АДАЙ – Жаңақала, Ақжайық, бұрынғы Тайпақ аудандарындағы елді мекендер. Ру
атына байланысты қойылған генетопоним.
АЗАТАҢ – Бөкей ордасы ауданындағы елді мекен. Кеңес үкіметі кезіндегі тарихи
оқиғаға байланысты қалыптасқан атау.
АЗБЕРГЕН – Қаратөбе ауданындағы көл аты. Адам атына байланысты қойылған.
АЗЫНАБАЙ ТАЙПАҚ – Ақжайық, бұрынғы Тайпақ ауданындағы жер атауы.
Азынабай-Тайпақ атауының
азына түбірі
«маң даладағы жел,боранның өті» мағынасымен
байланысты беріліп, сол жердің геометорологиялық ерекшелігін көрсетіп тұр.
Тайпақ топонимі
қазақ тілінде
«биік емес, аласа» деген мағынаға сәйкес, сол жердің ерекше белгісіне қарай
қойылған. Демек, бұл атау жердің физика- географиялық ерекшеліктеріне байланысты пайда
болған.
АЙБАРҚҰДЫҚ – Қаратөбе ауданындағы жер аты. Әдетте, бұл топоним аймақтың
сусыз, құмды аудандарында кездеседі. Жергелікті халықтың тұрмыс-тіршілігінен бейхабар.
Адам бұл сөзді топонимиялық термин түрінде емес, «Айбардың құдығы» мағынасында
қабылдауы мүмкін. Дұрысында,
Айбарқұдық құмды жерде қазылатын орасан үлкен құдық
формасына сәйкес қалыптасқан. Топырақ қабаты құмды, құламалы болғандықтан және оны
қаптайтын қажетті шикі заттың жоқтығынан құмды жерлердегі құдықтар үшбұрышты түрде,
өте үлкен етіп қазылатын болған. Әдетте, мұндай құдықтардың жер бетіндегі аузы төмендегі
көзінен бірнеше есе үлкен келеді. Айбарқұдық кез келген шаруаның пайдаланатын құдығы
болмаса керек. Малы көп ауқатты адам ғана өзіне
айбарқұдық қаздырып, малын сол құдықтың
суаратын болған. Оның үстіне, бұндай құдықты қаздырудың өзі ауқаттылықтың белгісі болып
саналған. Айбарқұдық ойпатты жерден ғана қазылған. Себебі тұщы қар суы ойпатты жерге
ғана жиналады. Көлемі үшбұрыш (конус) пішіндес болып келгендіктен, ондай құдықтар
көктемгі су тасқыны кезінде опырылып құлаудан аман қалып отыр. Соның нәтижесінде олар
бірнеше жыл пайдалануға жараған.
Айбар сөзінің өзі «үлкен», «зор» ұғымын беретіні ескерсек,
Айбарқұдық атауы, екінші жағынан, құдықтың көлеміне де беріп тұр.