Подготовка учителя новой формации в республике казахстан – приоритетное направление деятельности высшего педагогического учебного заведения


Бастауыш мектептегі оқыту әдістерін тиімді



бет5/13
Дата11.01.2017
өлшемі4,16 Mb.
#7180
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Бастауыш мектептегі оқыту әдістерін тиімді

қолданудың жолдары
Қоқымбаева Т. И. (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Бастауыш сыныптың озат мұғалімдері сабақтарында оқытудың тиімді әдістерін қолдануға баса көңіл бөледі. Білім беруде әдістерді дұрыс іріктеу үшін оқыту әдістерінің теориясы мен тәжірибесін жете білу қажет.

Оқыту әдісі - екі жақты процесс. Мұғалім баяндайды, әңгімелейді, түсіндіреді, сонымен қатар заттарды немесе көрнекі құралдар мен техникалык құралдарды көрсетеді, ал оқушылар тыңдайды, қызығады, қабылдайды, бақылайды, ойланады және т.б. таным әрекеттерін жасайды. Мұғалім оқыту әдісі арқылы окушыларға білім беруде өзінің ic-әрекетін балалардың таным әрекетіне басшылык етумен байланыстырады. Сонымен, оқыту әдісі дегеніміз - оқушыларға білім беру және оларды дамыту мақсатында мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жасайтын кызметі мен қарым-қатынасының тәсіл-амалдары.

Сабақта берілетін оқу материалын оқушыларға жеткізу үшін әр түрлі оқыту әдістерін қолданудың тиімділігін тәжірибе көрсетіп отыр. Tіпті бip мазмұндағы оқу материалын меңгерту түрлі әдістер арқылы жүзеге асуы мүмкін.

Білім беру үрдісінде ең жиі қолданылатын оқыту әдісі - ол мұғалімнің ауызша баяндауы. Сабақтың мазмұнын ашуда сөздің кұдыреті күшті. Сондықтан да сөздік әдіс сабақтың түрлі кезеңдерінде әсіресе, жаңа материалды түсіндіру барысында кеңінен орын алады. В.А.Сухомлинский баланың ойы мен тілін дамытудағы сөздің мәніне тоқталып “СӨЗ - ең маңызды педагогикалық құрал, оны еш нәрсемен ауыстыра алмайсың. Бастауыш сыныптың мұғалімі - ең алдымен тіл маманы” – деген.

Сөздік әдісті қолданғанда мұғалім оқушыларға білім берумен қатар олардың таным белсенділігін дамытуға (зейін, қабылдау, ойлау т.б. процестерін) байланыс-ты әрекет жасайды. Мұғалім өзінің баяндауын басқа әдістердің тәсілдерімен ұштастырады (бақылау, әңгіме, жазбаша және графикалық жұмыстар т.б.).

Мұғалім өзінің сөзін көрнекі бейнелермен сабақтастырып, түрлі көрнекі және техникалық құралдарды көрсетеді, сонымен қатар көркем сөзді де пайдаланады. Мұғалімнің ауызша баяндауы барысында сұрақтардың анық және түсінікті болуы мәтін мазмұнына байланысты түрлі жағдаяттар тудырып оны оқушыларға шештіру баяндалатын материалдың ең маңызды жерлеріне айырықша мән беру және баяндаудың жүйелі, дәлелді болуы сөздік әдіске қойылатын негізгі талаптардың бірі.

Мұғалімнің сөзі әсерлі, тартымды, сенімді, сонымен қатар дауыс ырғағы мен мимикасы бет-әлпет құбылысы мәнерлі және бай болуға тиіс.

«Мұғалім балалармен істес болады: егер олар бір нәрсені түсінбесе, онда мұғалім шәкірттерді кінәламай, оларға дұрыс түсіндіре алмағаны үшін өзін-өзі кіналауы керек. Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлықпен сөйлеп, шұбалаңқы сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіруі керек», - деген Ы.Алтынсарин.

Тақырыпты оқыту барысында түрлі әдістерді қолданудың тиімділігін озат мұғалімдердің іс-тәжірибесі көрсетіп отыр. Мәселен, үшінші сыныпта ана тілі мен өтілген сабақтың әдістерін қарастырып көрейік.



Сабақтың тақырыбы: Абай және табиғат. “Жаз” өлеңін оқыту.

Сабақтың мақсаты: Білімділік: оқушыларға Абай туралы түсінік беру және “Жаз” өлеңінің мазмұны мен идеясын ашу.

Дамытушылық: оқушылардың танымдық әрекеті мен танымдық белсенділігін тақырып мазмұнына қызығуын, жүйелі ойын, ойлау әрекетін дамыту. Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал жасау.

Тәрбиелік: Тұған жерінің табиғатын сүюге эстетикалық талғамдылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа білім беру.

Қолданатын әдістер: Сөздік баяндау, әңгіме, оқулықпен жұмыс, түрлі бейнелі көрнекілік. Абай портреті. Жаз мезгілінің суреті.

Сабақтың барысы:

І. Үй тапсырмасын тексеру, өткен материалды пысықтау ретінде сұрақ-жауап тәсілі арқылы жүзеге асады.

ІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру.

Жоспары:

а) Мұғалімнің кіріспе сөзі;

ә) Мәтінді мәнерлеп оқу;

б) “Жаз” өлеңінің тақырыбы мен мазмұнын түсіндіру;

в) Сөздік жұмыс;

г) Мәнерлеп оқу;

ғ) Өздігінен жұмыс;

д) Сазгерлік өнер. Абайдың “Желсіз түнде жарық ай” әнін тыңдату;

е) Сұрақ-жауап арқылы сабақты қорытындылау;

ж) Үйге тапсырма “Жаз” өлеңін жаттау және “Желсіз түнде жарық ай” әнінің сөзін жаттап келу.



Мұғалімнің кіріспе сөзі.

  1. Ауызша баяндау арқылы Абайдың өмірі мен шығармашылық өнері туралы әңгімелеу,

  2. Мәтінді мәнерлеп оқытып әр шумақтың мәнін талдау,

  3. Жаз өлеңінің тақырыбы мен оның мазмұнын түсіндіру және оқушылардың ұғымын байқау,

  4. Сөздік жұмыс өлеңіндегі бейнелі көркемдегіш сөздерді анықтау. Бұл оқушылардың бақылауын зейінің байқауға мүмкіндік береді,

  5. Жаздың суретін көрсетіп осыған байланысты өлеңнің оқушылардың бақылау қабілетін дамыту мақсаты мен мазмұнын талдау,

  6. Оқушылардың өздік жұмысын тақтада жазылған сұрақтарға мәтін қалыптастыру мақсатымен мазмұнынан жауап таптыру. Бұл оқушылардың кітаппен жұмыс істеу қабілетін дамытады.

Дәптермен жұмыс. Өлең мазмұнынан жаңа сөздерді атауларды тауып, дәптерге жаздыру оның мағынасын түсіндіру.

Күркіреп - өзеннің ағып жатқандағы дыбысы.

Шұрқырап – немесе кісінейді.

Шалғын – жайылым немесе қалың шөп.

Жоны – арқасы.

Ықылдап – тойынғандықтың белгісі.

Бұлтылдап – ойнақтап.

Мәнерлеп оқу. Оқушылардың сөз мәнеріне, өлеңнің шумақтарына дыбыс екпіннің қоя білу қабілеттеріне көңіл аудару.

ІІІ. Өздігінен жұмыс. “Абайтану” дәптері бойынша Абай шығармаларының атымен танысады. Тақтадағы сұрақтар мен тапсырмаларға жауап берді. Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Жердің әсемдігін бейнелеген сөздерді оқы,

2. Жылқының үнін қалай атайды?

3. Шөптің биіктігін қандай сөзбен бейнелеген?

4. Ат, айғыр, бие деген сөздердің мағынасын айт,



  1. Құлын-тайдың ойнақтауын қалай әсерлеп жазған?

  2. Құстар дыбысын бейнелейтін сөзді тап,

  3. Сазгерлік өнерге не жатады?

  4. Үй тапсырма. “Жаз” өлеңін жаттап келу, мәнерлеп оқуға жаттығу.

Қорытынды: Бұл сабақта мұғалім тақырыптың мазмұнын ашуда бір емес, әр түрлі әдістерді тиімді қолданып оқушылардың танымдық белсенділігін дамытуда өз шеберлігін көрсете алды.
ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Рахметова С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. –А., 2003.

  2. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. –А., 1983.

  3. Сабыров Т. Оқыту теориясының негіздері. –А., 1993.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада оқыту әдістерін бастауыш мектептің оқыту процесінде тиімді қолданудың дидақтикалық негіздері мен шарттары баяндалады.
Резюме

В статье рассматриваются эффективные пути использования методов обучения в начальных классах на основе опыта передовых учителей начальной школы.



Оқушылардың ойлау белсенділігін арттырудың

тиімді әдістері
Рысқұлбекова А.Д. (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)

Жаңа бағдарламаға сәйкес қазіргі дидактиканың талабы – сабақты түрлендіріп жүргізу арқылы оқушылардың білімге қызығушылығын арттырып, оларды ойландыру, ізгілендіру арқылы өз бетінше тиянақты білім алуға дағдыландыру болып табылады. Ал бүгінгі ұстаздар қауымының алдында тұрған маңызды істің бірі – оқушылардың оқуға деген ынта-жігерін күшейтіп, ақыл-ой әрекетіндегі белсенділіктерін арттыру болып отыр.

Оқыту – екі жақты үрдіс болғандықтан, мұғалім өзінің ғана іс - әрекетін ұйымдастырып, тек оның орындалуымен қанағаттанбай, оқушылардың да танымдық әрекеті мен белсенділігін дамытуға ерекше көңіл аударуға тиіс. Мұның өзі оқыту мен бала дамуының заңдылықтары туралы өте күрделі психологиялық педагогикалық мәселе.

Ұлы педагогтар мен ғалымдар: Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, А.Дистерверг, Д.Локк, И.П.Песталоцци, П.Я.Гальперин т.б. оқыту арқылы оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға баса назар аударған. Танымдық әрекет пен танымдық белсенділіктің психологиялық негіздерін зерттеуге үлес қосқан ғалымдар: Л.С.Выготский, Б.Г.Ананьев, А.Н.Леонтьев, Л.В.Занков, В.В.Давыдов, Д.Б.Элько-нин, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Мұқанов т.б.

Республикамызда оқушылардың оқу әрекетін белсендіру, оны ұйымдастыру, әдіс–тәсілдерін жетілдіру барысында зерттеу жұмыстары жүргізілуде (Т.Сабыров, Н.Айғабылов, Ж.А.Қараев, Г.К.Нұрғалиева, А.Е.Абылқа-сымова, Ғ.М.Құсайынов т.б.). Жоғарыда аталған еңбектермен танысу барысында бастауыш сынып оқушыларының ойлау белсенділігін қалай арттыруға болады? Оны арттыруда қандай дидактикалық мүмкіндіктер ұйымдастыру қажет? Міне осы сұрақтарға жауап іздеу біздің мақаламыздың мақсаты болып отыр.

Оқыту үрдісінде оқушылардың ойлау белсенділігін арттырудың маңызы зор. Әсіресе, бастауыш сатыдағы кезең – оқушының оқу әрекетін қалыптастырудың өте ыңғайлы кезеңі. Мұның нәтижесінде ғылыми ұғымдар мен түсініктерді меңгере отырып, оқушының психикалық қасиеттері қалыптасады. В.А.Сухомлинскийдің пікірі бойынша, балдырған кездегі ой еңбегін ұйымдастырудағы шеберлік баланың мұғалімді ыждаhаттылықпен тыңдай білуінде, ұмытпауында және ойлана білуінде. Бұл пікірден баланың ойлау қабілетін дамытуда бастауыш оқытудың ерекше екенін түсінуге болады.

Көптеген педагог, психологтардың зерттеу нәтижелеріне қарағанда, бастауыш сынып кезеңіндегі оқушының ой әрекетінің төмен болуы, оның жоғарғы сыныптарға барғанда үлгермеушілігіне, сабақтың төмендеуіне әкеліп соғатынын дәлелдеген. Бұл мәселені шешу – бастауыш оқытуда балалардың ойлау қабілетін дамытуға, қызығушылығының тұрақты болуына, ойлау әрекетіндегі түрлі тапсырмаларды шығармашылықпен орындауда өзіндік амал – тәсіл қодана білуіне мүмкіндіктер туғызу.

«Ойлау» ұғымына байланысты ғылыми, психологиялық, әлеуметтік әдебиеттерге сүйенер болсақ, әр түрлі көзқарастың бар екені белгілі болды. Мысалы, философтар: Д.Кішібеков, А.Қасабек, Ұ.Сыдықов, Ғ.Есімов; педагогтар: Г.Селевко, Н.Данилов, М.Скаткин, Н.Хмель, А.Бейсенбаева, Т.Сабыров, т.б. ойлау мәселесін зерттей келе, өз анықтамаларын, түсініктемелерін ұсынады.



Ойлау - адам миы қызметінің нәтижесі. Ойлау дегеніміз - сыртқы сезім арқылы деректердің қабылданып алынуы және оның адам миында өңделуі. Ойлау барлық адамға тән. Кез - келген дені дұрыс, ақыл – есі бүтін адам ойлауға қабілетті. Сондықтан мұғалімнің міндеті ойлау түрлерінің мәнін терең түсініп, оларды тұтас педагогикалық үрдісте дұрыс қолданып, оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға әсер ететін әдіс – тәсілдерді қолдана білу.

Баланың ойлау қабілетін дамытуда оқытудың маңызы орасан зор. Мұғалім балаларға білім беру, оқушының ой - өрісін кеңейту, тілін жетілдіру арқылы ойлауын да дамытады. Бастауыш сыныптан бастап – ақ балаларды оқу материалын түсініп және игеріп қана қоймай, қызықтыратын мәселелеріне өздеріне жауап табуға үйрету қажет. Мұны балалар алғаш мұғалімнің көмегімен, содан кейін өз бетінше орындайтын болады. Мұғалім алғашқы күннен бастап шәкіртін ойлай білуге үйретіп, сабақты түсіндіруге асықпай, оқушының өзінің ойлауына мүмкіндік бергені жөн /1/.

Оқыту үрдісінде оқушының «ойлау» қабілетімен қатар «белсенділігін» дамыту педагогикада басымды бағыт болып есептеледі. Оқушылардың оқу үрдісіндегі белсенділігі, өз бетінше білімді игеру дәрежелері педагогика зерттеулерінде және мектеп тәжірибесінде үнемі басты проблеманың бірі болып қала береді. Өйткені мұғалім әрекеті оқушыларға негізделеді. Білім беру үрдісі қай кезде де әрбір адамның жалпы дамуын кең ауқымда қамтамасыз ету шарт. Сабақта мұғалім түсіндіріп, оқушылар тыңдап, сұрағанына жауап беріп, жоспар бойынша оқу формасына қалыптасып алғанбыз. Бұл түрдегі сабақ, баланың ойлануына, ой жүйесінің дамуына көп мүмкіндік бермейді.

Әлеуметтік тұрғыда адамның белсенділігі және дербестігі оның еңбегінің жемістігін айқындайды және тапқырлығының мәнін құрайды. Сондықтан оқушыларда осы қасиеттің пайда болуын тудыру - әрбір ұстаздың негізгі міндеттерінің бірі болып есептеледі.

Т.Шамова белсенділіктің маңызды рөлін ескере отырып, оны жеке дидактикалық категорияға бөліп қарастырады. Шын мәнінде саналылық пен белсенділік принциптері ара қатынастарын алсақ, онда мақсатты белсенділік жете түсінбеген емес, толық ұғынған жағдайда болады. Оқушылар белсенді болмаса оқу үрдісіне толық қатыса алмайды /2/. Ендеше, белсенділік білім мақсаттарына жетудің негізгі шарттарының бірі.

Белсенділік (лат. activus - әрекетшілік) – бұл психикалық көрініс, қарқынды немесе бір ерекше әрекет жасауда көрінетін адам мінезінің бір қыры.

Бастауыш сынып оқушыларының ақыл – ой белсенділігін дамыту үшін өтілетін материалдар оқушылардың жас ерекшелігіне сай болып, олардың қызығуына, интеллектілік сезіміне әсер ететіндей етіп құрылуы жөн. Өйткені оқыту үрдісінің мазмұны мен әдіс – тәсілдері оқушылардың жас және даму ерекшеліктеріне сай болған жағдайда ғана тиімді нәтижелер береді.

Оқу–тәрбие үрдісінде оқушылардың терең білім алуы, іскерлігінің артуы, дағдысының шыныға түсуі – олардың оқу материалын түсіну арқылы ой ұшқырлығын шыңдай түседі, алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарын орындауға өз бетінше әрекет жасайды. Сонымен бірге оқушыларда оқу материалының мазмұнына байланысты жаңа қызығу, қиыншылықты жеңуге бағытталған талпыну әрекеттері; түсініксіз нәрселерді табу үшін жаңадан іздену сияқты психологиялық қасиеттер пайда болады. Мұндай әрекеттер оқушылардың ақыл–ой әрекетіндегі белсенділігін арттыра түседі.

Сондай–ақ, оқушылардың ақыл–ой әрекетіндегі белсенділігін арттыру әрбір мұғалімнің терең теориялық біліміне, шығармашылық еңбегіне, әдіс–тәсілдерді қолданудағы шеберлігіне, оқу–тәрбие үрдісіндегі шыңдалған тәрбиесіне байланысты.

Қазіргі оқу үрдісінде баланы жан–жақты дамытып, белсенділігін арттыруда интерактивті оқытудың маңызы зор. Елімізде оқушылардың оқу белсенділігін арттыруда «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» деп аталатын білім жобасы енгізілуде. Бұл жоба халықаралық мектептерде қолданылып, табысты нәтижелер берген. Жобаны енгізуде Қазақстан оқу ассоциациясы елімізде толық құқылы және жалғыз өкілі болып табылады.

Дәстүрлі оқытумен салыстырғанда бұл жобада оқушының белсенділігін арттыруға үлкен көңіл бөлінеді. Мысалы, дәстүрлі оқытуда қызығушылықты ояту көбінесе қалып кетіп жатса, интерактивті оқытуда қызығушылықты ояту фазасы ұзақ, әрі мағыналы оқудың қажетті психологиялық негізін салады.

Интерактивті оқыту өзінің қызметіне байланысты үш фазадан тұрады. Алғашқы фаза – қызығушылықты ояту оқушылар үшін сабаққа қатысудағы алғашқы қадам болып табылады. Осы алғашқы фазада оқушылар болашаққа көз жүгіртіп, ұғынып жаңадан таныстырылған тақырыптарға зерттеу жүргізу үшін өз алдарына мақсат қояды. Сонымен қатар оқушылардың жаңа идея мен мәліметтерді үйренуге және оны өзіндегі білім негізімен ұштастыруда іштей немесе сырттай белсенді болудың алғашқы қадамы іске асады.

Ал, мағынаны тану фазасында оқушылар жаңа мәліметпен, идеямен немесе жаңа мазмұнмен танысып, әрекет жасау іске асырылады. Бұл фазада оқушының негізгі міндеті – мазмұнмен айналып, жаңа идеяның бұрынғы біліммен байланысқандығы жөнінде хабардар болу. Тиімді түрде білім алу үшін оқушылардың сабаққа мақсаткерлікпен, ойлампаздықпен, өзінің түсінгенін бақылай, жаңа ақпараттарға дұрыс жауап қайтара отырып және оны белсенді басқарумен қатысуы қажет.



Ой толғаныс – үйрену үрдісінің соңғы фазасы. Бұл кезде оқушылар алған білімдерін сыртқа шығарып, түсінгендерін өз сөздерімен жеткізіп бере бастайды. Бұл фаза саналы талқылаулалармен білімді тәжірибеде қолдану, жаңа идеялармен ұғымдарды жинақтаумен, мазмұн жөніндегі өздерінің ашық ұсыныстарымен немесе келесі бір зерттеуді басқаруға шақырумен айғақталады. Бұл – үйрену жеке сипатқа ие болған сәт. Осы аталған үш фазаның орындалуы кезінде оқушылар төмендегідей әрекеттерді орындайды:

  • ой әрекетін белсенді ету;

  • талқылауға қатысу;

  • идеялар мен мәліметерді біріктіру;

  • ойлаудың салдарын ойға түйіп, өз жауапкершілігіне алу.

Осы әрекеттерді орындау барысында оқушылар мынадай мәселелерге қол жеткізеді:

  1. берілген тапсырмаларды өз бетінше орындауға;

  2. балалардың өте белсенді болуы және істегі өз жұмысына жауапты болуы;

  3. білімді дайын күйінде алмай, өзінің ізденісі арқылы түсінуге;

  4. сабақ мазмұны мен тапсырмалардың ойлау қызметіне бағытталуы.

Интерактивті оқытуда оқушылардың ойлау үрдісін, есте сақтау ерекшелігін, ақпаратты қабылдай алу мүмкіндігін талдай отырып, қайсысы кейін қалғанын көруге болады. Оқушының белсенділігін арттыру үшін мұғалім алдына мынандай мақсат қояды: ойлау қызметіне мүмкіндік туғызу, балалардың ойлау қабілеттерін дамыту.

Ойлау қызметі – бақылау мен тексеруге келмейтін күрделі процесс. Мұндағы ең басты нәрсе – жүйелілік пен бірізділік. Бұл ереже сақталмаса, іс - әрекет толығымен орындалмай, оң нәтиже шықпайды. Оқушының ойлау қабілетін дамыту үшін мұғалім білім беру жүйесін жасап, оқу материалдарын қабылдау, түсіну, ой толғау, бекіту және іске асуын басқару керек / 3, 20-21б/.

Бастауыш сынып оқушыларының ойлауы көбінесе көрнекі-амалдық, нақты-образдық түрде болатындықтан, оқу үрдісінде әр түрлі көрнекіліктерді қолдану сабақты түсінікті, әрі қызықты етеді. Көрнекілік арқылы балалар заттың пішіні, дыбысы, бояуы арқылы ойланып, түсінеді. Сонымен қатар оқу материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді есте жақсы сақтау және жеңіл ұғыну үшін қолданылады.

Оқушылардың білімді терең меңгеруі негізінен мына компоненттерден тұрады: қабылдау, түсіну, есте сақтау, қорыту және жүйелеу. Оқыту үрдісінде бұл компоненттер бір-бірімен тығыз байланысты. Оқушы меңгеретін материалдың қиындығына кезіккенде ғана өз бетінше шешім қабылдап, қорытынды жасай алады, осыдан кейін ол материалды толық игереді.

Мәселелердің шешімін табу арқылы оқушылардың ойлау қабілеті нығайып, тереңдей түседі. Сондықтан да оқытушы балаларға тек тыңдатып қоймай, оларды ойландыратын түрлі әдістерді, ойындарды сабақта қолдана білуі тиіс.Қорыта келгенде, оқушылардың ойлау белсенділігін арттырудың мынадай дидактикалық мүмкіндіктерін атауға болады:


  • оқушының білімге деген қызығушылығын ояту;

  • берілген тапсырманың анық ,түсінікті болуы;

  • оқушылардың жас ерекшелігіне сай әдіс–тәсілдерді тиімді қолдану;

  • оқушыны білімді өз бетінше меңгеруіне бағыт беру.

әдебиеттер



  1. Гоноболин Ф.И. Психология. – А.; Мектеп, 1976. 239с.

  2. Шамова Т.И.. Активизация учение школьников. – М.; Педагогика, 1979.-208с.

  3. Әрекеттегі RWCT философиясы мен әдістері. Ред. С. Мирсеитова, Ә.Іргебаева. -А., 2004.-264 б.

  4. Сабыров Т. Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары.-А.,1978.

  5. Баширова Ж.Р., Төлешова Ұ.Б. Педагогикалық технологиялар арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру.- А., 2003.

Түйіндеме

Мақалада бастауыш сынып оқушыларының ойлау белсенділігін интерактивті әдістер арқылы арттырудың дидактикалық мүмкіндіктері қарастырылған.
Резюме

В статье рассмотрены вопросы развития активного мышления и дидактические вероятности через интерактивные методы обучения учеников начальных классов.



Мектеп алды балаларының экологиялық мәдениетін қалыптастыруда ауыз әдебиетінің алатын орны
Сайлауова Н.С. (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Қоғам мен табиғаттың өзара байланысы қазіргі замандағы басты экологиялық мәселелердің орталығы ретінде адам мәселесімен тығыз байланысты. Көп жылдар бойы адам баласы табиғат ресурстарына сарқылмас көз ретінде қарап, табиғатқа әсерін мардымсыз деп санап келді.

“Адам-қоғам-табиғат” арасындағы сабақтастық және соған байланысты шешілетін мәселе бүгінгі күні әлемдік ғылымда бірінші орында тұр.“Адам–қоғам-табиғат” жүйесіндегі дағдарыс бұл адамзат ойының дағдарысы қарым-қатынастың маңызды бағыты - бүкіл адамзаттың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Адам табиғат туралы қазіргі таныс дәрежесіне оңайлықпен жеткен жоқ. Қазақтың көне түсінігі бойынша жер-адамзат, жан-жануар, ағаш-шөптің, тау мен тастың, өзен-судың анасы. Аспан-жарық,жылу беріп, жаңбыр жаудырып, жер бетіндегі тіршіліктің өсіп-өнуіне күш-қуат беріп тұрған атасы болып есептелген. Сондықтан, ерте кездегі қазақтар көк тәңірге, жер анаға жалынып-жалбарынып табынған.

Қазақ халқы балаларға табиғат туралы өз білгенін үйретуді мақсат етіп, оны ретті жерде жүзеге асырған. Табиғат адамның ақыл-ойы мен тәрбиесінің сарқылмас қайнар көзі екендігін көре білген. Бар өмір тіршілігі табиғатқа тәуелді болып, оның аясында төл баласы болып өскен ата-бабаларымыздың туған жерге, табиғатына деген қарым-қатынасы халық педагогикасынан айқын көрініс тапқан.

Көпшілік жұрт, жалпы қауым өзін қоршаған ортаны, табиғат пен қоғамдағы өзгерістерді, жеке адамның басындағы құбылыстарды түсінуге басқаларға түсіндіруге әрекет жасап, өз танымын кеңейтіп отырған. Табиғат таным процесі келесі ұрпаққа беріліп, ол ары қарай жалғасын тауып, жетіліп дамыған. Осы көзқарас негізінде халық педагогикасы сияқты халық философиясы да болғанын, ауыз әдебиетінің үздік үлгілерінен көрініс тапқанын атап айту керек. Бала сәби шақтан бастап- ақ халықтың бай мұрасын бойына сіңіріп өссе, табиғаттың сан сырын, қоршаған ортаны қадірлеуге, қорғауға, сақтауға, ынтасы зор болатыны белгілі. Ол халық педагогикасының яғни әдебиетінің әрбір саласы: ертегілер, мақал-мәтелдер, табиғат жайындағы жырлар мен жұмбақтар, жаңылтпаштардың мән-мағынасын түсіндіріп, жаттатқызу барысында жүзеге асатыны белгілі.

Табиғаттың әсемдігін көріп, сезіне білу балалардың өмір тәжірибесін байытып, олардың эстетикалық талғамын дамытады. Туған жерге деген ыстық шексіз сүйіспеншілігін күшейтеді. Ата-бабамыз мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, айтыстар, ертегілер, аңыздар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, тыйым сөздер арқылы ұл-қызын жаман әдеттен тиып, ең жақсы нышандарға үндеген.

Халық ұғымында табиғат деген сөз Жер-ана, туған жер, атамакен сөздері түрінде көп айтылады. Осыған орай халық арасында нақыл, даналық сөздер жиі кездеседі. Адамгершіліктің үш сауабы: “Жолға ағаш еккен-сауап, шөлге құдық қазған-сауап, өзенге көпір салған сауап” деп ата-бабамыз табиғаттың жанашыры болып, келер ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеп, осындай сауалдарды орындауды үндейді. “Жері байдың елі бай”, “күте білсең, жер жомарт”, “жер-байлықтың көзі”, “жер-ырыстың кіндігі”, “жерін қорлаған еліне симайды”, “жер-ана, ел-бала”, “қара жер қарыз арқаламайды” т.б. Табиғаттың бар байлығы жермен тікелей байланысты, содан ғана нәр алады. Бұл табиғаттың құбылыстары, заңдылықтары мен байлықтары бір-бірімен өзара байланысты, әрі олар бір-біріне тәуелді деген ұғымды білдіреді.

Халқымыздың ерекше қастерлеп, талай ғасырлар бойы аялы қамқорлық жасап келген табиғат байлығының бір тобы- өсімдіктер әлемі. Өсімдік өссе-тамақ, кисе киім, саялы баспана, күнделікті малыңа өріс, өзіңе қоныс болған. Осыған орай, халқымыздың орай халқымыздың өсімдікті аялағандығын, оны көзінің қарашығындай қорғай білгендігін халықтың ырымдары мен мақал-мәтелдерінен көруге болады. “Тау бұлағымен көрікті, бұлақ құрағымен көрікті”, “Атадан мал қалғанша, тал қалсын”, “Бір тал ексең еңбегіңнің жанғаны, абзал адам өсірсең басыңа бақ қонғаны”, “Бір тал кессең он тал ек”, “шөпті жұлма, көктей соласың”, “Ағаш ексең аялап, басыңа болар сая бақ”, “Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа олжа салғаның, өзіңе қорған салғаның”, “Орман көп болса, олжаң көп”, деп табиғаттың көз тоймас әсемдігін, ну орман барда жер сұлу болатынын, ағаштың тигізер пайдасын түсіндіріп, әсемдіктің белгісі, таза ауаның кепілі екенін, табиғаттың сұлулығына мән беріп, күтіп баптауды міндеттейді. Осындай нақыл сөздерді табиғат жайында білім беруде бала тәрбиесіне орында пайдалану тәрбиешінің басты міндетіне айналуы тиіс.

Қазақ халқы тіршілік үшін құстардың тигізер пайдасын ерте кезден-ақ түсінген. Оларды қорғауға ерекше мән беріп, қамқорлық жасап отырған. Жақсы жігіттерін қыранға, қыздарын аққуға, әншілерін бұлбұлға теңеген. Аққудың айдын көлде жүзген сабырлы да ,кербез қимылы, оның кез-келген шалшық суда кездесе бермейтін тазалығы, аса талғампаздығы халыққа ұнап, тәкаппар құс екенін түсініп, қастерлеген. Оны “Құс падишасы” деп атаған. Ол құстың бір-бірін құрметтейдегі керемет мейірімділігі де халықтың назарынан тыс қалмай, оларды махаббат пен татулықтың жыршысы ретінде дәріптеген. Сондықтан ата-бабамыз “Аққуды атпа”, “Құсқа тас атпа”, “Құстың ұясын бұзба”, “Құстың жұмыртқасын жарма”, “Балапанды жәбірлеме” деп құстарды қорғап, қадірлеп өткен. Бұндай тыйым сөздер табиғат байлықтарын дұрыс пайдаланып, оны қорғау үшін еңбек етуге жетелейді. Бұл біздің бала тәрбиесін дұрыс жолға қоюымызға көмектеседі.

Қазақ халқының суды қадірлеу, сақтау жөніндегі неше түрлі аталы сөздері мен тыйым сөздері су көздерін келешек ұрпаққа таза ұстауды үйретуді мақсат етіп қойған.

Суды таза ұстауды, оны қорғауды уағыздап отырған. Сондықтан “Бастау суалса - бақыт суалады”, “Бастау тапталса - батпаққа айналады”, “Құлазыған шөл- жетім, құс қонбаған көл - жетім, сортаңға құйған сел - жетім”, “Ағын су - өмір, тоқтау су - өлім”, “Су бар жерде өмір бар”, “Бұлақ көрсең көзін аш, құдық көрсең шегенде - басына тал ек” мақал-мәтелдерде философиялық терең ой, тәлім-тәрбиелік бастау жатыр.

Халық тәрбиесінде баланың ақыл-ойын дамытып, ой-өрісін кеңейту, тілін ширату үшін жұмбақтар кеңінен қолданылған. Жұмбақтың қай түрі кездессе де, көбіне оның бүккен сыры мен ішкі шешімі табиғаттың көрінісімен сипатталады.

“Бір нәрсе көруге бар, ұстауға жоқ,

Жаз көркі көк шәлідей шымылдық боп”

деген жұмбақтарда табиғаттағы сағымды көрінісін, ауаны әр түрлі ойнақы оймен жеткізіп, оны ой елегінен өткізе отырып, шешімін табуды ұсынады. Жұмбақтардың ересек адамдарға арналған түрі мен қатар балаларға олардың жас ерекшеліктеріне лайықты түрлері бар, оны таңдап алу тәрбиешінің шеберлігіне байланысты және табиғат обьектілерін көрсетіп оларға арналған жұмбақтар жасыру, баланың ойлануына, ой қорытуына, қиялына көмектеседі. Мәселен, жануарларға арналған жұмбақтарда жасыратын жануарладың ең басты қасиеті, не ерекше бір қимылы сипатталады,

“Кезікті бір жануар,

Үстінде екі тауы бар”, (түйе).

“Екі айнасы бар, екі найзасы бар,

Төрт жылтырмағы бар,

Бір шыбыртқысы бар” (сиыр).

Халық ертегіні тәрбие құралы ретінде пайдаланған. Өмірдегі кездесетін жаман әдеттерден, ең жағымсыз мінез-құлықтан, ұнамсыз істерден құтылу, оны болдырмау туралы пікірлерін ертегілер арқылы жеткізген.

Ауыз әдебиетінің қай саласын алсақта, табиғатпен біте қайнасып, оны адам мінез-құлқына сіңісті етіп табиғатқа терең сүйіспеншілікпен қарауға, оның сырын түсіне білуге тәрбиелейтіндігін байқаймыз. Адам баласының халқымыздың өмір қуаты, оның ұлттық экологиялық мәдениетінің негізі бола отырып, ол әлемдік өркениетті экологиялық мәдениеттің бүгінгі таңдағы жаңа сапасын байытатын мазмұн болып табылады.

Ауыз әдебиеті ғасырлар бойы шыңдалып, сұрыпталып келеді. Табиғатты аялау, қорғау мәселелеріне арналған мақал-мәтелдер, тыйым сөздер, жұмбақтар, ертегілер мен жаңылтпаштарды баланың жасына лайықтап таңдап алу балабақша тәрбиешілеріне байланысты. Бала ес білгеннен бастап үлкендерден естіген өнеге өсиеттерінен сусындап өседі. Өмір салтымызға мән беруі, табиғатқа адамгершілік қатынасын психологиялық, педагогикалық негізін ұлттық тұрғыдан қарауға мүмкіндік беретіні анық.
әдебиеттер


  1. Нарымбетов Ә. Қазіргі поэзиядағы дәстүр тұтастығы. Қазақ поэзиясының дәстүр ұласуы. –А., 1981.

  2. Төреқұлов Н.. Қазақтың 100 шешен биі. -А., 1996.

  3. Ысқақов С. Табиғатты қорғау дәстүріміз. -А.,1973.

  4. Марғұлан Ә. Жұмбақтар. Қазақ ауыз әдебиетінің тарихы. 2 том. -А., 1960.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада мектепалды балаларының экологиялық мәдениетін қалыптастыруда ауыз әдебиетінің алатын орны қарастырылған.
РЕЗЮМЕ

В статье рассмотрена роль устной литературы в формировании экологической культуры дошкольников.




Каталог: attachments
attachments -> Формирование профессиональных умений и навыков
attachments -> Қазақ мемлекеттік қыздар
attachments -> ҚазақТҰтынуодағЫ
attachments -> История финансовой науки и ее развитие в России
attachments -> Актуальные проблемы международных отношений
attachments -> Ұлы баба есімі дәріптелді  Жаңа кітап баспадан шықты  Кітап тұсаукесеріне әзірлік
attachments -> Биография великого инструмента
attachments -> Урок музыкальной литературы в 5-м классе. Тема урока: И. С. Бах. Органное творчество
attachments -> «Найрозумніший» 8 клас І тур
attachments -> Қазақ мемлекеттік қыздар


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет