«Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба ?
Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұруы мүмкін бе ?» дегенді де
осы үміт
айтқызып отыр.
Бірақ 1928 жылы орыс ішкі революцияны бастады, қанқұйлы
тоталитаризм орнады. Жүсіпбек заманның өзгергенін, енді жарық Күннің қазақ
үшін көп уақыт қайта шықпайтынын түсінді.
***
Қазақ жерінде «Ұлы кәмпеске» басталған уақыт осы 1928 жыл. «Қойдай қу
қамшымен, бай менен молданы» деп қазақ шаруашылық өмірінде діңгек
қызметін атқарған байларды қауымнан қуу және елді жаппай кедейлендіру
саясаты жүріп жатты. Байларды, жалпы ауқатты адамдарды, бұрынғы қазақ
билігіне қатысы барларды, зиялы қауымды Совет үкіметі отбасы, бала-
шағасымен батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қуды. Жер аударуға
қарсылық кезінде өлгені бар, жолдағы қиыншылықтан қырылғаны бар, қолынан
келер дәрмен жоқ құсадан өлгені бар қазақтың шаруақор әулеттері тарих
сахнасынан шықты.
Дәл осы қанды қасап басталған уақытта Жүсіпбектің «әйел теңдігін»
жазудан басқа маңызды тақырыбы болмады дегенге кім нанады? Жүсіпбектің
101
шыққан ортасын, жеткен биігін, ұлтшылдығын сезінбегендіктен, біз осындай
орашалоқ қорытындыға келіп жүрміз.
Жүсіпбек жасынан тарихи білімді көп жинақтаған адам, ол тек тарихи
білімді ғана емес, тарихи таным жолдарын да игерген. Оның өсіп-өнген ордасы
М.-Ж.Көпейұлын (1931 жыл қайтыс болды) туғызған орта, оны қоршаған
адамдар Мәшһүрдің замандастары, ағайындары, тілектестері. Оның сыртында
Баянаулада Жүсіпбектің жас шағында Мұса Шорманұлынан қалған халық қамын
ойлау дәстүрі бар. Сол жолда жүрген Сәдуақас Шорманұлы (1927 жылы қайтыс
болды), Имантай Сәтбайұлы (1928 жылы қайтыс болды) сияқты
алашқа үлгі
берген тұлғалар бар. Жүсіпбек «Мағжан ақындығы туралы» баяндамасында: «әр
адамның, әр ақынның өрісі бірінші
–
заманға, екінші
–
туып-өскен әлеуметіне,
үшінші
–
нәсіліне (тұқымына) байлаулы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының
тонын кимеске, өз заманының мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді
жоқ....Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын
болжайды, тілі жетпегенін айтып береді» дейді (1, 402 б.).
-Міне, жазушы құпиясының кілті. «Күнікей
жазығының» себебін де осы
тұжырымдамадан іздеу керек. «Күнікейдің жазығы»
–
әйел теңдігі туралы
жазылған шығарма десек, ол тым жадағайлық болады, ол социалистік
реализмнен басқа ештеңе көрмеген біздің алдымыздағы буынға кешірімді, бізге
кешірімсіз?. «Күнікейдің жазығы»
–
тексіздік билеген заманда, большевиктердің
диірменіне түскен, ел жақсысынан айрылған, кешегі ерке-тотай заманы бітіп
топас жүйенің қорлығында қалған қазақ халқының тағдыры.
Патша үкіметінен құтылған, текті әулеттерінің көзін жойған, не сыртқа
қуған, азамат соғысында қаны бұзылған орыстың мұжығы өзінің тарихындағы
тағы бір қанды қырғынға кірісті. «Күн астындағы Күнікей» орнына жаялықша
жалпиған, жарқанатша қалқиған, жермен-жексен қараңғы үйде жөтелі
өңменіңнен өтіп, алма ерні кезеріп, сары төсек болып сарғайып «Күнікейдің
жазығы» келді. Повестің кіріспесіндегі «шым қорада - жер үйде, желпіндірмес
көр үйде, арса-арса болып сүйегі, қалақтай болып иегі, жаңқадай жоқ жақ еттен,
саусақтары шілбиіп, көлеңкедей кілбиіп, бұ жатқан қай аруақ ?» делінетін
шумақтар осының дәлелі сияқты.
***
«Күнікейдің жазығында» жағымды қаһарман жоқ. Шығарманың басынан
аяғына дейін құлдар мен күңдерді көп кездестіреміз. Неге құлдар мен күңдер
көп? Жүсіпбектің малшы қатынды суреттегені: «Қарыны кебежедей бір можа
биеге малшы қатын мінем деп, үзеңгіге аяғы жетпей мықшыңдап жатыр еді.
–
Ана жаман күңді атқа салып жіберші! - деп Қара бәйбіше Сәрсембайды
жұмсады...» (1, 356 б.).
Байман бір жағынан текті ер азамат сияқты, ал шын мәнінде, «топтан,
ойын-сауықтан, дүрмектен, қымыздан қолы босанбай, көбінесе «мырзалармен»
ат үстінде жүрген жігіт». Жасы ересек, Күнікейдің шешесі Шекермен жасты
102
делінеді. Байман әлі ақылы кірмеген, есі толық емес даланың жабайы адамы.
Құда тартуға қатысатындай қара күші бар, одан басқа өнері де жоқ. Құлқынның,
қызықтың құлы.
Тұяқ шығарманың оқиға желісін жасау үшін кіргізілген Күнікейге кереғар
образ. Жазушы повестің алғашқы беттерінде-ақ оны «... Ордабайдікіне
қымызға барғанда, жүктің бұрышында: «пұп-пұп» деп былғарыға су бүркіп,
құжыраңдап жатқан мойны ішіне кірген бір жаманды көруші еді...» деп
таныстырады.
Күн астындағы Күнікей қыз Күнді Құдай көрген біздің ата-
бабаларымыздың дүниетанымы туғызған қаһарман. Ол Бай ана (Ұмай ана, Май
ана) бейнесінің бір түрі (ипостась) десек те, Жаратушының жер бетіндегі өкілі
десек те сиымды.
Жүсіпбектің Күнікейді құл тектес пенделердің ортасына енгізуіне, оны
нанымды қылу үшін қазақ дәстүрін бар нақышымен, сәнді бояуымен суреттеуіне
не себеп?
ХІХ соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының асылынан
айрылып азғындығы көбейіп бара жатқанын көрсету үшін бе? Осылар емес пе
екен жазықтылар? Бұл жерде орыс қоғамдық ой пікірінде үлкен серпіліс
жасаған Герценнің «Кім жазықты?» дегені еске түседі.
Повесте бәрі бар, бірақ елдің дұрыс адал ниеті жоқ, не ақылды сөзді
айтатын тұлғасы жоқ. Күшті әлсізді жеп жатыр, қулар ақыл айтып отыр,
сорлының ақ адал малын дүлей арам өлтіреді, алдау- арбау шығарма
қаһармандарының күн көрісінің тетігі сияқты, жан-жағынан жабылған құлдар
мен күңдер Күнікейді азғындыққа итермелеп жатыр. Жүсіпбектің де айтпағы
осы
ма?
Біздің ойымызша, автордың негізгі идеясы этнографиялық сюжеттердің
тасасында жасырылған. Оны өзі де «жігіттер, құлағыңды сала бер, көкейіңе
ұнаса, мәнісіне қана бер» деп ишара қылады (1, 348 б.).
***
Парасатты әдебиеттің орыс большевиктеріне керегі жоқ еді. Оларға
Томазо Кампанелланың «Күн қаласы» сияқты жарқын болашақты төндіре
суреттеген утопистік еңбектер керек болды. Ресей сияқты крепостнойлық
құлдықтан жаңа ғана шыққан, өндірістің дамуы артта қалған, Бірінші дүние
жүзілік соғыс пен Азамат соғысынан тас-талқан болған ел үшін коммунизм қиял
болатын және Жүсіпбек Аймауытов сияқты парасатты жазушы оның іске
аспайтынын түсінді. Ресейдің орталық аймақтарында да М.Булгаков сияқты
қалам иелерінің «Мастер и Маргарита», «Собачье сердце» шығармалары
–
социализм идеясының Швондер сияқтылардың қолына түскенін анық сезгеннен
кейін туған дүниелер еді. Ең бірінші
–
басы кесілетін адами қасиеттер, екінші
–
еркіндік, үшінші – рух. Бұл жағынан Жүсіпбекті біз тек қана қазақ жазушылары
ғана емес, орыс жазушыларының да алдын орады деп білеміз. «Күнікейдің
жазығы» Эзоп тілімен орыстық соцализмнің қазақты құлдыққа кіргізіп жатқанын
103
сипаттау. Пролетарлық әдебиет сыншыларының натурализмге қарсы шығуы да
осы себептерге байланысты. Олардың ішінде де жаңа жүйеге бейімделген,
немесе оны амал жоқ қабылдаған, бірақ әңгіменің астарын сезетін терең білімді
адамдар болатын. Повестегі ауыл өмірі, құда күту, көш сияқты ауқымды
суреттердің бәрі көз алдаушы құрал екенін олардың ішінде сезгендері болды.
ХХ ғасырдың 20 жылдарының соңына қарай әдебиетте партиялық принцип
орныға бастады. Бұрыңғыны сол қалпында суреттеуге болмайды, оны тек қара
бояумен беру керек, себебі натурализм «адамдарды жаңа үшін ескімен күрестен
оқшау әкетіп, «буржуазиялық барға» қанағат етуге шақыру». Қазақ әдебиеті
социалистік реализм жолында дәстүрді құрбан қылды, натурализмді пайдалана
отырып ескіні жығу, тепкінің астына алу әдебиеттің тәртібіне, басты шартына
айналды. Бұл жолды тұтынбағандарға қарсы репрессиялар басталды. ХХ
ғасырдың 90 жылдарына дейін қазақ әдебиетінің негізгі ережесі осы және оны
біз қазақ совет әдебиетінің негізін салған азаматтардан бастап бүгінгі күні
ортамызда жүрген жазушылардың шығармаларынан көреміз. Өзіміз де осы
әдебиетті мектеп жасында оқып өстік.
Жүсіпбек бір хатында «Әуелі қазақты оқу керек, Қазақты білемін дегенмен
көбіміз біле бермейміз...Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе
түбірленбей тұрғанда бізде даудың шегі болмайды...» дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |