары саяси-идеологиялық тұрғыдан жала жабылып, оны «ұлтшыл-
алашордашыл» ретінде жаппай сынау науқаны басталып, 1953 жылы
қамауға алу қаупі төнгенде Мәскеуге жасырын кетуіне тура келді. 1954
жылы елге қайтып келіп, өмірінің соңына дейін ғылыми-жазушылық
қызметпен айналысты. 1997 жылы жазушының 100 жылдық мерейтойы
ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті.
Достарыңызбен бөлісу: