Жануарлары.
Қазақстан жерiнде сүтқоректiлердiң 180,
құстың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекендi-
лердiң 12, балықтың 104-ке жуық түрi бар. Омыртқасыз жәндiк-
тер шаян тәрiздiлер, ұлулар, құрттар, т.б. бұдан да көп. Тек жән-
дiктер түрлерiнiң өзi-ақ 30 мыңнан асады. Қазақстанның солтүс-
тігіндегі орманды дала аймағында бұлан, елiк, ақ қоян, сұр
тышқан, су егеуқұйрығы, орман тышқаны, бұлдырық, ақ кекiлiк,
көл айдындарының су құстары — аққу, қаз, үйрек, шағала,
тарғақ, қасқалдақ мекендеген. Едiл өзені жағалауынан Алтай
тауы бөктерiне дейiнгi астық тұқымдас шөп пен жусан, бетеге
өскен далалық аймақта суыр, дала алақоржыны, сүйiрбас сұр
тышқан, кәдiмгi сұр тышқан, дала тышқаны, саршұнақ, ал
құстан дуадақ, безгелдек, жылқышы, сұңқар, бозторғайлар,
қыранқара, дала құланы кездеседi. Көктемнен күзге дейiн бұл
жерлерде ақ бөкен үйiрлерi жайылады, олар қысқа қарай шөлдi
аймаққа ығысады.
Едәуiр бөлiгiн Жайық өзені аңғарындағы орман алып
жатқан далалық аймақтың батыс бөлiгiн бұлан, елiк жайлаған,
мұнда суыр, қара күзен, жұпартышқан, орман сусары да кезде-
седi. Бұдан 200 жыл бұрын түгелдей жойылуға жақын қалған
құндыз қайта пайда бола бастады. Қосмекендiлерден Жайық,
т.б. өзендердiң аңғарында тарбақа, орман бақасы, т.б. кездеседi.
Мұнда бұлдырық, сұр кекiлiк, тырна, бозторғай көп. Далалық
зонаның шығысында суыр, дала тышқаны, дала шақылдағы, ақ
қоян, сiлеусiн, елiк, арқар мекендеген. Өсiмдiк жамылғысы әр-
келкi шөлейт белдемде саршұнақтар мен қосаяқтың, құм тыш-
қаны мен қоянның бiрнеше түрi кездеседi. Мұнда ақ бөкен де,
сондай-ақ 20 ғ. 40-50 жылдарында қарақұйрық та көптеп кезде-
сетiн. Бұл аймақта құстан дуадақ, шiл, қылқұйрық, бозторғай,
т.б. бар. Қыста қар тоқтап, көктемде қар суы жиналатын Үстiрт
пен Маңғыстау жартастарының арасында кездесетiн үстiрт арқа-
ры жұтаң өсiмдiктермен қоректенiп, ащы суды қанағат етедi.
Үстiртте ұзын инелi кiрпi, қарақұйрық, шөл сiлеусiнi – қарақал
кездеседi.
Сазды және қиыршық тасты шөл дала жануарларынан
Қазақстаннан басқа жерде кездеспейтiн ерекше тұқымдас өкiлi –
жалманды атап өткен жөн. Ол тек Бетпақдалада, Балқаш көлінің
солтүстік жағалауындағы кейбiр аудандарда, Алакөл және
Зайсан қазаншұңқырында ғана бар. Солтүстік Балқаш маңын-
дағы бiрнеше жерден ғана тiршiлiк ететiн бес башайлы ерге-
жейлi қосаяқ та ерекше жануар. Мұнда құстан шiл, қылқұйрық,
тырна және дуадақ кездеседi. Оңтүстік Балқаш құмында осы
араға ғана тән сексеуiл жорға торғайы, шөл дала жапалағы
тiршiлiк етедi. Құмайтты шөлде бiрқатар кесiртке (жұмырбас,
ешкiемер), жылан (оқ жылан, айдаһар, қара шұбар жылан, т.б.)
түрлерi, дала тасбақасы тараған. Республиканың қиыр оңтүсті-
гіндегі кейбiр жерлерде келес сақталып қалған. Өзен-көл аңғар-
ларындағы орман-тоғайларда елiк, жабайы шошқа, құм қояны,
қырғауыл, т.б. кездеседi. Балқаш, Сасықкөл, т.б. көлдердiң
жағалауындағы қалың қамыс арасында бiрқазан, жалбағай, ақ
құтан, көк құтан, қарақаз, шағала бар. Алакөл айдынында өте
сирек кездесетiн, Қазақстанның “Қызыл кiтабына” енгiзiлген
реликт шағала қоныстайды. Қазақстанның шығысы мен оңтүс-
тігін қоршап жатқан таулардың жануарлар дүниесi де сан алуан.
Қылқан жапырақты Алтай ормандарында бұлан, марал, құдыр,
сiбiр таутекесi, арқар, алтай көртышқаны, қоңыр аю, бұлғын,
құну, күзен, барыс, тиiн, борша тышқан, алтай суыры, құр, шiл,
т.б. кездеседi.
Зайсан қазаншұңқырынан оңтүстікке қарай созылып
жатқан тауларда [Сауыр, Тарбағатай, Жетiсу (Жоңғар) Алатауы]
марал, елiк, арқар, сiбiр таутекесi, қоңыр аю, сiлеусiн, барыс,
ұзынқұйрық саршұнақ мекендейдi. Жетiсу (Жоңғар), Iле
Алатауы мен Талас Алатауында көкшiл суырдың орнына қызыл
суыр және өте сирек кездесетiн Мензбир суыры жерсiндiрiле
бастады. Қазақстанның оңтүстік-шығыс тауларында жыртқыш
құстардан қозықұмай, тазқара, бүркiт тiршiлiк етедi.
Кең байтақ Қазақстан жерiн мекендеген жабайы жануар-
лардың тәжiрибелiк маңызы бар: олардың кейбiреулерi (ақ
бөкен, марал, жабайы шошқа, ондатр, суыр) ауланады, екiншi
бiреулерi – өсiмдiк пен жануар зиянкестерi (саршұнақ, тышқан,
т.б.) мал мен адам ауруларын таратады. Кемiрушiлер жазық
және таулы жерлерде оба ауруын, тышқан тәрiздi, кемiрушiлер
туляремия, лептоспироз, қуқызба ауруларын таратады. Қансор-
ғыш кенелер аталған аурулардың кең етек алуына себепкер
болып, малға бiрқатар қан-паразиттiк аурулар жұқтырады.
Жануарлар түрлерiнiң қазiргi сипаты бiрқатар жағдайларға
байланысты, олардың аралығында, ең алдымен, жердiң аса кең
аумақта игерiлуi, осыған орай жер суару, не керiсiнше, көптеген
жайма су аңғарларын құрғатып, техникалық дақылдар егу нәти-
жесiнде жер бедерiнiң өзгеруi сияқты жағдайларды атап көрсету
керек. Мұның нәтижесiнде соңғы 150-200 жыл iшiнде респуб-
лика бойынша керқұлан (Пржевальский жылқысы), қабылан,
тұран жолбарысы, тоғай бұғысы сияқты түрлерi жойылып кеттi.
Көптеген аса бағалы аң түрлерiнiң азайғандығы соншалық, тiптi
оларға жойылу қаупi төнген. Бұлардың қатарына қарақұйрық,
үстiрт арқары, арқар, Мензбир суыры, ортаазия өзен құндызы,
қарақал жатады. Құстардың iшiнде дуадақ, безгелдек, жорға
дуадақ, қоқиқаз, орақтұмсық, жылан жегiш қыран, бүркiт,
балықшы, кезқұйрықты субүркiт саны тым азайып кеттi. Олар-
дың бәрi Қазақстанның “Қызыл кiтабына” енгiзiлдi. Сондай-ақ,
Қазақстанның “Қызыл кiтабының” 3-басылымына қорғауға
алынған аңдардың 40 түрi, құстың 56 түрi, бауырымен
жорғалаушылардың 10 түрi, қосмекендiлердiң 3 түрi, балықтың
16 түрi енгiзiлдi. Қорықтарда көптеген сирек кездесетiн жануар
түрлерi мемлекет қорғауға алынды (Ақсу – Жабағылы қорығы,
Барсакелмес қорығы, Қорғалжын қорығы, Наурызым қорығы,
Марқакөл қорығы, Үстiрт қорығы). Республикамыздың қазiргi
жануарлар дүниесi алуан түрлi, ал оның кең байтақ жерiнде
бұрын да көптеген жануарлар мекендеген. Мұнда бiр кезде
құрып кеткен омыртқалылардың 200-ден астам түрi, көне дәуiр-
дегi теңiз жайылмасында тiршiлiк еткен бауырымен жорғалау-
шылардың, балықтардың, омыртқасыз жәндiктердiң, мәселен,
ұлулардың бiрнеше жүздеген түрi табылды.
|