ПОӘК «Ауылшаруашылық дақылдары» пәнінеіне арналған оқу-әдістемелік материалдар



бет3/5
Дата26.08.2017
өлшемі9,53 Mb.
#29545
1   2   3   4   5

46-сурет. Ас бұршақ
Жер өңдеу. Алғы дақыл орылып алғаннан кейін аңызды 4-5 см тереңдікте екі бағытта дискілейді. Атпатамырлы арамшөптерге қарсы 12-15 күннен кейін 14-15 см тереңдікте аудара қопсытылады.

Сүдігер жырту 22-25 см тереңдікте жүргізіледі. Одан кейін танап культиватормен (КПС-4) немесе ауыр тырмамен өңделіп тегістеледі.

Қыста танапқа 2-3 рет қар тоқтатады. Көктемде жер дегди салысымен 2 рет тырмаланады. Содан 3-4 күннен кейін тұқым себер алдында себу тереңдігінде культивация жүргізіледі (қопсытылады). Қопсыту тереңдігі – 6-8 см.

Тыңайтқыш беру. Ас бұршақ фрсфор, калий тыңайтқыштарын көп қажет етеді. Алғашқы кезеңде аз мөлшерде (N30-40) азот тыңайтқышын беру керек. Топырақты негізгі өңдеу алдында жеңіл топырақты танапқа N60Р90К60, ауыр топырақты танапқа N30-40Р60К60 тыңайтқыштарын сіңіреді. Тұқыммен бірге фосфор (Р40) тыңайтқышын сіңіру тиімді.

Тұқымды себуге дайындау. Сапалы тұқым себу жоғары өнім алудың кепілі. Егістікке жақсы толысқан, дәндері біркелкі, 1000 дәннің салмағы қалыпты мөлшердегі, өнгіштігі және өскіш энергиясы жоғары асбұршақ тұқымын пайдалану керек. Алғашқы кезеңде азот қорын жинау қабілетін көтеру үшін асбұршақ тұқымы себер алдында бактериялық препарат – ризоторфинмен өңделеді. Бұл жұмыс күн сәулесі түспейтін қоймада тұқым себер алдында жүргізіледі. Ресейде, Германияда жүргізілген тәжірибелерге қарағанда асбұршақтың тұқымын себер алдында ризоторфинмен өңдеген кезде оның өнімі 16-48% көтеріледі екен. Сонымен бірге микроэлементтер (Мо, В, Мn) пайдалану да асбұршақтың өнімін жоғарылатады.

Дәндік бұршақ дақылдары басқалардай түптенбейді. Олардың өнімі негізінен сабағының бұтақтану деңгейімен анықталады. Асбұршақтың тұқым себу мөлшері топырақ-климат жағдайына және сортына байланысты. Ерте пісетін сорттарының 1 гектардағы өсімдік тығыздығы кеш пісетін сортына қарағанда жоғары болуы керек. Тұқым себілу мөлшері әр гектарға 0,8-1,4 млн өнгіш тұқым. Асбұршақты астық сепкіштермен (СЗ-3,6 т.б.), қатарлап себеді. Тұқым себер алдында және себілгеннен кейін танапты тығыздайды (ЗККШ-6).



Егістікті күтіп-баптау. Тұқым себілгеннен кейін 4-5 күн өткесін танапты орташа салмақтағы тісті тырмамен тырмалайды. Өсімдіктің 4-5 жапырағы пайда болғасын және 8-10 см биіктігінде жеңіл тырмамен баяу жылдамдықта көлденең тырмалайды. Бұл жұмысты түс кезінде өсімдіктің тургоры аз кезінде жүргізу керек.

Ас бұршақтың зиянкестеріне қарсы (бізтұмсық, бүргелерге, биттерге т.б.) ровикурт, каратэ, децис, карбофос және т.б. препаратарды қолданады.



Егістікті жинау. Асбұршақты негізінен бөлектеп жинайды. Өсімдікте 70-75% бұршаққабы қоңырланып піскесін жаткамен (ЖБА-4,2 т.б.) дестеге салады. Бұршағының ылғалы 15-18% болғанда дестені комбаинмен бастырады. Комбайнның барабан айналымын минутына 600-800 дейін төмендетіп дәннің зақымдануына жол берілмейді.
Май бұршақ

Май бұршақ біржылдық бұршақ тұқымдастарына жататын шөптесін өсімдік (47-сурет). Оны адамзат ерте заманнан әр салада пайдаланған. Майбұршақтың отаны Оңтүстік-Шығыс Азия болып есептеледі. Осындағы елдерде оны біздің заманымыздан 6 мың жыл бұрын өсіріп пайдаланған. Россияға май бұршақ Қытайдан Қиыр Шығыс арқылы әкелінген. Қазақстанға май бұршақ өткен ғасырдың бірінші жартысында Россиядан әкелініп зерттеле бастаған. Қазіргі кезде оның өзімізде шығарылған сорттары мен будандары бар.





47-сурет. Май бұршақ

Қазақстанда қазіргі уақытта май бұршақ 15-30 мың гектар жерге өсіріледі. Келешекте оның көлемін 100-300 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Май бұршақ республиканың Оңтүстік-Шығыс аймақтарында суармалы жерлерде өсіріледі.

Май бұршақпен барлық малдарды, құстарды азықтандырады. Мал азығына оның ұнын, күнжарасын, белоктың құрамасын, сүтін, көк балаусасын, пішенін, пішендемесін, сүрлемін және шөп ұнтағын пайдаланады.

Оның дәнінде 35-45% белок, 17-25% май және20% жоғары көмірсуы кездеседі. 100 кг дәнінде 130 азықтық өлшем және 29 кг қорытылатын протеин бар. Күнжара құрамында 40% белок, 1,4% май және 30% шамасында азотсыз экстрактивті заттар болады. Көк балаусасының 100 кг-да 20-22 азықтық өлшем және 3,5 кг белок болады. Май бұршақтан дайындалған мал азығының сіңімділігі 60-90%, ал протеинінікі-70-93%. Май бұршақты мал азығы рационына қосқанда оны белок пен амин қышқылдарымен сәйкестендіріп қана қоймайды, сонымен бірге басқа мал азықтарының да қоректілігін арттырады. Май бұршақтың белогі жеңіл қорытылады және биологиялық сапасы жағынан еттің, сүттің және жұмыртқаның белогіне жақын.

Май бұршақтың дәнінде каротин, В1, В2, С, РР, Е витаминдері пантеондық қышқылдары, холин кездеседі. Және оның құрамында ұйытатын К витамині болатыны анықталды. Дәнін ұн қылып малға бергенде ондағы лизиннің мөлшері құрғақ ашытқыдан кем түспейді де, сүт ұнтағынан асып түседі.

Май бұршақтың көк балаусасын таза күйінде не болмаса астық тұқымдас шөптермен қосып малға береді. Және де одан белокты- витаминді шөп ұнтағын дайындайды. Май бұршақтың пішеніндегі белоктың, фосфордың, кальцийдің, каротиннің мөлшері, беде, эспарцет және астық тұқымдастарының пішенінен кем түспейді.

Май бұршақтың сүрлемін барлық малдың түрі сүйсініп жейді. Оның 100 кг 20,2 азықтық өлшем және 3,5 кг қорытылатын протеин бар. Оны таза күйінде, немесе жүгерімен, қонақ жүгерімен, судан шөбімен қосып сүрлемге салады. Май бұршақты осылай сүрлемге салу тиімді екенін көрсетті (Хасенов Е.Х., 1973). Осындай қоспалардың 100 кг көк балаусасында 21 азықтық өлшем, 100 кг пішенінде-51 азықтық өлшем болады.

Майбұршақтың сабанын жемшөп ретінде толық пайдалануға болады, өйткені оның құрамында 3,9-4,8% белок, 1,5-2,9% май, 34,5-38,9 клетчатка, 35,7-37,3% азотсыз экстрактивті заттар, 4,8-6,02% күл бар (В.П.Черноголовин, 1974).

Май бұршақ дәнінен май алынғаннан кейінгі қалдық-май бұршақ күнжарасын малды семіртіп бордақылауға пайдаланады.

Май бұршақтан дайындалған жемшөптер малға және құсқа өте жұғымды, өйткені бір азықтық өлшемдегі протеин мөлшері көп.

Май бұршақтың агротехникалық маңызы зор. Бұл дақыл бұршақ тұқымдас өсімдік болғандықтан тамырындағы түйнек бактериялары арқылы атмосфералық азотты бойына сіңіріп, топырақ құнарлылығын арттырады. Сондықтан, май бұршақ басқа дақылдарға (қант қызылшасы, дәнді дақылдар, күріш және басқа дақылдар) жақсы алғы дақыл. Және де оны жасыл тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады.

Қазіргі кезде республикамыздың Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс аймақтарында, әсіресе суармалы жерлер жағдайында май бұршақ егіп, өсіріп мол өнім алуға және өсімдік белоктарын көбейту проблемасын шешуге толық мүмкіндік бар.

Май бұршақтың әр гектардан дәнінің өнімі 20-40 ц шамасында, көк балаусасының өнімі 200-300 ц аралығында болады.

Морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері. Май бұршақ кіндік тамырлы, негізгі тамыры 2,0 м тереңдікке дейін жететін, ал қосалқы тамырлары мен тамыршалары жан-жаққа тарап өсетін өсімдік.

Май бұршақ тамырының тереңге бойлап өсуі түрлеріне және топырақтың сипатына байланысты. Қазақстанның оңтүстігіндегі суармалы жерлер жағдайында май бұршақ тамырларының негізгі бөлігі (80%) топырақтың 0-40 см қабатында орналасады.

Май бұршақтың өсімдік жүйесі гүлдеу және шанақтардың жаппай пайда бола бастау кезінде өте жылдам өседі. Бұл кезеңдерде майбұршақ жапырақтары тез өсіп, жалпы құрғақ заты тез құрала бастайды.

Майбұршақ өсімдігінің негізгі және жанама тамырларында ұялық түйнектер бар. Бұл түйнектердің пайда болуы ұядағы бактерияларға байланысты. Дақыл жақсы өсіп дамыған жағдайда бір өсімдік тамырында 20-58 және одан да көп түйнектер болады.

Май бұршақ сабағы тік әрі қатты, формасы дөңгелек, көпшілігі түкті, әр сабақта 15-22 буын болады, сабақтың төменгі жағы-жуан, ал жоғарғы жағы-жіңішке. Май бұршақтың сабағының биіктігі мен жуандығы негізінен оны күтіп-баптау деңгейіне байланысты. Сабақтың биіктігі 70-98 см, дұрыс күтіп бапталған немесе жиі егілген жағдайда биік сабақты сорттар 120-150 см дейін жетеді. Егістіктегі май бұршақтың саны сирек болса, өсімдіктің бойы аласа, сабағы жуан, әрі бұтағы көп, ал жиі егілген жағдайда бұтағы аз, сабағы ұзын әрі жіңішке болады. Сабақтағы бұтақтар биік орналасса майбұршақ егістігін машиналармен орып жинау жеңілдейді. Май бұршақ сабағы буыннан тұрады, төменгі буындар аралығы жақын, ал орта және жоғары буындар аралығы ұзын.

Сондықтан, әрбір май бұршақ өсімдігінің өнімі бас сабағы және оның жанама 1-3 бұтақтарындағы буын санына байланысты.

Май бұршақ өсімдігінің жапырақтары күрделі, үш тармақты, көпшілігі түкті. Алғашқы екі жапырағы сабақта қарама-қарсы, ал кейінгі үш тармақты жапырақтары сабақ буындарында кезекпен орналасқан. Бір өсімдіктегі жапырақ саны және оның ассимиляциялық көлемі май бұршақ дақылының сортына және өсу жағжайына байланысты көп өзгереді, жалпы алақандардың көлемі 2100-8300 см2 аралығында.

Май бұршақ өсімдігінің гүлдері көбінесе ақ түсті, майда, иісі жоқ. Гүл шоғыры жапырақ қойнауына орналасқан, әр гүл шоғырында 4-18 және одан да көп гүлдер бар. Күлтесі ақ түсті немесе жасыл. Аталық 10, оның тоғызы бірігіп (қосылып) өседі, ал біреуі бөлек. Май бұршақ өздігінен тозаңданатын өсімдік. Егер гүлдері жақсы ашылған жағдайда насекомдардың гүл ішіне кіруі мүмкін. Бірақ май бұршақ гүлдерінің басқа өсімдіктердің аталық тозаңдарымен ұрықтануы өте сирек.

Май бұршақ дәні- шар тәрізді домалақ сопақша, бүйрек тәрізді, ұзынша домалақ, ал түсі-сары, жасыл, ақшыл сары жасыл, қара, қоңыр және ала болып келеді. 1000 дән салмағы 80-450 г аралығында. Дән сыртқы қабықтан және ұрықтан тұрады, эндосперм жоқ. Ұрықта екі тұқым жарнақтары және бастапқы тамыр, сабақ, жапырақ бар. Дән салмағының 90 пайызын тұқым жарнақтары, 7-8 пайызын сыртқы қабық алады, ал басқа бөліктері 2-3 пайыз болады.

Май бұршақ дақылының өсу дәуіріндегі негізгі кезеңдері мыналар: көктеп шығу, алғашқы үш тармақты жапырақтың пайда болуы, бұтақтану, бүрлену, гүлдеу, шанақтардың қалыптасуы, дәннің толысуы, шанақтардың сарғая бастауы және толық пісуі.

Май бұршақ жылу сүйгіш өсімдік. Тұқымы топырақтың тұқым сіңіру қабаты +6-80С жылы болғанда өне бастайды, бірақ біркелкі көктемейді. Топырақтың жылуы 18-220 жеткенде жақсы өсіп-өнеді. Оның дәні пісіп-жетілуі үшін сортына қарай +2000-32000С температура жиынтығы керек. Май бұршақ гүлдеу-пісу кезеңдерінде жоғары жылылықты талап етеді, бұл кезеңде барлық қажет жылудың 65-70% жұмсалады.

Май бұршақ ылғал сүйгіш өсімдік. Оның тұқымының бөртуі мен көктеуіне тұқым массасының 130-160% су қажет. Өсімдіктің өсіп дамуына қолайлы жағдайлар топырақ ылғалдылығы толық танаптың ылғал сиымдылықтың (ТТЫ) 80% шамасында қалыптасады. Оның транспирациялық коэффициенті 400-ден 700-ге дейін.

Май бұршақ қысқа күннің дақылы. Ұзақ күнді аймақтарда оның вегетативті массасы өседі де оның гүлдеуі мен дән пісуі ұзарады.

Май бұршақ қара, сұр және қызғылт топырақтарда жақсы өседі, құрамында қоректік заттары мол жерлерде өнімі жоғары болады. Топырақ ерітіндісінің реакциясы рН-5-8 аралығында болуы керек, алайда ең қолайлысы рН-6-7. Сортаң және батпақты қышқыл топырақта өспейді. Топырақ құнарлығына талғамды, 1 ц дән қалыптасу үшін топырақтан 10 кг азот, 4 кг фосфор, 4-5 кг калий сіңіріледі.

Біздің ғалымдарымыздың зерттеулеріне қарағанда Қазақстанның суармалы жер жағдайында май бұршақтың орта мерзімде және кеш пісетін сорттары өнімді болады.

Қазақстанда өсірілетін май бұршақтың аудандастырылған сорттары мен будандары: Эврика 357, Гибридный-670, Казахстанская 200, Казахстанская 688, Букурия, Аврора, Высокостебельная 2, Хабаровская 4, Амурская 42, Жалпақсай.



Өсіру агротехнкиасы. Май бұршақты ауыспалы егісте орналастырғанда бұл өсімдікке топырақтың, алғы дақылдардың және берілетін органикалық, минералды тыңайтқыштардың әсерін еске алған жөн. Май бұршақты Қазақстанның суармалы жерлеріндегі ауыспалы егіс жүйесіне енгізу техникалық (қызылша, мақта) және дәнді дақылдардың (бидай, күріш, арпа) алғы дақылдар құрамын байытады, топырақтағы азот балансын жақсартады, ең негізгісі өсімдік белоктарын көбейтуге үлкен үлес қосады.

Май бұршақ дақылының фотосинтез өнімділігі және жалпы биомассасының құралу жылдамдығы гүлдеу кезеңіне дейін онша биік емес, ал гүлдеу және шанақтану кезеңінің аяқталуы аралығында аталған көрсеткіштер жоғары болады. Кейін бұл көрсеткіштер мөлшері біртіндеп азаяды. Сондықтан өсу дәуірінің әрбір кезеңдерінде май бұршақтың ылғалға және қоректік заттарға талабы әртүрлі.

Осыған сәйкес Қазақстанның суармалы жер жағдайларында май бұршақ дақылдарының бүкіл өсу дәуірін үш кезеңге бөлген пайдалы болып саналады. Бірінші кезең- май бұршақ өсімдігінің көктеп шықаннан гүлдеу кезеңіне дейін. Бұл кезеңде фотосинтез өнімділігі төмен, өсімдіктің өсуі және жалпы құрғақ массасының құралуы баяу. Сондықтан, май бұршақ өсімдігі ылғалды көп мөлшерде қажет етпейді. Бұл кезеңдегі агротехникалық шаралар мыналар: егістіктің қатар аралығын өңдеу жұмыстары, үстеп қоректендіру, бір рет суару және қатар аралығын өңдеу.

Екінші кезең – май бұршақтың гүлдеу кезеңінен бастап барлық буындарда шанақтардың пайда болуы аяқталуы аралығы. Бұл кезең ішінде фотосинтез өнімділігі көп артады, өсімдік тез өсіп, жалпы құрғақ биомассаның құралуы ең көп мөлшерде болады. Оның үстіне, май бұршақ өсімдігінің жылдам өсіп, құрғақ массаның интенсивті құралуы жаз айларының ең ыстық кезіне (шілде-тамыз айының бірінші жартысы) сәйкес келеді. Сондықтан, май бұршақ дақылын бұл кезеңде ылғалмен және қоректік заттармен толық қамтамасыз етудің маңызы ерекше. Осыған сәйкес май бұршақ егістігін әрбір 12-14 күн сайын 3-4 рет суару керек.

Үшінші кезең- шанақтану фазасы аяқталуы кезінен өсімдік толық піскенге дейін. Бұл кезеңде шанақтардағы дән толысып қалыптасады. Май бұршақ өсімдігінің фотосинтез өнімділігі және құрғақ затының құралу қарқыны біртіндеп төмендейді. Аталған кезең ішінде ауа райы біртіндеп салқындайды да, май бұршақ өсімдігінің суды қажет етуі азаяды.

Профессор А.А.Ничипоровтің зерттеулеріне қарағанда ауыл шаруашылығы дақылдары жапырақ алақандарының көлемі гектарына 30-40 мың м2 мөлшеріне жеткенше тез өсіп, күн сәулесі энергиясын қабылдауы арта түседі. Сондықтан гектарына 35-40 мың м2 мөлшерлі жапырақ алақандарының көлемі егістіктің қолайлы құрамына сәйкес.

Біздің зерттеулеріміз бойынша май бұршақтан гектарына 25-28 ц дән алу үшін өсімдік жапырақ алақандарының көлемі 40-45 мың м2 мөлшеріне дейін тез өсіп, ұзақ уақыт сақталуы керек. Жапырақ алақандарының осындай мөлшерде болуы Алматы облысының тау етегі жағдайында, май бұршақ егістігіндегі топырақ ылғалдылығы 70-70-70 пайыз болғанда байқалады. Май бұршақтың жапырақ алақандарының көлемі гектарына 50 мың м2 және одан да жоғары болуы дән өнімін арттырмайды, бірақ көк балауса өнімі біршама көбейеді.

Май бұршақ суаруға сезімтал дақыл. Ауаның ылғалдылығы біршама жоғары Алматы облысы тау етегі аймағында май бұршақ мол дән өнімін топырақ ылғалдылығы далалық ылғал сиымдылығының 70 пайызы деңгейінде суарылғанда береді.

Май бұршақ егісі берілетін органикалық тыңайтқышқа (көң) сезімтал дақыл. Күздегі сүдігер астына гектарына 20-25 тонна көң енгізу, әсіресе құрамында органикалық заттары аз сұр топырақты жерлерге өте тиімді.

Органикалық тыңайтқыштарды таза немесе суперфосфатпен араластырып беру май бұршақтың балаусасын 14-58 пайыз, дән өнімін 16-27% арттырады.

Минералды тыңайтқыштардың май бұршақ тамырындағы түйнек бактерияларының қалыптасып өсуіне және олардың азот қабылдағыш қабілетіне әсері үлкен. Суармалы жерлерде май бұршақ егісіне фосфор-азот тыңайтқышын беру тиімді, өйткені өнімнің артуымен қатар, дән құрамында белок пен майдың мөлшері көбейеді.

Май бұршақтан мол дән және балауса алу үшін қолданылатын агротехникалық шаралар ішінде егістің топырағын өңдеу жұмыстарының маңызы үлкен.

Топырақты терең айдап, тыңайтқыштарды да тереңге (28-30 см) сіңіру май бұршақ дақылының өсуіне қолайлы жағдай туғызады. Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу жүгері институтының (1970-1972 жж.) зерттеулеріне қарағанда 28-30 см тереңдікте айдау майбұршақтың өсіп дамуын жақсартады, өсімдік жақсы бұтақтанып, жапырақ алақандарының көлемі артады, әрбір өсімдікте шанақтар көп байланып тыңайтқыштарды пайдалану тиімділігі артады, осының нәтижесінде дән мол алынады.

Май бұршақ кеш себілетін дақыл. Тұқым себілгенше топырақ 2-3 дүркін өңделгенмен Қазақстанның суармалы жер жағдайында арамшөптер толық жойылмайды. Кейбір ғалымдардың (Ю.Б.Карягин, У.А.Акилов, А.Т.Бойко, П.Ф.Томаровский, 1974) зерттеулеріне қарағанда, май бұршақ егісінде прометрин және линурон гербицидтерін қолдану өте тиімді. Өйткені егістегі арамшөптер саны 3,5 есеге дейін азаяды, ал май бұршақтың дән өнімі 28 пайызға дейін артады. Май бұршақ кең қатарлап егілген жағдайда өсімдік жапырақтары 35-40 см биіктікте айқасады.

Сондықтан Қазақстанның суармалы жер жағдайында май бұршақ себудің ең қолайлысы кең қатарлы (қатар аралығы 60 см) немесе екі қатарлы-ленталы (қатар аралығы 60 см, ленталар аралығы 15 см) әдістері.

Май бұршақтың биік сорттары кең қатарлы әдіспен егілген жағдайда, бір өсімдіктегі жанама бұтақтар саны- 29 дана болды. Осының нәтижесінде май бұршақтың, биік сорттарын өңірлеп –кең қатарлы әдіспен егу гектардан 1,6-3,2 ц қосымша дән алуға мүмкіндік береді.

Егістің топырағы +10-120С дейін жылыған кезде себілсе май бұршақтан дәнді және балаусаны көп алуға болады. Мұндай кезең Талдықорған, Алматы, Жамбыл облыстарында 25 сәуір-10 мамыр, ал Шымкент, Қызылорда облыстарында –15-20 сәуір-5 мамыр күндері аралығында болады. Профессор В.П.Черноголовиннің пікірі бойынша, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында май бұршақты егуге қолайлы кезең 12-13 мамыр аралығы. Май бұршақ дақылы аталған кезеңдерден ерте егілсе тұқым көгеріп шіриді, ұзақ уақыт жер бетіне шықпайды, өсімдік көгі сирек болады. Май бұршақты себудің қолайлы мерзімін анықтауда топырақтың ылғалдылығы және температура мөлшерімен қатар егістіктің арамшөптерден тазалығын еске алған жөн.

Мал азығына май бұршақты жүгері, қонақ жүгері, судан шөбі, сұлымен араластырып өсіреді. Ылғалы жеткілікті аудандарда және суармалы жерлерде май бұршақ пен жүгеріні бір қатарға, ал қуаңшылықты аудандарда екі қатар жүгерімен бір қатар майбұршақты кезектестіріп сепкенде мол өнім жиналады. Бұл жағдайда жүгерінің таза күйіндегі әр гектарға себілу мөлшеріне май бұршақтың 50-70 мыңдай өнгіш тұқымын алады. Тұқымның сіңіру тереңдігі 4-5 см, ал топырақтың үстіңгі қабаты құрғап кеткен жағдайда-6-7 см.

Танапты тұқым себілгеннен кейін (әсіресе жеңіл топырақты) тығыздайды. Егістікте өскін пайда болғанша арамшөптер қаулап өсуі ықтимал және жауын-шашыннан кейін топырақ бетінде қабыршақ пайда болуы мүмкін. Сондықтан егістікті жеңіл немесе орташа салмақты тырмамен көлденеңінен тырмалайды.

Қатараралықтарды қопсыту жұмыстары май бұршақ гүлдегенге дейін 2-3 рет жүргізіледі. Бірінші қопсыту өскін пайда болғаннан кейін, екінші одан 10-15 күн өткен соң, ал үшінші-өсімдік гүлденер алдында жүргізіледі. Қатараралықты өңдеу тереңдігі және оның саны егістіктің арамшөппен ластануына және суару санына байланысты. Егер ауа райы құрғақ, топырақ ылғалдылығы жеткіліксіз болса, онда өңдеуді онша терең жүргізбеу керек, ылғалдылық жоғары болса, онда терең қопсытуға болады. Арамшөпке қарсы прометрин гербицидін өскін пайда болардың алдында 2-3 күн бұрын әр гектарға 2 кг ә.з. (әсерлі зат) мөлшерімен бүркіп, кейіннен тырма жүргізіледі.

Май бұршақты көк балауса алу үшін өсімдік шанақтары толық түзіліп, астыңғылары ашыла бастағанда орылады. Бұдан сәл кешіктірсе төменгі бұршақтар сарғайып, жерге түсе бастайды. Көк балауса өнімінің төмендеуіне апарып соғады. Ал май бұршақты ертерек орсаң құрамында су мөлшері көп болады да, балауса сапасы төмендейді. Дер кезінде орылған май бұршақтың көк балаусасы жүгері, судан шөбі, қонақ жүгері және басқа да астық тұқымдас дақылдарға қосылып сүрлемге салынады. Сол кезде сүрлемнің қорытылатын протеині көбейіп, малға өте жұғымды болады.

Дәнге арналған май бұршақ егісін комбайнмен тікелей бастырады. Май бұршақ дақылының барлық бұршақтары 85-90% толық піскенде сабақтары қурай бастайды, шанақтары, ондағы бұршақтары күреңденіп, дәні сылдырлап тұрады. Егер егістік арамшөптермен көп ластанған жағдайда оны бөлектеп оруға болады. Май бұршақ орып бастыруға арнайы жабдықталған астық оратын комбайндар пайдаланылады.


Бақылау сұрақтары:

1.Бұршақ тұқымдастарының биологиялық ерекшеліктері?

2.Үрмебұршақтардың неше түрі бар ?

3.Үрмебұршақтың топыраққа қоятын талаптары?



ҰСЫНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Негізгі әдебиет:

  1. Қ. К. Әрінов, Қ.М. Мұсынов, А.Қ. Апушев, Н.А. Серекпаев, Н.А. Шестакова, С.С. Арыстанғұлов «Өсімдік шаруашылығы» , Алматы-2011жыл

  2. М.М. Жанзақов. Өсімдік шаруашылығы. Алматы, 2007 жыл

  3. М.И. Кондрашкина Лабороторно-практические заниятия по растениеводству, Москва-2006 г

Қосымша әдебиеттер

  1. И.А. Абугалиев. Справочник агронома. Алма-Ата, Қайнар,1985 ж

  2. В.Ф. Белик. Бахчевые культуры. М., Колос,1980 г.


дәріс 9

Қойбұршақ, бөрі бұршақ, ноғаттық арахис, өсірудің интенсивті технологиялары.

Мақсаты: Студенттерге Қойбұршақ, бөрі бұршақ, ноғаттық арахис, өсірудің интенсивті технологиялары уйрету

Міндеті: Қойбұршақ, бөрі бұршақ, ноғаттық арахис, өсірудің интенсивті технологиялары түсіндіру.

Түйінді сөздер: қойбұршақ, бөрі бұрщақ, ноғаттық арахис.

Дәріс жоспары:

  1. Қойбұршақ халық шаруашылығындағы маңызыжәне биологиялық ерекшелігі

  2. Бөрібұршақ халық шаруашылығындағы маңызы және биологиялық ерекшелігі

  3. Ноғатықхалық шаруашылығындағы маңызы және биологиялық ерекшелігі

Халық шаруашылығындағы маңызы.Қойбұршақ тағамдық және малазықтық дақыл.Оның дәнінде 30% дейін ақуыз және 7% дейін май болады.Дәмінің сапасы жақсы,бірақ езіліп пісуі асбұршақтан төмен.Дәні тағам үшін пайдаланылуымен бірге,консерві өнеркәсібінде шикізат ретінде де қолданылады.Тағамдық мақсатқа- дәні ашық түсті,ал жемге қара түсті сорттары егіледі.100 Кг дәнінде 122жуық малазық өлшем бар.
Қойбұршақтың көк балаусасы мен сабаны құрамында көп мөлшерде қымыздық,алма және лимон қышқылдары болғандықтан,малға жемге жарамайды.Көбіне кеңқатарлытәсілмен егілетін бұршақ дақылы болғандықтан- жаздық дәнді дақылдарға,мақта егетін аудандарда мақта дақылына және бірқатар басқа дақылдар үшін жақсы алғы дақыл.Сонымен қатар,ол оңтүстіктің ылғалы жеткілікті аумақтарындағы күздіктерге де алғы дақыл болады.Қойбұршақтың өнімі гектарына орташа20-23 ц,құнарлы топырақтарда агротехниканы дұрыс сақтағанда 30ц дейін.Өте құрғақшылықты аудандарда ол басқа дәндібұршақ дақылдарынан гөрі өнімді көп береді.

Морфологиялық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері.
Сорттары
.

Қойбұршақ біржылдық бұршақты өсімдік.Кіндік тамыры,сабағы бұтақтанады,биіктігі 60см дейін.Жапырақтары қауырсынды,қосарланбаған,жапырақшалары тістіленген.Өсімдікті түгелімен түк басқан.Гүлдері жекеленген,ақ,жасыл сары,көк алқызыл түсті.Жемісі сопақ,қампиған 1-3 дәнді бұршақтас.Дәнінің формасы шартәрізді,домалақ,бұрыштылау мұрыншасы бар болып келеді.

Олардың қабығы ақ,алқызыл,алқоңыр және қара түстілері сирек кездеседі.1000дәннің салмағы 100-600г.Суыққа өте төзімді. Қойбұршақ өте құрғақшылыққа және ыстыққа шыдамды дақыл.Топырақ талғамайды.

Елімізде қойбұршақтыңВолгоградский10,Краснокутский123,Икарда1,Камила1255 және Юбилейный атты сорттар енгізілді. Агротехнологиясы. Ауыспалы егісте қойбұршақты күздіктер, отамалы және жақсы тыңайтылған жаздық дақылдардан кейін орналастырады. Негізгі және тұқым себералды топырақ өңдеулері кәдімгі ерте жаздықтардікіндей.Негізгі жане тұқым себералды топырақ өңдеулері кәдімгі ерте жаздықтардай. Сүдігер жырту ерте мерзімде 30 см дейінгі тереңдікке жүргізіледі. Фосфор тыңайтқышын га 80-90кг әсер ететін зат есебінде,ал жеңіл топырақтарында міндетті түрде органикалық тыңайтқыш береді.

Тұқымды себерден 3-4 апта бұрын 80% ТМТД препаратымен 3-5-кг,т мөлшерінде дәрілейді, ал себетін күні нитрагинмен өңдейді. Қойбұршақты ерте бір немесе екі қатарлы тәсілмен егеді. Таза, жақсы өңделген және ылғалды топырақтарға жаппай қатарлы әдіспен себуге болады.

Тұқым себу мөлшері кеңқатарлыда гектарына 0.5-0.7 млн дән (120-150кг) , ал кәдімгі қатарлыда-0.8-1.1 млн дән (200-250кг). Себу тереңдігі 6-8 см, жеңіл топырақта және топырақтың жоғары қабатында ылғал жеткіліксіз болғанда 10 см дейін.

Құрғақ ауа райында қойбұршақтың дәні басқа дәндібұршақ дақылдарына қарағанда біркелкі піседі.Бұршақбасы жарылып кетпейтіндіктен бірфазалы тәсілмен бұршақбастары сарғайып,дәндері қатты болысымен орады. Екі фазалы тәсілмен жинайтын жағдай болатын болса, онда ерте ору қажет.

Бөрібұршақ. Халық шаруашылығындағы маңызы Дәндібұршақ дақылының ішінде бөрібұршақ дәні мен көк балаусасында ең көп мөлшерде ақуыз болатындығымен ерекшеленеді. Бөрібұршақ құрамында ащы және улы алколоидтардың болуынан көп уақытқа дейін малға жем ретінде пайдаланылған жоқ. Қазіргі кезде біржылдық және көпжылдық бөрібұршақтардың алколоидсыз сорттары бар. Бөрібұршақтың дәнінде ақуызбен қатар майларда болатындықтан, оның дәні лак-бояу, пластмасса, сабынқайнату және басқа өнеркәсіп түрінде шикізатқа пайдаланылады. Бөрібұршақтың басты маңызы-құм, күлгін және басқа да құнарсыз топырақтардың құнарын арттыру мен физикалық қасиеттерін жақсарту үшін,оның көгінің жасыл тыңайтқышқа пайдаланылуы. Бөрібұршақ-белсенді азотжинағыш,қолайлы жағдайда тамыры мен көк балаусасында 1га жерден 200-400кг дейін азот жиналады. Бөрібұршақтың жақсы жетілген және топыраққа тереңге енетін тамыр жүйесінің қиын сіңіретін фосфаттар мен басқа да қосылыстарды жақсы ерітетін және сіңіретін қабілеті бар.Сондықтан, ол құнарсыз топырақтардың өзінен көк балауса топырақта көп мөлшерде органикалық заттар қалдырып, егістік жерде азот, фосфор, калий және басқа да қоректік заттармен байытады.Көк бөрібұршақ тыңайтқышы көңді толық алмастыра алады. Морфологиялық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері.Сорттары. Бөрібұршақ- шөптесін бұршақ дақылы.Көптеген түрлерінің ішінде біржылдық және көпжылдық формалары бар.Өсімдіктің кіндік тамыры топыраққа2м тереңдікке дейін енеді. Сабағының биіктігі 1-1.5 м, бұтақтанады. Бөрібұршақ – күрделі саусақ жапырақты,гүлшоғыры жоғарғы ұзынша шашақгүл. Жемісі –бұршақбас.Бііржылдық бөрібұршақтың дәні ірі, ақ, сұр, шұбар, алқызыл. Көпжылдықтардікі –ұсақ, көбіне қара. Көпжылдық бөрібұршақ –айқас тозаңданатын өсімдік. Оның 3м және одан да тереңге енетін мықты тамыр жүйесі, ірі жапырақтары және ұзын 40-50см жететін гүлшоғыры бар.

Көпжылдықбөрібұршақ-тез пісетін және өте суыққа төзімді өсімдік. Осы қасиетіне байланысты оны дәнге және жасыл тыңайтқышқа ең солтүстік аймақтарға енуге болады.

Бөрібұршақтың ең көп таралған малазықтық сорттары Быстрорастущий 4, Академический 1, Носовский белосемянный, Киевский мутант.

Жасыл тыңайтқышқа пайдаланылатын бөрібұршақ сорттары - Беняконский 484 және Кировский.



Агротехникасы. Бөрібұршақты жасыл тыңайтқыш ретінде жаздық және күздік дақылдарға пайдалануға болады.Бірақ оның сидералды сүрі жердегі ролі артық.Сидералды сүрі жерге арналған танапты алдыңғы дақылды жинағаннан кейін, дереу 25-27 см тереңдікке жыртады. Қажеттілік болса жырту қабатын тереңдетеді. Келесі жылы көктемде танапты тырмалайды, кейін терең қопсытады немесе қайта жыртып тырмалайды. Көпжылдық бөрібұршақты жасыл тыңайтқышқа көктемде сидералды сүрі жердің алдындағы дақылдармен (сұлы, арпа және басқалары) бүркемеліп немесе аңызға енеді. Күзге дейін ол жақсы тырмаланып, жатаған жапырақтанып осы фазада қыстайды. Дәндік біржылдық бөрібұршақты себу тәсілі – кең қатарлы. Себу мөлшері 1гектарға 100-120 кг.Себу тереңдігі 4-5см. Бөрібұршақты себуге 3-4апта қалғанда оның тұқымын дәрілейді, ал себер күні нитрагинмен өңдейді. Нитрагинмен өңделген тұқымнан өнім күрт көтеріледі, әсіресе дән өнімі. Негізгі тыңайтқыш есебінде бөрібұршаққа гектарына 60кг фосфорит ұны мен калий тұзын береді. Өте құнарсыз құм және ауырсазды топырақтарға, әсіресе дәнге арналған егістік жерлерге күзгі өңдеуде 25-30т көң бергені жөн. Дәндік егісті бөрібұршақтың бұршақбасының 50% қоңырланғанда екі фазалы тәсілмен жинайды. Егін біркелкі піскен жағдайда комбайнмен бірден жинауға да болады. Өнім жиналғаннан кейін, оны тазалайды да құрғақ жерде сақтайды.
Ноғатық халық шаруашылығындағы маңызы

Ноғатықдақылының дәні малға концентратталған жем, ал тоқыма және пластмасса өнеркәсіптеріне құнды шикізат. Оның ірі ақдәнді сорттарын тағамға пайдаланады. Дән ақуызы асбұршақдікінен көп, бірақ езіліп пісуі мен дәмдік сапасы одан төмен.Ноғатық дәнін малдарға көптеген пайдалағанда, олардың ауруға шалдыға бастағаны байқалады. Сондықтан дәнмен шектеп қана қоректендіреді. Ноғатық ақуызға бай көк азықпен пішен береді. Оны сұлы, арпа және судан шөбімен қосып ексе, олардан алынатын қоспа жемнің ақуыздық тепе-теңдігі артады.

Ноғатық азотжинағыш өсімдік болғандықтан-жаздық, күздік дәнді дақылдар мен басқада дақылдарға жақсы алғы дақыл. Ноғатық-сұлы қоспасы екпе сүрі жерді ерте босататындықтан, күздіктер етуге топырақты уақытында дайындауға мүмкіндік туады.

Морфологиялық сипаттаамасы және биологиялық ерекшеліктері.
Сорттары.

Егістік ноғатық-бір жылдық бұршақты өсімдік. Ол кіндік тамырлы, жақсы тармақталған. Сабағы-төрт қырлы, бұтақтанады, қатты жатып қалады, биіктігі 60-80см. Жапрағы біржұп қауырсынды, ұшы тармақталған мұртшамен аяқталады.Гүлшоғыры - 1-2 гүлді шашақгүл. Гүлдері – ақ және көк. Бұршақбасы - 2-3дәнді. 1000 дәннің салмағы сортына байланысты 100-160гр. Дәннің түсі- ақ, сұр, қоңыр немесе шұбар.Біздің елімізде ноғатықтың негізінен ақ дәнді сорттары егіледі.


Ноғатық тұқымы 2 -3C температурада өніп, көктері 6-8С дейінгі қысқа мерзімді үсікті көтереді. Жылуды жалпы қажет етуі көп болғанымен, вегетатциялық кезеңінің ұзақтығы 80- нен 110 күнге дейін.
Ноғатық құрғақшылыққа өте төзімділігімен ерекшеленеді.
Ноғатық топыраққа онша талаптар қоймайды. Оған жеңіл құмдауыт және саз, бірақ өте ылғалданбаған топырақтар жарай берсе, қара топырақтарда өзін жақсы сезінеді.Қазақстанда ноғатық дақылының Кинельская7, Степная 287 және Али-бар сорттары Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстарында аудандастырылған.

Агротехникасы.

Ауыспалы егісте ноғатық күздіктермен отамалы дақылдардан кейін орналасады. Пішенмен көказыққа оны сүрі жер дақылы ретінде егеді. Топырағын өңдеу ерте жаздықтардікіндей. Негізгі тыңайтқыш ретінде фосфор мен калийді пайдаланады.Суыққа төзімділігі жоғары болғандықтан, оны ерте мерзімде кәдімгі қатарлы немесе тарқатарлы әдістермен себеді. Дәннің ірілігімен себу тәсіліне байланысы себу мөлшері гектарына 0.8-1.5 млн дән, немесе 150-250 кг. Себу тереңдігі 6-7см, жеңіл топырақтармен ылғал жеткіліксіз жағдайларда 10см дейін. Тұқымды себер алдында нитрагинмен өңдейді.Ноғатықты сепкеннен кейін танапты нығыздайды, ал қажет болса көктеуге дейін және кейін тырмалайды. Өте ластанған топырақтарда гербицидтермен өңдеу жүргізіледі.Тұқымдық учаскелерде гүлдеу кезеңінде таржапырақты сиыржоғышқаның өсімдіктерін өтап тастайды. Сиыржоңышқаны жапырағының құрылысы бойынша, ал гүлдеу кезінде қызыл – көк гүлімен ажыратады.Ноғатық біркелкі піседі, бұршақбастары жарылып кетпейтіндіктен егінді екіфазалы тәсілмен бұршақбастың 80% піскенде орады. Орғаннан кейін дестені 2-3күн кептіреді, сонан соң комбайынмен бастырады.



Бақылау сұрақтары:


ҰСЫНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Негізгі әдебиет:

  1. Қ. К. Әрінов, Қ.М. Мұсынов, А.Қ. Апушев, Н.А. Серекпаев, Н.А. Шестакова, С.С. Арыстанғұлов «Өсімдік шаруашылығы» , Алматы-2011жыл

  2. М.М. Жанзақов. Өсімдік шаруашылығы. Алматы, 2007 жыл

  3. М.И. Кондрашкина Лабороторно-практические заниятия по растениеводству, Москва-2006 г

Қосымша әдебиеттер

  1. И.А. Абугалиев. Справочник агронома. Алма-Ата, Қайнар,1985 ж

  2. В.Ф. Белик. Бахчевые культуры. М., Колос,1980 г.


дәріс 10

Тритикале, Бидай-бидайық буданы Күздік қара бидай өсірудің интенсивті технологиялары.

Мақсаты: Студенттерге Тритикале, Бидай-бидайық буданы Күздік қара бидай өсірудің интенсивті технологиялары уйрету

Міндеті: Тритикале, Бидай-бидайық буданы Күздік қара бидай өсірудің интенсивті технологиялары түсіндіру.

Түйінді сөздер:Тритикале. Бидай-бидайық буданы Күздік қара бидай

Дәріс жоспары:

  1. Жалпы мағлуматтар

  2. Ботанико-биологиялық ерекшеліктері

  3. Өсіру агротехникасы

Тритикале

Немесе бидай-қара бидай буданы-астық тұқымдастарының жаңа түрі. Оның мал азықтық қасиеті бидайдан, қара бидайдан жоғары. Мысалы, тритикаледе белок мөлшері бидайдан 1,5% және қара бидайдан 4% жоғары. Аминқышқылдарына бай келеді. Мәдени жайылымдарда шөп қоспасында оны мал сүйсініп жейді. Пішен, пішендеме, шөп ұнын, түйіршіктерін өндіруге аса құнды өсімдік. Және де одан көктемде пайдаланатын сүрлем салуға болады. 100 кг көк балаусасында 22-25 а.ө. және 2,3-2,7 кг қорытылатын протеин бар. Көк балаусасында жеңіл қорытылатын көмірсутегілері, каротиноидтар, лизин және басқа да бағалы аминқышқылдары көптеп кездеседі. Құрамында қанттың мөлшері жеткілікті болғандықтан ол жеңіл сүрлемге салынады.

Тритикаленің дәнін және кебегін жоғары белокті құрама жем ретінде малға және құстарға береді. Дәнінің құрамында белок мөлшері 18-20%. Оның организмге сіңімділігі жоғары. Құрамында микроэлементтер (Mn, Fe, Cu) және аминқышқылдары көп кездеседі. Осы қасиеті үшін оны басқа құрама жемдерге қоспа ретінде малға, әсіресе шошқа семірткенде пайдаланады. Осылай пайдаланған кезде тритикаленің құрама жемі басқа дақылдардың (бидай, арпа) құрама жеммен бордақылағанған малдың ет қосуы 10-15% артады да 20% дейін жем үнемдейді.

Дәні қамырланып піскен кезде жиналған тритикаледен шөп гранулдарын, түйіршіктерін өндірген тиімді.

Бұл өсімдік Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында суармалы жерлерде өсіруге өте тиімді. Жоғарғы агротехникалық шараларды бұлжытпай орындаған кезде оның дәнінің өнімділігі әр гектардан 50-80 ц дейін жетеді. Солтүстік және Орталық Қазақстанда жақсы өсіп жоғары өнім береді.

Мал азықтық сорттарының көк балаусасының өнімі әр гектардан 500-600 ц-ге дейін.



Ботанико-биологиялық ерекшеліктері. Тритикаленің тамыры жақсы дамыған. Өсімдігінің түптенуі жоғары. Сабағы тік өседі, көк азықтық сортының биіктігі 145-180 см және дәндік сорттарының биіктігі 110-120 см-дей болады. Сабағында балауызды өңез болады, ақшыл-сары, жапырылмайды. Жапырағы ланцетті, жұмсақ, бір түпте 45-50 мөлшерінде.

Гүлшоғыры-ірі масақ та, онда 25-28-ге дейін масақша орналасқан.

Масағы мұртты немесе мұртсыз болады. Дәні ұзынша келген, сырты бұжырлау, өздігінен шашылмайды. 1000 дәнінің массасы 28-45 г.

Тритикале қысқа және суыққа төзімді. Оның бұл ерекшеліктері күздік бидайдан жоғары. Жақсы ылғалданған танапта жоғары өнім береді. Және де бұл дақыл құрғақшылыққа да төзімді, өйткені ол көбіне өсіп-дамыған кезеңінде күзгі-қысқы түскен ылғалды жақсы пайдаланады.

Дәні пісіп-жетілген кезіндегі ылғал мөлшері бидай дәніне керекті көрсеткіштей.

Тритикале көпшілік топырақ түрлерінде өсіп жақсы өнім береді. Ең жақсы өнімі қара және қызғылт топырақты танаптар.

Өндірісте тритикаленің мына сорттары өсіріледі. Олар екі топқа бөлінген: 1) дәндік-Амфидиплоид 206, Амфидиплоид 201; 2) Көк азықтық- Одесский кормовой, Ставропольский 1, Житница 1, Амфидиплоид 1, Амфидиплоид 2, Амфидиплоид 257.

Өсіру агротехникасы. Тритикаленің өсіру агротехникасы топырақ-климат жағдайына қарай қалыптасады. Дәндік тритикале, көк шөптік түріне қарағанда жақсы алғы дақылды сүйеді. Оларға жақсы алғы дақыл болып таза пар және екпе пар, бұршақ дақылы және көпжылдық шөптер. Алғы дақыл ретінде ерте жиналатын сүрлемдік жүгері де жақсы.

Тритикалені астықты дәнді дақылдардан кейін себуге тиімсіз, өйткені астық өсірілген танап қатты құрғап қалады да, тритикаленің өскіні күзде нашар қалыптасып, баяу дамиды. Соның әсерінен келешекте оның өнімі мен сапасы төмендейді.

Тритикаленің мал азықтық сортына жақсы алғы дақыл дәнді бұршақ дақылдары, сүрлемдік жүгері және жаздық астық дақылдары.

Танапта топырақ өңдеу жұмыстары жақсы өтуі тиісті. Мұның ең негізгі міндеті топырақта ылғал жинау және арамшөптермен күресу.

Тритикалені екпе пардан кейін сепкенде танапты ауыр дискілі тырмамен 2-3 рет өңдейді, содан кейін барып 22-25 см тереңдікке аударып жыртады. Себер алдында арамшөптермен ластануына қарай 1-2 рет культивация жүргізеді.

Танапқа гектарына 20-30 тн органикалық тыңайтқыш (көң) берген тиімді, немесе толық минералды тыңайтқыш беріледі (N90-120P60K45).

Тыңайтқыштарды күзде зябь жыртқан кезде береді, содан кейін көктемде азот тыңайтқышымен үстеп қоректендіреді (N40-60). Осылай болған жағдайда тритикаленің дәнінде белок мөлшері 1,0-2,5% өседі және көк балауса өнімі 15-35% жоғарылайды.

Тритикаленің өнімі оның оңтайлы себу мерзімінде өткізілгеніне байланысты. Солтүстік, Орталық облыстарда оны 30 тамызға дейін сеуіп бітіру керек. Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс және Батыс облыстарында қыркүйектің аяғына дейін себіледі.

Себу мөлшері гектарына 3 млн. өнгіш тұқымнан 7,0 млн. данаға дейін ауытқиды. Тұқымдық тритикаленің себу мөлшері 3,0-4,5 млн. өнгіш тұқым.

Тұқым себу тереңдігі 5-6 см. Күзгі құрғақшылық жылдары себу тереңдігі 7-8 см.

Тритикаленің көк балаусасының мал азықтық сапасын көтеру үшін оны күздік сиыр жоңышқасымен қосып себеді. Қоспада тритикаленің себу мөлшері гектарына 120 кг, сиыр жоңышқаның себу мөлшері 60 кг болып алынады. Осылай себілген шөп қоспасы суармалы танаптардан 550-600 ц/га дейін көк балауса алынып 10 ц/га дейін протеин жиналады.

Тритикалені дәнге бөлектеп жинайды (15-20 см биіктікте) немесе тікелей жинайды. Бөлектеп жинау дәннің қамырланып піскен кезеңінде жүргізіледі (дәннің ылғалдылығы 30-40%). Бөлектеп шабу мен оны дестеден жинау аралығы 2-4 күннен артық болмау керек. Өйткені дестеде жатып қалған тритикале масағындағы дән оның құрамында -амилазаның белсен-ділігінің жоғары болуына байланысты тез көктеп кетеді.

Мал азықтық тритикалені көк шөпке, пішенге және басқа да мал азықтық түрлерін алу үшін түтіктенгеннен бастап толық масақтанғанға дейін шабады. Осы кезеңде шапқанда оның өнімінің сапасы ең жоғары болады.

Қазақстанда тритикаленің мал азығы өндірісін дамыту үшін келешегі зор. Оны республиканың барлық аймақтарында өсіруге болады. Оңтүстіктің суармалы жерлерінде оны мәдени жайылымдарға қолдану және одан мал азықтарын дайындау өте пайдалы.



Бидай-бидайық буданы

Бидай-бидайық буданы (пшенично-пырейный гибрид, ППГ) мал азықтық ерекшелігімен белгілі. Оның авторы орыс ғалымы Н.В.Цицин. Бидай дақылына қарағанда ол бірінші жылы жақсы қыстайды да көк азыққа шабылып алынады. Содан кейін де жақсы өседі. Келесі жылдары бидай-бидайық буданының қысқа төзімділігі нашарлайды да сиреп кетеді. Сол себептен оны біржылдық екі-үш рет орылатын мал азықтық дақыл ретінде пайдаланады.

Өзінің биологяилық негізгі ерекшелігі-алшыны тез өсуіне байланысты оны мал азығына жан-жақты пайдалануға болады. Мысалы оны бірінші рет дәнге жинап алғасын, екінші рет көк шөпке (немесе пішенге) шауып содан кейін алшынына мал жайылады. Вегетация кезеңінде оны 2-3 рет шауып көк шөп ретінде пайдалануға болады.

Бидай-бидайық буданының дәнінде 20-21% белок бар. Пішенінде ерітілетін көмірсуы (30-32%) және шикі протеин (14-16%) көп болады. Соңғы рет күзгі шабылған көк шөбінде жұмсақ жапырақ үлесі көп болғандықтан ондағы протеин мөлшері ең жоғары болады (19-20%).

Оның сабаны басқа астық дақылдарының (бидай) сабанынан мал азықтық құны жоғары. Сабағы көк күйінде сақталады да соның әсерінен онда протеин (5,7%), витаминдер және де азықтық заттар 1,5 еседен көп кездеседі.

Орташа өнімі әр гектардан 300-400 ц көк балауса. Дәнінің орташа өнімі 15-18 ц оған қоса 40-45 ц көк шөп немесе 8-10 ц пішен жиналады.

Бидай-бидайық буданын Солтүстік және Орталық облыстарда көк конвейер, шөп, пішен және құрама жем алу үшін өсіруге болады. Оңтүстік облыстарда суармалы танаптарда жақсы өнім жиналады.

Ботаника-биологиялық ерекшеліктері. Бидай-бидайық буданы жұмсақ бидай мен бидайық- шөбін алшақ будандастыру арқылы алынған мал азықтық өсімдік. Түптенуі өте жоғары, бір өсімдікте 60-қа дейін сабақ болады.

Сабағының биіктігі 80-150 см дейін өседі, аздап балауыз қабатты, түсі көкшіл.

Жапырағы ұзынша келген: ұзындығы 12-30 см, көлденеңі 0,6-2,0 см дейін. Жапырақтануы жақсы (40-50%).

Масағы ұзын (13-24 см) қылтықты немесе қылтықсыз, пішіні ұршық тәрізді. Масағында 12-27 данаға дейін масақша болады.

Дәні ұзынша жұмыртқа пішінді, жасыл, қызыл, күлгін, ақшыл түсті. Ірілігі орташа, 1000 дәннің массасы 26-35 г.

Бидай-бидайық буданы қысқа өте төзімділігімен ерекшеленеді. Және де ол саңырауқұлақ және бактериялық ауруларымен зақымданбайды. Ылғал сүйгіш өсімдік.



Өсіру агротехникасы. Бидай-бидайық буданын күздік бидайдан 10-15 күндей ерте себеді. Өйткені оның алғашқы өскін беріп дамуы баяу жүреді. Оны пішен немесе көк шөп дайындауға әр гектарға 190-210 кг мөлшерінде (6-7 млн. өнгіш тұқым), дән алу үшін оның себу мөлшерін 5-10% кемітеді.

Бұл өсімдікке алғы дақыл таңдау, танапты дайындау және себу тритикалені өсіру сияқты.

Оны көк балауса немесе пішен дайындау үшін түтіктеніп-масақтану кезеңінде орады. Үш рет орған кезде өнімінің үлесі былайша бөлінеді: 1-ші орғанда-60%; 2-ші орғанда-30% және 3-ші орғанда -10% өнімі жиналады.

Буданды тұқымға бөлектеп жинайды. Өйткені оның дәнінің пісуі біркелкі болмайды. Тура жинаған кезде оның сабағы көк күйінде болып дәннің ылғалдылығын жоғарылатады. Сол себептен жиналған тұқымды тез арада жақсылап кептіріп тазалау керек.



Күздік қара бидай

Күздік қара бидай біржылдық астық тұқымдастарына жататын шөптесін өсімдік. Оны тағамға, мал азығына және техникалық мақсаттарға пайдалануға болады. Дәнінде белок мөлшері арпа мен сұлыдан жоғары, бидайдан аздау болады. Қара бидайдың отаны Кіші Азия болып есептеледі. Алдымен ол мәдени астық дақылдарын ластайтын арамшөп есебінде танылып, бара келе солтүстік аймақтарда өсіп жақсы өнім беруіне байланысты жеке дара мәдени астық тұқымдас өсімдік ретінде қолданыла бастады. Біздің елімізде қара бидай 3-ші ғасырдан белгілі. Дүние жүзінде өсірілетін қара бидай көлемі 16 млн. гектарға жуық, ал оның 9 млн. гектары бұрынғы Одақ көлемінде өсірілді. Қара бидай негізінен Россияның қаратопырақсыз аймақтарында, Украинада, Белоруссияда және Балтық теңізі жағалауындағы республикаларда себілді. Қазақстанда қара бидай негізінен солтүстік облыстарда өсіріледі. Оның көлемі республикада 50-60-шы жылдары әжептәуір болған. Соңғы уақытта белгісіз себептермен оның егістігі азайып кетті (45-сурет).

Қара бидайдың дәнінің өнімділігі әр гектардан орташа 15-20 ц. Дәнінде 12,8 белок, 80,9 көмірсуы болады, ал басқа көрсеткіштері бидай дәніндей. Қара бидай нанында рибофлавин витаминдері көп кездеседі. Қара бидайдан жоғары өнімді көк балауса жиналады. Масақтанғанға дейін орылған қара бидайдың әр гектарынан 150-180 ц дейін көк балауса жиналады. Оны көк азық ретінде мал қоректендіруге, сүрлем және пішендеме салуға пайдаланады. Және де қара бидайды пішенге де орады, одан шөп ұынын, шөп кесінділерін, түйіршіктерін жасайды. Қара бидайдың дәні және кебегі малға жақсы құрама жем. Сабаны малға ірі азық ретінде пайдаланылады.

Қара бидай көктемде өте тез өседі де алғашқы көк азық ретінде пайдаланылады, яғни жасыл конвейер шикізатының негізгі дақылы болып есептеледі. Күздік қара бидайды пішенге, пішендемеге өсіру Қазақстанның Солтүстік және Орталық аймақтарында басты резервтердің бірі болып табылады. Бұл дақылдың қарқынды түптенуі және тез өсуіне байланысты қара сұлы, қалуен сияқты арамшөптермен жақсы күреседі. Сондықтан ол егістік танаптарды арамшөптен тазартушы дақыл болып есептеледі.



Морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері. Күздік қара бидайдың тамыр жүйесі, шашақты, жақсы дамыған, 1,5 м тереңдікке дейін өседі.

Сабағы-қуысты сабан-5-6 түйін аралығы бар, биіктігі 1,5-2 м дейін.

Жапырақтары сызық жолды, бидайға қарағанда жалпақ. Гүл шоғыры-масақ. Масақшалары қосгүлді, айқас тозаңданатын өсімдік. Жемісі-дән. 1000 дәнінің салмағы 20-35 г. Масағының түсі ақ, сары, немесе күнгірт-сары. Дәнінің түсі сары, қоңыр.

Қара бидайдың тұқымы +1-20 өне бастайды. Оның өсіп-өнуіне ең қолайлы температура +20-220. Астық дақылдарының ішіндегі қысқа өте төзімді өсімдік. Қар қабатынсыз-250, ал қар жамылғысының қалыңдығы 20-30 см болғанда-40-500 аязға шыдайды. Оның толықтай өсіп дән беруі үшін белсенді температура жиынтығы 1300-15000.

Тамыр жүйесінің жақсы дамуына байланысты және сол тамырлары арқылы күзгі-көктемгі ылғалды пайдаланудың нәтижесінде қара бидай құрғақшылыққа төзімді өсімдіктер қатарына жатады. Оның транспирациялық коэффициенті 340-440 шамасында. Бидайға қарағанда топыраққа талғамы төмендеу.

Сепкен уақыттан дән жинауға дейінгі өсіп-өну ұзақтығы 270-350 күн. Ол негізінен күзде түптенеді де бір өсімдікке 4-8 сабаққа дейін құрайды. Масақтану кезеңі күздік бидайға қарағанда 12-17 күндей ерте басталады, бірақта гүлдену кезеңі 10-12 күндей кеш басталады. Дәнінің пісуі де 8-10 күндей ерте басталады. Қазақстанда себуге ұсынылған сорттары: Омка, Саратовская 5, Шолпан.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет