Педагогика тарихы


XIV тарау. ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӘРБИЕ, ОҚЫТУ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙ-ПІКІР (VI-XVII ғғ.)



бет3/6
Дата23.05.2018
өлшемі6,47 Mb.
#40654
1   2   3   4   5   6


XIV тарау. ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӘРБИЕ, ОҚЫТУ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙ-ПІКІР (VI-XVII ғғ.)


§1. Қазақ даласының ғұламаларының педагогикалық идеялары.

Қорқыт Ата (VIII ғ.)

Қорқыт ата тағылымын әр жолы тұнған имандылық

§2. Әбу Насыр әл-Фараби (870-950)

§3. Жүсіп Баласағұни (1020)

Құтты білік дастаны

§4. Махмұт Қашқари (1029—1101)

§5. Қожа Ахмет Ясауи (шамамен 1093, кейбір деректерде 1103 ж.-1166 ж.)

«Диуани Хикмет»

Қожа Ахмет Ясауи ілімі

§6. Ахмед Иүгінеки (12 ғ. соңы – 13 ғ. басы)

Ахмед Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» еңбегі және ақынның әлеуметтік-саяси көзқарастары



§1. Қазақ даласының ғұламаларының педагогикалық идеялары.

Қорқыт Ата (VIII ғ.)



Қорқыт Ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт Ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Қорқыт Атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әр түрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт Ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде 10 ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға саяды. Рашид әд-Дин “Жамиғ Ат-Тауарих” атты тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан шыққан десе, Әбілғазының “Түрік шежіресінде” оның тегі баят екендігі, оғыздардың елбегі болып, 95 жасқа келіп қайтыс болғандығы айтылады. Сыр жағасына жақын жерде Қорқыт атаның зираты болғанын Ә.Диваев, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде атап өтеді. Ә.Қоңыратбаевтың зерттеулерінде Қорқыт ата 11 ғасырдың басында дүниеден өткен делінсе, Ә.Марғұланның еңбектерінде ол 7 – 8 ғасыр аралығында өмір сүрді деген пікір айтылады. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата– ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз. Екіншіден – күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден – әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра. Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт Ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның туылуына байланысты.



Қорқыт ата тағылымын әр жолы тұнған имандылық
«Қорқыттың нақыл сөздері» атты кіріспедегі «Бисмиллаһи Рахмани Рахим» деп басталатын қасиетті сөздер Баку нұсқасында алынып тасталғандықтан, қазақша аудармасына да енгізбеуді жөн санағандарын қос ғалым ғылыми түсініктемелерінде ескерте кеткен. Бәлкім советтік қызыл идеологиядан қаймығулары оларды осы әрекетке итермелеген болар?! Демек жырдың түпнұсқасы мен В.Бартольд аудармасы — Құранның қасиетті сөздерімен басталған деген сөз. Енді аталған кітаптағы «Қорқыттың нақыл сөздері» атты кіріспесінен тағы біраз мысал келтіріп көрелік. …Қорқыт ата тағы не айтқан екен: «Аузымды ашсам, тіліме кәлима келеді.

Аллаға — шексіз құрмет! Алланың досы, дініміздің егесі Мұхаммедке — құрмет!

Сол Мұхаммедтің орнында тұрып дұға оқыған Әбубәкірдің аты өлмесін!…

Құранның бетін ашып, «Ясин» сүресін оқығандарға құрмет!… Сөзі көктен түскен, ретімен тізіліп, тілімізді кәлимаға келтірген Құранға — құрмет!…

Аласа жерге салынған Алланың үйі — Меккеге -құрмет!… Күндердің жақсысы — жұма өлмесін!… Бүкіл ғаламды жаратқан, теңдесі жоқ Аллаға — құрмет! Хан ием, көкте тұрған сол Алла бізге рахым етіп, жар болсын!» деген екен Қорқыт ата.

Қазіргі дүниеде діни шыдамсыздық салдарынан күн сайын мыңдаған адам зардап шегуде. Қазіргі кезде діни экстремизм мәселесі дүниежүзілік жаһандық мәселелердің қатарында. Соңғы кездері Қазақстанның діни өмірінде бірқатар діни экстремистік ұйымдардың қызметтерінің күшейгені байқалуда. Қазақстандағы бейбітшілік өмірді бұзуға тырысушылар діни қақтығыстарды көбейту арқылы өз мақсаттарын жүзеге асыруға тырысуда. Қорқыт бабаның айтқан тағылымын әр мұсылман жадында ұстаса, онда бірін-бірі құрметтеген түрлі діни сенімдерді ұстанатын Қазақстан азаматтары бұл арандатушылықтарға жол бермей, Еліміздің қоғамдық тірегі мықты болар еді.

Осынау батырлық 12 баянның әрқайсысы дерлік жыр ауторының Аллаға мінажат етіп, Жаратқаннан жарылқау тілеуімен аяқталып отырады.

Мысалы, «Кітаптағы» «Сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы бас көтеруі…» деп аталатын ең соңғы 12-ші жырдың соңғы түйінінде былай деп жырланады:



Бұл жиынға Қорқыт атам келіп, қуанышты өлең айтыпты. Дін үшін күрескен сол батырлардың ерлігін жырға қосыпты… Адам өмірі өткінші… Құдай сені өлгеніңше дініңнен айырмасын! Ақ сақалды әкеңнің барған жері жұмақ болсын! …Иманды жүзіңді көрген соң бес ауыз сөзбен дұға оқыдық. Ол дүниеде Мұхаммед саллалаху алейхиуассалам пайғамбар үшін Алла сенің күнәңді жеңіл етсін!»-деген тілекпен соңғы жыр аяқталған екен.

Қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Қырымның қырық батыры» сияқты жырлары мен «Қорқыт ата кітабы» арасынан батырлар бейнесінің сомдалуы, оқиғалардың суреттелуі, негізгі идеялары тұрғысынан көптеген ұқсастықтарды көреміз. «Қорқыт ата кітабы»- түркі халықтарының болашақ үшін қалай күрескендігін, елін, жерін қорғаған ерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жырлаған, көрінгеге жем болмай, қайтсе баққытты өмір сүруге болады деген сауалдарға біршама жауаптар берген, қоғамдық өмірдің аса маңызды өңірлері жайлы философиялық ойлар түйген кең тынысты эпикалық туынды. «Қорқыт ата кітабында» көтерілген мәселелер, онда айтылған ойлар, ұсынылған ережелер күні бүгінге дейін маңызын жоя қойған жоқ. Мысалы: «Ақ сақалы жарасқан шал көрікті, инабатты болса, әйел көрікті, сыйлас болса , ағайын көрікті, үлкен шаңырықтың қасында отау көрікті, жібек шатырдың жібі көрікті,өнегелі болса бала көрікті», «Мықты, жүйрік бедеуге қорқақ жігіт міне алмас», «Қонақ келмеген үйдің құлағаны артық», «Көп қорқытады, терең батырады», «Шіріген мақтадан мата шықпайды, нағыз жаудан дос шықпайды», «Қиып түсер қылышты мұқалтқанша, шаппаған жақсы», «Өтірік сөз өрге баспас», «Ескі киімнің биті ащы, жетім баланың тілі ащы», «Қанша тасып тулағанмен өзен суы теңізді толтыра алмайды, қанша қалың қар жауғанмен қар көктемнен қалмайды, гүл жайнаған қалың да,қара күзге қалмайды», «Ажал жетпей өлмек жоқ, өлген қайтып тірілмес, шыққан жан кері оралмас», « Адам өмірі-қамшының сабындай ғана қысқа екен, досы көп, ұрпақ тәрбилеген ұтады екен», «Адам баласы керуен сияқты: тоқтады, көшті де кетті», « Құстың қонар жерін су білер, малдың барар жерін ну білер»,«Топырақ тау болмайды», «Сайдың шөбін жеген білер, көк шүйгінін киік білер», «Бас аман болса бөрік табылады», «Дәулетті ұл – ошақтың қоры, дәулетсіз ұл – атаның соры», «Ұлдың күні күн емес – атадан мал қалмаса, ата малы пұл емес – баста ақыл болмаса», «Тебегеннің таңын сүзеген айырады», «Ат жемейтін ащы шөптің шыққанынан шықпағаны игі, адам ішпес ащы судың аққанынан ақпағаны игі», «Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың – туғанынан тумағаны игі», «Сауыттың қасиеті – қылышпен ұрғанда, аттың қасиеті – жаудан алып шыққанда көрінер»,«Ұл ақылды хош көрмес – ата үлгісін көрмесе, қыз жарытып ас бермес – ана үлгісін көрмесе», «Түбі жат бала туғандай болмас: ішер, жер, киер де кетер, бірақ «көрдім» демес», «Қара есектің басына жүген таққанмен-тұлпар болмас»,«Күңге сары пәй шапан жапқанмен — бәйбіше болмас», «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман»,«Атадан өнеге алмаған ұл жаман», «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді» «Турап жеген ет жақсы, шөлдеп ішкен су жақсы»т.б. Өмірдің мәнін осылайша терең толғаған, бұралаңы көп бұл дүниеде адамдардың тура жолда жүріп, бақытты өмір сүруіне көмектесетін осы сияқты қанатты сөз тіркестері кітапта молынан кездеседі. Мұндағы терең ойлы сөздер оқушылардың өмірді сүюге, өмір заңдылықтарына сай өмір сүруін анықтаумен бірге, одан қалды адамзат баласының жер бетінде бейбіт қатар бақытты ғұмыр кешуге үндеуімен аса құнды.

Халық музыка шығармашылығының эстетикалық тәрбие берудегі мүмкіндіктерін көптеген ғасырлар бұрын–ақ ұғына бастаған болатын. Құнды педагогикалық мәні бар ежелгі ұлттық мәдениетіміздің бір көрінісі — Қорқыт атаның ойлары. Дала ойшылы, ақын, жыршы, күйші Қорқыт ата жырларының негізгі тақырыбы – адам өмірінің қысқалығы және оның өлімнен қашып құтылу мүмкіндігін іздеуі.

Қорқыт есімі де, XIII ғасыр бойы халықтың мұңы мен зарын, қуанышы мен қайғысын, үміті мен арманын баяндап, үні мен сарынын сақтап келген қобыз да, оның әуені де киелі. Сондықтан, Қорқыт десек қобызды, қобыз десек Қорқытты көз алдымызға елестетеміз. Бұл екі есім мен ұғымды бөліп алуға болмайды. Қорқытқа қатысты аңыздардың дені «Қорқыт ата кітабында» сақталған. Түркі халықтарына ортақ «Қорқыт ата кітабы» көне оғыз тайпасының эпикалық жазба ескерткіші. Кітап оғыздардың өмірін баяндайды. Оғыз, қыпшақ тайпаларына ортақ тілде жазылған. Көшпелі өмір салттағы бабаларымыздың табынары Тәңірі, сыйынары аруақ, тілдесері табиғат болса, осылардың бәрімен байланысып, дәнекер болатын тұлға бақсы еді. Білектің күшімен енген мұсылмандылыққа ең ұзақ қарсыласқан сол даланың өмір салтына айналып кеткен Тәңірлік наным-сенім еді. Оның бас тұлғасы бақсы мен құдіретті қара қобызы болатын.

Қазақтың философиясы тарихында Қорқыт Ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымның негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Аңыз-әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Ғалым- филолог Е. Тұрсыновтың пікірі бойынша, Қорқыт баба тұлғасы аңыздарда қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады.

Белгілі болған ғылыми деректерге сүйенер болсақ, Қорқыт сегіз қырлы бір сырлы, қасиетті тұлға, бақсы, көріпкел, әулие, асқан күйші, емші, жырау, тайпа кеңесшісі, қиындықтарға қарсы тұра білген адам. Бақсылық кез- келген адамға қона бермейтін қасиет. Ол жоғарыдағы «иелер» немесе перілердің таңдаған адамы болады деген ұғым бар.

Фольклор үлгілерінде адам өлсе де әуен, өнер өлмейді деген мағына бар. Ол музыка күшімен қасиетті қобыз үнімен өлімге қарсы тұрған абыздың тірлігі арқылы көрініс табады. Абыздың өміріне қатысты деректерде, Қорқыт жырында қазақ жерлерінің атауы өте көп кездеседі. Бір ғана мысал, Ұлытау өңірінде «Тарғыл тана» деп аталатын тау бар екен. Бұл Қорқыт әңгімелерде кездесетін, ол қуатын тарғыл танаға байланысты қойылған дейді. Абыздың «Тарғыл тана» атты күйі де бар. Ал оның ойлап тапқан қобызы өзінің шығу тегі жағынан анағұрлым ескі, көне, байырғы халықтық аспап, тіпті шығу тегі де ертеден басталса керек.

Қорқыт-баба аспапты бірсыпыра жетілдірген деп ойлаймыз. Оның тартқан қобызы да, күйлері де, қазақ арасында ежелгі түрімен қалыптасып біздің дәуірге жеткен. Тағы да бір көңіл аударатын жағдай, Қорқыт-баба алғаш қобыз жасаған, оның қыл ішегінен жаратылыстың үнін күй қылып сөйлеткен кемеңгер. Ол қолына қасиетті аспабын алып Тәңірдің ерекше жаратылысы болып табылатын дін, өнер, философия, музыкалық дәстүрді жалғастырған, қобыздың қасиетті әуені мен ауыру мен дертті емдейтін бақсылардың дем беруші піріне айналған.

Қорқыт-күй атасы, жер үстіндегі ән-күй атаулының атасы. «Жер бетіндегі ең тұңғыш қобызды шырғай ағашынан жасап, күңірене күй шертеді, мұң-наласын ақтарып төгеді. Құдретті күй сарыны бүкіл жер — әлемді қаптап кетеді. Оны естіген барша жұрт басын ала алмай тыңдап, таңырқап қалады. Содан бері Қорқыттың күйі де, қобызы да жер бетін шарлап кезуде. «Ал Қорқыт есімі қобыздың ішіндегі, халықтың жүрегінде ұмытылмастай болып сақталған»- деп жазады М. Әуезов.



§2. Әбу Насыр Әл-Фараби (870-950)



Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағынын көкіреп ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтарм бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – күллі әлемге танымал ұлы жерлесіміз - Әбу Насыр әл-Фараби. 

Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде "Тархан" деген атаудың болуы. Әл-Фараби 870 жылы Сыр бойындағы Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі, Фараб қаласында дүниеге келді. Фарабидің то-лық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби, яғни әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Бұл қаланың орны қазіргі Шәуілдір ауданы, Шымкент облысының территориясында. Сол түста өмір сүргендердің қалдырған нұсқаларына карағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Замандастары жазған шежірелер бойынша алғанда, оның арғы аталарының есімдері таза Түркі тілінде келтіріледі. 

Әл Фараби, Әбу-Насыр (Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ әл-Фараби ат-Түрки) (870-950) - Аристотельден кейін дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым. Энциклопедист, ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі – ғалымның жан-жақты тұлғасын көрсетеді. Деректерде сауатын Түрікше ашқаны, өзін ақын және күйші, әнші ретінде танытқаны айтылады. Оның өлеңдерінан үзінділер де сақталған. Фарабидің күйшілік өнері туралы әңгімелер көптеп кездеседі. 

Туған жері Сырдария бойындағы ерте заманда түркі халықтарының орталығы болған Отырар қаласы. Отырарды арабтар «Фараб» деп атаған. Қай жерден шыққанын білдіру үшін аты жөніне өзінің туған мекенінің атауын тіркейтін сол заманның дәстүрімен ұлы ұстаз Фараби аталған. Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат түрк» атты еңбегінде Фараб қаласының түрікше аты «Қарышоқы» деп көрсетеді.

Әл Фараби заманында бүкіл ОртаАзия мен Түркістан Араб халифатының ықпалында болған. Соған байланысты қала халқы сауда саттық мәселесінде ислам қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан араб, парсы, түркі тілдерін қатар қолданған. Соның ішінде рухани, ғылыми тіл араб тіл болған. Сондықтан осы қалада сауат ашып, осы қалада білімге, ғылымға деген құмарлығы оянған Әл Фарабидің осы үш тілді жетік білуі заңдылық еді. Ол кейін білім ғылым іздеп, көп жерді аралайды. Ақыры сол кезде әлемнің ғылым дүниесінің орталығы болған Бағдадқа келіп, сонда тұрақтап қалады. Сол кездің әйгілі ғалымдарымен кездесіп, олармен сырлас болады. 

Одан кейін ғылыми жолға түсіп, Грек, латын, санскрит және басқа тілдердіүйренеді. Ол өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне, өнеріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырады. Одан қалған ғылыми еңбектердің өзінің саны жүзден астам. Сол еңбектерді ғылым салаларына қарай бөлетін болсақ, олар мынандай: астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия риторика, философия болып келеді.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай Қазақстан ғалымдары да ұлы ұстаздың бай мұрасын жинап, зерттеп тануға өз үлестерін қоса бастады. Қазір Қазақстан Ғылым академиясының кітапханасында Әл Фарабидің елу шақты еңбегі бар. Олардың ішінде басқа тілге аударылмаған, ғалымдар арасында осы күнге дейін белгісіз болып келген: «Алмагеске түсініктеме», « Геометриялық сызықтар жасаудың әдістері», «Астрология», «Китаб әл мусики әл кабир» секілді әрқайсысы бір бір ғылымның шыңын көрсететін аса ірі туындылары бар. Мұның сыртында соңғы жылдары Қазақстанның Иранда алғашқы Төтенше және Өкілетті елшісі болған ғалым Мырзатай Жолдасбеков тауып әкеліп, Алматыдағы Әл Фараби атындағы ұлттық университеттің кітапханасына тапсырған Әл Фарабидің қолжазбалары - өз алдына бір пара қазына. Олардың көшірмесі (он үш қолжазба) бүгінде Еуразия ұлттық университетінің Отырар кітапханасында сақтаулы.
Өмірінің соңына қарай Әл Фараби Мысыр, Шам, Халеб қалаларында болып, ақырында Шам шахарында келіп, сонда тұрақтайды. Осында қайтыс болады. Оның денесі Шам шахарының Кіші қақпа (Баб ас Сағир) жағындағы зиратқа қойылады.

Әл Фарабидің ісін жалғастырған, ғылымға берілген шәкірттері көп болған. Олардың ішінен, ең алдымен, Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Синаның (Авиценна) есімін атауға болады. Кейінгі кездегі шығыс ғалымдары оларды бөліп жармай «Қос Фараби» деп те атайды. Сондай ақ еңбектері ұлы ұстаз еңбектерімен сабақтасып жатқан ұлы ғалымдар Беруни, Бозжани, Омар Һайямдар да өздерін Әл Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Бұл Ұлы Ғұламаның өзінен кейінгі талай Ұлыларға да үлгі болғанын көрсетеді.

А. Н. Бернштам, шекарадағы аса манызды мекен және керуен жолдарының торабы болған Отырарға орта ғасыр авторларының көп назар аударғанын атап көрсетеді. Географиялық көрінісі түрліше бұл өнір суармалы егіншілікпен айналысуға да қолайлы болған. 

А. Н. Берштамның айтуынша, Отырар қаласы орналасқан аса құнарлы алқапта қазақ халқының арғы ата-бабалары, қырдағы көшпенділер мен қала тұрғындары жиі карым-катынас, тығыз байланыс жасап отырған деп пікір қорыту әбден орынды.

Кеңінен мәлім екі дерек бар: 1218 жылы монғолдар шапқынышылы кезінде қала қиратылды, бұл "Отырар ойраны" деп аталды, қала қайтадан тез қалпына келеді. Онаң соңғы әйгілі мәлімет 1405 жылғы ақпанда мұнда Әмір Темір қайтыс болды. Отырар жайында біздің қолымызда Ибн Хаукальдың, Абул Фиданың, қытай деректемелерінің мәліметтері бар. Отырар жөнінде Птоломейде де айтылған. Отырардағы кітапхана, ел ауыздағы аңызға қарағанда, кітабының - саны жағынан атақты Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орында болған. Қаланың ең ақырғы күйреуі 18 ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына байланысты.

Бірақ Отырар Қазақстан территориясындағы бірден бір мәдени орталық емес-ті. Зерттеушілердің кажырлы еңбегі арқасында республиканың археологиялық картасында басқа да мәдени орталықтар (Тараз, Сығанак, Түркістан, Мерке, Исфиджаб және басқа қалалар) болғаны көрсетілген. Сондықтан, біз осы территорияны мекендеген тайпалардың сонау арғы заманда қалыптасқан өскелең өнері, қол өнері, ғылымы, түркі тілдес жазуы болған деп қазір батыл айта аламыз. 

Осы жазба әдебиеттің пайда болған кезін, ол біздік заманымыздан 300-400 жыл немесе одак да көп бұрын қалыптасты ма деген мәселені келешекте тарихшылар мен тіл мамандарының анықтауына тура келеді. Міне, сондықтан да, қазақ топырагынан шыққан ғалымдар Әбу-Насыр әл-Фараби, Исхақ әл-Отрари, Исмаил әл-Шаухари, Жемал әл-Түркістани, әл-Сығнақи, әл-Қыпшақи, Қадырғали Жалаири және басқалар жазған еңбектердің белгілі бір мәдени негізде дүниеге келуі әбден табиғи нәрсе. Осынау санлақтардың ішінде жалпы әлемге әйгілі алып тұлға ретінде көзге көрінетін әл-Фарабидің орны ерекше. 

Ал енді әл-Фарабидің антика дәстүрімен байланыстылығынан, осының арқасында оның Аристотельден кейінгі "Екінші Ұстаз" атанып, даңққа бөленгенін айтатын болсақ, әл-Фараби жастайынан ақ ұлы Аристотельдің, Платонның, ерте дүниедегі Грецияның басқа да философтарының шығармаларымен түп нұсқасынан танысқаны жөнінде бізде деректер бар.

Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол, жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнін көптеген орталықтары: Хорасанда, Бағдадта, Дамйскіде (Шам), Алеппада, Каирда (Мысыр) болған. Өз өмірінің көп жылдарын ол, араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған, Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады, көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен аброй-беделге ие болды. Бірақ өресі тайыз кертартпа хадисшілер оны жек керіп, күндей бастаған, әсіресе, олар әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені, оның дүниеге көзқарасы шынайы болмысты танып білуге, адам бақытын о дүниеден іздеп табуға мезгейтін еді. Ақыр сонында әл-Фараби лажсыздан Бағдадтан кетеді. Өзінің "Фусул ал-мадани" ("Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері") деген соңғы шығармасында ол: "Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруға тиіс",— дейді. Әл-Фараби александриялық (мысырлық) ғалымдар, яғни бір кезде Александриядан ығыстырылған несторианшыл христиандар тұратын Хоранға келіп қоныс тебеді. Өмірінің соңғы жылдарын Алеппо мен Дамаскіде өткізеді, мұнда ол солтүстік Сирияның жетекшісі саяси қайраткері Сейд ад-Дуаль Хамданиге аса кадірлі болды. Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында кайтыс болды. Бейіті қазір Сирия жеріндегі Баб әс-Сағир зиратында жатыр.

Біздің заманға әл-Фарабидің тек негізгі шығармалары ғана келіп жетті. Ол шығармалардың ежелден бері-ақ жұртшылыққа танымал болып, философиялық және ғылыми ойдың одан кейінгі дамуына тигізген әсері толассыз. 

"Мүсылман Ренессансы" деген атауға ие болған сол заманға тән белгілері оның шығармаларымен белгілі бір дәрежеде өз орнын алады. Әл-Фарабидің шығармаларында көне замандағы дәстүрдің және "Бірінші Ұстаз" деп шығыста аталып кеткен Аристотельдің тарих барысында қалдырған әсері, неоплатонизмнің несторионшылдықтың әсері және исламның әсерімен Аристотель идеяларының өзгеруі айқын көрінеді. Әл-Фарабидің Аристотельге бас игені сөзсіз. Сол сияқты ол Аристотель идеяларының ең жаксылары мен бағалыларын әрдайым таңдап ала бермейтіні де даусыз. Бірақ біз үшін ерекше бағалы жағы сол — ол Аристотель ілімінің формалдық жағымен ғана шектелмейді, ол диалектика элементтеріне, мәселені қарама - қарсы қоюына белгілі дәрежеде көңіл бөледі, сыртқы дүние мен сезім мүшелері арқылы жүзеге асатын байланыс таным логикасының ірге тасы болып табылатынын дәлелдейді. 

Фараби Аристотельдің, Әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетеді. Мәселен, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейщнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш— 160, ал тәжік ғалымы Б. Ғафуров—- 200 трактат деп көрсетеді. 

Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің "категориялар", "метафизика", "Герменевтика", "Риторика", "Поэтика", бірінші және екінші "Аналитика", "Топикасы" мен 4 сопылық еңбектеріне түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де мәні — маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда зор роль атқарды.

Сондықтан да XI ғасырда өмір сүрген Фарабидің ізін қуушы атақты Ибн-Сина (980—1037) тек Әбу Насыр түсіндірмелері аркылы ғана Аристотель еңбектерінің ойын ұғып, қуанғанынан қайыршыларға садақа үлестіргені жайлы жазған екен.

Анығырақ айтсақ, Аристотель шығармалары сол кездің өзінде-ақ араб тіліне аударылып үлгіргенді. Араб шығысында Аристотельдің кейбір құнды ойлары бұрмаланып көрсетілді. Бірақ көп еңбектері тәржімаланбағандықтан ұлы грек философиясының ойын түсіну қиын болды. Сондықтан да, көп тілдерді жетік білген ұлы ғалым жерлесіміз Аристотель шығармаларына араб тілінде түсіндірме жазуды үйғарды. Сөйтіп, ол ұлы философтың мұраларын жаңсақ пікірлерден тазартып, өз қалпында дұрыс түсіндіре біліп, өзінің бірінші ұстазға деген ғылым саласындағы үлкен адамгершілік, азаматтық іс әрекетін таныта білді. Сондықтан да, шығыс философтары оны "Ал муалим ас-саны" - "екінші ұстаз" деп атаған.

Схема


Әл-Фарабидің еңбектері



Әл-Фарабидің еңбектері



Ғалымдардың шығуы

Ғалымдар энциклопедиясы немесе тізбегі



Кемеңгерлік меруеті

Ізгі қала тұргындарының көзқарасы




Музыканың үлкен кітабы

Әлеуметтік-этникалық трактаттар



Ақылдың мәні туралы

Философиялық трактаттар



Философияны аңсап үйрену үшін алдан ала не білу қажеттігі жайлы

Фараби ғылымның философиялық-логикалық ірге тасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т. б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор. Тарихқа неғұрлым терең үңілген сайын, біз жеке ұрпақтардың, тайпалар мен ұлттардың мәдениеті мүлде оқшау дамиды деген "теорияның" негізсіздігін соғұрлым айқын көріп отырмыз. Дүние жүзі мәдениетінің дамуында із қалдырған сол көрнекті қайраткерлер, шындығында, адамзат мөдениетінің бірлігін паш етіп келеді. Әл-Фараби осындай дүние жүзілік тарихи тұлғалардың санатына қосылады. Ол туған елінің мәдени байлығын, иранның, үндінің ежелгі дүние мәдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Дәл, сондықтан да, ол таяз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле білді, өзінің ойлау жүйесін сындарлы да икемді ете білді. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала білді, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір білім саласы жоқ деуге болады. 

Араб шапқыншылығы Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймағындағы территорияда феодалдық қатынастардың дамуына дем берді. Терең ішкі қайшылықтар, еркін қауым мүшелерінен феодалдарға тәуелді адамдарға айналған шаруалар қозғалысы және басқа да тәуелді күштер халифаның ыдырауына себепкер болғанымен, феодалдық қатынастардың дамуын тоқтата алған жоқ. X ғасыр мәдени өрлеу заманы болды. Бұл Европадағы қайта өркендеу заманына ұқсас мұсылман Ренессансы деп аталды. Осы өрлеуге ықпалын тигізген жағдайлардың қатарында сауаттылықтың біршама кең өріс алғанын, қолжазба жинау, аудару ісінің жолға қойылғанын, жеке меншік және қоғамдық кітапханалардың құрылғанын атап өтуге болады.

Егер Қазақстан, Орта Азия және Таяу Шығыс елдерін сипаттайтын әлеуметтік, этникалық және мәдени процестердің барлық айқыш-ұйқыш қиын өрнектерінің бетінде әл-Фарабидің саяхат сапарларын көрсетсек, осының өзі IX—X ғасырлардағы мәдени байланыстардың мүмкін жолдарын тамаша етіп көрсеткен болар еді. Мүмкін, осының өзі, араб халифатының ішінде шетке тарту әрекеттеріне және оның іс жүзінде күйреуіне байланысты, сол заманда Оңтүстік Қазақстан "Мұсылман дүниесі" деп аталатын дүниенің мәдени-саяси өмірінің көшіп келіп отырған орталықтарының біріне айналғанын көрсеткен болар еді. Бұрынғы орталықтар, өзінің бір замандағы саяси маңызынан айырылса да, мәдениет ошақтары ретінде сақталғанын көрген болар едік. Мұның бәрі сол замандағы Шығыста Екінші ұстаз аталынып кеткен әл-Фарабидің философиялық көзқарастарынан көрінеді. 

Әл-Фараби сарай төңірегіндегі тынышсыз өмірден аулақ болғанды ұнатып, өзіне тамаша лауазымдар ұсынып жатса да, күніне бір дирхемге қанағат тұтып, қарапайым ғана өмір сүрді, өйткені, осы жағдай оны, алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіншілік берді. Оның әшекейге толы бейнесін жасау ақиқаттан алыстау болар еді. Нақ осы сияқты, әл-Фарабиді қазақ етіп көрсетуге тырысу да жасанды әрекет болады. Ол заманда ұлт болып бірігу процесі аяқталудан әлі тіпті алыс еді. 

Фактілер негізіне сүйене отырып, әл-Фараби кейін қазақ халқының құрамына қосылған түркі тайпасынан (Қаңлы-қыпшақтардан) шыққанын, оның туған қаласы қазір Қазақ жерінде екенін және ол Шығыс халықтарынын мәдениетіне жақын қатынасы бар қайраткер болды дей аламыз.

Тәжіктердің, өзбектердің, қазақтардың, түрікмендердің, қырғыздардың, ұйғырлардың мәдениеті, дәстүрі және тұрмысы өте ерте заманнан бері ортақ болуына байланысты, олар ерекше бірыңғай мәдени аймаққа жатқан. Атап айтқанда, көшпелі мал шаруашылығын жүргізудің бұл екі түрі тіпті таза күйінде бола бермеген. Оңтүстік Қазақстандағы қалалар көшпелі және отырықшы халықтарды байланыстырушы буындар болып келген.

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың орта ғасырлық қалаларының және мекенді жерлерінің қалдықтарын археологиялық жағынан зерттеулер орта ғасырлықтың алғашқы дәуірінен бастап (VI—VII ғ.) Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен Орта Азия қалаларының экономикалық және мәдени жағынан біріне-бірі өзара әсер етіп отырғандығын көрсетеді. Бұған, әсіресе, сауда қатынасы қолайлы жағдай жасаған. Батыс пен Шығысты жалғастырған ұлы Жібек жолын, Мервті, Самарқанды, Бұқара мен Чачты (Ташкент), Таразбен, Исфиджабпен және Отырармен байланыстырған керуен жолдар мен жалғыз аяқ жолдарды атап көрсетуге болады. Бұл кездерде архитектура, қол өнерінде бәріне ортақ канондар қалыптасады. Бірақ олардың бір-бірімен ұқсастығына қарамастан, әрбір аймақта өзіне ғана тән ерекше мәдени дәстүрлері қалыптасқан. Бұған айғақтың бірі — Айша Бибі мазары. Дала елі мен отырықшы халықтың егіншілік пен көшпелі шаруашылықтың ұштасқан жеріне, сол замандағы аса маңызды сауда жолдарының тоғысқан жеріне осы сынды кесек тұлғаны шығаруы тегін емес.

Әрине, әл-Фараби туған қаласының дәстүрлерінен әлдеқайда кең келемді дәстүрлерді бойына сіңірді. Өйтпейінше, оның есімі дүние жүзі мәдениеті алыптарының қатарына жазылмас еді. Оның қызметі өзінің сыртқы бейнесі жағынан араби тілдес, Ислам мәдениеті деп аталатын мәдениеттің аймағы шеңберінде кең өріс алды.

Мәдениеттің кейінгі дамуына, соның ішінде, Шығыс, Орта Азия, Қазақстан, Кавказ халықтарының мәдениетіне әл-Фарабидің жасаған ықпалы әр тарапты болды және ұзақ уақытқа созылды. Барлық этникалык топтардың, соның ішінде, түркі тектілер өкілдерінің "мұсылман" Шығысының мәдени өміріне белсенді түрде қатысуы әдеби тілді халықтық негізде дамыту әрекеттеріне қолайлы жағдай туғызды. Түркі тілінде Махмуд Қашқаридің және Жүсіп Баласағұнның шығармаларынан тамаша энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің рационалистік және гуманистік идеяларының іздері айқын көрінеді.

Бақыт дегеніміз
— ол абсолюттік игілік. Фарабидің айтуынша, адамдар көп нәрселерді өзінің өмірінің мақсаты мен негізі деп ойлайды. Олар — өзіне ұнайтын, керекті нәрселер, мысалы: ақша, атақ, тағы басқалары. Адам бақытты ешбір жағдайда басқа күш арқылы емес, тек теориялық ақыл парасат күші арқылы ғана пайымдайды. Бақытты дұрыс түсінетін адамдар — данышпан адамдар. 

Фарабидің қолжазбалары дүниежүзінің көп кітапханаларына тарап кеткен және сол жерлерде сақтаулы тұр. Сол сияқты көптеген ғалымдар Фарабидің асыл мұраларын зерттеп, оқып үйренуде. Фарабидің көп шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде басып шығаруда жергілікті ғалымдарымыз да, өз үлестерін қосуда. 

1975 жылы Мәскеу және Бағдад шаһарында халықаралық аренада Абу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100-жылдық мерейлі тойы атап өтілді. 

Республикадағы Қазақ Мемлекеттік Университетіне, Шымкент шаһарындағы Мәдениет институтына әл-Фараби есімі беріліп отыр. 1991 жылы Қазақ Мемлекеттік Педагогикалық Университетінің ректоры профессор Т. С. Садықовтың қолдау ынтасымен тұңғыш рет Алматы, Шымкент шаһарларында Қазақ-Американ мәдени практикумы аясында Фараби мұрасынан алған Фараби оқуы болып өтті. Мұнда рухани мұраларымыздың, мәдениетіміздің өзара әсері, байланыстары мәселелері талқыланды.

§3. Жүсіп Баласағұни (1020)

Жүсіп Баласағұни, Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни (1020) - ақын,ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері.

Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. философиа, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан. Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында "Құтадғу білік" ("Құтты білік") дастаны арқылы қалды. Жүсіп Баласағұни бұл дастанын хижра есебімен 462 жылы, қазірғі жыл санау бойынша 1070 жылда жазып бітірген. Дастанды "хандардың ханы" - Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 - 1210) негізін салушы Сүлеймен Арслан ханға (908 - 955) тарту етеді. Сол үшін хан өз жарлығымен Жүсіп Баласағұниға "хас хажиб" - "бас уәзір" немесе "ұлы кеңесші" деген лауазым берген. Дастанның бізге жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қаласындағы 1439 жылы көне ұйғыр жазуымен (қазір ол Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы), екіншісі, 14 ғасырдың 1-жартысында Египетте араб әрпімен (Каирдың Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманған қаласынан табылған үшінші нұсқа 12 ғасырда араб әрпімен қағазға түсірілген. Бұл қолжазба Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы тұр. Ғалымдар осы үш көшірме нұсканың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтай отырып, "Құтты білік" дастанының ғылымының негізделген толық мәтінін жасап шықты. Венгер ғалымы Герман Вамбери (1832 - 1913) "Құтты біліктің" бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, 1870 жылы Инсбрук қаласында жеке кітап етіп бастырып шығарды. Бұл шығарманы зерттеу, ғылымының мәтінін дайындау және аударма жасау ісімен орыс ғалымы В.В. Радлов (1837 - 1918) жиырма жыл бойы (1890-1910) айналысқан. Түркия ғалымдары 1942-43 жылдары "Құтты біліктің" үш нұсқасын да Стамбұлдан үш том кітап етіп шығарды. "Құтты білік" дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Карахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Оны Қаримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), А.Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (1984) тәржімалаған. "Құтты білік" дастаны белгілі бір мағынада елдегі Ата заң (Конституция) қызметін атқарған. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күн туды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге күт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған.


Құтты білік дастаны
“Құтты білік” дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Қарахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Оны Қ.Каримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), А.Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (Пекин, 1984) тәржіма жасады. Қарахан әулеті билік жүргізген дәуің тілген. Кезінде “Құтты білік” дастаны Шығыстың әр елінде әр түрлі аталып кеткен. Бір елде – “Айнак ул-мамлакат” (“Мемлекет тәртібі”), екіншісінде – “Панунаман мулук” (“Әкімдерге насихат”), үшіншісінде – “Адаб ул-мулук” (“Әкімдердің әдептілігі”) деген атпен мәлім. Бұл атаулардың бәрі – “Құтты білік” дастаны, негізінен, мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма екенін растай түседі. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеум. рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады. Ортағасырлық Шығыс ойшылдарына тән үйлесім – танымды көркем және ғылыми әдістермен ұштастыра қолдану Жүсіп Баласағүни ғибратында суреткерлік, ойшылдық, ғұламалық, философтық қасиеттердің үйлесім табуынан, ғылым даналығының біртұтастығынан көрінеді. Түркі мәдениетінің нәрлі бұлағынан сусындап, мұсылман өркениетінің қуатты ықпалымен толысқан ойшыл өз шығарм-ғында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің биік филос. мұраттарын баяндайды. Жүсіп Баласағүниның “Құтты білігінде” өмір мәні пайымдалып, жалпыадамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Жүсіп Баласағүни ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет – от, су, ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің философиялық түсінігіне сүйене отырып, ойшыл әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп санайды. Осындай тағы бір төрттаған Жүсіп Баласағүниның қоғам туралы ойларында, яғни қазіргі түсініктегі әлеум. философиясында әділет, бақыт, ақыл және қанағат ретінде бейнеленіп, “Құтты біліктің” төрт кейіпкерінің бойына жинақталған. Ғалам мен микроғаламның тұтастығы, барабарлығы туралы ой Жүсіп Баласағүни дүниетанымының өне бойынан байқалады. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесімділік негізінде әділетті адамзат қоғамын құруды армандады. Сондықтан ол ғылым мен білімге зор мән берген. Жүсіп Баласағүни жалпыға ортақ парасаттың танымның нәтижесі ретіндегі білімге көшуі адам мүмкіндігінің жүзеге асуы деп біледі. Ғұлама білімнің туа бітетіндігі жайлы пікірге қарсы шығып, оған парасатты іс-әрекеттің нәтижесінде қол жеткізуге болатынына сенеді. Білімге молынан сусындаған адам ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, білім – даналық, денсаулық және жан толысуы. Жүсіп Баласағүнидің ойынша, қоғам құрылымындағы кемелдіктің өлшемі әлеум. тәртіп бұзылғанда ғана көзге түсе бастайды. Сол кезде жаңа мұраттар мен ұрандар пайда болып, халық қолдауына ие болады. Ол қоғамдық құрылымның кемелдігін жеке адамның бостандығы, тәуелсіздігі анықтайды деп санады. Жүсіп Баласағүни өзінің әлеуметтік философиясында қоғамдағы кемелдіктің негіздері мен іс жүзіндегі көріністерін өзара тығыз байланыста қарастырады. Танымдағы кемелдік – білік, оның іс жүзіндегі көрінісі – укуш деп біледі ол. Жүсіп Баласағүни өз еңбегінде зердеге айрықша тоқталған. “Құтты білікте” ол, ең алдымен, даналық яғни қазіргі түсініктегі теориялық зерде туралы ой толғап, даналық табиғатын, оның ерекшелігін, туа біткен қабілеттер мен кейінгі білім жинақтаудағы адамның өз рөлі, таным процесінде ақиқатқа ұмтылу, т.б. мәселелерді қарастырады. Ғұлама өз туындысын Шығыс перепатизмінің арнасында, сопылық ағымның қуатты ықпалымен жазып шыққан. Ойлау қызметі тек адамға ғана тән, жануарларда жоқ қасиет деп біледі ол. Егер сезім алдамшы болса, онда оған толық сенуге болмайды, ал ақыл, зерде әрқашан адамға қызмет етеді, оның жалғандығы жоқ. “Құтты біліктің” негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құт-берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы “өзіңді сақтау”, “өзіңді ұмытпау” қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет. Мұнан өзге Жүсіп Баласағүни шығармашылығына ізгілікке құштарлық пен іңкәрлік, сопылық танымдағы Алланы сүю, әлем мен адам сырына терең бойлауға ұмтылушылық белгілер тән.[2] “Құтты білік” дастаны 6520 бәйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. Демек дастанда 13040 өлең жолы бар. Соның бәрі 85 тарауға бөлініп берілген. Дастанның кіріспесі қара сөзбен, ал негізгі бөлімдері аруз өлең өлшемінің ықшамдалған мутакариб деп аталатын түрімен жазылған. “Құтты білік” дастанының сюжеттік желісі негізінен шығарманың бас қаhармандарының өзара әңгімесінен, сұрақ-жауаптарынан, бір-біріне жазған хаттарынан тұрады. Төрт түрлі ізгі қасиеттің символдық көрінісі ретінде бейнеленген негізгі төрт қаhарман қоғамның көкейкесті мәселелері туралы әңгімелеседі. Мұндай сұхбатта олар ел басқарған әкімдер қандай болуы керектігін, оқу-білімнің қажеттігін, әдептілік пен тәлім-тәрбие мәселелерін дидактикалық-филос. тұрғыдан сөз етеді. Мәселен, ақын әдептіліктің алуан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген түйін жасайды. “Құтты білік” дастанының авторы метафора, аллегория, гипербола, меңзеу, астарлап сөйлеу сияқты көркемдік құралдарды аса білгірлікпен пайдаланады. Дастанның әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан ғыл. мәні ерекше. Бұл дастан бертін келе қазақ халқының этникалық құрамын қалыптастырған ру-тайпалардың орта ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін, әдет-ғұрпын, сөз өнерін, тілін, т.б. зерттеп білу үшін аса қажетті, құнды мұра болып табылады.

"Құтты білік" дастанын Қарахан әулетінен шыққан Табғаш Қара Боғраханғаарнады. Бұл үшін ақынға Хас Хаджиб (сарай министрі) атағы берілді. Поэманы толық көлемінде неміс тіліне аударысымен және түпнұсқасымен 1891-1900 жылдары В. В. Радлов ғылым әлеміне паш етті. 1896 ж. К. Керимов өзбек тіліне аударды. 1971 жылы Н. Гребнев "Бақытты болу ғылымы" деген атпен еркін аударма жасады. 1983 жылы С. Н. Иванов "Благодатное знание" деген атпен орыс оқырмандарына ұсынды. Ал 1986 жылы бұл дастанды ақын А. Егеубаев қазақ тіліне аударды.



"Құтты білік" поэмасы энциклопедиялық шығарма болып табылады. Оны жазуда автор саяси әуенді басшылыққа алғандығын аңғару қиын емес. Ол қарахандар әулетіне жоғары дамыған Мауераннахр, Шығыс Түркістан тәрізді аудандарды басқарудың жолдарын үйретуге тырысты. Әрине, шығарма тек саяси трактат көлемінде қалып қоймай, орта ғасыр дәуірінің ғылым, мәдениет салаларын да қамтиды. Адам тағдыры, өмірінің мәні, орны мен әлемдегі рөлі жайындағы мәселелер де қаралады. Сонымен бірге, Баласағұн философиялық, шамандық, исламдық дүниетанымда болғандығын білеміз. Философияны поэзия арқылы жеткізу орта ғасырлық шығыстық үрдіс еді. Екінші бір қыры - исламға дейінгі әр түрлі нанымдар. Шығармадан шамандық түсініктер көрінеді. Исламдық идеология да елеулі орын алады. Бұл жайында А. Н. Романов пен С. Н. Иванов: "Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" поэмасы - ең алғаш, ең көне, әзірше жалғыз, мұсылман идеологиясының негізінде, осы идеологияны уағыздаушы ретінде түркі тілінде жазылған шығарма", - деп баға береді. Кітапқа көшпенділер тұрмысы мен аңшылық өнерін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері енген.

§4. Махмұт Қашқари (1029—1101)


Махмұд Қашқари (ұйғ. مەھمۇد قەشقىرى, Mehmud Qeshqeri; 1029—1101) - түркі ғалымы, әйгілі «Диуану лұғат-ит-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбектің авторы. Толық аты жөні Махмұт ибн әл Хұсейн ибн Мұхаммед. Туған жері қазіргі Қырғызстан жеріндегі Ыстықкөл жағасындағы (кей деректе Шу бойындағы) Барсхан қаласы.

Махмұдтың әкесі белгілі қолбасшы, Барсханның әмірі болған. Ол кейін Қарахан әулеті билеген мемлекеттің мәдени саяси орталықтарының бірі Қашқарға ауысқан. Махмұд осында дәріс алған, ұзақ жылдар тұрған. Оның аты жөніне қай жерден шыққанын көрсететін дәстүрмен «Қашқариді» тіркеуінің мәнісі де содан.

Ғалымның туған, қайтқан жылы белгісіз. Ол жөнінде өзі де, басқа зерттеулер мен сол тұстағы жазбаларда да ештеме айтылмайды. Ол Қашқарда алған білімін одан әрі толықтыру мақсатымен, Бұқара, Нишапур, Бағдад қалаларында болады, түркі тілінің сыртында араб, парсы, тілдерін жетік меңгереді. Өз заманының аса білімдар филологы, тарихшысы, этнографы, географы ретінде танылады.Түркі ғалымыМахмұд Қашқари түркінің тұңғыш тіл маманы, түркі тілінің оқулығын жасаған, грамматикасын түзеп, жалпы түркі әлемінің тіл өнерінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірген ғұлама. Түркология тарихында ол тұңғыш тарихи салыстырмалы әдісті қолданып, түркі тілдері тарихи диалектологиясының негізін салды. Оның осы тілдерді салыстырмалы түрде зерттеу тәсілі бүкіл Шығыс тілшілеріне ортақ зерттеу тәсілі ретінде өзінше бір мектеп болып қалыптасты.Түркі жұртының бай тарихы, географиялық жағдайы, әдебиеті мен өнері, этнологияық ерекшеліктері «Диуани лұғат ат түркте» нақты тарихи деректілік сипатпен танылған. Ол көптеген ұлыстардың, тайпалардың тіл ерекшеліктерін саралап, түркі тілінің бітімін ежіктей түсіндіреді, тұрмыс салтын, әдет ғұрпын баяндайды, сол кездегі бір қатар қаламгерлердің, ғұламалардың, тарихи адамдардың аттары мен өмірбаяндық деректерін, түркі халықтарының байырғы жырларын, мақал мәтелдерін береді. Сонымен қатар ол көне дәуірдегі түркінің әлемдік қартасын жасап, онда Барсхан, Баласағұн, Тараз, Екіөгіз, Қашқардан бастап, түркі дүниесінің ежелгі шаһарларын, елді мекендерін түгел дерлік көрсетеді. Бұл ретте оны түркі жұртының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы десе де болады. 

Түркі әлемінің тұңғыш түрколыгы, данышпан білгіші Махмұт Қашқаридың өмірі мен қызметі жөнінде мәліметтер аз болғандықтан, оны өз туындысы «Диван-и лұғат ат-Түрктен» («Түркі тілінің сөздігі») ғана біле аламыз. Махмұт Қашқаридың толық есімі-Махмұт ибн әл-Хусейн ибн Мұхамед. Туылған және қайтыс болған жылдары белгісіз. Ғылыми жорамалдарға қарағанда, ол 1029-1038 жылдар аралығында Қашқарда дүниеге келген. Махмұт Қашқаридың Қараханидтер әулетінен шыққандығы айтылады. Ата-бабаларының бірі-Харун әл-Хасан бин Сүлеймен Боғра хан атағын алған, Маураннахрды жаулап алып, Саманилердің астанасы болған Бұхараны да басып алған. Әкесі Боғра ханның немересі Хусейн бин Мұхаммаед Барсханның (Барскон) әкімі еді. Кейін, Қараханидтер әулеті билеген мемлекеттің мәдени-саяси орталықтарының бірі – Қашқарға ауысқан. Махмұттың «Қашқари» ныспысын алуы да осы қалада тұруына байланысты болатын. 

Махмұт оқып-жазуды және кейінгі тәлімін өзі туылған Қашқарда алды. Ол заманғы Қашқар қаласы – Шығыс Түркістанның ірі саяси жаңа мәдени орталығы еді. Махмұттың замандасы Жүсіп Баласағұн осы кезде өзінің өлмес «Құтты білігін» жазғаны – бұл өлкеде ғылым мен өнердің аса дамығанын дәлелдейді. Олуақытта барлық ислам елдерінде, олардың ішінде Қашқар елінде де мектептерде Құран, араб тілі, заң негіздері, математика оқытылатын. Бірақ Махмұт тек Қашқарда алған білімімен шектелмей, Азияның басқа да, Бұхара, Самарқанд, Нишапур, Мерв, Бағдат сияқты ірі мәдени орталықтарында білімін кеңейтеді.

Өз тіліне, өз халқына деген сүйісрпеншілігі Махмұтты жер-жерге апарады. Талай ел кезіп, керекті деректер жинап, соңында өзінің данышпан еңбегін жаза бастайды. Кейбір ғалымдардың жорамалдары юойынша, бұл кітап Бағдатта жазылған-мыс. Бірақ осыншама рі әрі құнды еңбек Бағдаттағы кітапханаларда тіркелмегені, орта ғасырлық арабтың білімі мол ғалымдарының бұл «Диванды» білмегені, сонымен қатар «Диванда» Бағдаттың еш аты аталмағаны бұл жорамалдың дұрыстығына күмән туғызады. Сондықтан Махмұт Қашқари «Диванды» жазуға 1072 жылы Қашқарда кірісті деген дұрыс болар. «Диванды» жазып бітірген жыл туралы да ғалымдар арасында ауызбірлік жоқ. Дегенмен, ең дұрысы 1083 жылы октябрьдің 27-де аяқталғанын айта аламыз, бұған «Диванның» ішінде де дәлелдербар.

Түркология тарихында тұнғыш тарихи-салыстырмалы әдісті қолданып, түркі тілдері тарихы диалектологиясының негізін салды. Оның мәліметтерін түркі тайпаларының ХІ ғасырда отырықшылыққа көшіп, қала мәдениетін қабылдағанын көреміз. Ол сол заманғы түркі тайпаларын географиялық орналасу ретімен батыстан шығысқа қарай санап көрсетеді және олардың орналасу картасын береді. Жеке тайпа тіліне тән сөздерді түсіндіру үстінде этнографиялық, тарихи, географиялық мәліметтерді де келтіріп отырады. Ол мәліметтерге сүйене отырып, ХІ ғасырда түркі тайпаларының мекен еткен жерін, кімдермен көрші болып араласқанын білуге болады. Махмұт Қашқари Оғыз тайпасының ұсақ руларына дейін атап көрсетеді, олардың әрқайсысының қолданатын таңбаларын атайды. Басқа халық өкілдеріне түркі тілін үйренуге кеңес береді. 

Махмұдтың әкесі белгілі қолбасшы, Барсханның әмірі болған. Ол кейін Қарахан әулеті билеген мемлекеттің мәдени саяси орталықтарының бірі Қашқарға ауысқан. Махмұд осында дәріс алған, ұзақ жылдар тұрған. Оның аты жөніне қай жерден шыққанын көрсететін дәстүрмен «Қашқариді» тіркеуінің мәнісі де содан.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет