39. Жоғары сезімдер.Оқушылардың эмоционалдық-сезімдік аумағының дамуы. Эмоциялар адамның белгілі бір затқа бағытталған қажеттіліктерін сипаттайды. Эволюция үдерісінде эмоционалды түйсінулер мен күйлер өмірлік үдерістерді оңтайлы шекарасында қолдаудың құралы ретінде биологиялық тұрғыда бекіді. Олардың ағза үшін мәні белгілі бір факторлардың бұзушы сипаты туралы ескертуде байқалады. Осылайша, эмоциялар адамның ағзасы мен іс-әрекетінің функционалды күйін реттеудің негізгі тетіктерінің бірі болып табылады.
Эмоциялар – бұл аса кең ұғым, сезімдер эмоционалды күйлердің белгілі бір көрінісін білдіреді. Күнделікті өмірде эмоция деп, біз әдетте адамның алуан түрлі реакцияларын – ынтызарлықтың буырқанған күйінен көңіл-күйдің нәзік тербелістеріне дейінгі реакцияларды атаймыз. Психологияда эмоция деп, адамның өмір сүруіне арналған ішкі және сыртқы жағдаяттарды бағалауды және тұлғалық маңыздылықты көрсететін, толғаныстар түрінде жүзеге асатын психикалық процестер аталады. Нәтижесінде, эмоцияның аса маңызды сипаттамасы ретінде олардың субъективтілігі алынады.
Эмоциялар арқылы адам өзінің заттарға деген қажеттіліктерін саналы ұғынады. Кез келген эмоция жағымды немесе жағымсыз болуы себепті, адам қойылған мақсатқа жету туралы тұжырым жасай алады. Мысалы, жағымды эмоция әрдайым қаланған нәтижеге жетумен байланысты болса, ал жағымсыз эмоция керісінше, қойылған мақсатқа жетудегі сәтсіздіктермен байланысты болады. Осылайша, эмоциялар адамның іс-әрекетін реттеумен тікелей байланысты болады деген тұжырым жасауымызға болады.
М. Жұмабаев эмоция, ішкі сезімдер түрлері және олардың жағымды, жағымсыздығы туралы дербес тоқталып айта келіп, осы сезімдерді тәрбиелеу қажеттігіне тоқталады. Бала мазасыздану туралы қорқу сезімін де баса айтады. «Қорқу сезімі – адам жанында бір бақытсыздық күткенде болады», – деп оны терең талдай отырып, «Бала тым қорқақ келеді. Мұның себебі – баланың қиялы тым тірі һәм денесі әлсіз» – деген тұшымды ой айтады. Алдымен, баланың қорықпауына мән беру керектігі, жасында қорқақ болған баланың ерлік істерге бара алмайтындығымен түйіндейді.