Стандарттау нысандарын ретке келтіру стандарттау нысандарының алуан түрлігін басқару болып табылады. Мысалы, жіктеуіштер, типтік конструкциялар, комплекттеуші бұйымдар, процестер, ережелер, құжаттардың формалары (нұсқалары) ретке келтіру жұмыстарының нәтижесі болып табылады.
Ретке келтіру стандарттау нысандарын жүйелеу (жүйеге келтіру), типтендіру, селекциялау, симплификациялау және оңтайлау арқылы (жолымен) жүзеге асырылады.
Жүйелеу – біртекті, өзара байланыстағы стандарттау нысандарының белгілі тізбегін тағайындау болып табылады.
Нысандардың алуан түрлігін ескерсек, жүйелеудің маңызы өте зор болып табылады, өйткені оларды өзара байланыстырылған және өзара бағыныстағы топтарға біріктіруге, оларды жіктеуге жіне ранжирлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстан Республикасында қолданылатын техника-экономикалық және әлеуметтік ақпарат жіктеуіштері жүйелеу жұмыстарының нәтижелері болып табылады.
Типтендіру – бірқатар стандарттау нысандарына ортақ сипаттар негізінде типтік конструкциялық немесе технологиялық шешімдерді әзірлеу жөніндегі әрекеттер болып табылады. Типтендіру нәтижелері типтік конструкциялар, бұйымдар, ережелер, процестер, құжаттар формалары, есептер, жұмыс жүргізу тәртібі және т.б. болып табылады.
Селекциялау - әртүрлі қызметтер облыстарындағы ары қарай да өндіруге немесе қолдануға қолайлы деп танылған нақты стандарттау нысандарын іріктеп алу.
Симплификациялау – селекцияға кері - әртүрлі қызметтер облыстарындағы ары қарай да өндіруге немесе қолдануға қолайлы емес деп танылған нақты стандарттау нысандарын іріктеп алу.
Басқа сөзбен айтқанда симплификациялау деп әр қолданылатын элементтердің санын қолайлы минимумге дейін қысқартуды (мысалы, ыдыстың, ыдыс-аяқтың, бекіту элементерінің өлшемдік типтерін азайтуды) айтады.
Оңтайлау – мүмкін болғандардың ішінен ең жақсы (оңтайлы) стандарттау нысанын таңдап алу. Стандартталатын нысандардың параметрлерінің (арналу, қауіпсіздік, сапалық параметрлері, тұтыну қасиеттері және т.б.) оңтайлы мәндерін табуға негізделеді.
Стандарттау нысандарын оңтайлау экономика-математикалық әдістері және оңтайлы модельдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Параметрлік стандарттау – параметрлердің қолайлы номенклатурасын және сандық мәндерін таңдау және негіздеумен байланысты стандарттау әдісі.
Параметр – (parametron – грек - өлшеуші) – процестің, құбылыстың немесе жүйе, машина, аспаптың кез келген қасиетін сипаттаушы шама болып табылады.
Өнімнің ең маңызды параметрлері болып оның арналуын және қолдану шарттарын айқындаушы сипаттары табылады:
өлшемдік параметрлер (киімнің, аяқ киімнің размері, ыдыс аяқтың сиымдылығы.;
салмақтық параметрлер (спорт инвентарінің жеке түрлерінің салмағы);
машиналар мен аспаптардың өнімділігін сипаттаушы параметрлер (желдеткіштің өнімділігі, көліктің жүру жылдамдығы);
энергетикалық параметрлер (тоңазытқыш пайдаланатын қуаттын мөлшері) және т.б.
Белгілі типке жататын, яғни белгілі қызметке арналған, жұмыс істеу принципі мен конструкциясы айқындалған өнім бірнеше параметрлермен сипатталады. Параметрлердің тағайындалған мәндерінің жиынтығы параметрлік қатар деп аталады. Мысалы тоқ шамдарының параметрлік қатары (пайдаланатын қуаты бойынша): 25, 40, 60, 75, 100, 150, 200, 250, 500 Вт.
Параметрлік қатардың бір түрі болып өлшемдер қатары табылады. Мысалы, маталар үшін өлшемдік қатар мата енінің жеке параметрлерінен, ыдыс-аяқ үшін – жеке сиымдылық параметрлерінен құралады. Бір типті өнімнің (материалдың) әр өлшемі типтік өлшем (типоразмер) деп аталады. Мысалы, қазіргі кезде ерлер киімінің 105 типтік өлшемі және әйелдер киімінің 120 типтік өлшемі бекітілген.
Параметрлер қатарларын стандарттау процесі параметрлік стандарттау деп аталады. Мысалы, киім және аяқ-киімнің өлшемдік қатарларын құру үшін көптеген еркек және әйел адамдарын (әртүрлі жастағы, әртүрлі өңірде тұратын) антропометриялық өлшеулерден өткізу керек. Алынған нәтижелер математикалық статистика әдістерімен өңделеді.
Достарыңызбен бөлісу: |