Екіншілік алдын алу
– аурулардың ауыр байқалуының алдын алу үшін
лабораториялық және аурудың басқа хабаршылары мен ерте белгілерін анықтау
шараларынан құралады. Мысалы, тұқым қуалайтын аруларды анықтауға арналған
Скринингтер, диспансерлік зерттеулерде анықталатын науқастың көзге көп түспейтін
белгілері.
Үштік алдын алу
– өмір сапасын жақсартуға, функциясының шектелуінің үдей
түсуін шектеуге, мүгедіктіктің артуына қарсы қолданылатын шаралар кешені жатады.
Реабилитация (жойылған немесе бұзылған функцияларды қалыптастыру немесе
компенсациялау) мен абилитацияны бөледі.
ҚАЗАҚСТАНДА ПЕДИАТРИЯНЫҢ ДАМУЫ
Балалар туралы ғылымның басы ескі дәуірдің IV ғасырында медицинаның негізін
қалаушы Гипократтың «Баланың табиғаты» атты кітабының өмірге келуімен
байланыстырылады. Одан кейін Цельс, Гален, Соран (I және II ғасырлар) балалар, оларды
күту, тәрбиелеу туралы жазған.
Ғылым шежіресінде, әсіресе медициналық ғылымның, араб мәдениетінің өкілдері
белгілі орын алады. Сонымен қатар, олардың педиатрия ғылымында сіңірген еңбектері де
айтарлықтай.
Олардың ішінде Орта ғасырдың ғұлама дәрігерлерінің бірі Абу Бакр Мохаммад ибн
Закария ибн Яхья Ар-Разиды (865 – 925) атауға болады.
Шығыс елдерінің ғалымдарының көзқарасына жүгінсек, педиатрия ғылымының
негізін қалаушы болып Шығыстың ғұлама оқымыстысы Абу Али ибн Сина есептелуі
керек. Алғашқы рет оның жазған еңбектерінде бала организмінің анатомиялық құрылысы
мен физиологиялық ерекшеліктері айқын көрсетіледі. Абу Али ибн Синаның көзқарасы
бойынша бала организмінің құрылысы негізінен құрсақ ішіндегі дамуға байланысты
болады. Ол организмдегі бұзылыстарды ұрық пайда бола бастаған кезеңдермен
байланыстырады. Баланың қалыпты дамуы үшін босану ағымының алатын орнына үлкен
көңіл аударған.
Абу Али ибн Сина өсу және даму процесстері туралы мағлұмат беріп, өсу кезеңін 3
сатыға бөлген:
сәбилік кезең
– бұл кезеңде нәресте қозғалуға, тұруға дайын емес; екінші
кезең –
балалық шақ
, әлі тісі шықпаған, бірақ, тұрып, мүшелердің қатайғанынан кейінгі
кезең; үшінші кезең –
жыныстық жетілу кезеңінің алдында байқалатын өзіндік өсу жолы
.
Ибн Сина кезінде балалардың мінез құлқына байланысты жіктелуіне де ат салысқан:
«Балалар мінез-құлқы бойынша қызбалалығына қарай, байсалды және жұмсақтығына
қарай, өте байсалды болуы мүмкін»,
– деп жазды. Сонымен қатар, бұл ерекшеліктердің
себептерін түсіндіре білген.
Ғұлама ғалым өз еңбектерінде баланың тамақтануы жөнінде айта келе, сәбидің тама-
ғының сапасы мен мөлшері басқа жастағы балалардың тамағынан өзгеше болуы керек, деп
атап көрсеткен. Ибн Синаның көзқарасы бойынша сапасыз тамақтану шетінеудің себебі
болып табылады.
«Ана сүті оның қанынан пайда болады, сондықтан, балаларды ана
сүтімен тамақтандыру ең тиімді жол»,
– деп жазады Шығыстың ғұлама ғалымы.
Абу Али ибн Сина баланы дұрыс тәрбиелеудің, оның болашағына тигізер әсері
туралы айқын жазған. Тіптен денеге түскен салмақтың орташа болуының қажет екенін
жазған.
«Күн тәртібі мен тәрбиенің ұзақ мерзім дұрыс болмауы «жаман адамның» пайда
болуына әсерін тигізеді, ал керісінше, дұрыс тәрбиелеу туа болған кейбір ақауларды
түзетуі мүмкін»
– деп жазды.
Қазақ халқының арасында ауруларды емдеумен бақсылар айналысқан. Сонымен
қатар, бұндай жұмыстармен Орта Азияның медицинасымен таныс тауіптер (табибтер)
айналысты. Олардың бақсылардан айырмашылығы ауруларды емдеу үшін дәрілер
қолданды, ал, мистикалық емдеу тәсілдерін қолданбайтын еді. Осындай Копал уезінде
жұмыс жасаған Қылышпай Чанан туралы орыс оқымыстысы И. С. Колбасенко 1889 жылы:
«Ол бақсы емес – қырғыз дәрігері», – деп жазған болатын.
Қазақ емшілеріне аурулар белгілі болған. Ем ретінде жануарлық заттар қолданылады:
жылқының жаңа сауған сүті іш жүргізу үшін, жөтеліп ентігіп ауырған адамдарды сүтте
пісірілген қойдың құйрығымен сипау, көзі ауырғандарға жылы сүтті пияз шырынына
араластырып тамызу. Малдың жылы қаны тыныс жүйесінің жедел ауруларында, жедел
уыттануда қолданылды. Сол мезгілде белгілі болған қымыз бен шұбаттың емдік қасиеті
күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқаны баршаға аян.
Баршаға белгілі қазақ елінде алғашқы дәрігерлер (өкінішке орай басқаша мәліметтерді
біз кездестіре алмадық) Россияның отаршылдық саясатына байланысты келе бастаған.
Мысалы, қазақ жеріне орыс әскерлерінің құрамында алғашқы дәрігер (әскери дәрігер
Жуков) 1824 жылы, Атырау өлкесінде 1983 жылы (әскери дәрігер А. М. Красовский)
келген. Бұл дәрігерлердің көбінің жұмысы орыс әскерлері мен қазақтарды бақылап, емдеу
болды. Ал, қазақ халқына олардың медициналық көмегі болған жоқ. Сонымен қатар, қазақ
жерінде біразырақ құралған әскери госпитальдардан да жергілікті халыққа пайда болмады.
Әскерлер құрамында істеген дәрігердің алдыңғы қатарлылары қазақ даласындағы
халықтың жағдайын көріп, ауруханалар ашу қажеттігін, маман фельдшерлер мен
дәрігерлерді жергілікті халықтар арасынан дайындаудың қажеттігі туралы жазды. Бұндай
өтінішті 1851 жылы Шекаралық басқармасының штабтық емшісі С.Т. Чукин Аненковқа
жазды. Ол кісі бұндай ұсынысты орындаудың мерзімі жеткен жоқ деген жауап берді. 1864
жылы С.Т. Чукиннің ұсынысымен әйелдерді босандыратын «әйел» («кемпірлер»)
лауазымы кіргізіледі. Бірақ, көптеген уездерден оқығысы келетін адам жоқ деген
сылтаумен бұл мамандық бойынша мамандар дайындалмады.
1868 жылдан бастап уездік дәрігер және әйел босандыратын «кемпір» лауазымы
бекітілді.
Халел Досмұхамедұлы ДОСМҰХАМЕДОВ-МАШАҚОВ, 1883 жылы 24 сәуірде
Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Тайсойған құмындағы Жарыпшыққан өзеннің
бойында дүниеге келді. Ауыл молдасынан сауат ашқан Халел Ойыл (Көкжар) қаласындағы
бір класстық орыс-қырғыз училищесінде бастапқы білім алып, содан кейін Орал
қаласындағы реалды училищені 1903 жылы үздік бітірді. Сол жылы Санкт-Петербургтегі
Императорлық Әскери Медицина академиясына түсіп, оны 1909 жылы 17 қарашада үздік
белгілі емші дәрежесімен бітіріп шықты. 1913 жылға дейін әскери қызметте болды.
1913-1919 жылдар аралығында ресми түрде Темір уезінде бөлімшелік дәрігер болып
қызмет атқарды. 1920 жылдан бастап Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы
болып және Орта Азия Университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор
қызметтерін қатар атқарды.
1921 жылы Түркістан республикасы Ғылыми комиссиясының төрағасы, 1922 жылдан
бастап Денсаулық сақтау Халық комиссариатының коллегия мүшесі, 1924 жылдың
қарашасынан бастап Денсаулық сақтау Халық Комиссариатының Емдеу-Санитарлық
бөлімінің меңгерушісі, осы жылдың 18 сәуірінен бастап оба індетіне қарсы күресу Орталық
Комиссиясының төрағасы жұмыстарын атқарды. 1927 жылы доцент, 1929 жылы профессор
құрметті атақтары берілді.
«Қызыл террордың» салдарынан 1930 жылы 14 қыркүйекте Воронеж қаласына жер
аударылды. 1935 жылы 15 қыркүйекте, жазасын өтеп болғасын, осы қалада дәрігерлердің
білімін жетілдіру институтында сабақ беріп, қалалық емхананың лабораториясын
басқарды.
1937 жылдың зұлматы Халелді 1938 жылы 28 шілдеде тұтқындап, 1939 жылы 23
көкекте Алматы қаласында ату жазасына үкім шығарды.
Халел Досмұхамедұлы 20-ғасырдың жиырмасыншы жылдары Қазақстанның батысын
жайлаған оба ауруына қарсы жан аямай күрес жүргізді. Ол Ілбішін, Темір, Тайсойған
аймағының, халқын оба індетінен түгел қырылып қалу қаупінен аман алып қалуға зор үлес
қосты. «Қазақ» газетінің беттерінде түрлі аурулардан сақтанудың шаралары, әр дерттің
өзіне тән белгілері, емделу жолдары мен қолданылатын дәрі-дәрмектердің түрлері жөнінде
егжей-тегжейлі мағлұматтарды берген ондаған мақалалары жарық көрді.
Қазақстанда ең алғаш балалар мекемесі 1879 жылы Верный қаласында ашылған жетім
және өмір сүруге қаражаты жоқ ата-аналардың балалары үшін ашылған баспана (үй)
болды. Ол 1888 жылы император Марияның мекемелерінің қарамағына берілді. 1890
жылдың 1 ақпан айында онда 7 ер бала, 26 қыз бала тәрбиеленетін еді.
Қазан төңкерісінен кейін 1920 жылы Денсаулық комиссариаты құрылды. Оның
орталық құрамында екі-ақ адам: Халық комиссары – дәрігер және бір ана мен баланы
қорғау бойынша нұсқаушы фельдшер, жұмыс істеді. 1921 жылы республиканың Денсаулық
сақтау комиссариатының санитарлық-профилактикалық бөлімінде аналар мен сәбилерді
қорғау бөлімшесі құрылды. Осы мезгілде балалар, әсіресе бір жасқа дейінгі сәбилер, өлімі
өте көп болды. 1920 жылы бір жасқа дейінгі сәбилер өлімі 60–70%, 1921 жылы 80–90%
болды (А. Бисенова, 1965). 1922 жылдан бастап Қазақстанда ана мен сәбилерді қорғау
мекемелері (емшек жасындағы сәбилер үйі, балалар үйі, бөбектер бақшалары) пайда бола
бастады. 1921 жылдың желтоқсанында екі дәрігер және акушері бар әйелдер және балалар
консультациясы ашылды.
Ана мен сәбилерді қорғау жұмысына Алма Оразбаева, Сара Есова, Нағима Арықова,
Мадина Бегалиева, Мубина Ниязова сияқты қазақ әйелдері ат салысты.
Қазақ даласындағы халықтық медициналық көмекті ұйымдастыру үшін көшпелі әй-
елдер және балалар консультациялары құрылды. Олардың құрамында терапевт, педиатр,
акушер-гинеколог, санитарлық және партия-кеңестік мекемелердің қызметкерлері болды.
1925 жылы (Қазан төңкерісінен 8 жылдан кейін) Қазақстанда 240 дәрігер қызмет
қылса, оның ішінде 11 педиатр, 12 акушер-гинеколог ғана болды. Қазақстандағы алғаш
медициналық оқу орны ретінде 1928 жылы Ақмешітте және Семейде акушерлік
техникумдар ашылды. Оларда алғаш оқыған 62 адамның 50-і қазақ қыздары болды. 1933
жылы Ақмешіт медициналық техникумы балалар дәрігерлерінің көмекшілерін дайындай
бастады.
1928 жылы қараша айында шешім қабылданып, 1932 жылдың қазан айында, Алматы
қаласында бірінші консультация негізінде, Қазақ аналар мен балаларды қорғау институты
ашылды. Бұндай типтес мекеменің Орта Азия мен Қазақстанда алғашқы ашылуы еді. Бұл
институт ашылғаннан кейін, балалар организмінің физиологиясы мен патологиясын
зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізіле бастады. Институттың қызметкерлерінің күшімен
экспедициялар
ұйымдастырылып,
кадрлар
мәселелерімен
айналысты.
Балалар
полимиелиттерін зерттеуге араласып, оны жою шараларына ат салысты. Институт
ғалымдары жаңа туылған кезеңнің физиологиясы және патологиясы, тыныс мүшелерінің
жедел және созылмалы бейспецификалық аурулары, жүрек-тамыр аурулары бойынша
зерттеулер жүргізді. Жүрек ауруларын зерттеуде, әсіресе ревматизмнің профилактикасына
және диагностикасына арналған бөлімдерде, әжептәуір жемісті еңбек істелді (Т. Н.
Никонова, Н. А. Барлыбаева, Б. X. Хабижанов және т. б.). Ғылымға алғашқы қадамдарын
осы институтта бастаған ғалымдар, тәуелсіздік жолына түскен Республиканың, педиатрия
ғылымының одан әрі дамытуға барлық күш жігерін жұмсауда. Осылардың ішінде
Республикаға еңбегі сіңген дәрігер, ҚазҰМУ балалар кафедрасының меңгерушісі,
профессор Б. X. Хабижановты ерекше атап өткен дұрыс деп есептеймін. Болат
Хабижанұлы елімізде қазақ тілінде алғашқы жарық көрген «Балалар аурулары»
оқулығының қаламгері.
Бұл институттың үлкен ғылыми зерттеу орнына, кадрлар мектебіне айналуына өшпес
еңбек еткен, осы институттың көп жылдар бойына басшысы болып қызмет істеген,
қазақтың бір туар қыздарының бірі, профессор Ақлима Бисенқызы Бисенова, қазақтың
дарынды ұлдарының бірі Республикалық Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Қамал
Саруарұлы Ормантаев (1980-1985 ж.ж. және 1992-2001 ж.ж.) және тағы басқалар басшылық
етті.
1931 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік медицина институты ұйымдастырылып, 3
жылдан кейін акушерлік және гинекология кафедрасы ашылды. Бұл институттың бірінші
ректоры, үлкен ғалым, ұстаз, профессор
С. Ж. Асфендияров осы институттың аяғына тұрып, дамып жетілуіне көп еңбек сіңірді.
Қазір бұл мамандар дайындау орталығы осы кісінің атымен аталауы және оған ұлттық
университет атауы берілуі бұл қарашаңырақтың мамандар дайындаудағы сіңірген еңбегін
мойындау деп білу керек.
1938 жылы Қазақ Медицина институтында педиатрия факультеті ашылып,
Қазақстанның өзі педиатр-дәрігер дайындау мүмкіндігіне ие болды. Содан Қарағанды,
Семей, Ақтөбе, Ақмола медицина институтында педиатрия факультеттері ашылып,
Республикада педиатр-дәрігерлерді, педиатрия ғылымының өкілдерін дайындау бүкіл
Қазақстанда жүргізілетін болды.
Қазақстан Республикасының педиатрия ғылымының даму жолдары туралы сөз
болғанда профессорлар Анна Ивановна Авенирова, Нина Ахметовна Барлыбаева, Татьяна
Николаевна Никонова, Болат Хабижанұлы Хабижанов, Зита Хамитқызы Мажитова, Асия
Бакешевна Қанатбаева, Әукен Қиясұлы Машкеевтің және тағы басқа көптеген
ғалымдардың аты аталады. Қазіргі Қазақстан педиатриясы осы алыптардың және
құлпырып өсіп келе жатқан олардың ізбасарларының иығында тұрғанын үлкен құанышпен
айтқан жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |