Өздік жұмысқа арналған тапсырмалар Психологияның кез келген саласынан өзіңіз таңдаған тақырыбыңызға қатысты бақылау тестін құрастырыңыз.
Осы тақырып бойынша дәстүрлі емтихан билеттерінің сұрақтарын дайындаңыз.
ХІҮ. Студенттердің өзіндік жұмыстарын басқару
Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың психологиялық негіздері. Психологиялық пәндер жүйесі гуманитарлық пәндер циклдегі пәндер сияқты оқытылады, бірақ оның өзіне тән ерекшеліктерін ескеріп отыру керек. Ол мақсаты, міндеті және мазмұнымен байланысты. Өзіндік жұмысты кешенді тұрғыда іске асырудағы ең басты мәселе мынада: оқулықты, не басқа әдебиетті оқығанда, лекциядан алынған мәліметтерге сүйеніп, басқа да қажетті кітаптарды іздестіру, әртүрлі түпнұсқалардағы мәліметтерді салыстырып, осылайша білімді толықтырып, оларды өмірдегі деректер мен нақты психикалық құбылыстармен ұштастыру: лекциядан - әдебиетке, ал одан – практикаға. Өз бетімен оқудың жүйе ретінде өзіндік құрылымы бар. Студентке өз бетімен оқу іскерлігін тез игеру үшін кейбір қалыптасқан әдістер мен тәсілдерді пайдалану қажет. Оны құрылымдық элементтерге ойша бөліп қарастырайық: лекция конспектісін оқу, ғылыми әдебиетті оқу және талдау және конспект жасау, бақылау (курстық) жұмыстарын жасау, емтихан (сынаққа) дайындалу.
Алайда, «Психологияны оқыту әдістемесі» пәні бойынша қазақ тілінде жарық көрген бірде-бір әдебиет жоқ. Оны студенттердің өз бетінше ізденіп, дайындалуына кедергі болатын қиындықтардың бірі деп есептеуге болады. Ал, осындай жағдайда осы пән бойынша студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру туралы әңгіме қозғаудың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Осы орайда студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың үлгі бағдарламасын ұсынып отырмыз (Қосымша Б).
Өзіндік жұмыстың кең тараған түрлері: оқулықпен жұмыс, психологиялық есептерді шығару, эссе жазу, тапсырмаларды орындау, мазмұндама және бақылау және т.б.
Өзіндік жұмыс студент бойында ұйымдастырушылық, тәртіп, еріктілік, мақсаткерлік, құбылысты талдау білігі, ізденімпаздық, белсенділік сияқты қасиеттерді дамытады. Кейбір авторлар өзіндік жұмысты тапсырма берушінің нұсқауы арқылы жүзеге асатын әрекет ретінде қарастырса (А.К.Маркова), Ф.М.Фатыхова және С.И.Галяуитдинова зерттеулерінде студенттердің өз бетімен жұмысын ұйымдастыруда төмендегідей міндеттерді іске асыру айтарлықтай әсерін тигізеді деп көрсетілген:
Оқытылатын пән ерекшелігін ескере отырып, әдебиетпен өз бетімен жұмыс істеудің принциптерін жасау;
Студенттерді аудиториядан тыс жұмыстардың әртүрлі формаларымен таныстыру: рефераттар, ғылыми баяндамалар, курстық және дипломдық жұмыстар жазу, педагогикалық практика кезінде ғылыми микро зерттеулер жүргізу және оларды орындау талаптарымен де таныстыру;
Білімдерді бақылаудың тиімді формасы ретінде бақылаудың рейтингті жүйесін қолдану;
Психологиялық пәндердің барлық тараулары бойынша бағалаудың тестік тапсырмаларын жасау;
Оқыту мен студенттердің шығармашылығын көрсету, заттық қатынастар әлемінен алыстату.