170
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Айтарын
айтып қалғанмен, бәрі де өз сөздерінен өздері қорыққандай
жамырай барып қалт тынды.
— Үкімдеріңе разымын, игі жақсылар — деді Әбілқайыр зорлана жымиып. —
Оны орындау өздеріңе жүктеледі. Қолда бар әскер түгел ертең таңнан қалмай осы
Орданың түбінен табылсын. Жаудың қорғанын қырып, қалғанын құлақ кесті құл
етіп өз деңгейіме бас ұрғызбасам, Әбілқайыр атым құрысын!
Қанша ашуланса да, дауыс көтермейтін Әбілқайырдың мұншама ерен
сөйлеуінің себебі ызадан екенін жұрт бірден ұқты. Қарсыласып ешкім тіл қатпады.
Бұйрықты беру оңай да, оның орындалуы қиын. Мұны Әбілқайыр жақсы
білетін. Әсіресе бұ жолы. Сөйтсе де тәуекел деп ойлаған. Егер
қарауында қалған
елдің бас көтерер, қару ұстар ер-азаматтары түбімен қопарыла аттанса, әлі
орналасып болмаған Керей мен Жәнібек көшін талқан етіп шауып,
ел-жұртын
шулатып, алдына сап малша айдап қайту оған мүмкін-ақ көрінген.
Бектер мен батырлар, «игі жақсылар» Ордадан шығысымен-ақ әрқайсысы өз
қарауындағы руларына шапқан. Елдің елеңдеп отырған уағы, бір күннің
ішінде
әскер жиып алу әбден мүмкін іс еді. Басқаны былай қойғанда, хан Ордасының
төңірегінде отырған, Әбілқайырға әбден берілген,
сенімді деген сарбаздың өзі
қаншама.
Бас әскербасы Бахтияр хабаршы, шапқыншыларды аттандырып болысымен,
осы өз қарауындағы сарбаздарды жорыққа қамдауға кіріспек болды.
— Үргеніштен қайтқалы жамбастарың сарғайып аз жатқан жоқсыңдар, — деді
ол Ордаға өңшең «жақсылардың» тегіннен-тегін жиналмағанын аңдап,
әлдебір
сұмдықты күтіп топ-топ боп, үдірейісіп тұрған сарбаздарға келген бойда. —
Қылыштарың да қынабында жатып қалып, тот басуға айналған шығар. Құдай
тілеулеріңді берді. Олжаға да қарық боларсыңдар.
— Уә, пәлі! — деді бір жас сарбаз ыржалақтап.
Қынабынан қылышын суыра
түсіп, жөткірініп қойды. Әйткенмен, қалған жұрт бұл құсап алақайлап кеткен жоқ.
Сөздің артын тосып тұр.
171
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Достарыңызбен бөлісу: