3.2 Құрама баяндауыштар
Құрама баяндауыштар есімдер мен етістіктерден құралады. Мысалы: Мына төсекте сақалы ербиіп жатқан – осы Нағиманың ері. Кәсібі – ағаш шабу (Б.Майлин). Осы мысалдағы «Нағиманың ері» - күрделі есім баяндауыш. Егер оған «еді», «екен», «болатын» сияқты көмекші етістік қосып айтсақ, баяндауыш құрама болады. Кәсібі ағаш шабу деген сөйлемнің баяндауышы – ағаш шабу – құрама.
Құрама баяндауыштың негізгі сөзі, көбінесе, есім болады.
Есім баяндауыштардың қызметін тиянақты ете түсіп, оларға шақтық, видтік, модальдық мағына қосу керек болғанда, олардан кейін әр түрлі көмекші етістіктер, модальдық сөздер айтылады.
Анатолий Кондратьевич сөзге сараң адам екен (С.Мұқанов) деген сөйлемнің баяндауышы – сараң адам екен. Бұл баяндауыш арқылы бастауыштың (Анатолий Кондратьевичтің) бойында бір қасиеті факт ретінде бандалады. Оның құрамында өткен шақтық есімше тұлғадағы екен, деген көмекші етістік бар. Бұл көмекші етістік Анатолий Кондратьевичтің сөзге сараң адам екендігіне айтушының көзі жеткендігін білдіреді. Жел артымыздан дегенде еді етістігін тіркеп, Жел артымыздан еді десек, негізгі есім баяндауышқа өткен шақтық мағына қосылады да, ол аталған хабарға айтушының айғақ екенін білдіреді. Ал Ол – біздің үйдің баласы дегенге шығар деген сөзді тіркеп: Ол біздің үйдің баласы шығар десек, шығар сөйлемге айтушының күмәнданғанын (солай екеніне көз жетпегенін) білдіреді.
Асқар сағатына қараса, сағат түнгі тоғыз болып қалған екен (С.Мұқанов). Мұндағы есім баяндауыштың құрамында үш көмекші етістік бар: тоғыз – негізгі де, болып қалған екен – көмекші сөздер. Соңғы үш көмекші сөз негізгі баяндауышқа әрі шақтық, әрі видттік (болып қалған – тоғыз болуға таянған, бір-ақ әлі болған жоқ) әрі модальдық мағына қосып тұр.
Осындай, есім баяндауыштардың құрамында айылатын көмекші етістіктер есімдердің баяндауыштық қызметін дәлдеп, мағынасын толықтырып тұрады.
Ондай көмекші қатысқан баяндауыштарды күрделі есім баяндауыштар деп танимыз.
Құрама баяндауыштардың негізгі сөзі зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, еліктеуіш сөздер болады да, оларға көмекші етістікер (еді, екен, ет, бол, қыл, көр, т.б.) немесе модальды сөздер (керек, тиіс, шығар, болар, сияқты, т.б.) қатысты болады. Мысалы: Сен бола едің. Мен жас емеспін. Оқушылар тәртіпті көрінеді.
Құрама баяндауыштағы көмекші етістіктер. Есім баяндауыштарға да өткен шақтық мән беріп, олардың баяндауыштық қызметін айқындай түсетін көмекші етістіктердің бірі – е:
Ол музыканы, ән-күйді жақсы көретін әйел еді. Амантай мен Тұяқ жас кезінде егіз қозыдай еді. Біз бұрын екеу едік, енді үшеу болдық (Ә.Әбішев).
Бұл мысалдарда негізгі баяндауыш болған сөздерге еді (-м, -ң, -к) көмекшісі бұрын өткен шақтық мағына қоспай, баяндауыштардың қызметін орнықты ету үшін де жұмсалады. Мысалы: Үйім алыс еді, тезірек қайтайын дегенде, еді үйдің бұрын алыс болғанын білдіртпейді, осы күнде алыс екенін білдіреді. Сол сияқты, Төбедегі қарлардан аққан бұлақ басы жақын еді, соған жете беріп, мерген арқасындағы текені ағынға лықсытып жіберді (Ғ.Сланов) дегенде екі бұлақ басы бұрын жақын болатын, қазір қашық деген ұғым тумайды. Біздің ауыл бір есептен алыс та, бір есептен жақын еді (Ғ.Сланов) дегенде де солай.
Кешегі өткен ер Әбіш,
Елден бір асқан ерек-ті
Достарыңызбен бөлісу: |