714-бап. Салық салу объектiсi
Жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берген пайдалы қазбалардың экспортқа өткізілетін және мемлекет атынан алушы немесе осындай өткізуге мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлға өткізетін көлемдерді қоспағанда, экспортқа өткізілетін шикі мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің, көмірдің көлемі экспортқа рента салығын салу объектісі болып табылады. Осы Кодекстің осы бөлімінің және 23-бөлімінің мақсаттары үшін экспорт деп:
1) Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес экспорттың кедендік рәсімінде жүзеге асырылатын тауарларды әкету;
2) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына әкету;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағына қайта өңдеу үшін бұрын әкетілген алыс-берiс шикiзатының қайта өңдеу өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағында өткізу түсініледі.
Экспортқа рента салығын есептеу үшін шикi мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемi мынадай тәртіппен:
шикi мұнайды және шикі мұнай өнімдерін Еуразиялық экономикалық одақтың аумағы шегінен тыс жерге экспортқа өткізу кезінде – кеден баждарының, алынуы кеден органдарына жүктелген өзге де төлемдердің сомаларын есептеу үшін не Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес өзге де кедендік мақсаттарда пайдаланылатын, тауарлардың толық декларациясының 35-бағанында көрсетілген шикi мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемі ретінде;
шикi мұнайды және шикі мұнай өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына экспортқа өткізу кезінде – Қазақстан Республикасының аумағында осындай шикi мұнайды және шикі мұнай өнімдерін экспортқа беру маршрутының басында көлік ұйымының тауарларды қабылдап алу-тапсыру актісінде көрсетілген шикi мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемі ретінде айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |