2.3 Философиялық идеалар
Бүгінге дейін көп оқылатын, Нобель сыйлығының құрметті иегері болған бұл Ұлы жазушының ажалы аянышты әрі мәнсіз болғаны секілді, шығармаларының негізгі тақырыбы да мәнсіздік — абсурд мәселесін төңіректейді. Иә, бұл – Камю шығармаларына қатысты айтылған ой. Оның идеялары туралы «Бұл шығармада мынау туралы айтылып тұр» деп кесіп айту әсте мүмкін емес. Оның сан қатпардан тұратын ойы сан алуан пікірлерге, мың түрлі көзқарасқа жетелейді. Мына дүниедегі адам қол жеткізетіннің бәрі, байлық, атақ, бала, туысқандар, ата-ана да өткінші. Мәңгілік ешнәрсе жоқ. Сондықтан адам тіршілігінің мәні мен мағынасы туралы сөз қозғаудың өзі мәнсіз. Дегенмен, абсурдқа мәнсіздіктерге қарсылық көрсетпеу, оған илектене кіріптар болу нағыз абсурд болар еді деп тұжырмдайды. Абсурдты жеңу мүмкін емес, бірақ онымен тынбай күресу, жеңілсе де күресу адам өмірінің шынайы бақыты сол болмақ.
Гуманизм
Камю философиясының өзегінде жан тебірентер гуманизм — адамның қадірі-қасиеті мәселесі жатыр: тек бақытты тұрмыс қана адам қадіріне сай келеді, бақытты адамның өмірін ғана мәнді деу керек. Мысалы, оның «Сизиф туралы аңыз» кітабында Камю Сизифтің бақыты туралы елестетеді, өйткені Сизифтің ниеті абсурд емес, абсурт ешқашан бізге ненің бақыт, ненің бақытсыздық екенін ажыратып айтпайды. Сизифтің бүкіл тірлігі басқа күш жағынан мәжбүрленген абсурдқа құрылғанымен, бәрібір Сизифтің өзі өз ісіне көңілді кірісіп, тасты таудан асыра алмаса да тас домалатудан айнымағандықтан, ол өз қадірін-қасиетін сақтай алған "бақытты жан" есептеледі.
Камюдің ойынша Сизифті бақытты еткен нәрсе оның абсурдқа қарсылығы. Жеңе алмайтыны белгілі болса да жеңемін деп құлшыну — міне бұл адам қадір-қасиетінің ең бағалы өлшемі. Тек абсурдқа қарсылық болған жерде ғана қадір-қасиет туралы айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |