Хасан ибн Сәбит: «Әлі есімде, жеті-сегіз жастағы ойын баласы едім.
Мәдина қаласында Аллаһ елшісі туылардан бір күн бұрын яһудилердің
алқалы жиынында мына бір әңгімені құлағым шалып қалды: «Бүгін түнде
дүниеге келетін Ахмедтің жұлдызы туды».
Ол туылатын түні Кисраның сарайы астан-кестен сілкініп, он төрт
бөлменің қабырғасы сөгіле қираған. Мәжусилердің табынатын мың жыл
бойы жанып тұрған оттары бәрі бірдей бір мезетте сөнген. Бұл
құбылыстардың барлығы әлемнің соңғы пайғамбары, Аллаһтың сүйікті
елшісі Мұхаммед Мұстафаға (с.а.с.) «Қош келдің!» – деп өз тілімен жар
салғандай болды.
Кейбір тарихшылар бұл оқиғаларды былайша жорыған: «Қирағаны
Кисраның сарайы емес, Иранның сән-салтанаты мен Византияның үстемдігі,
айдаһар елі атанған Қытайдың көкке мойын созған мұнаралары. Сөнген от –
мәжусилердің ғибадатханаларындағы от емес, бүкіл әлемдегі күпірлік пен
дінсіздіктің оты. Тартылып қалған көл – Сауа көлі емес, пұтқа
табынушылықтың адасушылығы, зороастризмнің қуатымен христиандықтың
өктемдігі». Пайғамбарымыз (с.а.с.) 23 жылдың ішінде дүниенің шығысы мен
батысына Ислам дінін жайып, пұттар мен бұрмаланған діндердің барлығы
шетке ығысты.
Пайғамбарымыз туылғанда, Әбу Ләһәб қуанып, сүйінші сұрай келген
күңі Суәйбаны азат еткен. Алайда Әбу Ләһәб Пайғамбарымыздың (с.а.с.)
Ислам дінімен келетінін ол кезде білмеген еді. Аллаһтың сүйікті елшісі
(с.а.с.) үшін түйірдей жақсылық істегенді сауапсыз қалдырмаған Ұлы
Жаратушымыз Әбу Ләһәбтің бұл ісін де бағалады. Тозақта оған бір жұтым су
нәсіп етті. Оның қайтыс болғанына бір жыл өткеннен кейін, бауыры Аббас
түсінде көріп: «Қалың қалай?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Ләһәб: «Әр күнім
жан шыдатпас азап, тек Суәйбаны азат еткенім үшін бір жұтым су алу
мүмкіндігім болды», – деп жауап қатқан екен (Сахих Бұхари, 5/1961) . Олай
болса, Аллаһтың қалауымен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дүниеге келуі бүкіл
жанды, жансыз жаратылыстың қуанышына, барша жамандық атаулының
күйреуіне себеп болды.
Достарыңызбен бөлісу: