Ғылыми бағыттағы еңбектерді талдай отырып, жоғары оқу орны жағдайында болашақ маман бойында қалыптасуы тиіс бірқатар маңызды кәсіби және тұлғалық сапаларды іріктеп шықтық: - Жоғары ақыл-ой қабілетін танытатын, ізденімпаз, ақпаратты жан-жақты талдай алатын, еркін және креативті ойлай білетін тұлға атану;
- Тұлғааралық қарым-қатынаста ашық, сыпайы және белсенді болу, адамдардың есімдерін тез жаттай алу, қарым-қатынысқа бейім болу;
- Бірлескен іс-әрекеттерге, жеке тұлғалық қызығушылықтар мен топтық бастамаларға қолдау көрсету, ар-намысты сақтау, жоғары жауапкершілікті таныту және тәжірибелік сипаттағы сұрақтарды жылдам шеше алу;
- Эмоциялық жағынан тұрақты және төзімді болу, кикілжіңді жағдайларда салқынқандылық таныту, жағдайды шынайы бағалай білу және стресске төзімді болу және т.б [170].
Теориялық және тәжірибелік бағыттағы зерттеу жұмыстары көрсеткендей, студенттерді кәсіби іс-әрекетке бейімдеуде ең маңызды рөлді студенттің кәсіпті игеруге деген қажеттілігі, құндылық бағдары және мотивация деңгейі атқарады.
Профилактикалық мінез-құлық мотиві де адамдардың қажеттіліктері мен құндылық бағдарларына негізделеді. Қажеттілік бір затты қажетсінуден туындайды, яғни, адамның ерекше формадағы бір нәрсенің жетіспеуінен немесе оны қажетсінуінен туындаған сезімі. Салауатты өмір салтын ұстанудағы жетекші мотивацияның мәні тұлғаны ойлаудың белгілі бір стиліне, жеке және ұжымдық денсаулықты сақтау мүддесіндегі нақты іс-әрекетке итермелейтін субъективті (тұлғалық) және объективті (қоғамдық) күштердің үйлесімділігінен тұрады. Онымен қоса, мотивация құрылымына салауатты өмір салтын ұстануға деген қажеттіліктер, стимулдар, қызығушылық, құндылық бағдарлары, мақсаттар, мотивациялық ұстанымдар, идеалдар, сондай-ақ оларды қанағаттандыру құралдары кіреді.
Демек, болашақ педагог-психологтардың кәсіпке бейімделу үдерісін жан-жақты зерттеу және оның жүзеге асуына оңтайлы жағдай туғызу студенттің кәсіби маман ретінде қалыптасып, жан-жақты дамуына тиімді ықпал етеді. Кәсіби бейімделу үдерісін зерттеу өз кезегінде қажеттілік, мотивация, құндылық бағдар сияқты маңызды педагогикалық және психологиялық түсініктердің мәнін ашуды қажет етеді.
Қажеттілікті түсіндіру үшін А.Маслоудың теориясындағы тұлғаның бес қажеттіліктен тұратын иерархиясын қарастыру жеткілікті болады: физиологиялық қажеттілік, қорғанысқа деген қажеттілік, махаббатқа деген қажеттілік, мойындатуға деген қажеттілік және өзін-өзі жетілдіруге деген қажеттілік [171].
Физиологиялық қажеттілік тұлғадағы ең күшті, әрі негізгі қажеттілік болып саналады және оған адамның тамақ, су, қалыпты температура және т.б қажеттіліктері кіреді. Физиологиялық қажеттіліктен кейін адамның қорғанысқа деген қажеттілігі пайда болады. Бұл тұрақтылық пен қорғанысқа ие болу, бойдағы қорқыныш пен мазасыздықты болдырмауға ұмтылу деген сөз. Тұлғаның махаббатқа деген қажеттілігі оның коммуникативті байланысқа ұмтылуынан, әлеуметтік топқа енуінен, достық пен сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынасынан көрініс табады. Сонымен қатар, адамның мойындатуға және өзін-өзі жетілдіруге бағытталған қажеттіліктері болады. Өзгелердің қадірлеуі және мойындауы тұлғаның өз-өзіне деген сенімін арттырса, керісінше мойындамауы әлсіздік пен қорғансыздық сезімін тудырады. Ал, өзін-өзі жетілдіру әр адамның жеке даралығын танытуға деген ұмтылысынан көрінеді. Теорияға сүйенсек, болашақ маманның төменгі қажеттіліктерінің орындалуы жоғарыдағы қажеттілігінің, яғни өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысының туындауына ықпал етеді.
Тұлғаның өзінің бүкіл өмір әрекеттерін, әлеуетін, бүкіл ішкі мотив пен ұмтылыстарын толығымен ашу арқылы көрінетін, адамның өмірлік ұмтылысын құндылықтық бағдарлар деп атайды. Студенттің құндылық бағдарлары өмір барысындағы іс-әрекетке байланысты өзгеріп, толықтырылып, жаңа түрге еніп отырады. «Құндылық» ретінде əлеуметтік ілгерілеумен байланысты жағымды мəн-мағыналы оқиғалар мен құбылыстарды түсінуге болады. Қоғамда әлеуметтік реттілікті қамтамасыз ететін әр түрлі құндылықтар жиынтығы қалыптасады. Тұлға сол қоғамда қалыптасқан құндылықтарды танып білу, меңгеру арқылы дамиды, қоғамда қабылданған тәртіп пен ережені ұстанады [114].
Құндылық бағдарлар адамның тұлғалық ерекшеліктеріне ғана емес, оның әлеуметтік жағдайларда өзін-өзі көрсету мен кәсіби жағынан өзін-өзі анықтауы кезіндегі іс-әрекетін саналы ұйымдастыруына ерекше әсер етеді. Адамзат дамуында өзгеріске түспей, сол қалпында сақталып келе жатқан құндылықтарға өмір, бейбітшілік, еңбек, денсаулық пен махаббат, сұлулық және т.б жатады. Ал, тұлғаның жеке құндылықтық бағдарына: бақытты отбасылық өмір, денсаулық, жақсы және адал достардың болуы, қызықты жұмыс, махаббат, материалдық жағынан қамтамасыз етілу, қоғамдық бедел, өз-өзіне сенімділік және т.б. жатқызуға болады.
Дегенмен, тұлғаның құндылық бағдарлары үнемі өзгеріске түсіп, жаңарып отырады. Жоғары оқу орнындағы оқу үдерісінде және кәсіпке бейімделу барысында да студенттің құндылық бағдары мен мотивтері өзгеріске түседі. Мысалы, шетелдік ғалым У.С.Родыгина өз зерттеулерінде 1 және 4 курс аралығындағы студенттердің кәсібіне сәйкестік өлшемдерін сипаттап көрсетеді. Ғалымның зерттеу нәтижелері бойынша: 1 курс студентерінде кәсіпке сәйкестік деңгейі формальды болады, яғни «мен психология факультетінде білім алсам, онда міндетті түрде педагог-психолог болып шығамын» деген ойға саяды. 2 курс көтеріңкі рефлексия деңгейімен ерекшеленсе, 3 курс студенттерінде кәсіпті игеруге деген мотивация байқалады. 4 курс студенттері кәсіпке сәйкестілігінің барлық өлшемдері бойынша орташа нәтижелерді көрсетеді [172, 42 б].
Адамның кез-келген іс-әрекетінің негізгі элементі – мотивациясының болуы. Сол іс-әрекетті орындауға деген ішкі ұмтылысы мен ынтасының болуын мотивация арқылы көруге болады. Мотивтер адамның рухани, физикалық, экономикалық қажеттіліктерінің күрделі үйлесімінің нәтижесі болып табылады. Кез-келген іс-әрекет мақсатқа жетуден және осы жағдайда туындайтын мәселелерді шешуден тұратындығын есте ұстаған жөн [173].
Мінез-құлықты реттеудегі көріністері мен функциялары бойынша мотивациялық факторларды салыстырмалы түрде 3-ке бөлуге болады: қажеттіліктер, итермелеуші күштер және инстинктер. Мәселен, К.В.Судаковтың пікірінше әлеуметтік мотивтер туа біткен биологиялық мотивтер негізінде жеке адамдардың қоршаған ортамен, ата-аналарымен және қоршаған жануарлар әлемімен қарым-қатынасы арқылы құрылады [38, 16 б].
Мотивация – бұл студенттің мінез-құлқын физиологиялық және психологиялық тұрғыда басқаратын, бағыттайтын, ұйымдастыратын, белсендендіретін және тұрақтандыратын динамикалық үдеріс болып табылады. Ресейлік ғалымдар А.Н.Леонтьев пен С.Л.Рубинштейннің ойынша, мотив бұл адамның санасында көрініс беретін құбылыс, ол белгілі бір қажеттілікті қанағаттандыруда іс-әрекет тудырушы және бағыттаушы күш болып табылады. Тұлғаның мақсаты – бұл қоғамдық маңызды іс-әрекетті орындау болса, мотив – тұлғалық қажеттіліктерді қанағаттандыру болып саналады [20, 22].
Кәсіби маман даярлаудың педагогикалық және психологиялық аспектілерін зерттеумен айналысқан ғалымдар мотивацияның қалыптасуына ерекше назар аударады. Оқу іс-әрекетінің қозғаушы күші танымдық қажеттіліктер, мақсат, қызығушылық, ұмтылыс, идеалдар, ұмтылыстарды қамтитын мотивтер жүйесі болып табылады. Оқу іс-әрекетінде студенттердің белсенділігіне ішкі, сыртқы және тұлғалық факторлар өз әсерін тигізеді. Оқу мотивациясының ішкі көздеріне тұлғаның танымдық және әлеуметтік қажеттіліктері кіреді. Ал, сыртқы әсерлеріне оқу іс-әрекетіндегі талаптар, күтілулер және сыртқы мүмкіндіктер жатады. Студенттердің белсенділігіне ықпал ететін тұлғалық факторларға оқу іс-әрекетін белсендендіретін жеке қызығушылықтар, қажеттіліктер, ұстанымдар, стереотиптер, өзін-өзі дамыту мен жетілдіру т.б атап өтуге болады [174, 19 б]. Көптеген ғалымдардың зерттеулерінде мотивтердің екі түрлі сапасы қарастырылады: мазмұндық және динамикалық. Мазмұндық сапасы оқу іс-әрекетінің сипатына байланысты болады (саналылық, өзбетімен іздену, әрекеттілік, бірнеше пәндерге ынталану дәрежесі т.б). Ал, динамикалық сапасы жеке тұлғаның психофизиологиялық ерекшеліктеріне тәуелді болады (мотивтің тұрақтылығы, мотивтің көріну деңгейі, бір мотивтен екіншісіне ауысу дәрежесі, мотивтердің эмоциялық көрінісі және т.б) [175]. Ресейлік ғaлым A.К.Мaрковaның ғылыми-зерттеу жұмыстaрындa тұлғaның кәсіптік іс-әрекетінің нәтижелі орындaлуынa, қaрым-қaтынaс мәдениетінің дaмуынa және стресстік жaғдaйлaрғa тұрaқты болуынa септігін тигізетін мотивaциялық, еріктік және эмоциялық ерекшеліктері aтaлып өтіледі: