Қазақстанда PISA зерттеуін кім үйлестіреді? Қазақстанда зерттеудің ұлттық үйлестірушісі – «Ақпараттық-талдау орталығы» акционерлік қоғамы. Бұл орталық – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты ведомстволық ұйым.
PISA тестілеуіне қатысу ақылы ма? Иә, PISA зерттеуіне қатысу ақылы. PISA әр елдің Білім министрлігінің қаржыландыруымен өткізіледі.
ТЕСТІЛЕУ ҮРДІСІ ЖӘНЕ ТЕСТ СҰРАҚТАРЫ PISA тестілеуіне арналған сұрақтар мен тапсырмаларды кім құрастырады? PISA жобасына қатысушы әр мемлекет PISA тестілеуіне арналған өз сұрақтарын ұсына алады. Ол сұрақтар ЭЫДҰ мамандары мен мердігерлері құрастырған жалпы сұрақтар қатарына қосылады. Сұрақтардың мәдени тұрғыдан бейтарап ұстанымда болуын халықаралық мердігерлер мен қатысушы мемлекеттер тексереді. PISA-ның барлық критерийіне сәйкес келетін сұрақтар ғана тест құрамына енгізіледі.
Тест сұрақтары әртүрлі тілге аударылған кезде PISA тест сұрақтарының салыстырмалылығына қалай кепілдік бере алады? Ол үшін екі негізгі нұсқа (ағылшын және француз тілдерінде) құрастырылады. Сұрақтарды аудару және бейімдеудің егжей-тегжейлі нұсқаулары белгіленеді. Сондай-ақ қосарланған аударма жасау талап етіледі (екі тәуелсіз аударманы үшінші тұлға салыстырып, үйлестіреді) және соңғы аударма нұсқасының сапасы тексеріледі.