«Хабар 24»
Карантин күшінде болған кезеңде мемлекеттік телеарна эфирінде
қазақстандық және шетелдік сарапшылар 120 рет пікір білдіріп,
түсінік берген. Көбі инфодемия тақырыбын қозғаған (25,8%), қалған
түсініктемелер экономиканың (13,3%), денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі
жай-күйін талдауға (11,7%) және коронавирусқа қарсы вакцина жасау
мәселесіне (11,7%) арналған еді.
Бұл арнаның КТК мен «Еуразияға» қарағандағы басты ерекшелігі – өзге
ел сарапшылары айтқан пікірлердің көбірек болуы. Мәселен, коронавирус
туралы дезинформацияның таралуына қатысты жаңалықтарға телеарна
эфирінде ДДСҰ өкілдері, аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі
Еуропалық орталық басшысы, АҚШ-тың бас эпидемиологі, Қытайдың
жетекші эпидемиологі, Израиль дәрігерлері, ресейлік патологоанатом,
Оксфорд университетінің профессоры, Лондон Король колледжінің
сарапшысы түсінік берген. Мамандар коронавирустың қаптамалар
арқылы берілетінін жоққа шығарып, бетперде тағу қажеттігін негіздеп
берді, коронавирус пен пневмония туралы статистикалық деректерді
неге біріктіру керегін түсіндірді, гидроксихлорохиннің инфекцияға қарсы
тиімді құрал екенін терістеді, болашақ вакцина және оның тиімділігі
туралы қандай да бір нақты мәліметтің жоқ екеніне назар аударып,
коронавирусты емдеуге арналған күшті дәрі-дәрмектерді дәрігер ғана
жазып беруі керек екенін атап өтті.
Ал қазақстандық сарапшылар мемлекеттік телеарна эфирінде
көбіне коронавирус жайлы фейктердің елімізде тараған нұсқаларына
қатысты пікір білдірумен болды. Тамақтану саласының маманы Нұршуақ
Нұрсадықовтың айтуынша, ашыған сүт өнімдерін байқап тұтыну қажет
206
(Хабар 24, 2020a). QYMYZ қазақ-неміс зерттеу институтының жетекшісі
Айтуған Мұқашев саумал ішудің денсаулыққа пайдасы туралы айтып
берді (Хабар 24, 2020b). Маманның ақыл-кеңесімен қатар инфекциядан
сақтанамыз деген қазақстандықтардың жаппай қымыз бен саумал
сатып алып жатқаны туралы сюжеттер көрсетілді. Қазақ тағамтану
академиясының президенті Төрегелді Шарманов пневмонияны емдеу
үшін құйрықмайды шамадан тыс көп пайдаланбауға кеңес берді (Хабар 24,
2020c). Медициналық университеттің профессоры Светлана Плясовская
тамақтану мен коронавирустың байланысы туралы бір сюжеттің тіпті
негізгі кейіпкеріне айналды: түсіру тобымен базар аралап шыққан ол
лимон мен зімбір вирусты өлтіре алады деген жаңсақ пікірді жоққа
шығарды (Хабар 24, 2020d). Аллерголог-иммунолог Гаухар Симбиева
телеаудиторияны вирусты жою үшін үй-жайды адыраспанмен аластаудың
орнына иммунитетті нығайтатын амалдарға ден қоюға шақырды (Хабар
24, 2020e).
207
Талқы
Қазақстандық үш телеарнаның жаңалықтар контентін талдау арқылы
белгілі болғандай, редакциялар, мүмкіндіктің бар екеніне қарамастан,
дезинформацияға қарсы күресте сарапшылар көмегіне жиі жүгіне
бермейді. Көп жағдайда сарапшылар болған оқиғаларға қатысты пікір
білдірумен, мемлекеттік органдардың әрекетіне/әрекетсіздігіне қосымша
түсініктеме берумен не оларды сынап-мінеумен ғана шектеледі. Мұның
себебі, бәлкім, телеарналардың сол күні болған жайттарды талдап, дұрыс-
бұрысын ажыратып, болжам құруға емес, жаңалық ретінде айтып, жай
ғана мәлімет беруді көздегенімен байланысты болар.
Осы ретте қазір ақпараттың таралу жылдамдығы мен телевизиялық
өндірістің қарқыны бірдей емес екенін атап өткен жөн. Журналистердің
сарапшылармен мазмұнды сұхбаттасып, қандай да бір мәселеге балама
көзқарастың бар екенін толыққанды жеткізуге мүмкіндігі жоқ. Телевизияда
208
мұндай шаруаға бейімделген ақпараттық-талдау форматтары бар. Бұдан
кейінгі зерттеулерде сондай бағдарламалардың мазмұнын талдап,
олардың фейктің таралуына төтеп беруге деген әлеуетін анықтап көрген
орынды болар еді.
Осы орайда мемлекеттік телеарнаға қарағанда, COVID-19 туралы жалған
ақпараттың таралуына қарсы күреске жекеменшік телеарналардың
әлдеқайда белсенді араласқанын атап өткен жөн. Мұны КТК мен
«Еуразия» Бірінші арнасының айтарлықтай үлкен аудитория жинап
алғанымен түсіндіруге болар. Көрермендер көп болған кезде қажеттіктің
де әртүрлі болатынын – мұндайда коронавирустың алдын алу және оны
емдеу жолдары, вирустың шығу тегі, мутациясы мен таралу қарқыны
туралы сенімді ақпаратқа да сұраныс болатынын ескеруге тура келеді.
Бұл мәселеде «КТК» арнасы жаппай тараған вирустық хабарламалардың
контентіне мән берді, осы тәсілді «Еуразия» телеарнасы да қолданып,
сарапшысымақтар таратқан вирустық видеоларға назар аударды. Ал
халықаралық сарапшыларды көптеп тартқан «Хабар 24» арнасы жергілікті
аудиторияның айтарлықтай қызығушылығын тудыра алмады.
Өкінішке қарай, сарапшылардың телетүсініктемелерін талдау
нәтижесі көрсеткендей, коронавирус туралы кең тараған мифтердің
жоққа шығарылғанына қарамастан, көрермендер, әсіресе жекеменшік
209
телеарналардың аудиториясы, шындыққа жанаспайтын мәлімдемелерді
есіткен кездер де болды. Мұның ең қауіптісі сол – көрермен сарапшы
айтқан пікірді еш күмән келтірмей, сын көзбен қарамай қабылдай салады.
Аудитория беделді адамның ойын фактілер мен нақты дәйектерден
жоғары қойып, логикалық тұзаққа түсіп жатады (Шишкин, 2018).
Осы ретте тележурналистердің негізгі міндеті – сарапшының эфирде
айтатын деректерін алдын ала мұқият тексеріп, растап алу. Қазақстанда
фактчекингпен айналысатын алғашқы және әлі күнге дейін жалғыз
тәуелсіз ресурстың бас редакторы Павел Банниковтың айтуынша, отандық
масс-медиа өкілдері фактілерді тексеру дағдысын әлдеқашан жоғалтып
алған: «Журналистік стандарттар еленбей қалған шақта БАҚ арқылы
дезинформация тарала бастады, ал редакциялық стандарт аяқасты етілген
шақта бұл үрдісті барлық редакциялардан байқауға болады» (Калмурат,
2020).
Достарыңызбен бөлісу: |