Әдеби KZ — Бұл жолғы жау — басы шоқты қалмақ та, жылмағай жүзді шүршіт те емес.
Алынуы оңай жау. Ел болып басын қоса алмай жатқан әлгі Керей мен Жәнібектің
қашқындары. Ал қашқан жауға қатын ер...
— Ой-дой!
әскербасы көп ішінен күңк ете түскен дауысты құлағы шалып қалса да, құр
доңайбат жасаумен болды.
— Қашқан жауға қатын ер, — деді ол сөзін қайталап, жан-жағына көз тастап.
Кәне, батыр болсаң шығып көрші дегендей, әскеріне түксие қарап біраз тұрды.
Бірақ бұл жолы тірі жан қыбыр етпеген соң, сөзін қайта жалғастырды. — Ал
сендер сайыпқыран ерлер емессіңдер ме?! Тентек Жәнібек пен ақылынан адаса
бастаған Керейді ат құйрығына байлап, ал оларға еріп, ханымыздың қасиетті
Ордасынан безген жалаңаяқтарды қойдай маңыратып, қозыдай шулатып айдап
келу — сендер үшін түк емес.
— Сайыпқырандық қолдан келсе! — Бұл — мана алғаш үн шығарған кісі еді.
Жасы отыз бес-қырықтардағы көк көз сары жігіт Орысбай болатын. — Шаруадан
босай алсам жақсы ғой...
— Менде сылтауратар ешқандай шаруа жоқ, бірақ... бұл сапарға
қинамасаңыз... — Бұл сөзді айтқан бетінде қылыш таңбасы бар, елулер
шамасындағы кәрі жауынгер Қоқыш деген еді. Бар өмірін Әбілқайыр есігінде
өткізген кедей төлеңгіт...
Сол-ақ екен, күңкіл-сүңкіл көбейіп кетті.
Шаруа жайы қиын ғой, жорықтан қажып қайттық...
— Мал бар, бала-шаға бар...
— Уақыттың өзінің тар боп тұрғанын көрмеймісіз...
— Тоқтат, өңшең шуылдақ! әскербасы ақырып жіберді. — Бұрын соғыс көрмеп
пе едіңдер? Жорық көрмеп пе едіңдер? Сонда үйде шаруам қалды, қатыным
қалды деп қайсың айтушы едің?! әлде ел шетінде шұбырып көшіп жүрген аз ғана
тобырдан қорқамысыңдар? Атаға тартпай туған өңшең су жүрек!