Ақырында, Абдумутталиб баласы Хариспен түсінде айтылған жерді тауып
зәмзәм бұлағының қайнар көзін ашады. Бұлақ ішінен көптеген алтын мен
күміс және құнды заттар шығады. Мұны естіген жұрт, біздің де ақымыз бар,
біз де бұл байлыққа ортақпыз деп құдықтан
шыққан құнды заттарды
барлығына үлестіріп беруін талап етеді, бірақ Абдумутталиб ешкімге
бермейді. Оған ыза болған Адый ибн Нәуфал деген кісі: «Сенің жалғыз
ұлыңнан басқа ешкімің жоқ», – деп намысына тиетін сөз айтады. Бұл
Абдулмутталибтің жанына қатты батып, Қағбаның жанында тұрған күйде:
«Аллаһқа
ант етейін, егер маған он ұл нәсіп етсе, солардың бірін осы
Қағбаның жанында құрбандыққа шаламын», – деп айтып қалады.
Ұлы Жаратушы Абдулмутталибке он ұл нәсіп етеді. Ұлдары ер
жеткенде барлығын ертіп Қағбаға барады да,
сонда ғибадатпен
айналысатынбір кісіге: «Ұлдарымның арасында жеребе тарт, кімге түссе,
соны құрбандыққа шалайын», – дейді. Жеребе Абдуллаға түседі. Алайда
Құрайыштың ақсақалдары баланың құрбандыққа шалынуына қарсы шығып:
«Оның орнына он түйені құрбан ет», – дейді. Абдулмутталиб Қағбадағы
кісіге қайта келіп: «Енді он түйе мен Абдулланың арасында жеребе тарт», –
дейді. Жеребе тағы да Абдуллаға түседі. Абдулмутталиб түйенің санын
жиырмаға көтеріп, тағы жеребе тартқызады.
Жеребе қайтадан Абдуллаға
түседі. Ақырында, түйенің саны жүзге жеткенде ғана жеребе түйелерге
түскен екен. Абдулмутталиб жүз түйені құрбандыққа шалып елге оралады.
Абдулла осылайша пышаққа ілінбей аман қалады.
Достарыңызбен бөлісу: