Зерттеу мен талдау
Отаршылдық саясатқа қарсы қарулы көтерілістер туралы мәтіндер үлестіріліп, талдау жасалады.
Мәтін
Қазақта ел үшін, жер үшін басын саудаға тігіп, ат үстінен түспей, екі оттың ортасында қалса да, халықты қалай құзға құлатпай, жарға жықпай, аман алып қаламын деген ерлер жетерлік. Солардың ішінде ұлт алдында мәртебесі бөлек, қадірі ерекше, құрметке айрықша бөленетін бір тұлға бар. Ол – Хан Кене, Кенесары Қасымұлы. Кенесары атын атауға тыйым салған сонау кеңестік кезеңнің өзінде әйгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи романын жұрт басына жастанып оқыған. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың ерлігімен де таныс. Хан Кененің ерлігі мен өрлігі сонау ілкі заманда қазақ жеріне саяхаттап келген талай зерттеушінің де құлағына тиген.Мысалы, ағылшын зерттеушісі Томас Аткинсон «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән» деген екен.«Алашта Кенекеме ер жетпейді!». Мағжан Жұмабаевтың жыры ойға оралған сайын тарихи шындыққа тағы бір мәрте қаныға түсеміз. Қазақтың соңғы ханы, ұлт-азаттық көтерілістің көсемі... Кенесары хан бастаған көтеріліс - қазақ халқының мемлекеттігін және жерін қорғау, этникалық біртұтастығын сақтау жолындағы күрес болатын.
Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры: Кенесары - қазақ елінің соңғы ханының бірі болды. Оның күресі - елі үшін күрес. Көшпенділердің Алтын Орда кезінде дүркіреп, бүкіл Еуразияны – Варшава, Киев, Мәскеу, Қырымды алған ұлы мемлекеттердің соңғы тұяғы қазақ хандығы болатын. Сол көшпенділер өркениетінің соңғы қорғаушысы ретінде Кенесарыны ардақтауымыз керек. Оған ешқандай күман болмауы керек.
Кенесары хан бастаған көтерілістің басты ерекшелігі – қазақтың барлық аймағын қамтуы. Халық қолдағанымен, өкініштісі, патша өкіметіне қызмет ететін өз ішімізден шыққан кейбір бай, сұлтандар қарсы болды.
Егер саяси тәуелсіздік болмаса, империяның құрамына сіңіп, жоқ болатынымызды Кене хан жақсы түсінді. Оның тұлғалық қасиеті ұлттық мемлекет құру мұратымен ерекшеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |