Жеке адамның психологиялық құрылымы. Жеке адамның психологиялық құрылымы күрделі тұтастық. Олар:
-адамның психикалық қасиеттері (бағыттылығы, мінез, темперамент. қабілет)
-өмірлік тәжірибе
-психикалық жағдайлар
-психикалық процестердің индивидуалды ерекшеліктері
Психологиялық құрылымның келесі бір сферасы бойынша:-интелентуалды – танымдық; эмоционалды-ерікті;
қажеттілік, мотивтері ;психомоторлы;
Адамның психологиялық құрылымында орталық негізі – қажеттіліктерінің мотивтер сферасы мен бағыттылық әр алуан қасиеттерден өзара байланысты қажеттіліктер мен мүдделер, мінез-құлық мотивациясы жүйесінен құрылады.
Жеке адамның психологиялық құрылымын зерттеушілер өкілдері:
К.К.Платонов, А.Г.Ковалев, С.Л.Рубинштейн және шетелдік психология өкілдері: З.Фрейд, Э.Фромм, Э.Берн, А.Маслоу, К.Родижерс және т.б.Жеке адамның психологиялық құрылымын жалпы топтастырып қарастырсақ 4 топқа бөлуге болады.
1.Жеке адамның әлеуметтік өмірге қатысты ерекшеліктері: қызығу, ынта, талаптары, мақсат-мұраты, дүниетанымдық көзқарас, сенім және адамгершілік қасиеттері.
2. Адамның білімдері мен дағдысы, биімділігі қабілеті. Бұлар адамның даралық қасиеттері мен өзіндік даму деңгейін, тәлім-тәрбие негізінде қалыптасқан тәжірибесін көрсетеді.
3. Жеке адамның өзіндік психикалық процестері. Олар зейін, ойлау, қабылдау, ес, сезім, ерік, т.б. процестер.
4. Жеке адамның биологиялық тума қасиеттері, жоғары жүйке жүйесі қызметі, темперамент, адамның жас және жыныстық ерекшеліктері.
Жеке адамның қызығуы.
Қызығу – шындықтағы заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып, білуге бағытталған адамның тұрақты жеке ерекшелігінің көрінісі.Қызығулар мазмұнына, бағытына қарай: материалдық, қоғамдық, рухани, кәсіптік, эстетикалық, оқырмандық, спорттық, танымдық және т.б. болып бөлінеді.Адамның қызығу саласындағы ерекшеліктері әр түрлі. Бұл ерекшеліктер адамның іс-әрекетіне, көзқарасы мен талғамына, мұраты мен мүддесіне байланысты.
Қызығу – дегеніміз жеке адамның объектіге, оның өмірлік мәні мен эмоциялық тартымдылық күшіне қарай таңдамалы қатынасы.
Индивидтің қызығуы объектінің ерекшелігімен индивидтің өзінің психикалық санасына (мәдениетіне, тәрбиелілігіне, қабілетіне және мінез-құлқына) байланысты болса да сонымен қатар қоғамдық психологияға да байланысты. Қызығу қоғам дамуының әрбір тарихи кезеңіндегі жалпы адамзаттың мүдде мен рухани мәдениеттің дамуы және әлеуметтік қатынастарға да байланысты болды.
Тұлғаның әлеуметтенуі.
Тұлғаның әлеуметтенуі-ол адамның әлеуметтік-психологиялық, нормалар мен ережелер, қызметтерімен қоғамдық іс-тәжірибелерді игеру.Тұлғаның әлеуметтенуі жеке адамның материалдық, рухани мәдениеті мен әлеуметтік және жеке адамдар қарым-қатынасының белгілі-бір нақты орта мен оның өмірі мен іс-әрекетінде тоқтаусыз дамитын ұзақ та күрделі процесс.
Тұлғаның әлеуметтенуі процесінің бір-бірімен байланысты екі жағы бар. Біріншіден, адам әлеуметтік тәжірибені игереді, интериоризация процесі (субъективация, объективность). Екіншіден адам жеке басына тән қасиеттерді меңгереді. Экстеиоризация процесі – (объективность субъективация) әлеуметтану процесінде жеке адамның білімдер жүесі дамиды. Жеке адамның әлеуметтенуінің дамып, қалыптасуында өзара байланысты процестер.
1. жеке адамның жалпы әлеуметтенуі – адамның қоғамдық жүйеден нормалар ережелер мен адамгершілік сапалы қасиеттері, эстетикалық, саяси, құқықтық, діни т.б. қалыптасуы.
2. жеке адамның кәсіптік рольдік әлеуметтенуі – кәсіптік қызмет пен оның міндеттерімен, ерекшеліктерін қарым-қатынасын меңгеру.
кәсіптік әлеуметтену – мамандық ерекшеліктерін толықтай меңгеру.
Іс - әрекет психологиясы.
Іс-әрекет негізгі психологиялық категориялардың бірі. Іс-әрекет адамның мақсат-мұраттарын орындауда ортамен белсенді қарым-қатынасы және қажеттілігі мен мотивтердің нақты түрлерінің пайда болуы.
Іс-әрекет арқылы адамның рухани өмір байлығы: ақыл ой тереңдігі, қиялдау қабілеті мен ерік-жігері мен мінез-құлқы дамиды.Іс-әрекет барысында сана қалыптасады және іс-әрекеттен көрініс береді. Іс-әрекет әлеуметтік категория.Ортақ мақсат үшін біріккен және белгілі бір қоғамдық міндетті атқаратын әрекеттер жиынтығы Іс-әрекет іс-әрекет деп аталады. Іс-әрекет адамның өмір жолын анықтайды. Психика мен іс-әрекет арасында күрделі арақатынас бар. Бір жағынан, психика іс-әрекет барысында қалыптасады және көрініс береді, екінші жағынан психика іс-әрекетті реттеп, басқарып отырады.
Іс-әрекеттің 3 түрі бар. Ойын, оқу, еңбек.Олардың арасындағы айырмашылық – қорытындылары, ұйымдастырылуы, мотивтерінің ерекшелігімен ажыратылады.
Ойын баланың үлкен адам дүниесін бейнелеу, айналадағы дүниені тану жолы.Ойын арқылы бала айналадағы дүниемен, зат, құбылыстарды таниды, таным әрекеттері (қабылдау, ойлау, қиял, сөйлеу т.б.) дамиды, есте сақтау т.б. қарым-қатынасты үйренеді. Мектепке дейінгі балалар ойынына оқу, еңбек элементтерін меңгереді, мінез-құлық, қасиеттері қалыптасады.
Оқу дегеніміз еңбек әрекеттерін орындауға қажетті білімді, дағдыны және білгірлікті игеру процесі оқу әрекеті арқылы адамның дүниетанымы және барлық жан-жақты қасиеттері дамиды, дүниедегі барлық құбылысты танып-біледі т.б.
Еңбек дегеніміз адамдардың материалдық және рухани қажетін қанағаттандыратын қоғамдық іс-әрекет.
Жеке адам мотивтері.
Адамды әрекетке келтіруші күш – қажетсіну.
Психологияда мотив түсінігіне келесідей анықтама беріледі: мотив – бұл адам санасында қаланып, оны белгілі-бір қажеттілікті қанағаттандыру үшін әрекетке итермелеуші себеп күш. Ал кең мәнінде мотив - шындыққа сай заңдылық ретінде ықпал жасап, объектив қажеттілік түрінде көрінетін болмыс. Ал мотивтік әрекет қылық пен іс-әрекетті психикалық реттеудің ерекше түрі (Р.Г.Агеева). Қорыта айтқанда адамның әрқандай әрекеті оның мотивтік себеп күштеріне байланысты. Адамның қалаған іс-әрекетінің негізінде оны іс-әрекетке ынталандырушы мотив жатыр. Мотив құрамы іс-әрекеттің бір бөлігі емес, жеке адамның мотивтік қажетсіну аймағы деп аталатын күрделі жүйенің ажыратылмас бірлігі. Мотивтік – қажетсіну аймағы жеке адамның өмір бойы қалыптасып, дамып барушы барша түрткілерінің жиынтығы аңдатады. Тұтастай бұл аймақ қозғалмалы, өмірлік жағдайларға байланысты түрленіп, дамуда болады. Солай да болса, кей мотивтер біршама тұрақты, басымдау келіп, адам өмірінің бағыт бағдар өзегіне айналады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары;
1. Жеке адам анықтамасы.
2. Жеке адамның психологиялық құрылымы.
3. Жеке адамның бағыт-бағдары.
4. Жеке адамның қажеттілігі түрлері.
5. Жеке адамның дүниетанымы
. 6. Жеке адамның мотивтер сферасы.
7. Жеке адамның дамып қалыптасуына әсер етуші факторлар.
8. Іс-әрекет туралы түсінік.
9. Іс-әрекет түрлері.
10. Іс-әрекеттің адам өміріндегі маңызы.
Әдебиеттер:
1. Ана ньев Б.О. О прблемах современнего человекознание.-М.,1997, 187-274 б.
2. Богословский В.В. Жалпы психология.-Алматы,1982.
3. Намазбаева Ж.И. Психология.-Алматы.2005 95- 128 б.
4. Вилюнас В.К. Психологические механизмы мотивации человека.-М.,1990
5. Петровский А.В. Личность,деятельность,коллектив.-М.,1982
6. Столяренко Л.Д.,Столяренко В.Е. Психология и педагогика.-Ростов н/Дону.-2001,49-52 б.
5 дәріс
Тақырыбы: Жеке адамның өзіндік сана-сезімінің психологиялық мәні.
Дәріс мазмұны:
1. Өзіндік сана-сезім туралы түсінік.
2. Жеке адамның өзіндік «Мен» бейнесі.
3. Адамның психологиялық қорғаныс механизмдері.
4. Саналы және санадан тыс құбылыс.
Мақсаты: Жеке адамның өзіндік сана-сезімінің психологиялық ерекшелігін түсіндіру,адам өзін-өзі бағалай білуге,бақылай білуге,басқара білуге және тәрбиелей білуге үйрету.
Сана – психика дамуының жоғарғы сатысы.
Сана – адамның материял дамуының белгілі бір сатысында пайда болған қасиеті. Ол – жоғарғы деңгейде кемелденіп жетілген мидың қызметі, материялық дүниенің жетілген бейнесі.Бейнелеу теориясы негізінде адам дүниетанымының – пайымдау мен сезіп білуден абстракталы ойлауға,одан тәжірибеге көшіп отыруы – ақиқатты, объективті шындықты танып білудің үнемі дамып, күрделеніп отыратын диалетикалық жолы.
Адам өз әлемін, өзіне тиісті, қажетті нәрсеге өзінің қатысып, іс - әрекетін барлығын байланысты дамытып, басқарып, саналы түрде игеріп отырады.Көптеген зерттеушілер адам санасын психологияның бірде – бір зертеу әдісімен зерттелмейтіндігін ескертеді. Дегенмен адам санасына мынандай сипаттамалар береді.
1. Сананың рефлексиялық қабілеті, өзін - өзі бақылау.Рефлексия - өзінің ішкі психикалық жағдайларын тану процесі, немесе өзіндік сана – сезімін тану
2. Сананың тұтас – мотивтік сипаты.Сана өмірде бағалауда ішкі қажеттіліктер мен байланыстыра белгілі мотивтеге бағынады.
3.Индивид санасы әр уақытта түрлі деңгейде түсініктер динамикасында болады.
4.Сана әлеуметтік құрылысы элементтері сана тәжірибесі тұрмыстық сана рефлексиясына немесе рефлесифтік санаға айналады.Рефлексивтік сананың бірінші этапы өзіндік сана сезім (самосознание) немесе өзіндік сана.Өзіндік сана сезім - өзін тану, өзінің мақсат – міндеттерін білу. Олардың түрлері:
Өзін - өзі тану (самопознания)
Өзін - өзі бағалау (самооцения)
Өзін - өзі бақылау (самоконтроль)
Өзін - өзі қабылдау (самопринятие)
Өзіндік сана тұлғаның өзін сыйлау деңгейін сақтауда да қатысады.
1. Өзін - өзі тану – адам рухани жаны мен тәні қасиеттері мен мүмкіндіктерін танып білу, адамдар арасында өз орнын білу. Бұның үш түрлі аспектісі бар:
а) Өз іс - әрекетіне, мінез – құлқына, қарым – қатынасына, өзге адамдармен қарым – қатынас нормаларына талдау жасай білу керек.
б) Адамдардың өзіне қатынасын білу.
в) Өз жағдайын, көңіл – күйін, ойларын бақылау және істеген істерінің мотивтеріне талдау жасай білу.
2. Өзін - өзі бағалау бағалау шкаласы арқылы анықталады. Олар:
а) Адекватты – реалды, объективті.
б) Адекватты емес – жоғары немесе төмен бағалау (неадекватный)
3. Өзін - өзі бақылау адамның психикалық жағдайы мен регульяциясы, өзіндік іс - әрекеттерін бақылау.
Сананың түрлі қалыптары.
Адамның санасы екі түрлі жағдайда болады (два состояние сознание).
1. Ұйқылы жағдайы – демалу кезеңі.
2. Сергектік кезеңі.
Адам организмі қызметі 16 сағат сергектігімен 8 сағат ұйқымен (ауысып) кезектесіп отырады.Бұл 24 сағаттың цикл ішкі бақылау механизмін басқару немесе биологиялық сағат деп аталады.
1. Сергектік жағдай – сананың белсенді жағдайы, организмнің белсенділігі. Яғни сыртқы ортадан келген сигналдарды талдап бейнелеп отырады немесе организмнің сыртқы ортаға бейімделуі.
2.Ұйқы – организмнің толық демалысы, және күш жинау.
Адамның психологиялық қорғаныс механизмдері.
Психологиялық қорғаныс, адамның табиғи қалыпты болмысына тән құбылыс. Психологиялық қорғаныс қызметі мән – мағынасы бойынша қарама – қарсы екі тарапты құбылыс: бір жағынан, адамды өзінің шын мәніндегі ішкі жан дүниелік болмысына сәйкес болса, екінші жағынан, адамның қоршаған сыртқы әлеуметтік ортаға деген икемділігін кемітеді.
Қорғаныс механизмдері белгілі бір іс - әрекеттің қалыпты шарттары мүмкін болмаған кезде немесе адам істің толық бітпейтінін сезген кезде әрекетке келеді. Психологиялық қорғаныс түрлері: ауыстыру, оқшаулау, жоққа шығару, ығыстыру, көшіру, сәйкестендіру, жаңалау
Жеке адамның өзіндік «мен» бейнелері.
Адам іс-әрекет – қылығы барлық уақытта оның өзі жайлы ұғымы мен бейнесі және болашақтан күткен бейнесімен байланысты Әрбір тұлға сан қырлы өз «Менін» түрліше ұғынады және түсіндіреді. Мысалы: қазіргі «мен», болашақтағы «мен», идеал «мен», қызметтегі «мен» т.б.Бұл мәселені зерттеуші ғалымдардың бірі И.С.Кон былайша түсіндіреді: «Әрбір адамның өзін өзі іс-әрекет субьектісі ретінде тануға көмектесетін психикалық процестердің жиынтығы -өзіндік сана деп аталады,ал оның өзі жайындағы өз ұғымдары белгілі бір «Мен» бейнесін
құрайды».
«Меннің» психологиялық мәнін А.Г.Спиркин былай сипаттайды: «мен» түсінігі өз санасының нұрымен сәулелендіріп,өзін-өзі қабылдаған ,таныған және сезген жеке адамды білдіреді». «Мен» - психикалық өмірді реттеп беруші принцип,өзіндік бақылауды жүргізуші рухани күш;бізді өз мәніміз бойынша бүкіл әлемге,қоршаған адамдарға,ең бастысы, өз санамызды өз бағалауымыз бен танымымызға орай өзімізге ашып беретін әр адамның тұтастай болмысы.
«Мен» бейнесінің сәйкестік дәрежесі жеке адамның өзінің өз болмысын, мүмкіндіктерін,басқа адамдар арасындағы өз беделін бағалай алуына байланысты болады.Өзіндік бағаға сәйкес адам өз әрекеттерін реттеп отырады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1.Өзіндік сана – сезім дегеніміз не.
2. Рефлексия дегеніміз не.
3. Өзіндік сана-сезім құрылымы қандай.
4. Адам санасының түрлі қалыптары.
5. Адамның психологиялық қорғаныс механизмдері.
6. Жеке адамның өзіндік «мен» бейнесі.
Әдебиеттер:
1. Намазбаева Ж.И. Психология.-Алматы,2005
2. Сәбет-Бап-баба Жалпы психология.-Алматы,2003
3. Рубинштейн С.А. Человек и мир.-М.,1976 253-381 б.
4. Введение в психологию.-СПб.,2003
5. Лурия А. Р. Лекция по общей психологии.-Питер.,2004
6. Ілешова Р. Медициналық психология.-Алматы.,1994,
7. Кон И.С .В поисках себя.-М.,1984
6 дәріс
Тақырыбы: Таным процестері.Түйсіну және қабылдау процесі .
Дәріс мазмұны:
1. Түйсіну туралы түсінік.Түйсіну процесінің түрлері.
2. Түйсіну процесінің өзара байланысы мен жалпы заңдылықтары.
3. Қабылдау процесі.Қабылдаудың түрлері.
4. Қабылдау қасиеттері мен ерекшеліктері.
Мақсаты: Түйсіну және қабылдау процестерінің түрлері , қасиеттері, ерекшеліктері және заңдылықтары мен таныстыру.
Түйсіну процесі туралы түсінік.
Түйсіну тірі материяның жалпы биологиялық қасиеті сезгіштіктің ең маңызды көрінісі. Ол организмнің сыртқы ортамен психикалық байланыс орнататын бастапқы формасы немесе танымның алғашқы санасы.Айналаны танып білу түйсін процесінен басталады. Түйсіну процесінде психиканың танымдық, эмоциялық және реттегіштік жақтары ажырамастай тығыз байланыста.
Түйсіну дегеніміз - заттар мен құбылыстардың жеке қасиеттерінің сезім мүшелеріне тікелей әсер етуінен пайда болған мидағы бейнелері.
И.П.Павловтың жүйке қызметі туралы ілімі түйсіндердің пайда болуын нализатор (талдағыштар) аппаратының жұмысына байланысты түсіндіреді. Анализаторлар үш бөліктен құралады. Олар:
ішкі сезім мүшесі
бөлігі миға таралатын жүйке талшықтары
бөлігі мидағы түрлі жүйке орталықтары.
Ғасырдың орта кезінде неміс ғалымдары Э. Вебер мен Г. Фехнер тітіркендіргіштіңкүшімен адам түйсігінің арасындағы байланысты заң түрінде тұжырымдады.Мұны түйсіктің психофизикалық заңы деп атады.
Түйсіну түрлері.
1. Көру түйсігі. Көру түйсігінің екі үлкен тобы: Ахроматикалық түйсіктер. Хроматикалық түйсіктер.
2. Есту түйсігі. Дистанттық түйсік. Есту түйсігі сөздік, музыкалық,- деп үшке бөлінеді.
3. Дәм түйсіктері-контактылық түйсік негізгі дәмдік сапалары қышқыл, тәтті, ащы, тұзды.
4. Иіс түйсігі – иіс түйсігінің рецепторы да дистанттыққа жатады.
5. Тері түйсіктері. Тері қабықтарында тактиль (жанасқанда түйсіну) температура(суық пен жылыны түйсіну) тәрізді бірнеше талдағыш жүйе болады.
6.Статикалық түйсіктер. Статикалық немесе гравитациялық сезгіштік адам денесінің кеңістікте орналасу қалпын бейнелейді.
7.Кинестезиялық түйсіктер. Кинестезиялық деп дененің жеке бөлімдерінің қимылы мен қалпын түйсіну.
8.Органикалық түйсіктер. Рецептор ұштарының көбі ішкі мүшелерде орналасқан.
Түйсіктің жалпы заңдылықтары.
Түйсік заңдылықтарын мынандай екі бөлікке бөліп қарастырады.
1 – түйсіктер мен тітіркендіргіштер арасындағы сандық қатынасқа байланысты.
2 - түйсіктер мен сезім мүшелерінің қалпына тәуелді психофизиологиялық заңдылықтар.
Түйсіну табалдырығы шегі – абсолюттік табалдырық. Түйсіктің абсолюттік табалдырығы дегеніміз сезім мүшелерінің өте әлсіз тітіркендіргіштерді де түйсіне алуы немесе сезе білуі.Абсолюттік табалдырықтан басқа тағы бір табалдырығы айыру табалдырығы. Айырма табалдырығы дегеніміз – сезім мүшелерінің болар болмас айырмашылығында сезіне білуі.
Талдағыштардың өзара ықпалды әсерінен сезгіштің артуы – сенсибилизация деп аталады. Тітіркендіргіштер сезім мүшелерінің біреуінде ғана түйсік туғызудың орнына сол сәтте басқа түйсіктердің пайда болуына да жағдай жасайды, яғни қосарласқан түйсік пайда болады. Бұл құбылыс синестезия деп аталады.
Қабылдау процесі.
Қабылдау дегеніміз заттар мен құбылыстардың қасиеттері, бөлшектері, құрамы, формасы т.б. қосылып сезім мүшелеріне тікелей әсер етіп адам миында тұтас бейнеленуі. Қабылдаудың алғы шарты түйсік процесі. Қабылдаудың құрамына түйсіктен басқа адамның өткен тәжірибелері, елес және білім кіреді және психикалық процестермен байланыста жүзеге асады.
Айналадағы заттар мен құбылыстардың сезім мүшелерімізге әсері нәтижесінде қабылдаудың заттылығы қалыптасады.Қабылдаудың бейнесі сыртқы дүниенің белгілі затына қатысты болады. Бұл ара – қатынас біздің мінез құлқымыз бен іс - әрекетіміздің бағдарлау қызметінің негізі болып есептеледі.Қабылдаудың толықтығы мен дәлдігі қоғамдық тәжірибе мен адамның тәжірибесіне, заттардың белгілері мен қасиеттері жайлы жинақталған білімдерге тәуелді. Қабылдау бейнесінің өзі де оны құрастыратын бөлшектердің ерекшеліктеріне тәуелді болып келеді.
Қабылдау физиологиясы – талдағыштар жүйесінің комплекстік қызметі болып табылады.Қабылдау адамның өткен тәжірибесіне немесе психикалық әрекеттер мазмұнына байланысты. Бұл ерекшелік апперцепция деп аталады.Апперцепция құбылысы қабылдау мазмұны мен бағыт – бағдарының, адамның тәжірибесіне, мүддесіне, өмірге қатысына, біліміне байланысты. Апперцепция жеке адамның қабылдауына белсенділк сипат береді.
Білім жүйесін қалыптастыру, тәжірибені молайту, сезім, қажеттілік дағды және адамгершілік, мінез – құлық әдеттерін тәрбиелеу, болмысты мазмұндырақ қабылдауға көмектеседі.
Қабылдау түрлері Қабылдау классификациясының бірнеше түрі бар. Алғашқы классификация рецепторлардың ерекшілігіне байланысты. Олар: есту, көру, сипап сезу т.б.
Екіншісі материяның тіршілік ету формаларына негізделген. Заттарды уақытты қабылдау, қатынастары, қозғалысты, кеңістікті, адамды қабылдау.
Қабылдау қасиеттері
Заттылығы – айналадағы заттар мен құбылыстардың сезім мүшелеріне әсер нәтижесінде қалыптасады.
Құрылымдылығы – қабылдау түйсінудің жай қосындысы емес ол жалпы тұтас құрылымы.
Мағыналылығы – қабылданған объект тұтас болады, мағынасы сөзбен беріледі.
Тұтастығы – қабылдау әрқашанда тұтастық бейнесі. Сыртқы жағдайдың өзгеруіне қарамастан, заттар сол қалпында қабылданды.
Константтылығы – қоршаған заттар формалары, түстері, көлемі салыстырмалы түрде қабылданды.
Таңдамалылығы –басқалармен салыстырғанда кейбір объектілерді ерекше бөліп көрсетуімен байланысты.
Физиологиялық немесе ақыл – ой әрекетінен және эмоцияналдық шаршау кезінде адам қабылдауында өзгерістер байқалады. Олардың түрлері ерекшеліктеріне қарай мынадай түрлері болады:
Гиперстезиялық қабылдауда – сыртқы құбылыстың барлығын жоғары қабылдайды.
Гипостезиялық қабылдауда керсінше қабылдау нашарлауы, төмендеуі.
Галлюцинациялық құбылыс дегеніміз жүйке жүйесінің ауруға шалдығуынан жалған, теріс, бұрмаланған бейнелердің пайда болуы. Галлюцинация қиялдану, шатасу деген мағынаны білдіреді.
Иллюзия дегеніміз қабылданған нәрсе мен заттар өзіне сәйкес келмей бұрмаланып қабылданады.Аффектілік иллюзия – қорқыныш, үрей және мазасызданған, көңіл – күйі түскен адамға байқалады.Вербалды иллюзия айналадағы немесе қасындағы адамдардың сөзін, әңгімесінің мағынасынан басқаша қабылдау.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Түйсіну дегеніміз қандай процесс.
2. Түйсіну процесінің түрлері.
3. Түйсіну ерекшеліктері қандай.
4. Қабылдау дегеніміз қандай процесс.
5. Қабылдау түрлері.
6. Қабылдау қасиеттері.
7. Қабылдаудағы ерекшеліктер.
8. Иллюзия,галлюцинация қандай құбылыстар.
Әдебиеттер:
1. Намазбаева Ж.И. Психология.-Алматы.,2005
2. Немов Р.С.Психология (3 кн.) кн.1.-М.,1995
3. Лурия А. Р. Лекция по общей психологии.-Питер.,2004
4. Радугина А.А. Психология и педагогика.-М.,1999
5. Ілешова Р. Медициналық психология.-Алматы.,1994,
6. Кон И.С .В поисках себя.-М.,1984
7 дәріс
Тақырыбы: Зейін және ес процесі.
Дәріс мазмұны:
1. Зейін туралы түсінік.
2. Зейін түрлері және қасиеттері.
3. Ес процесі туралы түсінік.
4. Ес түрлері мен қасиеттері.
5. Есте сақтау ерешеліктері мен заңдылықтары.
Мақсаты:Зейін түрлері,қасиеттерімен таныстыру.Ес процесінің түрлері,процестері, ерекшеліктері және психологиялық заңдылықтарын түсіндіру.Есте сақтау ережелерімен таныстыру
.
.Зейін туралы түсінік.
Зейін өмірде психикалық әрекеттің бір жағы бола отырып, адамның өнімді білім алуына, еңбек әрекетінің сапалы әрі нәтижелі болуына көмектеседі. Зейін дегеніміз – сананы белгілі бір затқа, құбылысқа, объектіге бағыттап шоғырлануы және айқын бейнелеуін қамтамасыз ету. Зейін пайда болуына керекті шарттар: объектіні бөліп, оған назар аудару және басқа тітіркендіргіштерге алаңдамау. Зейінің физиологиялық құбалмылығы көрінісін И.П.Павлов ашқан қозудың оптималдық ошағы құбылысы түсінуге көмектеседі. А.А.Ухтомский ми қызметінің физиологиясын зерттеу нәтижесін доминантта жайлы түсіндіреді.
Зейіннің құрылымы, түрлері және қасиеттері.
Сыртқы дүниенің кез келген объектілері кейде ырықсыз-ақ біздің назарымызды өзіне тартады.Адамның ырықты зейіні әрекетті сапалы түрде белгілі ерік үшін жұмсау арқылы орындалуынан көрінеді.Үйреншікті зейін адамға табиғи сіңіп кеткен, арнайы күш жұмсамай-ақ орындалатын зейін. Қандай нәрсеге болса да үйреніп, жаттығып алған соң, адамның іс - әрекеті дағдысына айналады.
Зейін қасиеттері:
а) Зейіннің тұрақтылығы және жинақтылығы.
ә) Зейіннің ауысуы.
б) Зейіннің бөлінушілігі.
в) Зейін көлемі.
г) Зейін шоғырлануы
д) Зейін алаңдаушылығы.
е) Зейін шашыранқылығы
Ес туралы түсінік.
Адамның қабылданғандары ізсіз жоғалып кетпейді. Үлкен ми сыңарлары қыртысында қозу процесінен іздер сақталып қалады. Бұл іздер қозуды туғызған тітіркендіргіштер жоқ кезінде де қозудың тууына мүмкіндік жасайды. Соның негізінде адам есте сақтай алады, және қайта жаңғырта алады.
Ес дегеніміз – адам тәжірибесін есте тұту, сақтау және қайта жаңғырту жолымен бейнелендіреді. Естің негізінде ассоциоциялар немесе байланыстар жатады. Дүниедегі бір-бірімен байланысты зат немесе құбылыстар адамның есінде байланысын сақталады.Физиологиялық жағынан алғанда ассоциация уақытша нервтік байланыс болып саналады. Естің негізгі процестері есте сақтау, қолда ұстау, тану, қайта жаңғырту.
Ес түрлері.
Іс-әрекет сипатына қарай, ес мынандай 3 түрге негізделіп бөлінеді.
1. Психикалық белсенділік сипатына байланысты: қимыл-қозғалыс, эмоциялық сезімдік, бейнелі-көрнекілік және сөздік мағыналық.
2. Іс-әрекеттің мақсат сипатына қарай: ерікті,еріксіз ес.
3. Адамның материалды қанша уақытқа дейін есте сақтай алатындығына қарай: қысқа және ұзақ мерзімді есте сақтау.
Ғылымда есті дамытуға арналған жаттау тәсілін-мнемоника деп аталады. Өмір сүру қызмет атқару барысында жүйке жүйесінің ерекшеліктеріне қарай адамда естің даралық және типтік ерекшелігі қалыптасады. Естің (индивидуалдық) даралық ерекшеліктерімен біріншіден, және адам ерекшеліктерімен байланысты болады.Екіншіден даралық айырмашылық ес санасынан көрінеді. Ес санасы есте ұстау шапшаңдығы, сақтау беріктілігі және қайта жаңғырту жеңілдігімен сипатталады.
Естің типологиялық (типтік) ерекшеліктері.
Ес түрлерінің бірінің басымырақ болып қалыптасуы жеке адам ерекшеліктеріне, адамның іс-әрекет ерекшеліктеріне байланысты болады.
Есті зерттеу теориялары.
Ассоциативті теория. Негізін салушылар Г.Эббенгауз және Г.Мюллер т.б.
Гештальт теориясы.
Естің мағыналық теориясы. Негізін салушылар А.Бине, К.Бюлер.
Информациялық – кибернетикалық теория.
Іс - әрекет саласындағы теориясы. Зерттеуші өкілдері: А.Леонтьев, П.Зинченко, Л.Смирнов. Барлық теорияның да ес процесінде өзіндік орны, негізі бар.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Зейін анықтамасы.
2. Зейін түрлері.
3. Зейін қасиеттері.
4 Ес түрлері.
5. Есте сақтау процестері.
6. Ассоциациялық құбылыс.
7. Ес процесі теориялары.
8. Ес прцесінің типтік ерекшеліктері.
Әдебиеттер
1. Алдамұратов Ә. Жалпы психология.-Алматы,1996
2. Леонтьев А.Н. Лекций по общей психологии.-М.,2001
3. Выготский Л.С. Психология.-М.,2000
4. Дубровина И.В. Психология.-М.,2003
5. Лурия Р.Р.Маленькая книжка о большой памяти.-М.,1994
№ 8 дәріс
Тақырыбы: Ойлау және қиял процестері.
Дәріс мазмұны:
1. Ойлау туралы түсінік,ойлау ерекшеліктері.
2. Ойлау түрлері мен формалары және ой операциялары.
3. Ойлаудың адам өміріндегі маңызы.
4. Қиял туралы түсінік және қиял түрлері.
5. Қиялдың жасалу тәсілдері.
6. Қиял және шығармашылық..
Мақсаты: Ойлау және қиял процестерінің түрлері,ерекшеліктері,ой операцияларымен таныстыру.Ойлау және қиял процестерінің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
Ойлау процесі туралы түсінік.
Ойлау (процессінде) заттар мен құбылыстардың жалпы сипаттарын, олардың арасындағы табиғи байланысы мен қатынасын бейнелейтін психикалық процес Әрбір адамның шындықты танып білуі тікелей сезім мен ойлау арқылы бір – біріне ауысып, өзара байланысты түрде адам танымын толықтырып отырады.Сонда нақты пайымдаудан абстрактылы ойлауға, одан тәжірибеге көшіп отыру ақиқатты танып білудің диалектикалық жолы болып табылады.
Ойлау ми қыртысында жүзеге асатын психикалық процес болғанымен ол табиғаты жағынан әлеуметтік болады Ойлаудың таным сатысы ретінде айрықша ерекшелігінің бірі – сөзге, тілмен қатыстылығы.
Ойлаудың проблемалығы. Ойлау әрқашан бір мәселені шешуге бағытталады. Мәселені шеше отырып, адам бір нәрсені біледі, түсінеді, түсіндіреді, сырын ашады т.б.
Ойлау формалалары
Ойлау формулалары: пікір, ұғым, ой қорытындысы.
Ұғым - дегеніміз елеулі белгілердің бір тектестігі жағынан біріккен заттарды жалпылама білу.
Пікір - дегеніміз құбылыстар арасында байланыс орнату немесе белгілі бір зат, құбылыс туралы ойын айту, қатынасын білдіру.
Ой қорытындысы – бар деректер негізінде жасалған тұжырымдар. Олар индуктивті, дедуктивті, традуктивті болады.Индуктивті – бірнеше жеке жағдайдан шығатын ой қорытындысы. Дедуктивті - жалпы заң ережеден жәке жағдайға ауысатын ой қорытындысы. Традукітивті (аналогиялық) – жекеден жекеге немесе жалпыдан жалпыға ұқсастықтарына қарай ой қорытындылары.
Адамның мәселе шешудегі жеке тәсілі, ой әрекеті ой операциялары немесе ой процестері деп аталады. Талдау (анализ), біріктіру (синтез), салыстыру, жалпылау, нақтылау т.б.
Ойлау түрлері
1. Ойлау түрлері түрлі ерекшеліктеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді.
2. Таным ерекшелігіне қарай: теориялық, эмперикалық.
3. Мазмұнына қарай: көрнекті әрекеті, көрнекті – бейнелік, сөздік – логикалық.
4. Әрекетіне қарай: вербальды, көрнекілік.
5. Қызметіне қарай: шығармашылық (творчестволық), сыншылдық (критика).
6. Рефлексияға қарай: интуктивті, рациональды.
7. Шешілетін мәселенің сипатына қарай: теориялық, тәжірибелік.
Ойлаудың даму стадиялары
1 .Ұғымға дейін ойлау – 5 жасқа дейін керек. Барлық құбылысты жалпы ойлайды, жекеден –жекеге немесе жалпыдан – жалпыға дейін байланыстырады.
2. Ұғымдық ойлау. Ойлау процесі бірте –бірте одйлайды. Құбылыстардың қарапайым ұқсастығы мен айырмашылығы туралы өзіндік ұғымы, пікірі қалыптасады. Ойлаудың бұл стадиясы 16 – 17 жасқа дейін дамиды.
Қиял процесі туралы түсінік.
Қиял туралы түсінік. Адам бұрын өзі көріп білмеген нәрселердің бейнесін көз алдына елестетіп, олардан жаңа бейне жасайды. Немесе бұрынғы қабылданған, жиналған бейнелерге сүйене отырып, өз басында тың, жаңа елестер мен идеалар туады.. Осындай жаңа бейнелер мен идеаларды қиял деп атайды. Қиял адамның еңбек әрекетімен дамитын психикалық қызмет. Қиял арқылы пайда болып отыратын жаңа бейнелер адамның білім қорына, нақты образдарға, тұрақты елестерге негізделеді. Қиял дегеніміз – бізді қоршаған сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстардың образдарын жаңғыртып, оларды өңдеп бейнелеуден тұратын адамға тән психикалық процесс. Адам қиялынан ерекшеліктерді былай топтастыруға болады:
а) әрбір адамның қиялы оның жеке басының қызығуы мен ерекшелігіне, алдына қойған мақсат-мүдделеріне байланысты.
ә) қиялдың мазмұн-мәнісі, түр-сипаты адамның жас ерекшелігіне, білім дәрежесі мен өмір тәжірибесіне, дара басының ерекшеліктеріне байланысты.
б) қиял адамның барлық психикалық құбылыстарымен тығыз ұштасып жатады.
в) адамның қиялы еңбек процесінде іс-әрекет үстінде де дамып отырады.
Қиял түрлері.
Өзіндік ерекшеліктерімен олардан туындайтын себептерге қарай, қиял ырықсыз, ырықты болып екіге бөлінеді. Ырықсыз қиял адам алдына мақсат қоймай-ақ пайда болады. Мысалы: адам ұйқылы ояу кезіндегі сөзі немесе түс көру.
Ырықты қиял. Адамның алдына саналы түрде мақсат қоя отырып, қажетті бейнелер мен образдар жасау.
Ырықты қиял түрлері қайта жасау қиялы және шығармашылық қиял. Қайта жасау қиялы адамның өмір тәжірибесінде кездескен, бұрын болған бейнелерді қайта жаңғыртады.
Қиялдың ең жоғары түрі – шығармашылық қиял немесе жасампаздық қиял. Қиялдың бұл түрі арқылы жаңа бейнелер мен образдар жасалады. Творчестволық қиял бейнелері түрлі тәсілдер арқылы жасалады.
1. Қиыстыру-белгілі элементтердің қосындысы ғана емес, творчестволық синтез.
2. Аглютинация түрлі объектіге тән бөлшектерді (жинастыру немесе) жинақтау.
3. Объектінің кейбір сапасын немесе басқаларға қатынасын алға шығара, күшейте көрсетуден байқалатын акцент жасау.Әсірелеу және кеміте көрсету әдістері акцент жасау тәсіліне жатады.
4. Әдеби, мүсін және сурет арқылы бейне жасаудың кең тараған тәсілі-типтік бейне жасау тәсілі.
Творчестволық қиял бейнелерінің бір түрі фантастикалық бейнелер.Бұларға діни-мистикалық, ертегі – фантастикалық, ғылыми – фантастикалық бейнелер жатады.
Армандар мен мұраттар қиялдың ерекше формалары.
Творчество, қажырлы еңбек, сонымен бірге адамның барлық дене және рухани күшін жұмсауды қажет ететін шабытты еңбек болып табылады.Творчестволық процесс кезінде адамның психикалық әрекеті жоғары деңгейде өтеді. Бұл жеке адамның интелектуальдық эмоциялық, еріктік күйіне жатады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Ойлау ерекшеліктері қандай.
2. Ойлау түрлері.
3. Ойлау формалары.
4. Ой операциялары.
5. Қиял түрлері.
6. Қиялдың жасалу тәсілдері.
7. Шығармашылық қиял.
Әдебиеттер:
1.Богословский В.В. Жалпы психология.-Алматы, 1982
2.Немов Р.С. Практическая психология.-М.,1998 42-56 б.
3.СтоляренкоЛ.Д. Основы психологии.-Ростов н/Дону, 2003
4.Лурия А.Р. лекции по общей психологии.-СПб.:Питер ,2003
5. Ревская Н.С.Психология и педагогика.-М.,2001 99-101
№ 9 дәріс.
Тақырыбы: Сөйлеу процесі.
Дәріс мазмұны:
1. Сөйлеу туралы жалпы түсінік. Сөйлеудің физиологиялық сипаты.
2. Сөйлеу және қарым-қатынас.
3. Сөйлеудің түрлері.
4. Сөйлеудің дамуы және тәрбиелеу жолдары.
Мақсаты: Сөйлеу процесінің түрлері,ерекшеліктері және физиологиясы,даму барысымен таныстыру. Қарым-қатынастағы сөйлеу ерекшеліктерін түсіндіру.
Сөйлеу процесі
Адамзаттың жануарлар дүниесінен ерекшеленуі мен табиғатты меңгерудегі басты іс - әрекеттерінің бірі және өзіндік қасиеті – оның дыбысты анық тілі. Дыбысты тіл арқылы адамзат өзара қарым – қатынас жасап, іс – қимыл мен өмір – тіршілігінің бейнесін қалыптастырады.
Тіл үш түрлі қызмет атқарады:
1. Адамзаттың қоғамдық тәжірибесі. Бұл қызмет адамның тіл арқылы білімді меңгеріп, дүниені танып – білуін қамтамасыз етеді.
2. Тілдік қатынастар нәтижесінде адамдар тілдесіп, бір – бірімен түсініседі. Тілдің мұндай қызметін ғылыми атауды коммуникативті қызмет деп атайды. Әрбір адамның өз мінез-құлқы мен іс-әрекетіндегі даралық тәжірибелерді күнделікті тіршілікте қолданып отыруы, сөйтіп, сыртқы орта мен жағдайлардың өзгеруіне бейімделуі.Адам өзінің ғана емес, өзгелердің де тәжірибелерін қолданады, алға қойған мақсат-міндеттерін шешеді. Мұндай әрекеттер адамның ақыл-ойымен байланысты.
Сөйлеу әрекетінің атқаратын қызметтері: ғылыми тұрғыдан мынадай үш түрлі салаға топтастырылып қарастырылады:
1. Сөйлеудің коммуникативті қызметі.
2. Сөйлеудің сигникативтік қызметі. Бұл латынның “сигнал” – белгі, таңба деген сөзінен шыққан. Сигникативтік қызмет бойынша сөйлеуде адамдар бір-бірін белгілер мен таңбалар арқылы түсінеді.
3. Сөйлеудің экспрессивтік қызметі- әр алуан хабарлар мен жай-жапсарлардың мәнерлі сөзбен, дауыс ырғағымен өзгелерге жеткізілу тәсілі.
Сөйлеудің физиологиялық сипаттамасы.
Тіл білімі мен физиологияның түйсінуінен психолингвистика тіл психологиясы деп аталатын ғылым саласы пайда болды.Сөйлеудің физиологиялық негізін екінші сигналдық жүйенің қызметі құрайды.Екінші сигналдық жүйе бірінші сигналдық жүйемен бірлесе жұмыс істейді. Бұл бірлестік бұзылса, сөйлеу мән-мағынасыз сөздер тізбегіне айналады. Адамның сөйлеуі күрделі психологиялық процесс екендігі және оның жоғары жүйке қызметімен байланысты болып түр-түрге бөлінуі, олардың орталықтары мидың түрлі алаптарында орналасуында. Сөйлеу әрекетінің бұзылуы мидың белгілі алабының зақымдануына байланысты афазиялық жағдайға ұшырайды. Афазиялар динамикалық, эференттік қозғалысты және семантикалық, сенсорлық болып бөлінеді
Сөйлеу түрлері.
Адамның сөйлеу әрекеті түрлі белгілеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Біріншіден, сөйлеу күрделілігіне, өзінің психикалық және физиологиялық механизміне орай, көпшіліктің бірге қосылып айтатын сөзі хормен және қарапайым түрде қайталау. Осы негізде сөздер атаушы сөздер мен коммуникативті сөйлеу болып та бөлінеді. Ал сөйлеудің жоспарлы түрде мақсат-міндеттерді көздейтін түрі бағдарлы сөйлеу делінеді. Бұл орайда, сөздер үнемі бағдарлы түрде айтылатын активті сөйлеу мен сөйлеудің құрылысын талап ететін реактивті сөйлеу болып жіктеледі. Сөйлеудің тағы бір түрі қосалқы сөз болып келеді. Қосалқы сөйлеуге мысалы: жазба текстерді оқу жатады. Сөйлеу әрекетін топтастырып ажыратуда ерекше маңызы бар жәйт сөйлеудің еркін болуы. Бұл сөйлеуді топтастырып бөлудегі үшінші негіз болып саналады. Осы негізге сүйене отырып, сөйлеуді сыртқы сөз-дауыстап естіртіп сөйлеу және іштей сөйлеу болып екі топқа бөлінеді.
Сөйлеудің адамдар әрекетінде жетекші қызмет атқаратын түрі коммуникативті сөйлеу. Ол күнделікті қарым-қатынас барысында қолданылады. Сөйлеудің бұл түрі:
а) монологтық сөйлеу
ә) диологтық сөйлеу
б) үнсіз іштей сөйлеу
в) жазба сөз болып төрт топқа бөлінеді
Сөйлеудің дамуы..
Бала сөйлеуінің дамуы бірнеше сатылардан тұрады. Алғашқы саты сөйлеуге дейінгі кезең. Бұл кезең баланың екі айлығынан 11 айға дейінгі сатысы деп аталады. Екінші саты баланың алғашқы тілінің шығу кезеңі, 11 айдан 1 жылға дейінгі аралық. Үшінші сатыда бала тілдің грамматикасын меңгере бастайды.Бұл кезең үш жасқа дейінгі уақытты қамтып, бүлдіршін сөздердің мән-мағынасын және қолданылуын, жеке сөздердің қызметін де түсінеді. Тіл адамның санасы мен ақыл-ойын дамытушы фактор. Тіл қоғамдық құбылыс және табиғаттың адамға берген дарыны. Адамның дүниетанымының күрделі, қасиет-сипаттарының әр тарапты және терең болуының мән-жайы да оның сөйлеу әрекетіне, болмысты дыбысты анық тіл арқылы тепе-тең етіп бейнелей алуына байланысты. Сөйлеудің ең жақсы қасиет-ой пікірін қысқа әрі дәл айтып жеткізушілік.
Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында, орнымен, дәйекті сөйлей білуінде сөйлеу мәдениеті үлкен қызмет атқарады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Сөйлеу анықтамасы.
2. Сөйлеу түрлері.
3. Сөйлеу қызметі.
4. Сөйлеу ерекшеліктері.
5. Сөйлеу физиологиясы.
6. Афазиялық жағдайлар,олардың түрлері.
7. Сөйлеудің даму стадиялары..
Әдебиеттер:
1. Намазбаева Ж.И. Психология.-Алматы.,2005
2. Тәжібаев Т. Жалпы психология.-Алматы.,1993
3. Леонтьев А.Н. Проблемы развития психики.-М.,1981
4. Лурия А.Н . Лекции по общей психологии.-М.,2002
5. Столяренко Л.Д. Основы психологии.-Ростов н/Дону,2003
№ 10 дәріс.
Тақырыбы; Сезім және эмоция. Ерік.
Дәріс мазмұны:
1. Сезім және эмоция анықтамасы және негізгі қызметтері.
2. Сезім мен эмоцияның физиологиялық ерекщелігі.
3. Сезім түрлері.
4. Эмоциялық көңіл-күйлер.
5. Ерік.Еріктің сапалық қасиеттері.
Мақсаты: Сезім және эмоция қызметтерімен,физиологиялық ерекшеліктерімен,сезім түрлерімен және эмоцоиналдық көңіл-күй түрлерімен таныстыру.Еріктің сапалық қасиеттерінің ерекшеліктерін түсіндіру. Адамның өз сезім-эмоциясы мен ерік-жігерін басқара білуге,тәрбиелей білуге үйрету.
Сезім және эмоция.
Сезім және эмоция туралы түсінік. Эмоция мен сезім ерекшелігі адамның қажеттіліктерімен, талабымен, ниетімен, еркімен және мінез ерекшеліктерімен аныталады.Сезім мен эмоция екі түрлі қызмет атқарады:1.реттегіштік. 2. сигналдық.Сезімнің реттегіштік қызметі көңіл-күйдің тұрақтылығы мен мінез-құлқымызға бағыт беріп, оны қолдап кездескен кедергілерді жеңуге көмектеседі.Эмоцияның реттегіш механизмі эмоциялық қозуды бәсеңдетеді. Мысал: сағыныш, торығу, қатты қуану, шаттану т.б.Міне бұлар сөз, күлкі немесе бұлшық ет қимылдары арқылы сыртқа шықпаса қауіпті болады.(жылау 15 мин.).
Мәнді қимылдар эмоциялар мен сезімдердің сигналдық қызметін атқарады. Олар толғаныс, тебіреністі толықтырып айқындай түседі. Дауыстық және мимикалық сигналдар, сөз, ырғақтары, дауыс реакциялары қарым-қатынаста адамдар арасында байланысты бейнелейді. Мысалы: күлімсіреу, зілді, жасады, мұңды күйде қарау т.б.
Адам өзіне, басқа адамдарға, айналасындағы дүниеге қатынасын білдіретін, оны бейнелейтін психикалық процесті сезім деп атайды. Сезім адамның психикалық әрекетінің қандай жақтарына да белгілі түрде реңін береді. Эмоциялар мен сезімдер адамның әрекетімен, оның мінез құлқымен, жүріс-тұрысымен біте қайнасып жатады, таным процесі де сезіммен ұштасады. Эмоция мен сезім дегеніміз бұл адамның айналадағы өмір шындығына және өз басына деген өзіндік қарым-қатынасы. Сезімдер мен эмоциялардың бірнеше сапалық ерекшеліктері бар. Осындай саналық ерекшеліктерінің бірі қарама-қарсы, полярлық сапалық ерекшеліктер деп аталады. Мысалы: сүйсіну, сүйсінбеу, көңілдену, қажу т.б.
Жоғары сезімдер. Жоғарғы сезімдер адамға ғана тән. Осы топқа адамгершілік, эстетикалық, интелектік деп аталатын сезімдер кіреді.Қоғамдық өмірдің талабына сәйкес адам мінез құлқынан жиі көрінетін сезімдердің бірі адамгершілік сезімдері.Жоғарғы сезімдердің бір түрі-эстетикалық сезімдер. Эстетикалық сезім дегеніміз адамның шындықтағы қандай болмасын бір сұлулықты сезіну.Жоғарғы сезімдердің бұдан басқа бір түрі – интеллектік сезімдер адамдардың таным процестерімен ақыл ой әрекетімен тығыз байланыста жатады.
Ерік туралы жалпы түсінік.
Ерік-адамның өз мінез-құлқын саналы түрде меңгере алу қабілеті.Ерік деп саналы түрде алға тұтқан мақсатқа жету үшін жұмсалатын жан қуатының белсенділігін және адамның өзін меңгере алу қабілетін айтамыз. Ерік алға мақсат қоюдан басталады. Ал мақсат адамға айқын, ашық, саналы түрде түсінікті болуы қажет.Адамның ерікті әрекеті жүзеге асу үшін мынандай шарттар қажет:
а) алға тұтқан мақсатты орындау қайткенде де соған жету;
ә) жолда ұшырайтын кедергі, бөгеттерді жеңу;
б) мақсатқа жкту жолында қайраткерлік, ерлік, табандылық көрсету, қиыншылықтан жол табу, тәсілқой болу
в) қиындықтарға қарсы тұрып, үрейленбеу, қорықпау.
Ерік пайда болу үшін, ең алдымен, оны тудыратын себеп, түрткілер болу керек. Бұлар адамның мұқтаждылықтарынан туындайды. Кісінің күн көруі, тіршілік ету үшін оған өзінің табиғи және рухани мұқтаждылықтарын қанағаттандыру керек. Адамның алдына мақсат қоюдан басталады. Ал мақсат адам мұқтаждылықтарын өтеу үшін пайда болады.
Еріктің амал кезеңдері.
Мақсат және оған жетуге ұмтылу (дайындық кезең)
Мақсатқа жету мүмкіншіліктерін түсіну (мақсат қою)
Ниет – тілектердің пайда болуы
Ниеттер шартысы және оның бірін қалау
Тоқтамға келу үшін мүмкіншіліктердің бәрін қалау
Тоқтамға келген шешімді қалау
Еріктің сапалық қасиеттері.
Адамның ерік – жігер сапалары.Ерік күші. Шыдамдылық.Табандылық.Дербестілік.Шешімге келгіштік
Ерік туралы теориялар. Ерік жігер туралы теориялардың бастылары мына төмендегілер:Интеллектуалдық немесе ассоциялық теориялар (Э.Мейман т.б). Бұл теорияны жақтаушыларды және дамытушылардың бірі Германияда негізін салған Э.Мейман.Бұлардың айтуы бойынша ерікті әрекеттердің барлығы ақыл – ой, интеллектімен байланысып, солардың нәтижесінен пайда болады, яғни ерік адамның мұқтаждығы мен қажеттілігі секілді рухани күшінен туындайды.
Ерік туралы эмоциялық теорияны ұсынушы неміс психологы В.Вундт. Оның көзқарасы бойынша, ерік эмоциялық сезімдердің тек бір түрі ғана болып табылады. Ерік ең күшті сезімдердің, аффектердің ерекше варианты.
Америка психологы Джемс ерік адамда пайда болған ойдың еріксіз қимылға айналуы дейді.
Ерікті тәрбиелеу. Адам ерік саналарын қалыптастыру мен тәрбиелеу өз алдына нақты мақсат, іс - әрекеттерді орындау нәтижесінен басталады. Ерікті әрекеттер кезінде адам өз еркін меңгеріп, күш – қуатын қиын жұмыстарды дұрыс ұйымдастыруы және бастаған ісін аяғына дейін жауапкершілікпен орындауы қажет.Бастаған істі жүзеге асыра білу тиіс.
- Содан адам өз еркін шыңдай алады және қалыпты деңгейде қалыптастырады.
- Адамның ісі мен мінез –құлқын меңгеруі және азаматтық қасиеттері ерікті қимыл – қозғалыстарынан және істеген ісінен байқалады.
- Адамның даралық қасиеттері барлық психикалық процестер ішінен еріктен анық көрінеді. Соған байланысты адам өмірдегі аса маңызды кезең - өзінің іс - әрекеттерін бақылап, ерік – жігерін дамыта білу кезеңі болып табылады .Бұл кезең адам мінез – құлқындағы ұнамды әрі жағымды саналарда қалыптасады
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1.Сезім анықтамасы,қызметі.
2. Эмоция қызметі.
3. Сезім мен эмоцияның физиология
4. Сезім түрлері
5. Эмоционалдық көңіл-күйлер түрлері
6. Стресс,аффект,фрустрация, т.б. ұғымдарына анықтама
7.Еріктің сапалық қасиеттері.
Әдебиеттер:
1. Намазбаева Ж.Д. Психология.-Алматы,2005
2. Ильин Е.П. Психофизиология состояний человека.-СПб.:Питер,2005
3. Зарудной А.А. Общая психология.-Минск,1970
4. Психология:Адамзат ақыл-ойының қазынасы.10 том. №5 том.-Алматы,2005
5. Столяренко Л.Д.Основы психологии.-Ростов н/ Дону,2003
№ 11 дәріс.
Тақырыбы: Темперамент.
Дәріс мазмұны:
1. Темперамент туралы жалпы түсінік..
2. Жоғары жүйке жүйесінің типтері-темпераменттің табиғи негізі.
3. Темперамент типтерінің психологиялық сипаттамасы.
4. Темпераментке байланысты жеке адам қасиеттері..
Мақсаты: Адамның жеке басына тән қасиетерінің бірі темпераменттің түрлерімен және осы темперамент типіндегі адамдардың психологиялық сипаттамаларымен таныстыру.
Темперамент туралы түсінік.
Темперамент туралы жалпы түсінік. “Темперамент” сөзі – “красис” грек сөзіне латынша темпераминтум деген сөздеріне шыққан. Мәні –нәрселердің немесе заттардың мөлшер шамаластығы деген түсінікті білдіреді. Бұл өзгешелік ең алдымен адамның эмоциялық сезіміндегі және жүріс – тұрысы мен қимыл-қозғалысындағы, сөйлеген сөзіндегі, өзге адамдармен қарым-қатынасындағы ерекшеліктері. Сонда, темпераментті жүйке жүйесінің табиғи типтік қасиеттеріне тәуелді, жеке адамға тән дара өзгешелік деп білеміз. Адамның өзгешелігінің мәнін ашуға алғаш көңіл аударған, еңбек жазған-ертедегі гректің дәрігер ғалымы Гиппократ (б.з.д. 460-356 ж.ж.). Ол организм ерекшеліктері денедегі тіршілік шырындарына байланысты деп санады.
Темпераменттің физиологиялық негідерін ғылыми тұрғыдан түсіндірген – академик И.П.Павлов жүйке жүйесінің типтері ми қабығындағы қозу, тежелу процестерінің негізгі үш белгісі:
1. қозу мен тежелудің күші
2. олардың тепе-теңдігі
3. қозғыштығы жиынтығынан құралады.
Жүйке жүйесінің типтері өзгеріп дамиды. Жүйке жүйесі іс-әрекетінің дамуы мен өзгеруі тек оның табиғи типтерін ғана билеумен шектеліп қоймай, организм тіршілігі өзгерістерінің барлығына әсер етеді.
Темперамент түрлері.
Темперамент– адамдардың психикалық әрекетінің нақты динамикасын айқындайтын психикалық дара қасиеттерінің жиынтығы. Бұл психикалық ерекшеліктер адамның барлық іс - әрекетінде оның мазмұнынан, қарым – қатынасынан, сөйлеген сөзінен, сезім- эмоциясынан, ерік- жігерінен, жүріс тұрысынан, қимыл – қозғалысынан, ым-ишарасынан (жест мимика) т.б көрініс береді.
Сангвиник. Ақжарқын, ақкөңіл, әрекетшіл, күш жігері мол адам. Белсенді қозғалыс -қимылдары мәнерлі, шапшаң, көңіл – күйі тез өзгереді, сезімтал. Қабілеті жоғары, қандай іске де қаймықпай кіріседі. Бастамашыл, жаңаны тез қабылдайды, ортада өзін еркін ұстайды.
Холерик. Әрекетшіл, белсенді, ұстамсыз, тез ашуланады. Тәуекелшіл, алдына қойған мақсатына қалайда жетеді, қиындықтарды жеңе біледі. Көңіл күйі тез өзгереді. Тіке, ойына келгенді тез айтып тастайды. Кек сақтамайды, тез сөйлейді, ортаға тез бейімделеді.
Меланхоликтың эмоциялық көтерілуі табанды, күшті,тұрақты болады, сыртқы көрінісі әлсіз көрінеді. Әр нәрседен ауыр әсер алады, мінезі баяу өзгереді, көңілі көбінесе жабырқау, кейде қайғылы да болады. Сыртқы жағдайдан үрейленіп, сескеніп тұрады, кедергі кездессе уайымдап қажи түседі, қимыл қозғалыстары ақырын, баяу болады. Мәнерсіз, ақырын сөйлейді, сезім күйлері сыртқы қимылдарынан көрінбейді. Өзі тұйық, жасқаншақ келеді, кісімен көп араласпайды. Іске бірден кірісіп кетпейді, егер кіріссе, іс әрекетін толық аяқтап шығады.
Флегматик эмоциялық қозуы әлсіз болады, қызуланып желікпейді, елеуреп ашуланбайды, көңіл-күйлері байсалды, орнықты қалпында ұзақ сақталады, баяу өзгереді, жарқырап қуануы да, жабырқап қайғыруы да қиын, аз қозғалады, сылбыр, керенау қимылдайды, сезім күйлерін дене қимылдары білдіріп тұрмайды, мимикасы, өзге қимылдары мәнерсіз. Бір сарынды монотонды сөйлейді. Іс әрекетін байсалды, тиянақты орындайды, бастаған ісін қадағалап істейді, аяқтап шығады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары.
1. Темперамент ұғымы туралы алғашқы түсініктер.
2. Гиппократ ілімі.
3. Павловтың жүйке жүйесіне байланысты тұжырымдары.
4. Меланхолик типі сипаттамасы.
5. Флегматик темпераменті қасиеттері
6. Сангвиник темпераменті.
8. Холерик сипаттамасы.
9. Темпераменттің басқа қасиеттермен байланысты көріністері.
Әдебиеттер:
1. Алдамұратов Ә. Жалпы психология.-Алматы,1994.
2. Зарудной А.А. Общая психология.-Минск,1970
3. Ананьев Б.Г. Избранные психологические труды.2-х т. Т.2.-М.,1980
4. Реан А.А.Психология личности.-СПб.,2004
5. Столяренко Л.Д. Основы психологии.-Ростов н/Дону,2003
№ 12 дәріс
Тақырыбы: Мінез.
Дәріс мазмұны:
1. Мінез туралы түсінік.
2. Мінез құрылымы.
3. Мінездің типтік ерекшеліктері.
3. Мінез акцентуациясы.
Мақсаты: Адам мінезінің типтік ерекшеліктерімен, құрылымымен және акцентуациялық ерекшеліктерімен таныстыру.
Мінез туралы түсінік. Мінез - әрбір адамның жеке басына тән өзіндік психологиялық қасиеттер мен ерекшеліктер жиынтығы. Мінез ерекшеліктері адамның даралық өзіндік психологиялық қасиеттері. Адамның ісі мен қылығынан көрінетін, айналасындағыларға қатынасын бейнелейтін тұрақты жеке қасиеті мінез деп аталады.
Мінез бітістері адамның дүниеге көзқарасына сенімі мен мұратына, әлеуметтік жағдайына, сыртқы орталық әсері мен адамның өзін-өзі тәрбиелеуінен көрінеді. Мінез бітімі қалыптасуында қоғамдық – тарихи тәрбиелену бағыттары әсерінің де маңызы зор.
Адам мінезінің даралық ерекшелік екендігін ғылым тарихында алғаш сипаттаған – ертедегі грек философы Теофраст (б.з.д. IV- III ғ.ғ.)
Мінез құрылымы мен түрлері.
Адам мінезінің құрылымы әртүрлі қасиеттер жиынтығынан тұрады. Кейбір мінез ерекшеліктері бір-біріне тәуелді, өзара байланысты болып келеді. Мінездегі осындай әр түрлі қасиеттерден құрылған біртұтас бірлікті мінез құрылым дейді. Мінездегі өзара байланысты психикалық қасиеттердің жүйесі факторлар деп аталады. Психикалық ғылымда мінез қасиеттерін 4 топқа бөліп қарастыруға болады:
1. Мінездің еңбекке байланысты қасиеттері: еңбексүйгіштік, адалдық, еңбекке жауапкершілікпен қарау, жалқаулық, немқұрайлылық;
2. Ұжымға, адамдарға қатысты қасиеттер: қайрымдылық, сергектік, талап қоюшылық, асқақтық, менсінбеушілік;
3. Өзіне-өзінің қатынасы: өркөкіректік, даңғойлық, тәкаппарлық, мақтаншақтық, өзімшілдік, қарапайымдылық, кішіпейілділік т.б;
4. Заттарға қатысты: ұқыптылық, ұқыпсыздық, салдыр – салақтық.
Мінез құрылымындағы қасиеттеріне мынадай ерекшеліктер жатады:
1. Мінездің тереңдігі. Бұл қасиет адамның қоғам таланттарына орай көпшілікке, ұжымға, еңбекке деген қатынасын білдіреді;
2. Адамның жеке басының ерекшелігі, белсенділігі. Бұл қасиет – мінездің күші. Осыған байланысты адам жақсы, мықты тұрақты және нашар мінезді деп аталады;
3. Мінездің тұрақтылығы (ауытқушылығы) ауытқымалығы мен бейімделгіштігінің ерекшелігі олар табандылық, тәуелділік, бейімделгіштік.
Достарыңызбен бөлісу: |