655-бап. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару тәртібі
1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң 656-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістерді қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістеріне осы Кодекстiң 646-бабында көрсетiлген мөлшерлемелер бойынша төлем көзiнен жеке табыс салығы салықтық шегерiмдер жүзеге асырылмай салынады.
Осы баптың мақсатында бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімі осы Кодекстің 228-бабына сәйкес айқындалады.
2. Осы баптың ережелеріне қарамастан, бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 650-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістерінен төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару осы Кодекстің 650-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
3. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салықтық шегерімдерді жүзеге асырмастан, осы Кодекстің 319-бабы 2-тармағында көзделген ережелерді ескере отырып, осы Кодекстің 322-бабының 1-тармағында айқындалған кірістерді қоса алғанда, бейрезидент-жеке тұлғаның мынадай кірістері:
жұмыс беруші болып табылатын резидентпен немесе бейрезидентпен жасасқан еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындғы қызметтен түсетін кірістері;
жұмыс берушіден алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін кірістері;
басшының гонорарлары және (немесе) басқару органы (директорлар кеңесі немесе өзге де орган) мүшелерінің аталған адамдардың осындай міндеттерді іс жүзінде орындаған жеріне қарамастан, өздеріне жүктелген резидентке қатысты басқарушылық міндеттерін орындауымен байланысты алатын өзге де төлемдері;
жұмыс беруші болып табылатын резиденттің немесе бейрезиденттің Қазақстан Республикасында тұруына байланысты оған төленетін үстемеақылары;
резидент-жинақтаушы зейнетақы қоры жүзеге асыратын зейнетақы төлемдері сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
4. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді және ұстап қалуды салық агенті, осы баптың 7-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, бейрезидент-жеке тұлғаға кірістерін төлеу күнінен кешіктірмей жүргізеді.
Салық агенті төлем көзінен жеке табыс салығын бейрезидент-жеке тұлғаға кіріс төлеуді жүзеге асыру нысаны мен орнына қарамастан ұстайды.
5. Бейрезидент-жеке тұлғаның төлем көзінен салық салуға жататын кірістерінен жеке табыс салығын салық агенті тұрған жеріндегі бюджетке аударуды салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін жүргізеді.
6. Кіріс шетел валютасымен төленген кезде төлем көзінен салық салынатын кіріс мөлшері кірісті төлеу күнінің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, теңгемен қайта есептеледі.
7. Қызметі осы Кодекстің 220-бабы 7-тармағының ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмайтын бейрезиденттің шетелдік персоналды ұсынуы кезінде мұндай персоналдың Қазақстан Республикасындағы қызметтен алынған кірісіне төлем көзінен жеке табыс салығы салынады.
Бұл ретте бейрезидент-жеке тұлғаның кірістері, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы қызметке байланысты мұндай тұлға алатын өзге де материалдық пайда жеке табыс салығын салу объектісі болып табылады.
Егер ұсынылған персоналға кірісті бейрезидент төлеген жағдайда, жеке табыс салығын есептеу мақсатында салық базасын осы Кодекстің 220-бабының 7-тармағына сәйкес бейрезидент ұсынатын құжаттар негізінде салық агенті айқындайды.
Шетелдік персонал кірісінен төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалуды салық агенті бейрезидент-заңды тұлғаға шетелдік персоналды ұсыну жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін кірісті төлеу кезінде жүргізеді.
Төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салықтық шегерімдер жүзеге асырмастан, осы Кодекстің 319-бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, шетелдік персоналдың осы тармаққа сәйкес айқындалған кірістерінің сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
Салық агенті салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін төлем көзінен ұстап қалған жеке табыс салығының сомасын тұрған жері бойынша аударуға міндетті.
8. Төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидентке кірісті төлейтін және салық агенті деп танылған мынадай тұлғаларға:
1) дара кәсіпкерге;
2) Қазақстан Республикасында қызметті құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасының салық органдарында оның құрылымдық бөлімшесі тіркеу есебіне қойылған күннен бастап салық агенті деп танылады;
3) заңды тұлғаға, оның ішінде Қазақстан Республикасында қызметті құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке жүктеледі.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға құрылымдық бөлімше ашпай, оның тұрақты мекемесі Қазақстан Республикасының салық органдарында тіркеу есебіне қойылған күннен бастап салық агенті деп танылады;
4) резидент-заңды тұлғаға, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитентіне жүктеледі.
Осы тараудың мақсаттары үшін резидент-заңды тұлға өз шешімімен осы Кодекстің 353-бабында айқындалған тәртіппен мұндай құрылымдық бөлімше төлеген (төлеуге жататын) төлем көзінен салық салынатын кірістер бойынша өзінің құрылымдық бөлімшесін төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығы бойынша салық агенті деп тануға құқылы;
5) заңды тұлғаға, оның ішінде осы Кодекстің 220-бабының 7-тармағының ережелеріне сәйкес қызметі тұрақты мекеме құрмайтын бейрезидент оған шетелдік персоналды берген, Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке;
6) осы Кодекстің 654-бабының 7) тармақшасында белгіленген талаптар орындалмаған кезде осы Кодекстің 650-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген мүлікті сатып алатын бейрезидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
9. Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес бейрезидент-жеке тұлғаның кірістерінен есептелген жеке табыс салығының сомасын салық агенті өз қаражаты есебінен оны ұстап қалмай төлеген кезде, салық агентінің төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеті орындалған болып саналады.
656-бап. Қызметі тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың кірістеріне салық салу тәртібі
1. Осы бапта белгіленген салық салу тәртібі қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың осы Кодекстің 322-бабында айқындалған кірістерін, мыналарды:
жұмыс беруші болып табылатын осындай бейрезидент-заңды тұлғамен жасасқан еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен;
осындай бейрезидент-заңды тұлғамен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (келісімшарт) бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен;
Қазақстан Республикасындағы қызметпен байланысты осындай бейрезидент-заңды тұлғадан алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметтен алынған (алуға жататын) кірістерін;
Қазақстан Республикасында тұруына байланысты осындай бейрезидент-заңды тұлға төлейтін үстемеақыларын қоса алғанда, кірістеріне қолданылады.
Осы баптың ережелері, егер осы Кодекстің 655-бабының 7-тармағында өзгеше белгіленбесе, қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістеріне бір мезгілде мынадай:
1) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлғаның жұмыскері немесе мердігері болып табылуы;
2) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ағымдағы салықтық кезеңде аяқталатын кез келген қатарынан он екі айлық кезеңде кемінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күн (келу және кету күнін қоса алғанда) Қазақстан Республикасында болуы талаптары орындалған кезде қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірісінен төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидент-заңды тұлға пайдасына жұмыстарды орындайтын, қызметтер көрсететін тұлғаға (оның ішінде қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке) жүктеледі. Мұндай тұлға салық агенті деп танылады.
3. Салық агенті жеке табыс салығын есептеуді осы тармаққа сәйкес бейрезидент ұсынған құжатта көрсетілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірісінен осы Кодекстің 320-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша салықтық шегерімдерді жүзеге асырмай жүргізеді. Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға салық агентіне:
Қазақстан Республикасына жіберілген шетелдікпен немесе азаматтығы жоқ адаммен жасасқан еңбек шартының (келісімшартының) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың нотариат куәландырған көшірмелерін;
осындай бейрезидентпен жасасқан еңбек шартының және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың шеңберінде жалдау бойынша жеке тұлғаның жұмыстан алынатын кірістері туралы мәліметті қамтитын басқа да құжатты ұсынуға міндетті.
Салық агентіне осы тармақта көрсетілген құжаттар ұсынылмаған жағдайда бейрезидент-заңды тұлғаға орындалған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін төленуге жататын кірістің 80 пайызы мөлшеріндегі кірісі төлем көзінен жеке табыс салығын салуға жатады.
4. Салық агентi кіріс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, бейрезидент-заңды тұлғаға кіріс төлеу күнінен кешіктірмей төлем көзiнен жеке табыс салығын есептейді және ұстайды.
5. Бюджетке шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістерінен жеке табыс салығын аударуды салық агенті өзінің тұрған жері бойынша осы баптың 4-тармағына сәйкес салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |