Түсініксіз, жаңа ұғымдардысөздіктеріңізге жазып, анықтауды ұмытпаңыз! Назар аударайықшы! Қазіргі таңда жастарды ұлттық мәдениет пен идеологияның негізінде тәрбиелеу мәселесі халыққа білім беру саласының қызметкерлеріне, оқу орындарының оқытушы қауымына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Ұрпақ тәрбиесінің негізі – мектеп. Ал мектеп мұғалімін дайындау ісінде, әсіресе бастауыш мектеп мұғалімдерін дайындау ісінде ескеретін мәселе олардың жан-жақты білімімен қатар, этнопедагогикалық мәдениеті.
Студент көп ретте өзінің әрекетіне сырттай сын көзбен қарауды білмейді; яғни ол өзіне «мен кіммін?», «мен нені білемін?», "менің бойымда ұлтыма тән қадір-қасиеттер бар ма?", "мен үшін не құнды?" «мен не істеуім керек?», «менің іс-әрекетімнің мазмұны қандай?», «менің кемшілігім неде?» деген сұрақтарды қоя бермейді. Олар іс-әрекетін саналы мотивтерге бағындырып емес, үйреншікті, жоспарлы, міндеттерді шешуге бағыттап жасайды. Яғни не орындап жатқанын, не үшін жасап жатқанын білуі төмен.
Педагогикалық рефлексия педагогикалық іс-әрекеттің жүзеге асуын саналы бағыттайды. Сана, сезім, ерік-жігер-мотив-әрекет арқылы студент өзіндік позицияға, көз қарас жүйесіне ие бола алады. Студент өз іс-әрекетінің жобасын, моделін жасап алып, оған жету амал-тәсілін, құралын тауып, орындап, нәтижеге жеткеннен кейін, сол нәтижеге қандай екендігіне талдау жасап, жетістікке қуанып, кемшілікті түзеуге мүмкіндік алады.
Этнопедагогика пәні ғылыми педагогикамен бірлікте болашақ маманды тәрбие жүйесіндегі этникалық өзгешеліктер мен ұлттық даралық жайлы біліммен қаруландырады, көпғасырлық тәрбие әрекеті нәтижесінде жинақталған педагогикалық байлықты практикада қолдана алу дағдысын игертуді көздейді. Этнопедагогика білімдерін қолдану рухсыздыққа, тарихи ессіздікке нақты тосқауыл қояды, жастарға халықтық құндылықтар мен дәстүрлер, ұлттық мәдениетін үйренуге көмектеседі.
"Этнопедагогика дегеніміз-жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу жөніндегі халық бұқарасының тәжірибесі, олардың педагогикалық көзқарастары, тұрмысы туралы ғылым.Этникалық тарихи жағдайлардың әсерімен қалыптасқан ұлттық сипаттағы ерекшеліктерді зерттейді."-Волков Г.Н.
Этнопедагогика-... халықтық тәлім-тәрбиені, оның тәжірибесін қорытындылап жүйелейтін теориялық сипаттағы ғылым саласы"-Қалиев С.Қ.
"Этнопедагогика-... педагогика ғылымдары жүйесінің бір бөлігі. Қазақ этнопедагогикасы- педагогика ғылымы мен этнография, қазақ философиясы, этнопсихология, этнос теориясы, педагогика тарихы, қазақ тарихы, фольклористика, этникалық мәдениет нысанасы, қазақ этностық тәрбие жүйесі болып табылатын мәдениеттану түйісер тұста қалыптасқан, біртұтас жүйелі білім беруге болатын, адам өмірінің өн бойында, отбасында және білім беру мекемелерінде жүзеге асырылатын дербес педагогикалық оқу пәні." - Қожахметова К.Ж.