Нуржігіт Алтынбеков
1960 жылдан бастап өткізілген тәжірибелер көрсеткендей (эксперименттер тек қана
жаңа туған тышқандарға жасалады олардан тимус алынып тасталады тимэктомия), олар
бақылау топтағы тышқандармен салыстырғанда дамуы баяулап, бойлары өспей, терілері
тұрақты ісініп, әртүрлі ауруларға шалдығып, бірте-бірте әлсірей бастады, ақырында 2-3 ай
ғана өмір сүре алады. Ең ғажабы егерде оларға жаңадан ағзалармен тері отырғызса
организмдерінде бөгде тканьді қабылдамау реакциясы байқалмайды. Нәтижесінде 1961
жылы «Ланцет» журналында Мельбурн қаласында орналасқан «Вальтер және Элиза
Холл» атындағы медициналық зерттеу институтының аспиранты Джек Миллердің
«Тимустың иммунологиялық қызметі» атты алғашқы статьясы жарық көрді.
Тимус (айырша без)
Тимус – паренхиматозды, лимфоэпителиальды үлестік мүше, ол төстің тұтқасымен
денесінің тікелей артында, алдыңғы көкірекаралықтың жоғарғы бөлімінде орналасқан.
Түсі қызғылт сұр. Жалпақ және үшбұрыш пішінді, ұшы мойын аймағына шығып тұрады.
Жоғарғы ұштары қосылған екі үлкен үлестерден тұрады, олар пісіп жетілмеген боз
балаларда жақсы көрінеді. Үлестердің көлемі әртүрлі және 75% шамасында сол үлес оңға
қарағанда ірілеу келеді. Боз балаларда үлестердің жоғарғы ұштары мойын аймағында
шығып, төстің мойындырық шұңқыршасына дейін не болмаса қалқанша безге дейін
жетеді, ал төменгі шеті жүректің негізінде орналасып жүрекқаппен жанасып жатады.
Ересек адамдарда тимустың мойын бөлігі болмайды, ал жоғарғы ұшы төс тұтқасының
артында, ал төменгі жиегі екінші немесе үшінші қабырғааралық тұста орналасқан.
Адамдардың 25% да тимустың қосалқы үлесшесі кездеседі ол мойынның жұмсақ тінінде,
көкірекаралықтың борпылдақ тініне, айырша безге жанасып орналасады, не болмаса
айырша без тінінің ішінде жатады. Осындай қосалқы немесе абберентті үлесшелер
әйелдерде жиі кездеседі. Олар негізінен мойынның сол жағында немесе көкірекаралықтың
сол бөлігінде орналасады. Қосалқы үлесшенің болатынын әруақытта тимоэктомия
уақытында есте сақтау керек, себебі паталогиялық үрдіс кезінде безді кесіп тастағанда
қосалқы бөлікшесін орнында қалдырып кету ойлаған мақсатқа жеткізбейді. Айырша без
деп аталуы оның пішінімен байланысты, ол екі тісті айырды еске түсіреді. Ал көпке
жайылған аты – тимус, ол латын тілінің тимин өсімдігі деген сөзінен шыққан.
Бездің сыртын жапқан дәнекер тінді қабығынан перенхима ішіне дәнекер тінді
қалқалар еніп оны көптеген бөліктерге бөледі, олардың көлемі 0,2-5 мм-ге дейін. Қалқалар
(септалар) бездің қыртыстық бөлігінен милық бөлігі аралығына дейін жетіп әрі қарай
милы бөліктер бір-бірімен араласа шектеусіз орналасады.