Сборник научных статей международной научно-практической конференции



Pdf көрінісі
бет5/71
Дата02.05.2024
өлшемі2,4 Mb.
#201671
түріСборник
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   71
Байланысты:
zh.aymauytuly zhinak 2023 2

pedagogical legacy in the modern educational context. In the rapidly changing educational 
landscape, his methodological approaches continue to be relevant and can offer valuable lessons and 
recommendations for contemporary educators and researchers. 
The article represents an important contribution to the study of the pedagogical and 
educational ideas of Zhussipbek Aymauytov and can serve as an inspiration for all those interested 
in the development of education and the preservation of cultural heritage. 



Еліміздің тәлімі мен тәрбиесі, ұлт мәдениетінің тұрақталуы мен нықталуы 
бағытында Ж.Аймауытов тұлғасының орны ерекше. Қазақ даласында 
педагогикалық қағидалардың қалыптасып, жетілуіне, ұлт кодына лайықталған 
оқыту барыстарын туындатуға және іс жүзіне қосуға Ж.Аймауытовтың қосқан 
үлесі ерекше екенін атап өту керек. Ғалымның қаламынан туындаған іргелі 
еңбектер қазақ топырағында білім беру, оқыту, тәрбие мен тәлім беру 
мәселелерінің жағдайын дөп басып тереңінен қаузап қозғады.
Ұстаздық етуді ұлт болашағын қалыптастырумен тығыз байланыста қараған 
Ж.Аймауытов оқыту мәселелеріне көп көңіл бөлді. Жазушылық қарымымен 
қатар көркемсөз әлеміне ғылыми жол салып, психология ғылымының қыр-
сырын қарастырып, педагогика саласында өнімді шұғылданған қаламгердің 
зерттеу еңбектері әлі күнге өз құндылығын жоғалтпаған, актуальді болып 
табылады. Ж.Аймауытов бірнеше оқу құралдары мен оқулықтарды жазып 
шыққан білікті педагог, білім беру саласында (Шымкент педтехникумы) 
басшылық қызмет атқарған білікті басшы, «Ақ жол», «Қазақ тілі» секілді 
газеттерде қызмет атқарған танымал публицист, ұлт жанашыры, қоғам 
қайраткері.
Ж.Аймауытов қалың қазақты ағартушылық арқылы биік белестерге 
жеткізуді армандады, сол жолда тынымсыз әрекет жасады және бұл майданда 
өзіне Абайды үлгі санады. Бұл турасында: «...қазақ сахарасында мыңмен жалғыз 
алысып, жапа шеккен ұлы ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-
білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді», - деген 
ұстанымын Семейде жарық көретін «Абай» журналының 1918 жылдағы 
ақпандағы санында білдіріп өткен. 
Ғалымның пайымынша, адамдағы «құлық пен мінездің, қайрат пен 
ақылдың» алуан түрлі болып кездесуі оларға берілетін «тәрбиелік 
құндылықтардың алуандылығынан» туындайды. Біреудің тонаушылық жасауы, 
ұрлыққа ұрынуы, жалған сөйлеуі секілді шектен шыққан істері оның бойына 
тәрбие құндылықтары құйылмағаннан болады деп біледі. Осылайша, 
Ж.Аймауытов тәрбиені екі негізгі бағытта қарастырды: оның бірі жанның 
тәрбиелік құндылықтары болса, екіншісі тәннің тәрбиелік жүйесі.
Ал, оқытуда және тәрбиелеуде балаларға ең әсері мол екі негіз – мұғалім 
және мектеп екенін тұжырымдайды [1]. 
Тәрбие жұмыстарының басты көздейтін нысаны баланың мінезін дұрыс 
траекторияға бағыттау екенін ғалым тап басып айқындаған. Соның ішінде 
«еңбекті адалынан атқаруға, адамгершілік қасиеттерін байытуға, адамзат 
мүддесіне атсалысуға» баулу керектігі ескертіледі. Мұндай абыройлы да 
жауапты міндетті атқаруды мойнына алған тәрбиеші ең алдымен өзі осындай 
биік талаптардың үдесінен шығардай толымды тұлға болмағы ләзім екені 
айтылады. «Мұғалімнің өзі байыпты, сөзі салмақты, өмірге, пәнге көзқарасы 
орнықты болса, алдарындағы шәкірттері де ұстамды, ұқыпты» болатынын 
ұқтырады. Өйткені, «жеткіншектер ұқсау, еліктеу арқылы тез тәлімденеді, 
сондықтан кез-келген мақтаулы мінез-құлықты балаларға амал жүзінде көрнекі 
етіп үйрету тиімді» болмақ [2].



Балалардың тәлім-тәрбиесі барысында отбасының маңызы ерекше. Бұған 
ғалым-ағартушы арнайы тоқталып, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», 
«Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген мақалдарменен негіздеп 
қорытындылайды. 
Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі және өнер таңдау», «Тәрбиеге жетекші», 
«Психология», «Комплексті оқыту жолдары» секілді зерттеу еңбектері қазақ 
педагогикасына қосылған елеулі үлестердің бірі болып саналады. Педагогика-
дағы психологиялық аспектілерді ұлттық бояумен астастырып ғылыми негізбен 
өрнектеген «Тәрбие жетекшісі» еңбегі дидактикалық тәлімдер мен нұсқауларға 
байлығымен көзге түседі. Оқытудың түрлерін саралау, көрнекілік түрлері мен 
оларды қолдану тәсілдері, үйретудің жолдары мен машық арттыру әдістері, 
оқытудағы ынталылық секілді мәселелер ықшам, ұғынықты тілмен жазылып, 
тиімді формада беріледі. Оқыту барысында қазақ мектептеріндегі шәкірттер мен 
ұстаздардың түсіністігі мен бірлігі басты орынға қойылған бұл туындысы елдің 
ыстық ықыласына ие болып, «Бұл кітап әр оқытушының үстелінің үстінде жатуы 
керек, әр мектептің кітапханасында болуы керек», - деген абыройды иеленген 
[3].
Ұлт қайраткері білімдерді оқытудың бастауында туған тілдің тұруы аса 
маңызды екенін ескертеді. Тілдің әлеуметтік және қоғамдық-саяси маңызын, 
адамдар қолымен туындатылған мәдени және рухани қазыналарды игерудің 
негізі тілмен байланысты екенін назарға алып және оқыту үдерісінде төл тілдің 
алдыңғы қатарда тұруы маңыздылығын аңдатып былай дейді: «Ана тілін жақсы 
меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі халық болып 
жасағаннан бергі жан-дүниесінің айнасы болып, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі 
құламайтын бәйтерек... қазынасы мол халықтың тілі»[4].
Қазақ халқының көнеден келе жатқан мәдениетін, салты мен дәстүрін, 
әдеттері мен ұлттық санасын, тұрмыстағы кәсіптері мен басқа да халықтық 
ерекшеліктерін балаларға сабақ барысында таныстыруды география мен тарих, 
әдебиет пәндерінің қоспасынан әзірлеп төртінші сыныптан бастап оқытқан жөн 
деп пайымдайды және мұндай кіріктірілген пән атауын «Біздің Отан» деп атауды 
жөн көреді.
Ғалымның бұл көзқарасы бүгінгі таңда да өз маңызы мен құндылығын 
жоғалта қоймағанын, қазіргі тұста қолға алынып, жүзеге асырылса көпэтносты 
қазақстандық қоғамның бірлігі мен тірлігіне оң ықпал ететін, қазақ халқының 
тарихы мен ұлттық кодын ашып көрсетуге, танытуға көп пайдасы тиетін ұсыныс 
екенін айта кетуге болады.
Білім беру үдерісіндегі тәрбиенің маңызы мен орны жайлы «әлемнің екінші 
ұстазы» атанған әл-Фараби бабамыз айтып қалдырған «білімнен бұрын тәрбие 
берілуі керек» деген мәндегі нақыл ғасырларды көктей өтіп біздің заманымызға 
жеткен, өзінің ақиқаттылығы мен құндылығын өзгертпеген тұжырымдардың 
бірі. Бұл өз кезегінде халықтың тарихы мен танымына, тұрмысы мен тіршілігіне, 
дәстүрі мен салтына, бай ауыз әдебиеті үлгілері мен мәдени-рухани қазыналары 
мен құндылықтарына негізделген халықтық педагогиканың негізін қалауға және 
нығайтуға жол ашқаны белгілі. Ұлы ойшылдар кезеңінен басталып (Қашғари, 


10 
Баласағұни) кейінгі дәуірлердегі ағартушылардың заманына дейін келіп 
жалғасқан (Абай, Шоқан, Ыбырай, Ахмет), бір ұрпақтан кейінгі ұрпаққа беріліп 
отырған халықтық педагогика негіздері Ж.Аймауытов шығармалары мен 
ізденістерінде де берік орнығып, мыңжылдық жолдарды басып өткен халық 
даналығы мен этнопедагогикалық тәрбие тұғырлары өз биігінде көрініс тапқаны 
айқын аңғарылады.
Оқыту барысында мұғалім тұлғасының басты әрі шешуші маңызға ие екенін 
ескеріп, «Комплексті оқыту жолдары» еңбегінде мұғалімдерге қажетті 
талаптарды белгілейді. Олардың қатарында: 
- алдын меңгерілген білімдерді ескере отырып білім алушыларға тың 
білімдерді ұсыну; 
- тың білімдерді игеруге бағыт беретін мәселелік сұрақтарды ортаға сала 
отырып білім алушылардың зейінін жаңа сабаққа бағыттандыру; 
- білім алушылардың зейінін сейілтіп алмау үшін білім беру барысына 
қатыссыз сөздер мен мәліметтерді қолданбау; 
- тәсілдердің қатарында теңеу, салыстыру, ұқсату секілді элементтерді 
пайдалана отырып білім алушылардың қызығушылық процестерін белсендіру 
секілді жайттарды атап көрсетеді [5]. 
Сондай-ақ, білім беру барысындағы әдістер мен тәсілдер құрамын әрдайым 
түрлендіріп, жаңартудан өткізіп отыру, көрнекі құралдарды қолдану секілді 
дидактикалық көптеген пайдалы нұсқауларды қамтыған.
Ж.Айтауытовтың педагогикалық-тәрбиелік көзқарастары мен идеялары өз 
заманының озық ойлы педагогтерінің сарынымен үндес, деңгейлес болғаны 
ғалымның өзі өмір сүрген кезеңнің басты жаңашылдықтары мен прогрессивті 
танымдарынан мол хабардар болғанын, оларды туған халқының өткенімен 
байланыстырып, кіріктіріп, синтезден өткізіп өзіндік қайталанбас дара 
ұсынымдар мен ұстанымдар туындата білген пайымдық шеберлігін, 
интеллектуалдық біліктілігін айқын аңдатады.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті экономикалық және әлеуметтік қанаттануы-
мен қатар ұлттық құндылықтары мен мәдени қазыналарының жаңғыруына, 
рухани жадының нығаюына да баса назар аударып келеді. Этикалық және 
адамгершілік идеялар мен өзара сыйластық пен төзімділік қағидаттарына 
негізделген көпэтносты қоғамда қазақ халқының мәдени және рухани түлеуі, 
халықтық тәрбиенің жетік дәстүрлері мен озық үлгілерін заманауи үдерістер 
өлшемдеріне сайлап зерделеу бүгінгі таңда өзекті мәселе. Келешек жастардың 
әділдік пен адалдықты құрметтейтін және үлгі тұтатын азамат болып 
қалыптасулары мен әлемдік бәсекелестік жағдайындағы уақыт талабына бейім 
рухани байтылған, белсенділігі жоғары, білімді әрі білікті тұлға болып дамуы 
педагог мамандардың басты назарында болып қала беруі тиіс жағдай. Бұл 
тұрғыда Ж.Аймауытов мұраларының зерттелуі мен зерделенуі, актуалдығын 
жоғалтпаған ұстанымдары мен ұсыныстары назарға алынып, қолданысқа 
енгізілуі, ғалымның педагогикалық-тәрбиелік көзқарастарының бүгінгі уақыт 
жағдайына орай бейімделіп қайта жаңғыруының қосар үлесі мол.


11 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   71




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет